Дос Көшім: «Екіжүзділік қоғамның соңғы жылдардағы сүйікті ойынына айналды»

Oinet.kz 25-06-2019 1277

Screenshot_9.jpg

Сайлау өтті. Сарапшылар талдауда. Депутаттар іске кірісті. Сайлаушы үшін ол күн ұмытыла бастады. Кемі де, кетігі де жоқ бұл сайлаудың нәтижесі енді келесі саяси дода кезінде еске алынары анық. Алайда, «айтылмаса сөз жетім» демекші, біле тұра бүгіп қалғанды қаламайтындар көп. Осы орайда, саясаттанушы Дос Көшіммен сұхбаттасып, кешегі саяси науқанға қатысты пікірлерін білген едік.

- Дос Қалмаханұлы, сайлаудың алдында Сіз «билік партиясы 80 пайыздан кем орын алмайды. Ал қалған 20 пайыз 2-3 партияның еншісіне тиетін болар», деген болжам айтқан едіңіз. Сайлаушылардың басым бөлігі де осындай пікірде, яғни нәтиже бәрімізге алдын ала белгілі болды десек қателеспеспіз. Кешегі сайлауға байланысты қандай ой түйдіңіз? Жалпы, сайлаушылардың саяси көзқарасы қалай? Қарапайым халықтың сайлауға деген оң көзқарасын қалыптастыру үшін не істеу қажет? Қазіргі сайлаушыны қалай сипаттар едіңіз?

- Кейде халықтың да, биліктің де «іштей білетін өтірігі» болады екен. Меніңше, Қазақ еліндегі сайлау осыған ұқсайды. Бәріміз бірімізді біріміз алдаған сияқтымыз, бірақ оның алдау екендігін жақсы түсінеміз. Билік, демократиялық елдің сипатын көрсету үшін сайлау өткізеді, ал біздер, оның жасанды екенін біле отыра, «саяси партияларға» дауыс береміз, ал бюджеттен қаржыландырылып отырған бұқаралық ақпарат құралдары осы бір тарихи оқиғаны жан-жақты «талдайды, саралайды». Әрине, бәріміз іштей жымыйып қоямыз. Бұл екіжүзділік біздің қоғамның соңғы жылдардағы сүйікті ойынына айналды. Қазіргі сайлаушы – «маған бәрібір» деген ұстанымдағы жан. Билікке де осындай электорат керек. Қысқасы, мен үшін «кешегі сайлау» да, оның алдындағы «сайлау» да, олардың алдындағы «сайлаулардың» да барлығы бірдей. 

- Саяси партиялардың келесі сайлауға дейінгі белсенділігі қандай деңгейде болады деп ойлайсыз? Жаңа сайланған Мәжіліс қоғам өміріне өзгеріс енгізе алады ма? 

- Қазіргі «белсенділік» қандай деңгейде болса, сондай деңгейде қалады. Парламентке өтпеген, тек сайлау үшін жасақталаған «партиялар» қалың ұйқыға кетеді де, Парламентке өткен партиялар анда-санда үндерін шығарып қойып, «демократияның декорациясы» қызметін жалғастыра береді. 

- Сіз бір сұхбатыңызда ұлтшыл саясаткерлер және оларды қолдайтын рухы жоғары, намысы оянған жастардың шығатынына сенімді екеніңізді білдірген едіңіз. Үміт ақталды ма немесе әлі де уақыт керек пе?

- Ұлтшыл саясаткерлер саусақпен санарлық болар, бірақ жастардың көздері ашылып, намыстары оянып келе жатқаны айдан анық. Қазақтың қордаланып қалған өзекті мәселелерін шешетін де солар болатыны талассыз шындық. Менің тілегім – сол мәселелердің айқай-шусыз, саналы тәсілдермен шешілуі. 

- Сайлау өтті, Парламент Үкіметті орнында қалдырды. Өзгерісті күткендер де көп еді. Жалпы, билікте, басқару орындарында ұлттық сана-сезімі берік кадрлар бар ма? 

- Қазақтың бәрі – ұлтшыл. Әрине, сан жылдар бойы жүргізілген орыстандыру саясатының қазақ ұлтының менталитетіне үлкен өзгеріс әкеліп, ұлтсыздық психологиясын қалыптастырғаны да рас. Өкінішке қарай, басқа ұлттың «ана сүтін» ішкендердің басым көпшілігі зиялы қауым мен мемлекеттік қызметкерлер болып шықты. Олар сырттары жылтырап, қазақ халқының болашағы туралы жақсы-ақ сөйлейді, бірақ балаларын орыс мектебіне беріп, өздері де орысша сөйлеуден танбай келеді. Билікте де, басқару орындарында да ұлттық сана-сезімі мол адамдар бар, алайда оларды қарапайым тіршілік,  қарынның тоюы мен «бір күндік қызық» билеп алған. Мен оларға тек аяушылықпен қараймын.

- Қоғамдағы өзекті мәселелер, батыл пікірлер көбіне «ас үйде» айтылатыны жасырын емес. Яғни, қоғамда әлдебір үрей бар секілді, пікірді жалтақтамай ашық айтуға шорқақпыз. Қалай ойлайсыз, құлдық сананың әсерінен әлі арыла алмай келеміз бе, әлде басқа себептер бар ма? 

- Біздер «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген халықпыз. Конституциямызда да сан түрлі пікірлер еркін айтылатын ел екендігіміз ашық жазылған. Бірақ бүгінгі кедейшілік біздің аузымызда аштырмайтын сияқты. Мың жерден әділ болсын, бастығыңа жақпайтын сөз айтсаң, ертең жеп отырған наныңнан айрыласың. Оған Президент те, жоғары билік те кінәлі емес, бірге жұмыс істеп жүрген бастығыңның мемлекетті, билікті қорғаған түрі, түсінік деңгейі осы ғана... Басқа елдердегі құлдық сана бес жылдың ішінде жоғалса, біздегі құлдық психология жаңғырып келе жатқан сияқты. Меніңше, бұл – қорқыныш қана емес, бейжайлық, «сен тимесең мен тимен бадырақ көз» сияқты бұқпа мінез, көрпенің астынан күңкілдеу.

- Тіл мәселесі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бері көтеріліп келеді. Бүгінгі заңға өзгерістер енгізілуі қажеттелігі де айтылуда. Мемлекеттік тілге байланысты заңға қандай өзгеріс ұсынар едіңіз? Біздің ұлттық идеологиямыз қалыптасқан жоқ, неге?

- Кез келген ұлттың ұлттық идеологиясы – ұлтшылдық. Ұлтын сүймеген елде ұлттық идеология да болмайды. Бірақ ұлтшылдықты та, ұлттық идеологияны да біздің жерімізде тұратын, қазақ елінің азаматтары болып табылатын басқа ұлт өкілдеріне қарсылық деп түсінбеуіміз керек. Ал мемлекеттік тілге келетін болсақ, тілге байланысты заңды жаңартатын уақыт әлдеқашан келді. Латвия мемлекеті осы уақытқа дейін заңдарын үш рет жаңартты, ал біз әлі де 1989 жылдағы, Кеңес өкіметі кезіндегі қос тілділікке негізделген заңмен отырмыз. (Оның да ең қажетті баптары жұмыс істемейді...). Осыдан төрт-бес жыл бұрын бір топ ұлтшыл ұйымдардың өкілдері жиналып «Мемлекеттік тіл туралы» заң жобасын дайындаған болатынбыз. Менің ұсыныстарымның барлығы дерлік сол жерде заң баптары ретінде берілген. 

- Жергілікті жерлерде әкімдіктер жанынан құрылған қоғамдық кеңестер жөнінде пікіріңіз қандай? «Ұлт тағдыры» қоғамдық  ұйымының бүгінгі тағдырына қысқаша тоқтала кетсеңіз?

- Қоғамдық кеңестер туралы оң пікірдемін. Бұл да тоталитарлық жүйеден демократияға көшу кезеңіндегі азаматтық қоғамды биліктің жұмысына араластыруға бағытталған құрылымдардың бірі. Бірақ Кеңеске кіретін адамдарды сол министрліктің не әкімдіктердің өздері таңдаса – бұл құрылым ешқандай нәтиже бермейді, тағы да демократияның декорациясы болып қалады.

Осыдан екі жарым жыл бұрын «Ұлттық Кеңес» құрылған болатын. Кеңес құрылған соң, «бір тойда екі жар жоқ» деп біздер жұмысымызды уақытша тоқтаттық. Өкінішке қарай, қазақ мәселесін бір орталықтан үйлестіре отырып жүргізуді міндетіне алған Ұлттық Кеңестің де белсенділігін көре алмай отырмыз. 

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Еркін ДОСЫМБАЙ.

Мұрағаттан, 2016 ж

Мұхтар Шерім: «Өтірік мүләйімсіп жазғанды жек көремін»
Мырзакерім Алшынбав: «Ерлер әйелдерге қарағанда 12 жылға қысқа өмір сүреді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу