Нұриддин Паттеев: «Елімізде анимация саласы өте баяу дамып келеді»

Oinet.kz 25-07-2019 1126

Screenshot_6.jpg

Нұриддин ПАТТЕЕВ, «Сақ» киностудиясының директоры
Анимация саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастыру арқылы да бала тәрбиесіне, ел мәдениетіне айтулы үлес қосып келе жатқан «Сақ» киностудиясы көрермен қауымға тағы бір жаңа туынды ұсынып отыр. «Қазақ елі» анимациялық фильмі 19 мамырда көрермендерге жол тартпақ. Биыл жұмыс істей бастағанына 15 жыл толатын киностудияның директоры Нүриддин Паттеевке жолығып, сұхбаттасқан едік.
- Бала тәрбиесінде анимацияның рөлі ерекше. Сондықтан дамыған елдерде бұл салаға қыруар қаржы бөледі. Бірі өз елінің салт-дәстүрлерін, өзара қарым-қатынас этикасын, адамның ортада өзін ұстау мәдениетін мультфильм арқылы үйретуді мақсат етсе, енді бірі белгілі бір пәнді оқытуда қолданады. Мультфильм арқылы саяси идеологияларды балаларының бойына сіңіруді көздейтін елдер де бар. Осы орайда, «Сақ» киностудиясы анимациялық фильмдер шығаруда қандай мақсат ұстанып отыр?
- «Сақ» киностудиясының жұмыс істей бастағанына биыл 21 қазанда 15 жыл толады. Осы 15 жылда 50-ден астам анимациялық фильмдер жасадық. Одан бөлек 400-500 минуттық анимациялық роликтер дайындадық. Бірнеше клиптер, бірнеше толықметражды сериялық фильмдер түсірдік. 25 сериялы «Томпақ» атты телехикаямыз тағы бар. Негізі студияны ашқандағы біздің мақсатымыз – жас ұрпақты отансүйгіштікке, елін, жерін сүйген ұлтжандылыққа, білімділікке тәрбиелеу. Бала тәрбиесі бесіктен, бесік жырынан басталатынын бәріміз білеміз. Алайда, бүгінгі заманның баласын теледидар «тәрбиелеп» жатқаны да жасырын емес. Мысалды алыстан іздемей-ақ, өз басымнан өткен жәйтті айтайын. Менің ұлым 2 жасынан «көк жәшікке» құмар болды, 4 жасында орысша сөйлеп кетті. Отбасымызда ешкім бұл тілде сөйлемейтін. Әрине, қазақ мектебіне барды, бірақ алғашқыда қиналды. Жеке үйге көшкенімізде үш айлық каникулда еді. Үйде тек қазақ тіліндегі анимациялық фильмдерді көрсететін болдық, «Томпақты» толық көрді. Сөйтіп, үш айда қазақ тілінде анық та, мәдениетті сөйлейтін болып шықты. Бұл нені білдіреді? Егер де біз телеарналарды толық қазақ тілінде сөйлетсек, бүгінгідей тіл мәселесі туындамас еді. Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл болғанымен мемлекеттік тіл мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Американдық зерттеушілер теледидар көрермендерінің басым бөлігі балалар мен жасөспірімдер екенін  анықтаған. Сол зерттеушілердің дерегіне қарағанда,  әр бала шамамен өз уақытының 30 пайызын экран алдында өткізеді екен. Осыған орай, зерттеушілер баланың мектепке барғанша 5 мың сағат, мектеп бітіргенге дейін 19 мың сағат теледидар алдында отыратынын есептеп шығарған. Яғни, америка көрермендердің психологиясының қандай екенін, оларға қандай мультфильмдер ұнайтынын біледі. Бізде де осындай зерттеулер жүргізіп, балалардың сұранысына сай жұмыс істеу қажет. «Сақ» киностудиясында жасалатын әрбір туынды кезінде осындай мәселелерді ескереміз. Яғни, балалардың тәрбиесіне әрдайым оң әсер еткіміз келеді.
- «Қазақ елі» анимациялық фильмі көрермен қауымға ұсынылмақ. Балалардың тарихи танымын қалыптастыруда, отансүйгіштікке тәрбиелеуде, ел тарихын білуге ынталандыруда бұл еңбектеріңіздің алар орны ерекше. Дегенмен, тарих қателікті кешіре қоймайтын нәзік сала. Фильм көрерменге ұсынылған соң тарихи оқиғаларға байланысты пікірталас  туындауы да мүмкін. Әрине, көркем туындыда әсіреушіліктер болар, бірақ оқиғаларды, хандарға қатысты деректерді бейнелеуде нақтылықтың болғаны бала тәрбиесі үшін де маңызды. Бұл фильмде нақты деректерден ауытқушылық, жаңсақтық жоқ деп ойлайсыз ба?
- «Қазақ елі»  анимациялық фильмі ең алғашқы толықметражды, 75 минуттық туынды болып отыр. Әлемдік стандартқа сай жасалды. Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша жасалған соң да фильмнің дайындалу үдерісі үнемі министрдің қадағалауында болды. Сценариін де, персонаждарды да министр Арыстанбек Мұхамедиұлы бақылап отырды. Сондай-ақ, тарихшы Жамбыл Артықбаев ағамызбен үнемі ақылдасып тұрдық. Жамбыл ағамыз тарихи тұрғыда кейіпкерлердің сөзін қадағаласа, жазушы Дулат Исабеков сөздердің көркемдік  жағы — сол заманғы қолданыстағы ұғымдардың байланысын жасады. Қателессек, ертеңгі күні «таяқ жейтінімізді» білдік, әрине. Сондықтан, барлық мәселеге аса мән бере қарадық. Мысалы, тарихта Әбілхайыр ханмен Керей мен Жәнібектің қақтығысқа түсетіні туралы дерек бойынша пікір қайшылықтары бар. Біз осы тұсты айналып өттік. Қайта-қайта тарихшылармен ақылдасып, көрсетіп барып жасадық.  Жуырда министр бастап, тарихшылар да көрді. Барлығы жақсы деген баға беріп жатыр. Ешқандай қате жіберген жоқпыз деп ойлаймыз. Жалпы, фильмдегі оқиға желісі Керей мен Жәнібектің бала кездерінен бастап есейіп, ер жетіп, ел басқарып, Қазақ хандығын құрғанға дейінгі аралықты қамтиды. Мақсатымыз балалардың өз тарихын түсінуіне, Керей мен Жәнібектей батырлардың қазақ хандығын қалай құрғанын біліп, соларға еліктеуге, өз елінің патриоты болып өсулеріне жол ашу болды. Оқиғалар көпшілікке жаңа жүйе бойынша ұсынылып отыр. Кейіпкерлердің қимылдары 2D үлгісінде жасалса,  ондағы көріністер мен артқы фондары, қазақ даласындағы әсем табиғат, сол замандағы Жібек Жолы бойында орналасқан Сауран, Отырар, Сығанақ сияқты ірі қалалар, зәулім хан сарайлары 3D әдісі арқылы көрсетіледі. Тарихи шығарма алғашқыда 6 сериялы болып, онда 6 ханды көрсету жоспарланған болатын. Бірақ, кейін хандардың бейнесін торлық ашу мүмкін болмайтындықтан бұл жоспарды өзгерттік. Нәтижесінде ұзақтығы 75 минут болатын мультфильм жасалды.
Балаларға өмірде жақсылықпен қатар жамандықтың да қатар жүретіні АҚ пен ҚАРА күресі арқылы ұғындырылды. Сондай-ақ, Жәнібек пен Керейдің ұстазы болған Қарт батырдың оларға садақ ату, қылыштасу, атпен шабу секілді жауынгерлік өнердің түрлі тәсілдерін үйретуі кеңінен көрсетіледі. Кейін ел басқаруда білімнің де маңызы зор екенін ұстазынан ұғынған Керей мен Жәнібектің Отырар қаласына аттануы, Отырар кітапханасын аралап, ғұлама ұстаздардан түрлі дәрістер алып, елге оралғанда түрлі ерліктерімен көзге түсе бастауы да қамтылған.
- Бұл бағыттағы фильм жасау жалғасын табады ма?
- Ол енді үкімет тапсырысына байланысты. 19 мамырда «Қазақ елі» еліміз бойынша экранға шығады. Ары қарай қандай ұсыныстар боларын уақыт көрсетер.
- Деректерге жүгінсек, АҚШ, Германия, Франция, Жапония, Қытай сынды мемлекеттерде анимациялық фильмдерге мемлекеттік тұрғыда үлкен мән беріледі екен. Ал, солтүстік көршіміз Ресейде балаларға арналған анимациялық фильмдерді идеологиялық құрал ретінде пайдаланып, оған қыруар қаржы бөліп жатыр. Біздің елде қалай? «Қазақ еліне» қанша қаржы жұмсалды?
- Бұл фильм министрлік тапсырысымен жасалған соң, қаржы бөлініп отырды. Ал, негізінде елімізде анимация саласы өте баяу дамып келеді. Өйткені, қаржы аз бөлінеді. «Қазақфильмге» бөлінген қаржыдан жырымдалып, 4-5 мультфильмге ақша беріледі. Былтыр ол да болмай қалды, дағдарысқа байланысты. Биыл да, әзірге, қаржы бөлінген жоқ. Өзіңіз айтқандай дамыған елдерде бұл салаға ерекше мән беріледі. Өйткені, болашақ ұрпақ тәрбиесіне, саналы азаматтың өсіп жетілуіне анимациялық фильмдердің берері мол. Жас кезінен балаларды патриотизмге тәрбиелегіміз келсе, бұл саладан қаржы аямау қажет. Яғни, балалар киностудиясын ашуымыз керек. Кеңес дәуірінде екі балалар киностудиясы жұмыс істеді. Онда отансүйгіштікке тәрбиелейтін қаншама фильм түсірілді. Бізде ауыз толтырып айтарлықтай туынды жоқтың қасы. «Менің атым Қожа», «Алпамыс мектепке барады» фильмдерін ғана атай аламыз. Ал, тәуелсіздік жылдары тек 25 сериялы «Томпақ» фильмі түсірілді. Бұл фильм балаларға ұнап отыр. Оңтүстік өңірін, ел мен жерді Томпаққа түсіндіру арқылы дәріптедік.
- Анимация саласы ауыр еңбекті қажет етеді.  Мысалы, 10 минуттық мультфильм үшін 14400 сурет салыну қажет болады екен. Яғни, еңбекқор да дарынды суретшілер мен аниматорлар қажет. Осы орайда, сіздерде кадр мәселесі қалай шешілуде, суретшілер жеткілікті ме?
- Білікті кадр өте тапшы. Қазір 20 шақты аниматорларымыз бар. «Қазақ елін» жасаған кезде мамандар жетіспей Алматы, Астанадан қолынан іс келетіндердің барлығын шақырдық, көмекке. Алматыда Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, Шымкентте Ә.Қастеев атындағы Оңтүстік Қазақстан өнер және дизайн колледжі бар аниматорлар, суретшілер даярлайтын. Одан басқа облысымыздың өзінде бірнеше оқу орындары суретшілер даярлайды. Алайда, солардың арасынан анимацияға жарайтыны өте аз, әрең табылады. Суретті жақсы салатындарды шақырып, осы жерде 3-4 ай аниматорлыққа оқытамыз.
- Киностудияның алдағы жоспары қандай?
- Өздеріңізге мәлім өткен жылы «Қошқар мен теке» атты анимациялық фильміміз Қытай елінде жоғары бағаланды. Оған сол жердегі қазақ қандастарымыздың «Абай жолы» деп аталатын студиясы қолдау көрсеткен болатын. Сол жолы біз Ұлы Жібек жолымен байланыстыра, әр сериясы 3 минуттан 100 сериялы анимациялық фильм жасау бойынша жобаларымызды ұсындық. Қытай елі қолдап отыр. Алла жазса, іске асатын шығар деп ойлаймыз. Бұл фильм барысында екі елдің достығы, мәдениеті таныстырылады және негізгі кейіпкерлер қошқар мен теке болады деп отырмыз.
Сондай-ақ, қазіргі кино саласында «Жетігеннің сыры» атты жобамыз бар. 14 сериялы. Оңтүстік Қазақстан аумағындағы тарихи орындарды көрсету арқылы туристерді тартуды мақсат етудеміз. Табиғаты әсем, тарихи маңызы зор, тылсым дүниеге толы жерлерді аңыздарды пайдаланып, көрген адам қызығып баратындай етіп жасау да басты мақсатымыз. Және оңтүстікте туризмді дамыту үшін фильмдерді барлық телеарналардан көрсетсек дейміз. Бұл жобаны облыс әкіміне ұсынбақпыз. Қазіргі таңда жобаны облыс басшысының орынбасарларына көрсеттік, бірақ әзірге нәтижесіз.
- Оңтүстік демекші, киностудия өз туындылары арқылы өңірімізді елге, тіпті шетелдерге танымал етіп келеді. Алайда, сол жетістіктің, танымалдылықтың қасында бүгінгі отырған жайларыңыз тіпті көзге қораштау көрінеді...
- Иә, бұл жерді жалға алып отырмыз. Арнайы жабдықталған мекемеміз жоқ. Өзіңіз айтпақшы, Оңтүстіктің мақтанышы болғанымызбен жағдайымызды сұрап жатқан ешкім болмай отыр. Жергілікті билік біздің атымызды атап мақтанғанымен жәрдем беруді ойламайтын да секілді. Негізі киностудияға үлкен де арнайы ғимарат салу қажет. Жасыратыны жоқ, өзге өңірлерден, шетелдерден журналистер іздеп келгенде жерге қараймыз. Жуырда ғана Қытай елінің телеарнасы келіп біздің өңір, Наурыз мерекесі оның ішінде біздің киностудия туралы деректі фильм түсірді. Ұялғанымыздан осы жалдап отырған жайымызды көрсете алмадық. Басқа бір ғимаратқа барып отырып, біздің студия осы деп көрсетуге тура келді. Қазақстандағы №1 студия деген атымыз бар, ертеңгі күні елімізге сөз келмесін дедік.
Сұхбаттасқан Еркін ДОСЫМБАЙ,
Мұрағаттан, 2016 ж

Сейтжамал Пәкеев: «Жұмысқа кіргізем деп алдап пара алушылар азаймай тұр»
Құдайберген Бекіш, әнші: «Бала туып жарытпайды деп әйелімді жақтырған жоқ»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу