Шетелдік туристерді қызықтырған ауыл
Диханкөлге шетелдіктердің де аңсары ауып, ауыл аудандағы экотуризм орталығына айнала бастағандай. Туристерді қабылдайтын орын ретінде арнайы сертификат алғандар да аз емес. Ауыл тұрғындары Дания, Голландия, Польша, Англия сияқты алыс елдерден келген қонақтар қымыз жайында көптеген мәліметтер алғанын, оларға бие сауу, күтім жасау мен қымыздың қалай дайындалатыны көрсетілгенін де мақтанышпен айтуда. Шетелдіктер арасында саумалмен сусындаумен қатар тауға жаяу шығып, табиғатты тамашалауды, жылқыға мініп серуендеуді ұнататындар да аз емес екен. Яғни Диқанкөлге барған әрбір адам қазақ үшін жылқыдан артық мал, қымыздан артық сусын жоқ екенін түйсініп, таулы ауданның керемет табиғатына сүйсініп қайтады.
Шетелдік туристерді тау мен тас қана емес қазақтыі дәстүрі қызықтыратыны анық. Осы ретте қымыз өндірудің шебері диханкөлдіктер әлі күнге дейін қымызмұрындық дәстүрін ұстанып келеді. Ертеде жер аяғы кеңіп, бие құлындап, желіге байланған тұста көптен көріспеген ағайын-туған сағынысып, бірін-бірі осы қымызмұрындыққа шақырысып, мәре-сәре болған. Бұл мерекеде өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып қана қоймай, жігіттер білек күшін сынасып, кір тасын көтеріп, арқан тартысып, қазақ күресінен, тоғызқұмалақ, асық ойындары секілді ұлттық ойындардан сынға түскен. Еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін әр ауылдан жеткізілген сары қымыздың дәмін татып, бағасын берген. Міне осындай керемет дәстүрімізді ауылдықтар келген қонақтарға қымыздың түр-түрі ұсыну арқылы танытынп отыр. Оларға тіпті «Уыз» қымыз, «Бас» қымыз, «Жуас» қымыз сынды түрлерінің дайындалу, жасалу жолдары таныстырылады. Бірі табаға нан жауып, бірі күбі пісіп, бірі бие сауып жатса, тағы бір келіндер самауырға шай қойып, қазан көтеріп жатады. Бұл туристер үшін ғана емес, ұрпақ жалғастығы, салт-дәстүрді насихаттау бағытында жас ұрпаққа тиімді жеткізуге де септігін тигізеді.