Дәурен Ақсақалов: «Айтысты «алтынмен аптап, күміспен қаптасақ» та жарасады»
Дәурен Ақсақалов, айтыскер ақын
- Дәурен, айтыс өнеріне қанша жасыңда келдің?
- Әрбір ата-ана ұл-қызының болашағынан үлкен үміт күтіп, бір мамандықтың иесі болғанын қалайды. Нағашы жұртымда ақындық қасиет дарыған кісілер болғандықтан әке-шешем мені айтыстан көргісі келсе керек. Жетінші сынып оқып жүргенімде айтыскер ақын апамыз Әселхан Қалыбекова туған жерім Отырар ауданынан кішігірім ақындар мектебін ашты. Игі іске мұрындық болған сол кездегі аудан әкімі Қуаныш Айтаханов мәдениет сарайынан арнайы сынып ашып берген. Жақсы жаңалықты естіген ана-анам мені бірден осы мектепке берді. Алғашқыда отыз шақты оқушы жиналдық. Кейіннен іріктеліп төрт шәкірт қалды. Осылайша Әселхан апамыздан дәріс алып, айтыс өнерінің қыр-сырын тани бастадым. Сол жылы аудандық жас ақындар айтысы өтті. Сөз бәйгесінде бірінші орынды иелендім. Айтыстың құрылысын онша түсінбесем де оқушының деңгейіне сай айтысып шыққан сол алғашқы додамды ешқаншан ұмытпақ емеспін.
- «Жас келсе, іске» дегендей, айтыстан бөлек қосымша жұмыс, қызметің бар шығар?
- 2015 жылы Шымкенттегі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институттың филология факультетін бітіріп шықтым. Ақылы бөлімде оқып жүргенімде институт ректоры Оңалбай Аяшев өнерімді қолдап, бағалап, грант тағайындады. Осы жақсылықтың өтеуі ретінде, өнерді бағалайтын ордаға қызмет ету мақсатында осында жұмысқа тұрдым. Қазір ОҚМПИ-де жастар саясаты бөлімінің меңгерушісімін.
- Әр ақынның қарсыласты жеңуде өзіндік әдіс-амалдары болады. Сенің айтыста қолданатын ерекше тәсілің бар ма?
- Барлық ақындар секілді алдымен қарсыласымды зерттеп аламын. Ол бұған дейін кіммен айтысты, қандай тақырыпты көп қозғайды деген секілді оның ерекшеліктеріне баса назар аударамын. Бірақ кейде қарсыласты аяқ астынан өзгертіп жіберетін жағдайлар болады. Сондықтан ақын бірінші кезекте өз біліміне сенуі керек. Жаттанды сөздер емес суырып салмалық қашанда жоғары бағаланады.
- Мықты қарсылас деп кімді санайсың?
- Барлық ақынды. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» дегендей екінші бір ақынды мынау маған осал қарсылас деп бағалауға болмайды. Себебі отты жырларыңмен қарсыласты жеңдім деп отырғаныңмен бір ауыз сөз сені ойсыратып жіберуі мүмкін.
- Оңтүстікте айтыскер ақындардың ортасы қаншалықты қалыптасқан?
- Өнердің ордасы киелі Оңтүстік топырағында айтыскер ақындардың ортасы жақсы қалыптасып келе жатыр. Біз енді Әселхан Қалыбекова, Маржан Есжанова, Бекарыс Шойбеков, Анар Жаппарқұлова, Карима Ораловалардың ортасын көрген жоқпыз. Дегенмен үлкендердің әңгімесіне қарап олардың «Оңтүстіктің ақындары-ай» деп тамсанып айтатын дәрежеге жеткенін байқауға болады. Кейінгі буын Біржан Байтуов, Нұрлан Есенқұлов, Қалижан Білдаш, Қажымұқан Абзалов секілді жастар да «ардақты ақындар» деген атқа кір келтірген жоқ. Қазіргі жас ақындар да сол ағаларымыз қалыптастырған ортада жақсы қарым-қатынас орнатып келеміз. Осы уақытқа дейін «Оңтүстіктің ақындары бір-бірімен алауыз болып жүр екен» деген өсекке қалған емеспіз. Қашанда бір-бірімізді іздеп, қайда болсақ та жанашырлық танытып жүреміз. Бір-бірімізбен қырық пышақ болып жүрсек бұл ақындарымызға да, айтыс өнеріне де үлкен сын, ұят болар еді.
- Қазір әлеуметтік желіде депутат болсын, ақын, әнші, дәрігер, мұғалімдер де қоғамдық пікір қалыптастырып, белсенділік танытып отырады. Ал сен, қаншалықты белсендісің?
- Әлеуметтік желіде кәрілі-жастар арасында менің қалыптасқан оқырмандарым бар. Оларды пікірім, көзқарасым қызықтыратын шығар. Сондықтан оқырмандарым алдында жауапкершілігімді сезінемін. Үнемі болмаса да жиірек қоғамдағы оқиғалар, саясат жайында жеке пікірімді білдіріп отырамын. Оларға дұрыс бағыт беруге тырысамын.
- Бүгінгі айтыста ақындар орынсыз қалжың, анайы сөздерге орын беруде деген сын-пікірлер жиі айтылып жүр. Келісесің бе?
- Жоқ. Айтыстың халық тарапынан жиі сынға ұшырап жүргені белгілі. Бұл жағдайға қуануға да болады. Өйткені айтыс үнемі халықтың назарында жүр. Алайда белден төмен сөздердің айтылып жүргенін өз басым байқағаным жоқ. Ақындарымыз ойын астарлап, қазақтың бай сөздік қорымен жеткізуі мүмкін, алайда ашық, анайы сөздер қолданбайды.
- Өзің білетіндей қазір аламан айтыстарға миллиондаған ақша, қымбат көліктер тігіліп жүр. Қалай ойлайсың, дүние таратылған жерде айтыстың қадірі түсіп кетпей ме?
- Мынадай жаһанданған заманда ұлтымыздың төл өнері – айтысты «алтынмен аптап, күміспен қаптасақ» та жарасады. Асыл мұрамызды дамытып жүрген ақындарымыздың жалаңаяқ жүргені кімге абырой дейсіз?. Керісінше спорттағы олимпиада секілді айтыста да аламан сайыстар ұйымдастырып, ақындарды ынталандырып отыру қажет. Бір ақын он екі айда бір бас жүлдені жеңіп алып, миллион теңгеге қол жеткізетін шығар. Үш ән жаздырып алып, тойда фонограммамен күніне миллион теңге тауып жүрген әншілеріміз де бар ғой. Енді сол әншілер мен қоғамдық саяси мәселелер туындаған кезде халыққа басу айтып, керісінше кері жағдайларда елдің намысын оятып жүрген ақындарымыздың еңбегін салыстырып көріңіздерші? Ақындардың табысын қызғануға болмас. Ал дүние, ақша айтыстың, ақынның беделіне еш нұқсан келтірмейді деп ойлаймын. Нағыз ақынның көкейінде ақша емес халықтың ықыласы тұрады.
- Айтыстың жанашырлары ретінде кімдерді айта аласың?
- Ең бірінші айтыс десе ішкен асын жерге қоятын ағамыз Жүрсін Ерманды атап кетпеске болмас. Одан кейін айтыстың жоғары дейгейде өтуіне атсалысып жүрген Бауыржан Байбек, Бердібек Сапарбаев, Нұрлан Ноғаев секілді билік басындағы ағаларымызды айтуға болады. ОҚО әкімі Жансейіт Түймебаев облыс тізгінін қолына алған кезде-ақ Түркістан сарайында халықаралық айтыс ұйымдастырған болатын. Айтысқа жанашырлық деп қаржылай көмекті ғана атауға болмайды. Айтысты сүйіп, дәріптеп жүрген журналистеріміз де жетерлік. Одан бөлек қай облыста болсын айтысыңа қатысып, тілекші болып жүрген тыңдармандарды да айтыстың жанашырлары деуге болады.
- Мешін жылында бойдақтықпен қоштасамын деп халыққа уәде берген едің. Бірақ сүйінші хабарды ести алмадық қой...
- Бойдақтықпен әлі қоштаса алмай жатырмын. Құдай қаласа биыл отау құратын ниетім бар. Тек лайықты жарды таңдай алмай жүрмін.
Мұрағаттан, 2017 ж