Жарас Сәрсек, ақын: «Жарымды анама ұқсаттым»
Ер жігітке болашақ жарын Алла сәтін салып өзі жолықтырады екен. Өмірлік серігімді мен 1993 жылы кезіктірдім. Сырлас досым бірде үйіне қонаққа шақырды. Үйге кіріп, жайғасып отырғаным сол еді, талдырмаш келген бойжеткенге көзім түсті. Ол досымның қарындасы Үміт болатын. Құрдасымнан ыңғайсызданғандықтан сүйкімді қызға оншалықты назар аударып қарай қоймадым. Алайда оның бір ғана қылығы мені өзіне баурап алды.
Он бір ағайынды шаңырақта өсіп-өндім. Тамақтанып болған соң анам пештің үстіне су жылытып, ыдыс-аяқ жуатын. Қанша шаршап-шалдығып тұрса да шешем ыдысты үш қайтара жуып, қүрғақ шүберекпен сүртіп, барлығын өз орнына жайғастырып қоятын. «Келін ененің топырағынан» деген сөз рас екен. Жол түсіп досымның шаңырағына кезекті рет барғанымда Үміт тура анам секілді пештің жанында ыдыс жуып отыр екен. Сыртынан бақылап отырдым. Ол да ыдыстарды үш қайтара жуып, құрғақ шүберекпен сүртіп, орындарына реттеп қойды. Оның қылығын анама ұқсатқаным соншалық, сол сәттен бастап менде ол қызға деген махаббат ұшқыны пайда болды. Алайда менің досқа деген құрметім, арамызды жақындатар емес. Бірақ ғашықтық сезім де шыдатып болмады. Содан бір күні Үмітке ішімдегіні ақтарып салдым. Басында ол «сен менің ағамның досысың, біздің қарым-қатынасымызға ол қалай қарайды екен?» деп біраз ойланып қалды. Ағасынан асып түсе алмайтынын білген соң досыммен ашық сөйлестім. Ол біздің махаббатымызға қуанбаса ренжімеген секілді. Осылайша ғашығыммен бір жарым жылдай жүріп, 1994 жылы отау құрдық.
Тойымыз сол заманның стиліне сай ауылдағы «палатканың» ішінде өтті. Қазан айының аяғы, күн суық. Палатканың іші суық болса да әйтеуір адамның жылуымен ешкім тоңа қойған жоқ. Ол кезде Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті журналистика факультетінің студенті едім. Қуанышымызға ортақтасқан группаластарым, достарым бір автобус болып келген. Тілек айтылып, ән жырқалып, би биленіп, әйтеуір түнгі сағат үш-төрттерде қонақтарды шығарып салдық.
Бүгінде төрт перзентті тәрбиелеп отырған жарыма өмірімде гүл сыйлап көрмеппін. Есесіне өзіне арнаған өлеңдерімді ұнатады. Кей жұбайлар қартайған шақтарына дейін бір-бірін ерекелетіп жүреді. Ал біздер осы уақытқа дейін олай жасап көрмеппіз. Себебі екеуміз шаңырақ көтергелі бері үйімізде інілерім, туыстарымның ұл-қыздары студенттік кезеңдерін өткізді. Сондықтан болар еркелету дегенді білмеппіз. Бірімізге біріміз қабағымызды ашып жүрсек еркелету деген сол шығар, бәлкім.
Үміт те, мен де көп балалы жанұядан шыққандықтан отбасы құндылығын жоғары бағалаймыз. Жиырма жылдан астам тату-тәтті өмір сүруіміз үлкендердің берген тәрбиесінен деп білемін. Ал бүгінгі жас отбасыларға тәрбие жетіспей тұр. Ағайын-туыспен араласудан қалып барады. Көпшіл болмағасын адам өз басын ғана ойлайтын дәрежеге жетеді. Қазір көптеген жанұя рухани байлықтан гөрі материалдық байлықты бірінші орынға қойып жатады. Осының салдарынан ұрыс-керіс, жанжал туындайды. Арадағы сыйластық жойылады. Отбасындағы кикілжің әрине арадағы балаға кері әсерін тигізеді. Сосын байғұс бала екі ортада жүріп, көңілі жарым болады. Шаңырақ көтермес бұрын жастар бір-бірін түсінісіп, сыйласуды үйреніп алса екен деймін. Сонда «отбасы» деген киелі шаңырақ шайқалмас еді.
Дайындаған: Айнұр Оңғарбай,
Мұрағаттан, 2016