Трамп Украинадағы соғысты қалай шешеді?
30-10-2024
Жанысбек Өтеген, ғалым-агроном, "Береке-Бөржар" ЖШС директоры
- Жанысбек Тұрсынәліұлы, жер мәселесі бүгінде өзекті және қоғам назарындағы мәселе. Пікір-ұсыныстарын айтушылар көп. Жер реформасы туралы комиссия сенбі сайын басқосуда.Осы комиссия жұмысына көңіліңіз тола ма, халықтың талап-тілегін ескеріп, қажетті шешімін парламентке ұсына ма, әлде заң талаптарының сол күйінде қалуына жұмыс істей ме?
- Өзекті деп дұрыс айттыңыз, бірақ қоғам назарындағы емес, қоғам наразылығындағы мәселе. Барлық облыстарда, яғни Республика көлемінде халықтардың жаппай митингіге шығуы бұл заңның дұрысқабылданбағанын көрсетпей ме?Зауыттарымыз бен кен орындарын шетелдіктерге беріп қойғанымыз аздай енді жерді ұзақ мерзімге жалға беру жерді беруіміздің алдыңғы қадамы емес пе?Жер реформасы туралы комиссиясы мүшелерінің арасында осы заңды ұсынған, қолдаған, қабылдаған адамдардың көптігінен де болар жұмысына көңілім толмайды. Комиссия қабылданған, бірақ көпшіліктің наразылығын тудырған заң дұрыс екен деп шығатын сияқты. Ондай жағдайда халықтың толқуы қайта күшейіп, биліктің ауысуына әкеліп соғуы мүмкін. Себебі, өз басым жерді сату мен 25 жылға жалдаудың үлкен айырмасын көріп тұрған жоқпын. 25 жыл жерді жалға алған инвестор бала сүйіп немерелі болуға жететін уақыт. Демек, өзімен қоса алғанда үш ұрпақ бізбен бірге өсіп өнеді. 25 жылдан соң ол жер қазаққа қайта ма өзі? Бұл – өте үлкен сұрақ.Жайылымдық жерлерді сатпай әкімдіктің иелігіне қалдыру керек. Жайылымдық жер халыққа ортақ болуы тиіс. Суармалы жерлерді шаруаларға тегін беру қажет. Өйткені, қарапайым адамдардың жерді сатып алуға мүмкіндігі жоқ.
Жер дұрыс пайдаланбаса, оған залал келіп жатса, оны кім және қалай мемлекет иелігіне қайтара алады? Қоғамға, халыққа қажетті суаттар, жолдар, өзен-көлдер, мәселесі де мүлдем шешімін таппаған. Осы сияқты тізбектей берсек, жүздеген маңызды-маңызды сұрақтар бар. Олардың барлығына нақты, мардымды жауап алмай, жер реформасын қолдау мүмкін емес. Ал шетелдіктерге жер жекеменшікке берілмеуі тиіс. Шетелдіктер жерді уақытша арендаға алуы мүмкін, бірақ жердің сапасы мен онда жасалып жатқан жұмыстарға қатаң бақылау орнату мәселесі әлі де шешімін таппаған. Мәселен, шетелдіктер жерді жөн-жосықсыз пайдаланса, жерге зиян келсе, зиянды тыңайтқыштар пайдаланылса, олардың жұмысын кім қадағалайды? Олардан жерді тез арада сот шешімімен тартып алу тетіктері бар ма? Меніңше, жоқ!
- Жер реформасына байланысты Жер Кодексіне және басқа да заңдарға қандай өзгерістер мен толықтырулар енгізу қажет деп санайсыз?
- Қоғамды алаңдатқан жерді шет елдіктерге сату және жалға беруге халықтың наразылығы мені де ойға қалдырды және бірқатар заңдарымызға мән беріп қарап шығуға итермеледі. Бұған дейін,өкінішке қарай, министрлер кабинеті ұсынған заң жобасы Парламент депутаттарының талқылауынан өтті деп, зер салып қабылданған құжатқа қарай бермейтінбіз. Онымыз дұрыс емес, әрине. Ал, ұсынысқа келсек: Ата Заңымыз Қазақстан Республикасы Конституциясының І-бөлімінің6-бап 3-тармағында: «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншігінде болады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін» екені айтылған.Соңғы сөйлемді: «Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке меншігінде де болуы мүмкін»-деп өзгерту қажет.
Қазақстан Республикасының Жер кодексінің І-тарау 6-бабы, 6-7 тармақтар мен баптарды жер заңдарынан алып тастау керек. Бұл баптар Қазақстан Республикасының егемендігіне біртін-біртін сызат түсіретін жағдайларға алып келуі мүмкін. Сонымен бірге 12-баптың 43-тармағындағы «Ұлттық жер пайдаланушылар – Қазақстан Республикасының азаматтары, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлғалар» деп тоқтатып, бұдан кейін жазылған, «оның ішінде шетелдік қатысушысы бар кәсіпорындар» деген тіркесті алып тастаған дұрыс. Жерге қатысты ұсыныс-тілектер көп, оны бір сұхбат шеңберінде қамту мүмкін емес шығар. Барлық ұсыныстарым ескерілер деген үмітпен тиісті жерлерге жолдағанмын.
- Еліміздің батыс өңірінен бастау алған наразылық шерулері мен кешегі 21 мамырдағы жағдайларға байланысты қандай ой түйдіңіз? Билік пен қарапайым халық арасындағы байланыс пен қатынасты қалай бағалар едіңіз?
- Билік пен халықтың арасы ажырағалы қашан. Ал 21 мамырда бейбіт митингіге шығуға байланысты Халықаралық және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес рұқсат сұраған қоғамдық ұйымдардың хаттарына әділетті жауап берілмеді. «Рұқсат берілмеген митингі ұйымдастырды» деген себеппен бірнеше азаматтар қудаланып, тәртіпке шақырылып, кейбірі қамауға да алынды.Төле би бабамыздың айтқаны бар: «Ырыс алды – ынтымақ» деп. Ынтымақ – әділетті қоғамда болады. Әділеттілік болмаған жерде дау болады. Дау бар жерде-жау бар. Жау бар жерде – қан бар деген.Біз оған апармай қоғамды әділетті басқаруымыз қажет.
Бізде қалай? Облысымызда барлық мәселені әкімшілік пен «Нұр Отан» партиясының өкілдері өздері қарап, өздері талқылап, өздері орындап, өздері «жеңіске» жетіп жатады. Ал қарапайым халықтың басым бөлігі тіршілік қамымен бірі базарда, бірі өзін-өзі жұмыспен қамтып күнін көріп жатыр. Елбасының түсінікті тілде айтылған Жолдаулары«түсіндіріліп» жатады. Және ол үшін миллиондаған қаражат жұмсалады. Президент аппаратынан, Парламенттен, Министрлер кабинетінен өкілдер келіп халықпен кездесу өткізеді. Жолдау түсіндіріліп, заң жобалары жөнінде айтылатын сол жиындарға шынайы халықтың өкілдері шақырылмайды. Естіп-біліп барғандарды кіргізбейді. Әкімдердің есеп беруі де солай. Аты халық алдында есеп беру болғанымен әкім өз қызметкерлеріне «есеп» беріп жатады. Қысқасы, халыққа қызмет ететін, сол бағытта жұмыс жасайтын билік жоқтың қасы.
- Саяси ұйымдардың қызметі сізге жақсы таныс. Олай дейтініміз, кезінде партиялар филиалының басшылық қызметінде болдыңыз. Осы орайда еліміздегі саяси партиялардың халық арасындағы бүгінгі беделі, қызметі, бұқарамен байланысы қандай?
- Бізде «Нұр Отаннан» басқа саяси қызмет атқарып жатқан қоғамдық бірлестіктердің даусы естілмейді, ізі көрінбейді. Билік партиясының «інісі» іспеттілері соның айтқанынан шықпайды. Парламенттегі партиялардың заң қабылданған кездерде 100% дауыс беріп жатқаны соның айғағы.Ал оппозициялық дерлік партиялардан «Алғаны» тіркемей «құрттық». «Азат» пен «Қазақстанның коммунистік партиясын» жауып тастадық. Жалпы оппозиция дегенді дұрыс түсінбейтіндер көп билікте. Қазақта «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген мақал бар. Сын түзелмей, мемлекет алға баспайды. Ал бізде сын айтқан адамды мемлекетке қарсы адам деп есептейді. Кемшілікті айтпау, жасыру, біле тұра түземеу мемлекетіміздің дамуына кері әсерін тигізіп жатыр. Ұлттық идеялогиясы жоқ, құлдық психологиясы басым ел болып қалдық. «Бізде бәрі жақсы, біз дамып жатырмыз», деп мақтану үшін қоғамдық ұйымдарға, ақпарат құралдарына миллиондаған қаржылар бөлініп келді. «Біз жеңдік» деп флешмобтар өткізіп жатамыз, кімді жеңдік, кім жеңілді? Түсінбеймін оппозициялық партиялар жоқ. Халықты жеңді ме сонда....
- Өткен сайлауда саяси доданың барлық үдерісін бастан өткердіңіз. Сайлаушы ғана емес, үміткер ретінде де. Қандай ой түйдіңіз? Жуырда облыстық мәслихаттың депутаты жергілікті телеарнада: «НұрОтанның» атын жамылған депутаттар көп, үмітті ақтайтындары аз. Облыстық мәслихатта 50 депутат болса, соның бесеуі ғана белсенді» екенін айтты. Жергілікті мәслихаттардың бедел-белсенділігіне сіз қандай баға берер едіңіз?
- Сіздің сұрақтарыңыздың әрқайсысын жеке қарайтын, жеке талқылайтын халықтың ойындағы «осы жағдайды қалай түзейміз?!» деген елдің алдындағы үлкен мәселе, үлкен тақырып екен. Мен сайлауларға өткен ғасырдың 80-жылдарынан бері араласып келемін. Ол кездегі сайлаулар үлкен мереке ретінде өтетін. Халық шынайы қуанып сайлауға баратын. Апаларымыз шашу апаратын. Еңбек озаттары, халық сыйлайтын азаматтарға үміткер бол деп ұсыныс жасалатын.
Ал тәуелсіздік алғаннан кейінгі сайлаулар жылдан-жылға өзгеріп келеді. Әрине жақсару жағынан емес, «демократия» деп 2 немесе оданда көп үміткерлерді ұсыну басталды. Жеңіске жету мақсатында үміткерлер барлық «ресурстарды» пайдалана бастады. Арақ, ұн секілді басқа да азық-түлік, ақша таратып «дауысты» сатып алатындар көбейді.Сайлаушылардың осылайша «сатыла» бастағаны ойлантады. Бүгінгі күні үміткер сайлаушыларға барып, дауыс беруін сұранбайды. Жергілікті жердің әкімдерінің «алдынан өту» керек деген «салт-дәстүр» пайда болды. Ел арасында«облыстық маслихатқа депутат болу үшін пәлен жүз мың доллар беру керек екен» деген әңгімелер бар. Берген адам өтеді, деушілер де аз емес. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды», демекші бұл біреудің ойдан құрастырған «ертегісі» емес. Соңғы сайлауда облыс көлемінде 300-ден аса үміткерлер түрлі желеулермен сайлаудан шеттетілді. Өз үміткерлерін өткізу мақсатында жетекші партия мен билік түрлі әдістерге барды, болмашы кемшіліктерді іздеп тауып қарсыластарын қатардан шығарып жатты. Айталық банктегі несиесін төлегенде артық төлеп, банкі есебінде тиын-тебені, карточкамен банкоматтан ақша алғанда мың теңгеге жетпейтін ақшасы қалғандарға мемлекеттен жасырдың, декларацияда көрсетпедің деген сылтау қолданылды көбіне. Кейбірін жалға алған жерлерін көрсетпегені үшін шығарды. Ол оның меншігіндегі жер емес, мемлекеттен жалға алынған жер, сол сияқты болмашы нәрселер.Кейбір үміткерді кандидатурасын алуға мәжбүрлейді. Сөйтіп қалған үміткер қасындағы өзінің «көлеңкесімен» жарысқа түсіп, ақсақалдардың батасын алып, «жеңіске» жетіп жатады. Ал «Нұр Отан» партиясының мүшесі, облыстық маслихаттың депутаты дұрыс баға беріп, шынын айтқан екен. Жеке бастың қамы үшін депутат болғандарға аяушылық танытайық, дегім келеді.
- Депутаттар қажет деп санаған жағдайда әкімге сенімсіздік танытуға құқылы. Мұндай жағдай туындамасын, дегенмен сондай шешім қабылдар жауапты сәт бола қалса, жергілікті мәслихаттар өз құқын пайдалануға қауқарлы ма?
- Неге туындамасын?! Халықтың тұрмыс-жағдайын, әл-ахуалын көтеруге, еліміздің экономикалық әлеуметтік жағдайын жақсартуға барлық білімімен күш жігерін жұмсамаған әкімге сенімсіздік білдіру маслихат депутаттарының басты міндеті. Алайда, барлық әкімнің «алдынан өтіп» келген депутат оған сенімсіздік білдірмек түгілі сын да айта алмайды. Менің көз алдыма қазіргі көптеген депутаттар аквариумдегі балықтарды елестетеді. Ауыздарын ашқан болады, ауа шығады, дыбысы шықпайды. Әйтпесе, сайлаушыларының мүддесін қорғайды дейтін депутаттар көтерер мәселе көп. Мысалы, ілгеріде миллиондаған қаржылар есепті-есепсіз артығымен кетіп жатты. Халық баспанасыз, ауыз сусыз, жарықсыз, газсыз, жылусыз шырылдап жүргенде, депутаттар зообаққа аңдарға баспана салуға 1 млрд. 300 млн тенге бөледі.Ордабасы алаңынан Тәуелсіздік саябағына қарай 1 млрд теңгеге жуық қаржыға не автокөлік, не қарапайым адам жүрмейтін, «Алтын көпір» салынды. Көлік кептелісін азайтатын жол айырығын салса болар еді сол қаржыға. «Бадам» өзенінің жағасына пляж, демалатын орын саламыз деп миллиардтаған қаржы бағытталды, Бадам өзені шомылуға болмайтын шайынды сулардың қосындысы...Осындай бей-берекетсіз шашылған қаржыларды үнемдейтін депутаттар үндемейді.
Сиырдың шабына жабысқан кенеде қарны қанға толған соң домаланып түсуші еді, бірнеше жыл қатарынан қайта-қайта сайланып алып, мемлекеттің «шабына» жабысқан кейбір депутаттардың «қарны» толмаған сияқты.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Еркін ДОСЫМБАЙ,
Мұрағаттан, 2016 ж