Саяхатшылар табиғи паркте серуендей алады
Экологиялық туризмді жаны сүйетіндердің сүйікті орны - Ақсу-Жабағылы қорығы. Ол Талас Алатауы мен Өгем тауларының солтүстік-батыс сілемдерінде орналасқан. Ол екі мемлекетпен – Қырғызстан және Өзбекстанмен шектеседі, қорықтың территориясы Түлкібас, Төлеби, Бәйдібек аудандарын және Жамбыл облысының Жуалы ауданын қамтиды. Орта Азиядағы және Қазақстандағы тұңғыш әрі бірегей қорық. Саябақ аумағы ерекше қорғауға алынған. Десе де соңғы кезде мұнда туризм бағыты қолға алынған. Демалушылар атпен, көлікпен қыдырып, таңғажайып табиғатпен таныса алады. Қорықты жаяу аралап көруге өтініш білдіретін туристер де аз емес. Саяхатшыларға арнайы гидтер, нұсқаушылар қызмет көрсетеді. Туристер ең алдымен тауға көтеріліп, табиғатты тамашалай алады. Одан бөлек табиғи парктің қыр-сырын, тарихын түгел баяндайтын мұражай да бар. Мұражайдың есігі туристерге әрдайым ашық.
Қорық аумағында бүгінгі күні жаяу жүргіншілерге, атқа мініп серуен¬деушілерге, автокөлікпен жүріп тамаша¬лаушыларға арналған, талай шетелдік туристердің табаны тиген Талдыбұлақ, Жетімсай, Байбарақ, Кіші Қайыңды шатқалы – Үлкен Қайыңды асуы, Кіші Қайыңды шатқалы – Үлкен Қайыңды шатқалы, Үлкен Қайыңды шатқалы – Бойдақсай шатқалы – Қыз өлген көлі – Қасқабұлақ шұқыры, Үлкен Қайыңды шатқалы – Үлкен Қайыңды асуы, Ақсу өзені каньоны – Ақсу өзенінің көпірі, Ақсу өзені каньоны – Таяқсалды шатқалы, Көксай шатқалы – Көксай көлі бағыттарындағы 10 туристік соқпақ отандық және шетелдік туристерге сапалы қызмет көрсетіп келеді.
Қорық теңіз деңгейінен 1000 м-ден 4280 м аралығындағы биіктікте Тянь-Шань тауларында орналасқан. Негізгі биік аймақтары өзінің таңқаларлық бейнелерімен жартылай шөлейттер ылғалды жазықтармен алмасып аршалы ормандарына өтеді. Ылғалды даладағы бай жазықтар аршалармен астасып жатқан жіңішке бұталардың өсуіне қолайлы жағдай туғызған. Көздің жауын алатын қатаң қарлы шыңдардың бөктерінде түрлі түсті альпі гүлдері жайқалып өскен. Ақсу-Жабағалы сирек кездесетін, тек осы аймақтарға ғана тән өсімдіктер мен жануарлардың отаны. Табиғи қорық – өте сирек кездесетін, жер бетінен жоғалып бара жатқан жануарларға бай қазына. Бұл маңнан арқарды, тау ешкіні, маралды және елікті, сілеусін мен қар қабыланын, қасқыр мен түлкіні, Тянь-Шань қоңыр аюы мен тағыланды (жайран) таба аласыз. Сарышұнақтарды да ұшыратуға болады. Қорық аумағында құстың – 267, сүтқоректілердің – 52, бауырымен жорғалаушылардың – 11, қос мекенділердің 3 түрі мекендейді. Ақсу-Жабағылы қорығының аумағында, тақтатас шөгінділерінен юра дәуірінде өмір сүрген кесірткелердің, жәндіктердің, балықтар мен өсімдіктердің сүйек қалдықтарын көруге болады.
Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы өсімдіктер дүниесіне де бай. Оның аумағында мүктің – 63, қынаның – 63, балдырдың – 64, саңырауқұлақтың – 235, жоғары сатыдағы өсімдіктердің 1 312 түрі өседі, соның ішінде бұтаның 62 түрі, ағаштың 17 түрі кездеседі. Қорықтың тағы бір асыл қазынасы кәдімгі жабайы алманы ғалымдар бүгінгі жеміс алмасының түп атасы екенін дәлелдеп шыққан. Бұл – бүкіл Қазақстанның өсімдік құрамының төрттен бірі. Бүгінгі таңда оның аумағы 132 мың гектарға жетті.
Құстар әлемі өте бай. Жоғары аспанда мұртты грифтер, грифондар, жыланбүркіт пен алтын қырандар қалықтайды. Тасты жартастардың арасынан тау кекіліктерінің ұяларын, қар арасынан тылсым қар әтештерін кездестіресіз. Жапырақты орман көлеңкесінде от жалыны тәріздес шыбын ұстағыш қараңдайды. Тоқылдақтың ысқырған дауысы сыбызғының әнін еске салады. Күн сәулесі ойнаған жазық далаларында көбелектер ойнайды, арасынан сирек кездесетін Аполло көбелектерін де көруге болады. Ақсу – Жабағылы қорығы – табиғаттың нағыз ғылыми лабораториясы, онда ғылыми-зерттеу жұмыстары үзбей жүргізіледі.
Қорықтағы ең биік тау шыңы – Сайрам шыңы, биіктігі – 4254 метр. Бұл таудың аты «Ақтүйе өлген» деп аталып кеткен. Өйткені, таудың көрінісі жансыз жатқан түйеге ұқсайды. Қорықтың орталығында биік, мұзды Бұғылытұр шыңы көкке найзадай шаншылып тұр. Бұғылы деп аталуы бұл тауда бұғылар мекендейді. Қорықтың негізгі өзендері – Ақсу және Жабағылы. Ақсу – ең ұзын өзен. Ол 120 шақырымға дейін созылып жатыр. Көктемгі мамыр айында Ақсудың суы көгілдір түсті болып ақса, жазда, өзен тасыған кезде оның түсі сүтке ұқсас болады. Сондықтан бұл өзеннің аты да соған байланысты қойылған. Кіші Ақсу мен Үлкен Ақсу қосылған жерде тамаша айбынды терең тік аңғарлар – құз-шатқалдар кездеседі. Жалпы қорық аумағында қар ерімейтін биік таулы аймақта орналасқан 27 көл бар.
Ақсу-Жабағылы Қазақстанның ең көне қорығы, сонымен қатар Орталық Азиядағы ЮНЕСКО биосфера қорығы дәрежесін алған ең алғашқы қорық. Бұл мәртебе қорықтың тұмса табиғатын, өсімдіктер мен жануарлар әлемін сақтауға және еліміздің туристік әлеуетінің нығаюына септігін тигізіп келеді. Бірегей қорыққа жылына орта есеппен 1,5 мыңдай саяхатшы келеді.