Сапалы маманға сұраныс туады
Еліміздегі жоғары оқу орындарының арасында бүгінде М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінің беделі мықты. Ондағы «Механика және мұнайгаз ісі» факультеті университеттегі ғылым саласының дамуына зор үлесін қосып жүр. Соның ішінде мақтанып айтуға тұрарлығы Қазақстанда өткелі отырған «Expo-- 2017» көрмесіне университет атынан аталмыш және өзге де факультеттер өз жобаларын қатыстырмақ.
«Механика және мұнайгаз ісі» факультеті екі жылдан бері мұнай-газ саласы бойынша бакалавр, магистрант және 1 мамандық бойынша докторанттарды даярлауда. Қазiргi таңда факультеттің 6 кафедрасында оқытушылар құрамының жалпы саны 100-ден асады, олардың iшiнде 18 ғылым докторы, профессорлар, 44 ғылым кандидаты мен доценттер бар. Олардың ішінде Қазақстан Республикасының білім және ғылым саласындағы Мемлекеттік сыйлығының иегері, техника ғылымдарының докторы, профессор К.Надиров, Қазақстан Республикасы инженерлік академиясының академигі, профессор А.Айнабеков және Қазақстан Республикасының «Шарықтау» қоры сыйлығының иегері, техника ғылымдарының кандидаты, доцент М.Жантасов қызмет атқарып келеді. Биыл унивкерситет ішінен стандарттау мен сертификаттау, технологиялық машиналар мен жабдықтар, машина жасау мамандықтары бойынша «Докторлық кеңестің» ашылуы факультеттегі ғалымдардың жетістігін айқындайды. Республикадағы барлық аталған мамандықтар бойынша докторантураны оқығандар осы университтке келіп, қорғап кетеді. Ғалымдардың тағы бір жетістіктерін айғақтайтын мәліметті айта кететін болсақ, министрліктің грант бөліп ұйымдастыратын байқауларынан қалыс қалмай, жобаларды ұсынып келеді. Жобаларды ұсыну жағынан «химия технология» факультетінен кейінгі екінші орында. Мысалы биыл 3 жылға 200 миллион теңгені құрайтын грантты жеңіп алған. Сол жобалар бойынша қазір ғалымдар қарқынды жұмыс жасап жатыр.
Елбасы Республикадағы барлық білім беретін ошақтар халықаралық стандарттарға сай, жоғары сапалы болу керектігін айтып келеді. Ол үшін ең алдымен білімді оқытушылар мен мықты материалдық база қажет. Осы тұрғыдан алғанда факультет халықаралық аккредитациядан өтуге талпынуда. Бірінші кезекте оқытушылардың біліктілігін арттыру жұмыстары қолға алынып, «Болашақ» бағдарламасы арқылы Ресейден бастап, бірқатар Еуропа елдеріне оқуға барып, білімдерін жетілдіріп қайтуда. «Магистранттар мен студенттердің академиялық мобильділігі» бағдарламасы бойынша факультет Қазақстан -Британ техникалық университеті, К.Сатпаев атындағы Қазақ техникалық уиверситеті және И.Губкин атындағы Мұнай және газ Ресей Мемлекеттік университетімен тығыз байланыс орнатып отыр.Биылғы оқу жылында үздік студенттер Словенияда оқып жатыр. Келесі жылы өзге де студенттерді Германия мен Австрияға жіберу жоспарлануда екен. Аккредитацияның тағы бір талабы: дәрістердің үш тілде өткізілуі. Мұнда жалпы және арнайы пәндер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізілуде. Ағылшын тілінен артта қалып жатқан студенттер болса, олар арнайы курстарға жіберіледі. Деңгейін көтеріп келген соң, ағылшын тілді топтарға қайта ауыстырылады.
Жақында факультет тағы бір материалдық базамен толықты. Арнайы Санк-Петербург қаласынан алдыртқан Треннажер-имитатор ұңғыманы күрделі жөндеу «АМТ-411» (көп функциональды және толық жинақты) деп аталатын қондрығының құны 4,5 миллион теңге. Жабдық кен орындарында орнатылатын шынайы қондырғының 100 пайыз көшірмесі. Ол ұңғыманы бұрғылау, мұнай және газ кен орындарын өндіру және пайдалану мамандықтары студенттерін, мұнайгаз өндіру мекемелеріндегі ұңғыманы күрделі жөндеу бөлімінің жұмысшы және инженер мамандарын оқыту үшінәдейі әзірленген. Кешеннің алатын аумағы 40 шаршы метр, салмағы 900 килограм. Оның тиімділігі студенттердің кен орындарына бармай-ақ лабораторияда онымен жұмыс жасай алуы. Ол 100-ден аса операцияларды көрсете алады. Электонды экран арқылы ұңғымада орын алған ақауларды, апаттарды көрсетеді. Мұндай кезде маманның қандай іс-әрекет жасау керектігін, бірінші қай тетікті басу керектігін осы жабдық арқылы үйренеді. Кешен болашақта студенттер жұмысқа орналасып, кен орындарына барған кезде, шынайы құрылғымен оп-оңай жұмыс кетулеріне мүмкіндік жасайды. «Қаншама жылдан бері осы кешенге қолымыз жетпей жүр еді. Биыл міне, оқу орнымыздың іскер басшысы Жұмахан Үшкемпірұлының арқасында Ресейден арнайы сатып алып отырмыз. Кітаптан оқыған бір бөлек, көзбен көрген бір бөлек қой. Қазір студенттеріміз онымен әрі оқып, әрі іс-тәжірибе жүргізуде. Бұрындары студенттеріміз кен орындарына барып, іс-тәжірибеден өтетін еді. Бірақ ол тым қауіпті болатын. Ал, мына кешен қауіпсіз әрі үйренуге жеңіл. Жақында «Оңтүстікмұнайгаз» АҚ, басқа да компаниялар университет басшылығына келіп, инженер-технолог мамандарының біздің лабораторияға келіп, осы кешен арқылы акредитациядан өтуге сұраныс білдірді. Өйткені оларда мұндай жабдық жоқ»,- дейді «Мұнайгаз ісі» кафедрасының меңгерушісі, химия ғылымдарының докторы, профессор Кәзім Надиров.
Жалпы мұнайгаз саласы мамандықтарына бүгінде сұраныс жоғары. Мемлекеттен жыл сайын бөлінетін гранттардың саны да мол. «Факультетке жылына шамамен 250-300 бала құжат тапсырады. Қазір 1040 студент оқып жатса, соның 900-і грантта оқиды. Өткен жылдармен салыстырғанда заңгер, экономист мамандықтары азайып, осы саланың мамандары көбейіп келеді. Себебі сұраныс жоғары. Қазақстанның өндіріс саласы күн сайын даму үстінде. Жылына қаншама өндіріс компаниялары ашылып жатыр. Ал олардың барлығына инженер-технолог мамандары қажет. «Оңтүстік мұнайгаз» компаниясында біздің көптеген түлектеріміз жұмыс жасауда. Осы жылы да біраз түлектерімізге сұраныс зор. Оның үстіне біздің студенттерге 300 мың теңгеге арнайы маман киімдерін сыйға тартты. Сол сұраныстарға сай білікті де білімді мамандарды даярлауға тырысудамыз»,- дейді факультет деканы, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Дархан Сапарбайұлы.
Елімізде өндіріс саласының мамандарына сұраныстың жоғары екені рас. Осы тұрғыдан алғанда ОҚМУ-дың түлектері жерде қалмай, білімдерінің арқасында үлкен жетістіктерге жетіп, «сапалы маманға сұраныс туады» деген қағиданы берік ұстанып келеді.
Мұрағаттан: 25.04.2013