Ықылас Нұрғалиев: «Жұрт жеңіл музыкадан жалығатын күн алыс емес»
Ықылас Нұрғалиев, «Сазген сазы» ансамблінің дирижері, Мәдениет қайраткері
- Жақында «Сазген сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамблі қатысқан, жалпы түркі музыкасы түрленген фестиваль жайында айта кетіңізші...
- Биыл наурыз айында Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының ұйымдастыруымен өзге елдің өнер ұжымдарымен бірігіп ансамбль құрып, Стамбұл, Анкара, Нью-Йорк, Вашингтон қалаларына барып өнерімізді паш етіп қайттық. Жергілікті халық бізді ыстық ықыласпен қарсы алып, еңбектерімізді жоғары бағалады. Іс-шара түркі тілдес халықтары аспаптарының басын қосып, дәстүрлі музыканың аспанда калықтаған күні болды. Енді маусым айының соңында халықаралық фестивальдің жалғасы Әзірбайжан елінде өтетін болады. Сондай-ақ ансамбль Астана күні мерекесіне орай дәстүрлі түрде өтетін «Астана-арқау» түркі музыкасының фестиваліне қатысып, тыңдармандарды ән мен жырға бөлейтін болады.
- Бүгінде қазақтың музыкасы, ән-күйі шетелдіктерді таңқалдырып отырғаны рас. Ал өзіміз осы құндылықтарымыздың қадіріне жете алып жүрміз бе?
- Қазақтың музыкасы өте бай. Бірақ, өкінішке қарай, біздер қазақ музыкасының бағасын білмей келеміз. Әрине, дәстүрлі ән-жырды ешкім тыңдамайды деп бәріне бірдей топырақ шашқым келмейді. Алайда көпшіліктің эстрада, шетелдің музыкасы секілді жеңіл жанрға әуес екені жасырын емес. Дегенмен, мұның бәрі уақытша құбылыс. Себебі тыңдарман да бір күні жеңіл дүниеден жалығады. Мәселен Кеңес Одағы кезінде халық арасында классика, джаз секілді бағыттағы әндерді тыңдау сән болатын. Жетпісінші жылдары «Сазген сазы», «Адырна», «Отырар сазы» секілді оркестрлер дүниеге келгесін ұлтымыз қазақы музыкаға бет бұра бастады. Сол тұста әрбір колхоз, совхоздар фольклорлық ансамбль құрамыз деп құлшына кірісті. Екі домбыраның басын қосса да әйтеуір ансамбль құрып, дәстүрлі әнге деген қызығушылық арта түскен еді. Бұл белсенділікті жаңа ғасыр қайта су сепкендей басты. Жаңа толқын, жалпы ел эстарда секілді заманауи әндердің тыңдармандарына айналды. Дәстүрлі музыкамыз қазір құлдырап тұрғанымен, егер қазақ ұлттығын сақтап қалса, мұрамыз өз орнын табады деген үміттемін. Қазақ фольклорының, әнінің қайта жаңғырып, өлмесіне мен сенемін.
- Дәстүрлі музыканы жоғалтпас үшін заманға сай жаңартып, өңдеп, халыққа ұсыну керек шығар...
- Ия. Біз үшін қазір әр ән, күй, аспаптың жоғалып кетпеуі маңызды. Кезінде қазақтың ұлттық аспаптарын музыкатанушы Болат Сарыбаев ағамыз жинаған болатын. Ал аспаптарды зерттеп, оны халықтың пайдалануы үшін көп тер төккен этнограф-ғалым Өзбекәлі Жәнібеков еді. Ұлтымыздың әлі де қолданылмай келе жатқан қаншама үрмелі аспаптары жетерлік. Жетіген, сазсырнай, адырна секілді аспаптарды әлі де жетілдіріп, қолданысқа енгізу қажет. Сондықтан біздің ғалымдарға, музыканттарға әлі көп еңбек етіп, ұлттық құндылығымыздың бағасын асыру керек.
- Дара мамандық иесі дирижердың бойында қандай қасиеттер болуы қерек немесе «дирижер болу үшін дирижер болып туу керек» деген сөзге алып-қосарыңыз?
- Қарапайым халыққа ұзын костюм киіп алып қолын ары-бері сермеген жанның жұмысы оңай көрінуі мүмкін Алайда дирижердің жауапкершілігінде бүкіл оркестр, бүкіл музыканттың тұрғанын сезіне бермейді. Әрбір аспаптың дыбысын және қай кезде орындалуы керектігін дирижер алдын-ала біліп, нұсқаулық беріп тұрады. Оркестрдағы барлық музыканттан дирижердің білімі әрдайым жоғары болғаны абзал. Дирижер – өзі ұстаз, өзі тәрбиеші, өзі психолог, өзі әдіскер.
- Ал таяқшаның дирижер үшін маңыздылығы қанша?
- Таяқша біздің көмекшіміз. Музыканың өлшемі болады. Сол өлшемді, музыканың диапазонын біз музыкантқа таяқша арқылы көрсетіп отырамыз.
- Кәсіби дирижер ретінде еліміздегі дирижерлік мамандықтың проблемалары туралы айтсаңыз...
- Бұрынғы жылдары дирижерлар өте аз болатын. Өйткені оны даярлайтын оқу орындары сирек еді. Мәселен біздің заманымызда Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториядан жылына төрт-бес қана студент дирижер дипломын алып шығатын. Ал қазір кадр дайындайтын білім ошақтары көбейді.
- Болашағынан зор үміт күтетін шыәкірттеріңіз бар шығар?
- Қазіргі таңда А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп жанынан құрылған ансамбльді басқарамын. Аталған мектепте дарынды шәкірттер өте көп. Мәселен бүгінде өз тыңдармандарын тапқан, халықтың ықыласына бөленіп жүрген «Тұран» тобының мүшелері біздің шәкірттер. Осы секілді үміт артатын жастарымыз мол.
- Өнердегі қырық жылдан астам уақыт ішінде не түйдіңіз?
- Халқыма, жастарға әлі бергенімнен берерім көп секілді. Пәлен жыл ғұмыр кешсе де пенде ешқашан пістім, толдым демеуі керек. Түсінгенім өмір бойы еңбек, ізденіс адамды рухани байыта түседі, алға жетелейді екен.
Сұхбаттасқан: Айжан Арапова,
«Рейтинг» газеті №22, 9 маусым 2016 жыл