Ақсу шатқалы – оңтүстіктің жауһары
Төлеби ауданындағы табиғаттың берген сыйы Ақсу каньоны саяхатшылардың жиі аяқ басатын мекені. Ол Орта Азиядағы ең терең каньондардың бірі болып табылады. Оның тереңдігі 300 ден 500 метрге дейін, жоғарғы шеттері 800 м, ал ұзындығы – 30 шақырымды құрайды. Каньонға түсу өте қиын, өзеннің жағалауы тасты және одан сайын қиындата түседі. Кейбір жерлерде шатқалдың ені бір шақырымға дейін жетеді. Ал үстіңгі бөліктерінде шатқал ені өте жіңішке адам аяғы секіріп өте алатындай деңгейде, тіпті аяғыңыздың астынан судың ағып жатқанын көруге болады. Мұнда қасқыр, түлкі, аю, тауешкілерді кездестіруге болады. Өсімдіктер әлемінен понтий доланасы мен арша, түркістандық қайың мен шаған өседі. Жергілікті арша – түбі шірімейтін өсімдік. Әдетте ол мың жыл өмір сүреді. Шөл далалы елдерде бұл ағаш судан құнды деп есептелген, ал қолөнерші қолданған арша алтынмен пара-пар бағаланған.
Ақсу шатқалында тау үңгірлерін жиі кездестіруге болады. Олардың тереңдігі 5 метрге жетеді. Ал кейбірі тіпті 10, 20 метр болады. Оларды мал ұстау мақсатында қолданған. Шатқалдың терең жеріне түсу бағытында тартылыс күшімен тепе-теңдікті сақтап қалған тас орналасыпты. Мамандардың айтуынша, ол бұл жерде миллиондаған жыл қозғалмай тұр. Мұнда туристер наурыздың соңы мен қазанның ортасына дейін келе береді.
Ақсу шатқалын алғашқылардың бірі болып, 1908 жылы өзінің Түркістандық экспедициясы кезінде болған, орыс географы және топырақтанушысы, Семён Неуструев (1874 – 1928) зерттеген. Бұл, ерекше табиғи объектіге барып қайтудан алған әсерін, ол келесідей сипаттады: "Мәрмәр құмнан аппақ болып келген, Ақсу өзенінің долы сулары шатқалдың түбімен ызылдап жылдамдықпен ағып жатыр және ешбір жан осы суды кешіп өтуге бел буа алмайды... Шатқалдың қабырғалары, әсіресе,жиірек сумен әбден жақсылап тегістелген анағұрлым құлама болған жерлері бағандар түзеді, ал төмендегі домалақ қуыстар және шұңқырлар, әбден, сумен қағып жасалған."
Шатқал - жартастарда ежелгі суреттер салынған палеонтологиялық орын, тарихымен ғана емес, сонымен қатар әдемі көрінісімен де саяхатшыларды қызықтырмай қоймайды. Ақсу каньоны Тянь-Шань тау жүйесінің қалыптасу кезеңіндегі соңғы катаклизмдердің негізінде пайда болды. Бұл шамамен 10 миллион жыл бұрын болған. Шатқал - бұл қиыршықтас пен әктастың бір-бірімен байланыстырылған тектоникалық жарықшасы.
Көктем келісімен шатқал маңы Қызыл кітапқа енген Грейг және Кауфман қызғалдақтары құлпырған алқапқа айналады. Аталған Грейг қызғалдағы Ақсу-Жабағылы қорығының символы әрі Шымкент қаласының белгісі ретінде танылған. Ақсу шатқалы – жылтыратылған бөренелер көгілдір су иірімінде жүзетін ерекше орын.
Ақсу шатқалына саяхаттау хайкинг туризміне (таулы аймақта жаяу жүру) жа-татын болғандықтан, мұнда келетін туристердің басым бөлігі – жастар. Төмен қарай құлдилау және шың¬ға қайта көтерілу әжептәуір күш пен епті¬лікті, шыдамдылық пен төзімді талап ететіндіктен, үлкен жастағы туристер бұл жер¬ге аса қатты қызыға қоймайды.
Шатқалдан жерасты үңгірлерін көп кездестіруге болады. Бірақ көпшілігі¬нің атауы жоқ. Жол жиегіндегі кейбір үңгірге еркін кіріп-шығуға мүмкіндік бар. Ал «Ақсу-Жабағылы» қорығының аумағында орна¬ласқандары қауіпті саналады. Үңгірге бару үшін басшылықтан арнайы рұқсат алып, тек гидпен ғана баруға болады.
Бұрындары бұл жерге тек жергілік¬ті тұрғындар ғана келетін болса, кейінгі жылдары еліміздің өзге аймағынан да саяхаттаушылардың саны артқан. Оған екі жылға жуық уақыттан бері адамзатты әуреге салған коронавирус індеті себеп болды деп те айтуға негіз бар. Өйткені шетел шекаралары тарс жабылып, тырп ете алмай қалғанда ел азаматтары елдегі туристік орындарды іздей бастады. Оның үстіне «Әлеуметтік қашықтықты сақтау» сияқты міндеттемелер қойылған уақытта Ақсу шатқалы бұл талапқа толығымен сай келді. Сондай-ақ мұнда алыс-жақын шетелдерден де туристер легі келе бастапты. Олардың ішінде Еуропа азаматтары көп екен.