Осы әкімдер Албастысайды біле ме екен?

Oinet.kz 18-12-2014 787

Албастысай. Аузы үңірейіп жатқан, ішіне көп құпия бүккен үңгірлер. Қазақ тарихының ең қаралы кезеңі салған жараның аузы әлі сыздап жатқандай. 1997 жылы  Дендробақтың қарсы бетіндегі төбе басына саяси-қуғын сүргін құрбандарына арналған мемориалдық кешен салынды. Жыл сайын 31 мамырда осы «Қасірет» мемориалында қаралы жиын өтіп, әруақтардың рухына бағышталған құран оқылады, ас беріледі. Ал, ресми мәлімет бойынша 2,5 мыңнан астам азамат атылған жер — Албастысай осыдан жоғары қарай 1 шақырым қашықтықта жатыр. Сол маңай Шымкенттің жаңадан қабылданған бас жоспарына сәйкес қаланың дәл орталығы болып есептеледі. Жаңа жоспар бойынша осы арада ғаламат биік ғимараттар тұрғызылады. Сәулетшілердің айтуынша, үш-төрт жылдың көлемінде адам танымастай өзгереді. Ал, Албастысай ше? Саяси қуғын–сүргін салдарынан құрбан болған азаматтардың қаны сіңген, сүйегі жатқан жер күні ертең аяқ асты болып кетпей ме? Бұл мекен қашан қоршалады, халықтың тағзым ететін қасиетті орнына қашан айналады? 

image.png

...Осы әкімдер Албастысайды біле ме екен?

Шымкенттің батыс жағында жатқан Қайтпас елді мекенінің атауы туралы ел аузында әртүрлі әңгімелер бар. «Қайтпас» деген атау жиырмасыншы жылдары артель, тоз құрып, қайтпас-қайсарлықтың үлгісін көрсеткен ауыл еңбеккерлерінің құрметіне қойылған дейді. Ел аузындағы әңгімелердің бірінде «Қайтпас» атауы отызыншы жылдары осында жазықсыз атылған «халық жауларымен» байланыстырады. Мұның қайсысының дұрыс екенін білмедік, бірақ, зұлмат жылдары қаншама есіл ердің “Қайтпаста” қайтпас сапарға аттанғаны тарихи шындық. «Қайтпастағы» Албастысай нағыз қан қасаптың, сұмдық пен зұлымдықтың куәсі болды. Ол туралы ақиқат тоқсаныншы жылдардан кейін ғана ашыла бастады. Албастысайдың тарихы туралы мәліметтерді, естеліктерді жинап жүрген Қайтпас ауылының ақсақалы Өлмесхан Жәнібеков редакцияға жолдаған хатында былай дейді:

...«Қайтпастың» оңтүстік жағында сай жатыр. Бабаларымыз оны Үлкен Тереңсай деп атаған. Батысқа қарай созылып жатқан сайдың орта тұсында биік белестер бар. Етегінде жер кепелерден қалған шұңқырлар, есік жамдардың орындарын, құдықтарды көруге болады. Әр-әр жерден төбешіктер, үңірейген үңгірлер анық байқалады. Бұл жер “Албастысай” аталады. Атауы қандай үрейлі болса, бұл сайдың тарихы да соншалықты қорқынышты, соншалықты азалы. 

—Ертеректе Тереңсайдың екі жағында бабаларымыз киіз үйлерде мекендеген. Сайдың етегінде екі-үш құдық болған. Осы жерде үңгір қазылып, халық сол үңгірлерге мал қамаған, отын-суын сақтаған,—деп еске алушы еді Шақабай ағамыз. Кеңес өкіметі орнаған соң  бабаларымыз қазіргі Қайтпас елді мекенінің орнына қоныс аударады. Ал, Тереңсай иесіз жұрт ретінде қалып қоя берген. 

Иесіз жұртқа жын-шайтан үйір болады деген түсінік бар. Бәлкім сол рас та шығар, әлде қорыққанға қос көрінді ме, әйтеуір, Тереңсайға тезек теруге, шөп жинауға барған қыз-келіншектер ауылға «Ойбай, Албасты көрдім» деп жанұшыра жүгіріп келеді екен. Ұзамай Тереңсай Албастысай атанды. Оның НКВД, ОГПУ-дың назарына ілігуі де осы кез сияқты. 

Қайтпастықтар сол жиырмасыншы жылдардан бастап түн баласы сай ішінен мәшиненің жарығын көріп, артынша дүрсілдете атылған  мылтық дауыстарын естиді екен. Ертеңіне ауылға келген НКВД-ның қызметкерлері «Сендер ештеңе көрген жоқсыңдар, ештеңе естіген жоқсыңдар» деп, қатаң ескертіп кетеді екен. Онсыз да бәле үйірілген жерге баруға бұдан кейін кімнің батылы бара қойсын?! Халық бұл жөнінде тек күбір-сыбырмен ғана әңгіме етісіпті. Ауылдағы Шақабай, Әбдір, Құлман, Әбдіқашым, Ұлы Отан соғысына қатысқан Сүттібай, Өтеген, Өмірзақ сияқты ағаларымыз бен аталарымыздың айтуынша, Албастысайда атылған адамдардың сүйектері 50-жылдардың өзінде үңгір кепелердің ішінде шашылып жатады екен. «Қанша жерден «бармаңдар» деп ескертсе де  Албастысайға жасырын баратынбыз. Үңірейген үңгірлердің ішінде шашылып жатқан адам сүйектерін көретінбіз. Өртенген бесік, келі-келсап сияқты заттар да көз алдымда. Бұл байлардан қалған бұйымдар болса керек. Осы көргенімізді ауылға келген соң сыбырлап қана айтатынбыз,—деп еске алатын Әбдір көкеміз.

—Жиырмасыншы, отызыншы жылдары Көмешжолмен тұтқындарды жаяулатып айдап өтетін. Олардың арасынан әйелдердің сыңсып жылаған даусын еститінбіз,—дейтін Несібелі апамыз. Ал, кезінде облыстық өртке қарсы қызмет мекемесінің бастығы болған Асқарбек ағамыздың Албастысай туралы жазып берген естелігі Қайтпастағы №58 орта мектепте сақтаулы тұр. Оған қарағанда Албастысайда алғаш рет жиырмасыншы жылдары бай-кулактар, қожа-молдалар үй-ішімен атылған. Жендеттер қыз-келіншек, бала-шағаны да аямаған, тіпті, байлардың дүние-мүлкін де қоса өртеп жіберген. 

Менің әкем Жәнібек ұзақ жылдар ауылдың мұрабы болған. Әкем:

—Бірде таңертең су жығу үшін қолыма кетпенімді алып, жолға шыққанмын. Албастысайдың қасынан өтіп бара жатқан кезде анадайда өлексеге үймелеген құзғындарға көзім түсті. Жақын барып қарасам, о тоба, жас әйелдің мәйіті екен. Шамасы марқұм түндегі сұмдық кезінде НКВД қызметкерлерінің қолынан қашып шықса керек. Бірақ, бәрібір құтыла алмаған. Оқ тиген оның біраз уақыт қансырап, қиналып барып жан тапсырғанын сездім. Бейшараның не жазып қойғанын кім білсін?—деген сөзі әлі күнге есімде. Әкем мәйітті сол араға жерлеп кеткен екен. Мұның бәрі де  Албастысайдың бізге белгілі тарихы ғана. Ал, белгісізі қаншама? 

Өлмесхан Жәнібеков,

Шымкент қаласы 

Қайтпас ауылының тұрғыны.

Мұрағаттан: 30.05.2013

«Жамбыл Жабаев» енді ешкімге керек болмай жатыр»
Сүгірәлінің сырлы әлемі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу