Үрәлхан Сейілбекова: «Мемлекеттік емтиханда бір жылап алдық»
Үрәлхан Сейілбекова, Оңтүстік Қазақстан опера және балет театрының әншісі, Мәдениет қайраткері
«Ұялмаған әнші болады» дегендей бала күнімде ата-анам ән айт десе көпшіліктің алдында қысылмай ән шырқай жөнеледі екенмін. Мектеп қабырғасында да «әнші балапан» атанып, өнер көрсетіп жүрдім. Содан музыка мамандығын игерсем деген арманым болды. Осы мақсатпен Алматыдағы қыздар педагогикалық институтына оқуға түсуге арқаланып келдім. Шынымды айтсам оқуға түсерде аса қинала қоймадым. Біріншіден әпкем мен талапкер атанған 1993 жылы институттың соңғы курсында оқитын. Өзі сабақ оқып жүріп, ән айтатын. Бірнеше шет елдерін аралап үлгерген. Ұстаздардың барлығы оны өнерлі қыз деп мақтан тұтатын. Сол әпкемнің жол көрсетуімен мен де институтқа келдім. Күлімханның сіңілісі деп мені ұстаздар жылы қабақпен қарсы алды. Жолымның болғыштығы да студент атануыма септігін тигізді деуге болады. Дәл мен емтихан тапсырып жатқан күні сол кездегі институт ректоры Сейілбек Исаев сынақты тексерейін деп оқу орнын аралап жүр екен. Комиссия мүшелерінің алдында ән айта бастағаным сол еді ішке ректор кіріп, жайғаса кетті. Әнімді жалғастырып айта бердім. Соңында басшының өзі «Айналайын қызым, дауысың жақсы екен» деп, пікірін білдірді. Осылайша ұстаздар тарапынан да жоғары баға алып, оқуға қабылдандым. Бірінші курстан бастап студенттерден құралған «Ұлар» фольклорлық этнографиялық ансамбліне әнші ретінде қабылданып, өнер көрсетіп жүрдім.
Алғашқыда сабақ аздап қиындау болды. Музыкалық пәндерден қиналған емеспін. Ал қосымша пәндерді көбірек оқуға тура келді. Баян аспабын игеру де оңай болған жоқ. Өзге студенттер секілді біздің бос уақытымыз бола бермейтін. Себебі дәрістер кешке дейін жалғасатын. Оның үстіне ансамбльмен концерттерге жиі шығып тұрдым. Ойланып қарасам біздің кездегі студенттер өте еңбекқор болған екен. Өзім Сырдария университетінде біраз жыл ұстаздық етіп, студенттерге дәріс бердім. Сонда байқағаным, қазіргі студенттер еріншек (жүз пайыз емес әрине). Барлығына бірден, оңай қол жеткізгісі келеді. «Оңай жерде нанның жоқтығын» түсіне бермейді. Бұрындары ауыл мектептерінің өзінде түрлі үйірмелер болушы еді. Оқушылар жоғары оқу орнына түсем дегенше әр кәсіптің алғашқы баспалдағынан өтіп келетін. Ал бүгінде музыканы сүйіп, қалап келетін студенттер сиреген. Кездейсоқ, әйтеуір оқысам болды деген жастарды көремін. Олар тіпті музыкалық мамандыққа жеті нотаны да білмей келеді. Егер қазір бұрынғы музыка, би, сурет секілді үйірмелер жұмысын қайта бастаса, жоғары оқу орнының табалдырығын аттағысы келген жастарға үлкен көмек болар еді.
Студенттер бірде аш, бірде тоқ болады емес пе?. Алайда менде қаражат жағынан қиындықтар болмады. Институт қабырғасында жүргенде-ақ қосымша табыс көзім болды. Оның үстіне үйдің еркесімін. Ағаларымның барлығы жұмыс істейтін. Ақшам таусылса дереу соларға қоңырау шалып, ақша салып жіберулерін өтінетінмін. Үйге келсем де әйтеуір әке-шешем құр жібермейтін.
Біздің кезімізде әрбір қызда анкета болатын. Түрлі сұрақтар қойып, құрбыларына таратады. Қыздар анкетаға сырларын, тілектерін жазып жатады. Менің студент кезімдегі анкетам әлі сақтаулы тұр. Кейде өткен күндерді аңсағанда сол қойын дәптерге үңілемін. Қазір ақтарып қарасам көптеген құрбыларым маған «халық әртісі бол» деген тілек жазыпты. Көптің тілеуі қабыл болды ма, әйтеуір халық әртісі атанбасақ та «мәдениет қайраткері» деген атақ алдым.
Оқуды бітірер жылы хордан соңғы мемлекеттік емтихан тапсырып жатқанбыз. Біз «Жан ана» әнін шырқап жаттық. Ал дирижер мамандығында оқитын бір құрбымыз бізге дирижерлік етіп тұрды. Әлгі қыз студенттік дәуірін қимады ма, әлде анасын сағынды ма, дирижерлік етіп тұрып, жылап тұрды. Көзінен аққан жасына қарап біз де (хор айтып тұрғандар) жылап жібере жаздадық. Расын да қызықты күндерді қазір сағынышпен еске алып отырамын. Биыл институт бітіргеніме 20 жыл толады екен. Осыған орай өнерде жүрген Тамара Асар, Гүлнұр Өмірбаева секілді өзге де группаластарым бас қосу кешін ұйымдастыруда. Сондықтан жақында студенттік жылдарыма «саяхаттап» қайтатын шығармын.
Жазып алған: Айнұр Асанқызы,
«Рейтинг» газеті №5 9 ақпан 2017 жыл