Тұрсынбек Тұрапбек: «Лесбек Тәшімов екеуміз ұрлыққа баратынбыз»
Тұрсынбек Тұрапбек, ақын, журналист:
Арыс өзені бойындағы Мәдени ауылында менің тәп-тәтті балалық шағым өтті. Сол Арыстың бойында мақта теріп, доп қуалап, асық атып, жасырынбақ ойнадық. Балалармен бірге қармақты өзенге лақтырып жіберіп, балық ауладық. Үйдің жанында үлкен арық болатын. Жаз шықса болды, әлгі арықтың бойымен ағып барып, төмендегі диірменнің науасына «шоп» ете қалғанды қызық көрдік. Ал қыста балалардың сүйікті ойыны, әрине, сырғанақ тебу. Ол кездері қыс аязды, қары қалың болатын. Шана, коньки тебудің «көкесін» көрсеттік қой. Ауыл маңындағы Ханқорған деген тарихи орынға жиі баратынбыз. Ондағы жәдігерлерді көріп, тарихқа, антропологияға деген қызығушылық оянды. Сыныптастармен бірге сол маңда өзімізше зерттеулер жүргізіп, қазба жұмыстарын да жүргізгеніміз есімде.
Әкем ауылдағы поштаның бастығы болған. Сондықтан болар, үйде әдеби кітап, газет-журналдар көп болатын. Әдебиет, поэзияға деген құмарлық сол журнал, кітаптарды оқудан басталған.
Ауылдың бозбалалары мен бойжеткендері үшін ең қызықты орын - кішкентай ғана клуб. Алғашқы бала махаббат би кештерінен кейін қыздарды үйіне шығарып салудан басталды ғой. Алғашқы жыр-өлеңдер де сол сұлу аруларға арналды.
Артқа қайырылмай кеткен балалыққа деген сағыныштан жүректен «Балалық шаққа саяхат» деген өлең туындады. Оны бала күнімнен тай-құлындай тебісіп өскен досым, Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Лесбек Тәшімовқа арнаған болатынмын. Екеуміз бас қосқанда оқып, алаңсыз өткен балалығымызға қайта оралғандай болатын сол өлең мынау:
Бір аулада өткіздік,
Бала шақтың сауығын.
Бірге ұрлап жеп едік,
Екі үйдің қауынын.
Фермада да бір бақтық.
Әбдеш көке тауығын.
Тұқым іздеп жүруші ек,
Шарлап төбе бауырын.
Қазақ арық суына,
Шомылуға тоймадық.
Топырақ пен құмына,
Аунап талай ойнадық.
Естай ата диірменін,
Жағалауды қоймадық.
Ағып келіп арықтан,
Науасына бойладық.
Алаламай біздерді,
Кәмпит беріп мақтаған.
Ақшагүлдей апамды,
Құрметпенен еске алам.
Зәулім тұттың түбінде
Қызық күндер өткіздік
Табақ-табақ тұт теріп,
Көршілерге жеткіздік.
Сұлтан атам ауылдың,
Атанған ғой бағбаны.
Бірінші боп біз жедік,
Өрік пенен алманы.
Алғаш рет киноны,
Көріп едік дуалдан.
Сенің тойың болатын,
Тамашалап қуанған.
Үйге айтпай бір күні,
Қыдырып та кетіппіз.
Жиенбай ата қайда деп,
Арғы ауылға жетіппіз.
Бізді іздеп шарқ ұрып,
Әбігер боп қалыпты.
Тауып алып таңертең,
Әкемізді танытты.
Аңғарында Арыстың,
Сырғанақ та тебуші ек.
Қала берсе тақтайдан,
Шана жасап желуші ек.
«Рейтинг» газеті №13, 7 сәуір 2016 жыл