Мырзакерім Алшынбав: «Ерлер әйелдерге қарағанда 12 жылға қысқа өмір сүреді»

Oinet.kz 25-07-2019 1064


Мырзакерім Алшынбав, медицина ғылымдарының докторы,  профессор, «Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығы» АҚ бас директоры  
Бүгінде ерлер денсаулығы медициналық проблема шеңберінен шығып, мемлекет пен жеке тұлғаның ықпал етуін талап етіп отырған әлеуметтік мәселеге айналды. Ерлер арасындағы түрлі аурулардың белең алуына отандық ақ халаттылар да бей-жай қарап отырған жоқ. Шымкент қаласына арнайы келген алматылық дәрігерлер ерлер денсаулығы жайында шеберлік сыныптарын өткізді.
Білікті дәрігерлердің күнгейге жасаған іссапарының негізгі мақсаты республикадағы ер азаматтардың денсаулығының қазіргі жағдайын баяндау, урологиялық ауруларды ерте кезеңде алдын алу және халықтың өз денсаулығына қатысты мәдениетін  көтеру қажеттілігі болып табылады. Облыстық клиникалық ауруханада өткен  шеберлік сыныбы барысында  еліміздің  бас урологы, медицина ғылымдарының докторы,  профессор, «Жарбосынов атындағы Урология ғылыми орталығы» АҚ бас директоры М. Алшынбав, Қазақстанның Профилактикалық медицина академиясының академигі М.Зельцер,  Кардиология және ішкі аурлар Ғылыми зерттеу институтының  директоры, профессор С.Беркінбаев,  Салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері жөніндегі ұлттық орталық директоры, Ж.Баттақова баяндама жасады.
Сондай-ақ Алматы қаласынан келген атақты дәрігерлер жергілікті мамандармен бірігіп жағдайы ауыр жеті науқасқа жаңа технологияның көмегімен ота жасады.  Мәселен, бүйрегінде тасы бар науқасқа мамандар перкутандық ота жасады. Яғни, науқастың бүйрек тұсынан түтікше енгізіледі, кейіннен тасты үгітеді.  Үгітілген тастар әлгі түтікше арқылы сыртқа шығарылады. Мұндай ота бұрын ашық немесе лапроскопиялық әдіспен атқарылып келген.
«Өкінішке қарай, ел аумағындағы ерлер орташа есеппен әйелдерге қарағанда 12 жылға қысқа өмір сүреді. Бұл көбінесе, сырқат ер азаматтардың медицина көмегіне өте кеш жүгінетінінің салдары екенін айтқан жөн. Яғни, заманауи диагностика арқылы ауруын анықтап, өмір сапасын жақсартуға еркектердің өзі құлықсыз, ер азаматтар ауруларын әбден асқындырып, соңғы сатысына жеткенше жүре береді»,- дейді еліміздің бас урологы М. Алшынбаев.  
Ерлер әйелдерге қарағанда дәрігерлерге үш есе сирек қаралатыны рас.  Статистикалық  мәліметтері бойынша ерлердің өмір сүру ұзақтығы әйелдерге қарағанда 10 пайызға төмен. 75 жасқа жеткен уақытта ерлердің арасындағы қатерлі ісік нәтижесіндегі өлім-жітім көрсеткіші әйелдермен салыстырғанда 2 есе жоғары екен. Сондай-ақ  жаңа туған ұл балалар арасындағы өлім-жітім нәресте қыз балаларға қарағанда 3 есе жоғары. Және де  жыл сайын бүкіл әлем бойынша 25 мыңнан аса ер адам өзіне қол жұмсайды. Соңғы 5 жылда еркек безі обырының нәтижесіндегі өлім-жітім көрсеткіші сүт безі обырының нәтижесіндегі өлім-жітім көрсеткішімен салыстырғанда екі есеге артқан.
Білгенімен бөліскен дәрігерлер қазіргі таңда ерлер арасында простатит, жыныс безінің зарарсыз гиперплазиясы, эректильдік дисфункцияға жүрек-қан тамырлар жүйесінің аурулары көп кездеседі дейді. Өкінішке қарай, отбасын құрған әрбір бесінші ер азамат белсіздікке ұшырайды екен.
Танымал профессорлар облыстық клиникалық  аурухана мамандарының біліктілігіне  ризашылықтарын білдірді. «Шынымды айтсам науқастарға отаны рахаттанып жасадым. Жергілікті дәрігерлердің біліктілігі, білімділігі  сондай-ақ тиянақтылығын ота барысында байқадым. Соның арқасында операциялар сәтті жасалды»,- дейді Мырзакерім Алшынбаев.
Осы орайда Шымкентте Республикада алғаш рет ерлердің денсаулығына арналған орталық ашылғанын айта кетейік.  Мұндай орталықтың алғаш болып Оңтүстікте бастау алуы халық санының көптігі және тығыз орналасуымен байланысты. Мұнда тұрғындарға урологтан басқа  кардиолог, эндокринолог, балалар дәрігері, тері-венеролог секілді мамандар қызмет көрсетеді.
Арнайы баспасөз конференциясын өткізген   ақ халаттылар ерлерге салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтануға кеңес берді. Жиын барысында олбыстық клиниканың бас дәрігері, таяуда академик атағын алған  Мұқан Егізбаев өңіріміздің азаматтарына  9 сәуір күні ерлер денсаулығына арналған орталықта «ашық есік» күні өтетінін  құлағдар етті. Онда мамандар тегін кеңес береді. Сондай-ақ, науқастар ИФА анализдері мен еркектік гармонның көрсеткіштерін біле алады.
«Рейтинг» газеті №13, 7 сәуір 2016 жыл

Дос Көшім: «Екіжүзділік қоғамның соңғы жылдардағы сүйікті ойынына айналды»
Тұрсынбек Тұрапбек: «Лесбек Тәшімов екеуміз ұрлыққа баратынбыз»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу