Сейтжамал Пәкеев: «Жұмысқа кіргізем деп алдап пара алушылар азаймай тұр»

Oinet.kz 25-07-2019 1338

Screenshot_5.jpg

Сейтжамал Пәкеев,ОҚО Денсаулық сақтау басқармасының басшысы
Оңтүстік Қазақстан облысында өлім-жітім азайған. Бұл туралы Аймақтық коммуникациялар орталығында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сейтжамал Пакеев мәлімдеді. Оның айтуынша, республикадағы көрсеткіш 7,5 пайыз болса, облыста – 5,3. Ал халықтың табиғи өсімі соңғы бес жылда 6 пайызға артқан – 2 млн. 788 мыңнан асты.
«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты соңғы жылдары облыстық денсаулық сақтау басқармасы мақсатты индикаторларға қол жеткізді:облыс тұрғындарының өмір сүру жасының ұзақтығы 71-ге жетті. Еліміздің әрбір бесінші тұрғыны дүниеге келетін өңірде жыл сайын 75 мыңнан аса сәби шыр етіп өмір есігін ашатын. Былтыр 78989-ке жетіпті, демографиялық өсім бар.
Ана мен бала ұйымдарында тиімді перинаталдық технологияларды, бала жастағы ауруларды ықпалдастыра емдеу стандарттарын ендірудің, облыстық балалар ауруханасы базасында мамандандырылған қызметті ұйымдастырудың нәтижесінде нәрестелердің өлім-жітімі 1,5 есеге, аналардың өлім-жітімі  1,7 есеге төмендеген. Әлеуметтік  аурулар мен түберкулезден болатын  өлім-жітімдер де азайған. Еліміздегі қатерлі ісік қаупі ең төмен облыс та Оңтүстік Қазақстан екен.
Облыста 965 медициналық нысан бар. Оның 310-ы соңғы бес жылда жаңадан салынып, ел игілігіне берілген. 2015 жылы облыстық денсаулық сақтау басқармасының бюджеті 93 миллиардтан асып, медициналық құрал жабдықтарды жетілдіруге 1 миллиард 223 миллионнан астам теңге жұмсалған. Нәтижесінде былтыр басқа облыстан Оңтүстікке келіп ем қабылдаушылар 1491-ді құраған. Ал, 5588 науқас квота негізінде ем қабылдауға Астана, Алматы қалаларының медициналық ғылыми орталықтарына жіберілген.
Басқарма басшысы биыл бекітілген «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы мен «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру мақсатында ықпалдастыра басқаруды енгізу, сапалы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және алғашқы деңгейде медициналық көмек көрсету көзделгенін атап өтті.
– Жол-көлік оқиғаларының көптігінен республикадағы өлім-жітімнің жоғары көрсеткіші облыста тіркелген – 19,1 пайыз. Жазатайым оқиғаларда өлім-жітімді мүкіндігінше азайту үшін өз тарапымыздан Ішкі істер органдары, өрт сөндіру қызметі мен төтенже жағдайлар мекемелерімен бірілесе қызметкерлерге алғашқы медициналық көмек көрсету ережелерін, яғни дәрігерге дейінгі жедел жәрдем шараларын оқытып, үйретуді қолға алдық, – дейді басқарма басшысы.
Медициналық көмекті ықпалдастыру ұстанымы негізінде облыста (регионализация) жол картасы жасалған. Онда 6 бағытқа басымдық беріліп отыр: ана мен бала денсаулығын қорғау, жіті инфаркт миокарды, жіті ми қан айналымы, қатерлі ісік, түрлі оқиғалар (жолапаты, улану, т.б.), туберкулез.
2016 жылға облыста денсаулық саласын дамытуға 108 млрд теңге бөлінген. Оның 75 пайызы республикалық,  25 пайызы жергілікті бюджеттен бөлінген. Халықты дәрі-дәрмекпен қамтуға қаралатын қаржы екі есеге, 3,5 миллиардтан 7 миллиард теңгеге дейін ұлғайған.
– Қазынадан қаралған қаржының 60 пайызы аурудың алдын алу жұмыстарына жұмсалады. Яғни басым бөлігі емханаларға бағытталған. Бұрын бүйректегі тасты алу үшін бір ай дайындық жұмыстарын жүргізіп, науқасты дайындайтын болсақ, бүгінде бұл процесс не бәрі бір аптаның ішінде жүзеге асады, – деді Сейітжамал Орынбасарұлы.
Оның айтуынша жыл басында Украина мен Швецариядан балалар кардиохирургтары келіп, бір айлық нәрестелердің жүректеріне оталар жасаған. Бүгінге дейін облыстық жедел жәрдем ауруханасында 59 бүйрек алмастыру отасы сәтті өткен. Оның алдында 4 адамның бауыры ауыстырылыпты.
– Жекеменшік-мемлекеттік әлеуметтік әріптестікті дамыту барысында биыл 44 медициналық жеке меншік мекемеге тапсырыс бердік. Жалпы облыста  мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында 10 жоба жүзеге асырылу жоспарлануда. Олардың қатарында Шымкент қаласындағы облыстық онкологиялық және туберкулезге қарсы диспансер, облыс оталығындағы №9,11 қалалық емханалар, Мақтаралдағы аудандық емхана және басқа да денсаулық сақтау нысандарының құрылысы бар, – деді Сейтжамал Орынбасарұлы.
Басқарма басшысы облыстың денсаулық саласындағы жетістіктермен қатар олқылықтарын да жасырған жоқ.
– Таяуда ғана облыстық прокуратурада өткен кеңесте айтылған 146 заңбұзушылықтың 67-сі медицина саласына қатысты.  Оның басым бөлігі алаяқтық. Жұмысқа кіргізем деп алдап пара алған. Дегенмен олардың барлығы да медицина қызметкерлері деуге келмейді. Менің де жеке қабылдауыма жазылған 58 азаматтың 11-і жұмысқа орналастыруды сұрайды. Алайда, біздің басқарма адамдарды жұмысқа орналастырумен айналыспайды, – дейді Пәкеев.
Облыста дәрігерлер жетіспейтіні де тілге тиек етті. «Дәрігер болуға ұмтылатындар аз. Солай екен деп әрекетсіз отырған жоқпыз. Еліміздегі медицина мамандарын даярлайтын 6 жоғары оқу орнына қажетті кадрларға тапсырыс бердік. Мақсатымыз – қалайда медициналық қызметтің сапасын жүйелі түрде арттыру» дейді басқарма басшысы.

Мұрағаттан, 2016 ж

Тұрсынбек Тұрапбек: «Лесбек Тәшімов екеуміз ұрлыққа баратынбыз»
Нұриддин Паттеев: «Елімізде анимация саласы өте баяу дамып келеді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу