Артық Тоқсанбаев: «Нұрғиса Тілендиевтің алдында «Құстар» әнін айтқанмын»
Қайтып келмес күндердің парақтарын ақтарып отырып ойға талай нәрсе оралады екен. Менің балалық шағым апорттың отаны, гүл қала, ару қала - Алматыда өтті. Әкем Жақсылық тарих пәнінің мұғалімі болғанымен музыкаға әуестігі бар еді. Өз бетінше нота үйренген. Домбыра, баянда шебер ойнайды. Өзі кәсіби музыкамен айналыспаған соң ұлының өнер адамы болғанын қаласа керек. Алты жасымда Алматыдағы Күләш Байсейітова атындағы Республикалық орта мамандандырылған музыкалық мектеп-интернатына жетектеп әкелді. Әрине ынтасы жоқ баланы өнеорге сүйреп қайтсын. Үйдегілердің айтуы бойынша бала күнімнен әнге жақындығым қылай бере бастаған екен. Осыны ескерген әкем мені атақты композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиевтің үйіне ертіп келгені есімде. Нұрағаңның алдында «Құстар» әнін шырқап бердім. Сонда ол «Ой бәрекелді, ертеңгі күні мына баладан талантты музыкант шығады» деп аузыма түкірген екен. Ырымшыл халық емеспіз бе? Сол Нұрағаңның өнері мағанда жұққан болуы керек, бала күнгі арманым орындалып, композитор болдым. Бесінші сыныптан бастап әйгілі композитор Нағым Меңдіғалиевтен, ал тоғызыншы сыныптан бастап Анатолий Бычковтан дәріс алып, кәсіби түрде композиторлықпен айналыса бастадым.
Мектеп интернатта сабақ таңнан кешке дейін болады. Түске дейін пәндік сабақтар болса, түстен кейін музыкалық сабақтар. Дегенмен ойынға да уақыт табылатын. Қолымыз қалт етсе болды асық, ләңгі, тіпті қыздармен жағаласып секірмек те ойнадық. Қалада ол кездері сырғанақ алаңдары көп болатын. Қыс болса болды алаңға коньки, шаңғы тебуге кетеміз. Бәрінен де біз үшін киноға бару үлкен бір мереке іспетті еді. Біздің заманның балалары кітапқұмар еді ғой. бала күнімде Купер Фенимор, Томас Майн Рид, Джек Лондонның шығармаларын көп оқыдым. Әсіресе Америкадағы үнділердің өмірі қатты қызықтыратын. Олар туралы фильмдерді де қалт жібермейтінмін. Жазда балалармен өзімізше сол кітаптағы, фильмдегі үнділердің обзарына кіріп, бір-бірімізбен атысып, қуаласып ойнаушы едік. Ол заманда қазіргідей телефон, интернет деген мүлдем жоқ. Әйтеуір радиодан «Би Би Си», «Америка дауысы» толқындарын антена ұсаған жерден тыңдадық.
Музыкалық мектепте оқыған соң бізді әр жұма, сенбі сайын концерттерге ертіп баратын. Сонда Алматыға шетелдің, орыстың небір атақты әнші, композиторлары келетін. Интернаттың арқасында біраз атақтылардың көзін көрдім десем де болады. Бақытты балалық шағыма өкпем жоқ. XXI ғасырдың балаларында арман жоқ дейміз. Ия, ол рас та шығар. Қазір балаға керек ойыншық, техникалық құралдардың бәрі бар. Ал менің заманымдағы ойын балаларына компьютер, телефонның бірі де қажет емес еді. Себебі біз далада өстік. Әке-шешеміз бізді даладан үйге кіргізе алмай әлек болатын. Ал бүгінде керісінше техникадан бас алмайтын балаларды үйден сыртқа шығара алмайсың.
Жазып алған: Айнұр Асанқызы