Сүгірәлінің сырлы әлемі
Әсем әндерімен халықтың сүйікті сазгеріне айналған Сүгірәлі Сапарәліұлы 70 жасқа толып отыр. Осыған орай 23 мамырда Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда сазгердің «Армысыңдар, ағайын» атты ән кеші өтпек. Сазгердің мерейтойы қарсаңында ол туралы замандастарының жазған естеліктерін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
«Айткүлім»
Алпысыншы жылдары Сүгірәлі біздің, Ленин туы / қазіргі Қажымұқан / ауылына досымыз Оңласынның үйіне келіп тұратын. Оңыласынға дос болғаннан кейін біз де оны құшақ жая қарсы аламыз. Өзі аңқылдаған ақ көңіл, әзілқой. Әрбір отырысымыз ән-күйсіз өтпейді. Оңласын Шымкентте есепшілік курста оқиды, Сүгірәлі мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Мен де Қайнар ауылындағы бастауыш мектепке мұғаліммін, қолым босай қалса Шымкентке қарай тартамын. Оңласынмен бірге Сүгірәлінің үйіне барамыз. Олар жұбайы Айдаркүл екеуі Тельман бөлімшесінде тұратын. Үйлерінің қасында көше бойлап суы толып ағатын арық болатын. Олар сол арықтың теріскей бетінде бір шағын үйді жалға алған. Қай кезде барсаң да Сүкең де, жұбайы Айекең де құшақтарын жая қарсы алады, шағын ғана бөлмеде біріміз келіп, біріміз кетіп, үйінен қонақ үзілмейтін. Отырысымыздың әнсіз, әзілсіз «қазаны қайнамайды». Сүгірәлінің қолынан баяны түспейді. Бір де жеке өзім барып қалғанымда Сүкеңнің үйінде бір жас жігіт отыр екен, үй иесі әлігі жігітпен мені таныстырды. Есімі Жарылқасын тегі Боранбаев екен, қаладағы №12 мектеп-интернатта қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретінін айтты.
Жарылқасынды сырттай газет-журналдарда жарық көрген өлеңдері арқылы білетінмін, Сүгірәлімен жақсы араласып, пікірлері үйлесіп тұрады екен. Сүкеңнің жұбайы Айдаркүл аяқ-қолы жерге тимей, әзілдің «сорпасының» майын тамызып жүріп, біздерге тамақ даярлауда. Шамалы уақыттан кейін Сүкең мандолинаны ұстаған күйі ары-бері түрткілеп, басын шайқап «Жоқ олай емес» деп, қайтадан мандолинаның ішектерін баяу шертіп отырды. Біздің отырғанымызға мүлдем назар аудармайды, өзімен өзі. Бір кезде баянды қолына алды да ары-бері созғылап тұрып «Өзіңсің менің Айткүлім, Өзіңсің менің Ай күнім. Аялап мәңгі өтемін...» деп жаңа бір әнді орындап шықты. Әлгі әнді өзі бірнеше рет орындап отырғанында, біз де қолымыздағы жазып алған өлең сөздерін (сөзі Жарылқасындікі еді) Сүгірәліге қосыла әнімен орындап жаттап алдық. Тағы бір барғанымда, Сүгірәлі әлігі әнді Жарылқасын екеуі әнге кейіпкер болған қыздың туған күнінде Бадамдағы үйінде орындағандарын айтқан еді.
Бойында табиғи таланты тасқындап тұратын адамдарды «арқасы бар», «арқалы» демейді ме, мен де Сүгірәлінің арқалы сазгер екенін бірнеше рет байқадым. Тағы бір жолыққанымда «Құрбы қыздарға» деген әнін тыңдап, сөзін жазып алып, күні бүгінге дейін үлкенді-кішілі отырыстарда шабыттана орындап отырамын. Осы ән арқылы жастық шағым, Сүгірәлінің Тельмандағы «уақытша» үйі, Айекеңнің әсем де, жағымды күлкісі мен орынды әзілдері, Сүкеңнің күлгенде ішкі ағзалары мен таза да, алып жүрегі көрінетін, адамға кіршіксіз сенгішігі көз алдымнан киноленталарындай елестеп өтеді.
«Құрбы қыздарға» әнін жазғаннан кейін, жұмыс бабымен Алматыға барғанында Тұмағаға /Тұманбай Молдағалиевке/ арнайы жолығып, сол кісінің сөзіне, яғни «Құрбы қыздарға» ән жазғанын айтып, орындап береді. Сүкең бар ынты-шынтысымен, әзілге құрылған әнін орындап бола бергенде, Тұмағаң орнынан ұшып тұрып, «Ой, пәлі-ай! Басқасын қайдам, дәл осы өлеңіме ән жазылады деп, тіпті әзілге толы ән туындайтынын ойламаған едім. Рахмет, інім, көңілімді бір серпілтіп тастадың» деп құшақтап, бетінен сүйіп, арқасынан қаққанын бір отырыста айтқан еді Сүкең.
«Көл жағасында»
Ұялыжардағы Абай атындағы орта мектептемін, күн сенбі болғаннан кейін, ауылға қайтпақшы болып, Төлеп нағашымның үйінен шығып, Бадам-Темірлан тас жолына қарай шамада қырық- елу қадамдай жүргенімде, жоғарыдан, Қайнар жақтан келе жатқан көк-жасыл түсті «Рафик» автокөлігі алдымды орағытып барып тоқтады. Алаңдамай өтіп бара жатқанымда, кабинадан секіріп түскен Сүгірәлі:-
--Әй, Қыдырбай! Жан жағыңа қарамайсың ғой, жүр менімен бірге, ауылдарыңда аудан, облысқа есімі әйгілі Жолболдиев Диқан деген шопанның үйіне барамыз. Сөзді қойғын да мін көлікке,-- деп қолымнан сүйрелеп «Рафиктің» салонына сүйрей жөнелді. Салонда «Бөріжар» қой кеңшары комсомол комитетінің хатшысы Төребеков Қасымбек /марқұм/ отыр екен.
Көктемнің жайма шуақ күндерінің бірі болатын. Біздің үйден шайланып алдық та, қырда отардың басында отырған Диқан көкенің үйіне бардық. Ол кісіні кеңшардың кәсіподақ комитеті алдын ала құлағдар етіп қойған екен, біз барғаннан құшақ жая қарсы алып, жақында ғана пайдалануға берілген шопандар үшін салынған жаңа үлгідегі кең –кең бөлмелері бар үйіне бастап жүрді.
Үйге кіргеннен кейін Баян жеңгеміздің дайындап қойған дастарқанына отырдық. Сүгірәліні Қасымбек облыстық халық шығармашылығы бөлімінің әдіскері, мені «Коммунизм таңы», «Заря Комму-низма» газеттерінің /қазіргі «Ордабасы оттары»/ штаттан тыс тілшісі деп таныстырып жатыр. Терін басып, өзіне өзі келгеннен кейін Сүгірәлі Қасымбек пен маған қарап:
-Айран сұрай келе, тостағыңды жасырма,-- дегендей, менің бұл іссапарымның мақсаты, мал төлдетуде, мал азығын дайындауда бір мінөтке тыным таппаған мына аға-жеңгелерді ән-жыр мен көңілін көтеру ғой, арнайы ат басын бұрып келгеннен кейін, тиісті міндетімді орындайын, енді ән тыңдаңыздар,--деп баянын созып-созып жіберіп өзінің әндерін, басқа да сазгерлердің әндерін бірінен соң бірін тамыжылта орындап, отырғандарды бір серпілтіп тастады.
Түннің ортасынан ауғанға дейін ән мен күйдің «теңізінде» қалқыдық. Содан шопандарға ертеңгі жұмыстарына сәттілік тілеп, көлікпен біздің үйге келіп ыстық шай ішіп, біраз отырып, демалуға жаттық. Ертеңіне күн жексенбі еді. Ауа шайдай ашық, үп еткен жел жоқ. Үйден тамақ ішіп шыққанымызша түс болды. Ауылдан шыққаннан кейін сүрлеу жолмен көлдің жағасына келіп отырдық. Көлдің жағасына келгенде арқалы сазгер Сүгірәлі ғана емес, бәріміздің де көңіл күйімізде өзгеріс, бір ерекше шабыт пайда болғандай сезіндік. Бір кезде Сүгірәлі қолтығына баянын құшақтап көлге жақын барып отырды. Бізге орындарыңнан қозғалмаңдар деп ескерткендіктен ілесіп бармадық, әңгімеміз де сап тиылды. Сүгірәлінің сол отырысында қияда отырып, еңістегі жемтігін байқап, аракідік қанатын қомдап отырған қыран бүркітке ұқсап кетті. Баянын ары бері созып-созып жібереді де, тым-тырыс екі көзін көлден алмай отырады. Кейде баянынан белгісіз бір әуеннің дыбыстарын естиміз. Шеткерек отырған біздер, артық қимылдасақ, не сөйлесек, Сүгірәлінің бойындағы лықсып келген шабытын шошытып алатындай демімізді іштей алып, енді не болар екен деп тағатсыздана күтудеміз. Бір кезде баянға тіл бітіп, жаңа бір әуен бүкіл көлдің бетінде қалықтады-ай кеп. Алдымен әуенін бірнеше рет баянын-да орындап, нақтылап алғаннан кейін, өлеңін қоса шырқағанда бәріміз--мен, Қасымбек, көлік жүргізушісі- орынымыздан тұрып, қол шапалақтаған күйі Сүгірәліге қарай жүгірдік. Ол болса,екі езуі құлағына сәл жетпей, шаттықтан масайрап, қуанышы қойнына сыймай:-Жігіттер, «Көл жағасында» деген жаңа ән туындады, кәне бәріміз қосылып орындайық- деп өзі бастап шырқай жөнелді. Біз де әуенге қосылып, сөзіне әр жерден бір ілесудеміз. Сүгірәлі бұл әннің сөзін біздің білмейтінімізді қаперіне де ілетін емес, біз де қысылмай-мыз. Не керек, бірнеше рет қайталанған әнді сөзімен қоса жаттап алдық, Сүгірәліні жаңа әнімен құттықтап жатырмыз. Дереу қалам қағаз алып, әннің сөзін жазып алдық та күн батуға жақындағанда бәріміз Шымкентке тарттық. Ол әнді мен той—томалақтарда шабыттана орындап жүрдім.
Шығармашылық есеп
1992 жылы аудандық білім бөлімінің бастығы Әкім Ысқақ, «Темірлан» баспаханасының директоры Нұрабай Шапатаев марқұм және мен, Алматыға білім бөлімінен жаңадан ұйымдастырылған «Темірлан» газетін тиісті министрліктен тіркетуге барған едік.
Біз бұрынғы жоғары партия мектебінің жатақханасына орналастық. Жайғасып болғаннан кейін сыртқа шығып, жан-жағымызға көз жүгіртіп тұрсақ, жанымыздағы бөлмеден Сүгірәлі шығып келеді. Бізден бұрын, жылдам қимылдап келіп бәрімізбен қос-қолдап сәлемдесіп, жағдай сұрасып жатыр. Сөйтсек, ол Алматыға шығармашылық есеп беруге келгеніне біршама уақыт болыпты, бүгін кешке «Қазақконцертте» өткізбекші екен.
Кешке «Қазақконцертке» барсақ ығы-жығы адамдар, арасында маған таныс алматылықтар, басқа да танитындар, танымайтындар толып жүр. Сүгірәлі біреулер арқылы үш билет тауып беруін өтінген еді, ондай мүмкіндік болмады, содан бізді- «Қазақ-концерттің» әншілер киінетін бөлмелерінің коридорымен алып жүріп, жоғары фоэге орналастырды. Әлігі әншілер киім киінетін бөлмелердің жанынан өтіп бара жатқанымда, бір бөлмеден Мәдина Ералиеваны/марқұм/, бір бөлмеден Нұрғали Нүсіпжановты, бір бөлмеден Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтерді көрдім. Фоэде отырып төменге қарағанымда, өзіміз қысылып-қымтырылып отырсақ та зал толы әнсүйер қауымды көріп, көңілімнің көтеріліп қалғаны бар.
Ертеңіне, Сүгірәліден түрлі-түсті жарнама қағазына мектептің мұражайы үшін деп қол қойдырып алдым. Оны әкеліп мектептің мұражайына тапсырған едім.
Арада біраз уақыт өткенде Сүгірәлі екеуіміз Темірланда жолығып қалғанымызда ол маған «Жүз ән» деген алғашқы әндер жинағын сыйлады.
Қыдырбай Жұмәділұлы
Ордабасы ауданының
«Құрметті ұстазы»,
Зейнеткер-ұстаз.
Мұрағаттан: 16.05.2013