Саумал сауықтырады
Елімізде саумал терапиясын қарқынды дамытуға үлес қосып келе жатқан төлебилік кәсіпкер – Нұрболат Әбілдаев. Қоғалы ауылдық округі Диханкөл елді мекенінде жеке кәсіпкер 23 адамға арналған емдеу-сауықтыру орталығын іске қосқан. Саумалмен емделушілер еліміздің Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Қызылорда, Түркістан облыстарынан арнайы келіп, орталықта тынығып, ем алуда. Демалушыларға емдік өнімді әзірлеу үшін 5 бие сауылады. Қымызбен емдеудің бір курсы он күнді құраса, әрбір адам күніне бір литр саумал ішуі тиіс екен. Саумал – жаңа сауылған бие сүті. Одан қымыз ашытылады. Кейде суытып, қымыздың қорына қосылған сүтін «саумал» деп те атайды. Қымыз ішіп, дертіне дауа тапқандар орталықта үш мезгіл тамақ, 4 мезгіл саумал ішіп, тынығуда. Сауықтыру орталығында 10 бөлме бар, ауласына абаттандыру жұмыстары жүргізілген.
Шымкент қаласынан 47 км қашықтықта орналасқан орталық 2021 жылы ашылған. Төрт жылдан бері бұл мекен еліміздің түкпір-түкпірінен келетін демалушылардың сүйікті орнына айналған. Бағасы да халыққа қолжетімді.
Сауықтыру орталығында бал татитын қымыз, тандыр нанмен бірге таза ауада сергіп бой жазып көңіл көтеруге болады.