Біркөлік шатқалдары құпияға толы

Oinet.kz 24-09-2024 553

 image.png

Төле би ауданында туризмге қолайлы аймақтар көп.  Туристер арасында  ең танылғаны Біркөлік шатқалы.   Біркөлік шатқалы –  Шымкент қаласы¬нан 50 шақырым жерде, теңіз дең¬гейінен 1100 метр биіктікте Тянь-Шань тау сілемдерінде орналасқан. Мұнда жаңғақ тоғайы, өрік және алма бақтары бар. Қарағай, Тянь-Шань шыршалары, емен, шынар, зерек, талшын ағаштары, итмұрын және т.б. дәрілік шөптер өседі. Шатқал бойынан, тасты жырақтардан, тау бұлақ¬та¬рынан басталған Біркөлік өзені ағып жатыр. Оның таза, мөлдір, салқын суы шатқалдың жасыл алқабын суландырып, ауаны аэроиондап, айналаға салқын жел алып келеді. Таудың жасыл желегі ауаға бакте¬ростатикалық әсер етіп, фитонцидтермен тазартады. Жалпы, жергілікті ауа дем алу органдарына, жүрек-тамыр жүйелеріне әсер етіп, орталық жүйке жүйесін сергітеді.

image.png

Біркөлік шатқалы екі аңғардан тұрады – «сулы» және «құрғақ».

«Сулы» аңғарда Біркөлік өзені ағады және дәл осы жер демалушылар арасында кеңінен танымал. Аңғарда жарға өрмелеу жарыстары өткізілетін «Айлы алаң» бар. Сондай-ақ, аңғардан құздарына ұя салған құстарды, жылғалар мен бес метрлік сарқырамасы бар шатқалдарды да көре аласыз.

«Құрғақ» аңғарда су жоқ, сондықтан оны көп адам біле бермейді. Онда жартастар және кеуіп кеткен жылғалардың тастары көп болғандықтан, жүруге қолайсыз, әсіресе, ыстық күндерде, күн қақ төбеден түсіп тұрғанда қиындықтар тудырады. Сондықтан, бұл жерге келгенде өзіңмен бірге суды көп мөлшерде әкелген жөн.

Бұл өңірде қыста орташа температура - 4°С, көктемде +18ºС, жазда +22ºС, күзде +13ºС құрайды. Шатқал аумағында жаңғақ, алма және өрік бақтары өсірілуі кең етек алған. Кеңес одағы кезеңінде бұл маңда Қазақ ССР бойынша жалғыз Валентина Терешкова атындағы туристік лагері жұмыс жасаған. Лагер атауы «Лунная поляна» болған және лагер төңірегінде өрмелеуден бәсекелер ұйымдастырылып бұл дәстүр қазіргі таңдада өз жалғасын табуда.

image.png

Бір аңыздарда шатқалдың атауы өзінің аумағына, нақ¬тырақ айтсақ, көлеміне байланысты бір ғана көлік сиятын болғандықтан «Біркөлік» деп аталған деседі. Біркөлік тек табиғатымен ғана емес тарихи-мәдени ерекшелігімен де көпшілікке жақсы таныс.

Мәселен, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің экспедициясы 1970 жылдары ауыл-аймақтарды археологиялық зерттеулері кезінде Біркөлік шатқалынан 2 қорым тапқан болатын. Қорымдар классикалық сұлба бойымен (шығыстан батысқа қарай) орналасқан 30 обадан тұрады. Бұл қорымдар ғалымдардың зерттеуінше қаңлы қағанатының кезеңіне тиесілі. Демек, Біркөлікті тек табиғи демалыс орны деп қана емес, тарихи-мәдени жәдігерімізді қойнауында алып жатқан орын деп те құрметтеуге болар.

image.png

Біз сөз етіп отырған Біркөлік шатқалы кез келген саяхатшыны бейжай қалдыра қоймасы анық. 

Ақсу шатқалы – оңтүстіктің жауһары
Ұлыжұрт атанған шатқал
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу