Саумал - Диханкөлдің бренді
Жалпы тұрғындардың 80 пайыздан астамы қымыз өндірісімен айналысатын Төлеби ауданындағы Диханкөл ауылының азаматтары үй іргесінен саумалмен сауықтыру орталықтарын көптеп ашып жатыр. Күн сайын жергілікті тұрғындар бірнеше мың тоннаға дейін қымыз сатады. Бүгінде халық табиғи өнімдермен емделуге ден қоюда. Міне осы жағдайды пайдалы бағытқа бұрған аудан әкімдігі сауықтыру туризміне үлкен көңіл бөлуде.
Диханкөл ауылы – Өгемтау, Қаржантау, Қазығұрт таулары баурайында орналасқан. Ол көз тоймас табиғатымен кез келген жанды баурайтын көрікті мекен. Сондықтан мұнда табиғат аясында демалушылар өте көп. Олар тамаша тау баурайын көруге ғана асықпайды сонымен қатар бұл ауылға келгендер брендке айналған ауылдың атақты «Диханкөлдің қымызынан» дәм татуға асығады. Қырық түрлі дертке ем тіл үйірер қымызды қазір өзге елдерден арнайы іздеп келіп ішетіндер көп. Округ халқының киікотымен ыстап, дайындаған бал татыған қымызына деген сұраныс артып, оны тұтынушылар саны күн санап көбейіп келеді. Ауыл халқы қымызды тек пайдаланушыларға жеткізіп қана қоймай, бүгінде пайдасы мол сусынды негізгі рационға ала отырып, емдеу мақсатында сауықтыру орталығын іске қосуда.
Қымыз өндіруді күнкөрістің қамы емес атакәсіп деп түсінетіндердің бірі - Аймахан Төлтебаев. Диханкөл қымызының елге танылуына септігін тигізген де осы жан. Ол колхозда малшы болып жұмыс атқарған уақытында 100 жылқы бағып, бір жылда 100 жылқыдан 100 құлын алған екен. 30 биені үйінде сауып, «Біркөлік» демалыс орнын, май шығаратын зауытты және Шымкент қаласының көптеген жерлерін Диқанкөл қымызымен қамтып отырған. Бүгінде ауыл тұрғындарының басым бөлігі қымыз шаруашылығымен айналысады яғни ауылдағы 300-ден астам отбасын асырап отырған берекелі кәсіп. Бұл – бертінде қолға алынған күнкөріс қамы емес, жылдар бойы жалғасып келе жатқан атакәсіп. Ал Диқанкөл қымызының құпиясын баптауы мен шөптің шүйгінділігімен байланыстырушылар көп. Ауыл тұрғындарының айтуынша, қымызшылар күбіні ыстық сумен тазалап жуып, киікотымен ыстайды. Ол үшін шөпті тұтатып, күбінің ішіне түтін толтырады. Түтін ыдыстың аузынан сыртқа шыққанда жаңа сауылған сүтті құйып, бетін жауып қойса, киікотының хош иісі сүтке сіңеді. Бірақ шамадан тыс ысталған күбіде дайындалса, дәмі қышқыл болып кетуі де мүмкін. Ауылдықтар қымыз сапалы болуы үшін түнде ұйқыдан тұрып, күбі пісуді де ұмытпайды. Жаңа сауылған бие сүті асқазан, бауыр ауруларына таптырмайтын ем.