Үміт Битенова: ​«Брежнев қайтыс болғанда екі күн жыладым»

Oinet.kz 06-08-2019 1189

Umit-Bitenova-640x480@2x.jpg

Үміт Битенова, ақын, әнші-сазгер

1981 жылдың маусымы. Мектеп бітірген шақ. Бір ай бойына созылған барлық сегіз пәннен де мемлекеттік емтиханды беске тапсырдым. Ендігі арманым  Алматыдағы Каз ГУ. Өзiмдi айтпағанда, бiр де бiр төрттiк бағасы жоқ үздiк аттестатыма обал ғой! Апарайын десе - барар жер, басар тауы жоқ, апармайын десе  менiң келешегiме қиянат, жалғызілікті анам қатты дағдарды. Алматы ол кісі үшін  – алыс.  Тәуекел етiп,  шілденің төртінде облыс орталығы Жамбылға тарттық.

Жамбылдың пединститутының жатақханасынан орын алып, төрт қыздан жататын бөлмелердің біріне мені орналастырған анам Талас ауданының ең шалғай елді мекені - Үшаралға қайтып кетті. Жамбылдың пединститутында филфак болғанмен, қазақ бөлімі жоқ еді. Шымкентте ғана бар.  Сынақтардан сүрінбей өтсең, берілген арнайы жолдама арқылы Шымкенттің пединститутына студентсің. Менің жолым болды. Біліміме қанағаттанған қабылдау комиссиясының сәт сапар тілегін естіген, төртінші  соңғы емтиханнан шыққан сәттегi көңiлiмдi көрсеңiз!

Пединституттың бесiншi қабатындағы баспалдақпен төмен түсiп келе  жатып алақандай терезелер арқылы даладағы иiн тiресе қарайған қалың адамның арасынан анам көзіме оттай басылды. Сыртқа қалай шыққаным есiмде жоқ. Ағыл-тегiл жылап келе жатқан менi көрiп әлдекiмдер мүсiркеп жатты: «е, бейшара, құлаған екенсiң-ау. Қайтсiн-ай!» Анам да «құлады» деп ойлапты. Өңiнде қан-сөл жоқ, менi сүйемелдеп алаңқайдағы орындыққа әкелiп отырғызған ол қағазымдағы соңғы  «бестiк» бағаны көрiп, не iстерiн бiлмедi. Қосыла жылап, менiң көзiмдегi қуаныш жасын алақанымен сүрте бердi, сүрте бердi...

Айтпақшы, қызықтың көкесі сосын болды. Шымкентте оқып жүрмін. Тобымызда Мақсат, Нұрлыбек деген екі жігіт, жиырма үш қызбыз. Ең алғашында группаластарымыз Сарысу ауданының қызы Салтанат екеуімізді «жамбылдықтар», Өзбекстаннан келген Фатима, Тұмаркүл, Гүлзипа, Куләштарды «ташкентский төртеу» деп атап жүрді. Он-он бес сабақты қамтыған қысқы сессияның қорытындысында зачет-сынақтар мен емтихандарды түгел «беске» тапсырып, бірі «құлап», бірі «сүрініп», «қайталап кіріп, қайта тұрып» жатқан студенттер ішінен іріктелініп алға шыққан бірді-екілі замандастарыммен бірге мен де бірден «повышенный стипендиат» атандым.

Біздің тобымызда Тамаша Тоқбергенова атты бір ғана жергілікті қалалық қыздан басқамыз сол кездегі Полторацкий, Вишневский көшелерінің бойындағы жатақханаларда жаттық. 422-бөлме, 405-бөлме, 317-бөлмелер маған ыстық.  Бөлмелердің тазалығын тексеріп, студенттер кеңесі мен институт басшылығы тарапынан жиі-жиі «ең үлгілі бөлме» байқауы өткізілетін.   «С.Сейфуллин», «Қазақстан» кинотеатрларынан «Тайна Мотеля «Медовый месяц», «Самозванцы поневоле» сияқты және үнді фильмдерін барып көретінбіз. «№42 Пошта» арқылы ауылға, жақын-жуықтарымызға телеграмма, хат-хабар жазып, қалааралық байланыс арқылы телефонмен сөйлесуге болатын...

Орыс тілінде жүретін медицина сабағынан жазған лекцияларымызды іс жүзінде түсінуіміз үшін бізді қаланың ауруханаларына практикаға да жіберетін. Сондай күндердің бірінде, бірде,  ақ халат киіп алған бәріміз аялдамада көлік күтіп тұрдық. Біз мінетін автобус жақындап келе бергенде әлгі «ташкентский Тұмаркүл» досымыз автобустың алдынан шығып, «тоқта, тоқта!» деп оң қолын көтере бұлғай жүгіріп барғаны! Өзі онсыз да осы аялдамаға тоқтауға жақындап, жүрісін баяулата берген автобусты такси ұстағандай тоқтататын, Өзбекстанның шалғай елдімекенінің тұрғыны Тұмаркүлдің бұл қылығына көпке шейін группаластарым күліп жүрді.

Өзі жақсы оқитын Тұмаркүл  «сельхозкада» мақта теруден алдына жан салмайтын. Қоңыр күзден «қараша, желтоқсан мен сол бір екі-айға» шейін  Жетісайдың үшінші бөлімшесіндегі мақтасын теруге барып, екі алақаны және қос қолы білегімен қарс-қарс айырылып, күс-күс болған саусақтарын күнде жатар алдында тұзды суға салып, түрлі майлармен жұмсарта алмай, байбалам сап отыратын біз секілді, туғалы мақта көрмеген жамбылдықтарды шымкенттік құрбыларымыздың әрқайсысы  қапшығымызға өздерінің тергендерінен бір-екі-үш килодан қосып  беріп, күндік нормамызға әйтеуір жеткіздіріп,  талай-талай жиналыстарға түсуден сақтап, жыларман халден алып қалған.

Екінші курстағы «сельхозкада» жүргенде 1982 жылдың 10 қарашасында КПСС Орталық Комитетінің Бас хатшысы Л.И.Брежневтің қайтыс болғанын естіп, аза тұту жарияланған екі күн бойы еңіреп жылағанымыз есімде...

Әзіл мен қалжыңсыз жүре алмайтын, бірақ, бір-бірінсіз жалынды жастық шақ өмірді сүре алмайтындай қоян-қолтық араласып-құраласып, бауыр басып кеткен группаластарымызбен институтты бітіргенде қимай, жылап қоштасқанбыз...

...Алдыңғы 2015 жылы жазда  бітіргенімізге отыз жыл толған кездесу кешіміз өтіпті. Жолсапарда жүріп қатыса алмағаныма қатты өкіндім...

Ауылдан білім іздеп, сусап келген жастар күндіз Шымкент педагогикалық институтының аудиторияларында Мүсілім Қожықов, Әмір Мұсақұлов, Мұқаш Жақыпбеков, Әбіш Байтанаев, Әсілхан Оспанұлы, Мырзай Алтынбекова сынды ана тілінің жілігін шағып, майын ішкен ғалымдардан дәріс тыңдап, ал кешкілік әдеби-мәдени шараларда Мұхтар Шаханов, Мархабат Байғұтов, Ханбибі Есенғараева, Әбілда Аймақ, Қасымхан Бегманов, Әмзе Қалмырзаев, Әкім Ысқақ, Жарылқасын Дәулетов, Нармахан Бегалиев, Қазыбек Исаев, Исраил Сапарбайдай ақындардың, Мұхтар Шерімовтей жас сатириктердің, Сейіткерім Нұранов, Бердалы Оспановтардай әуесқой сазгерлердің жыр кештерінен қалмай, әсерленіп жүретін аяулы сәттер, ұмытылмас студенттік жылдар...

Мұрағаттан, 2017 ж

Оңғарбек Алхаров, фотограф: «Селфидің арқасында ақымақтар, құр мақтаншақтар көбейіп кетті»
Дәурен Ақсақалов: «Айтысты «алтынмен аптап, күміспен қаптасақ» та жарасады»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу