Айгүл Қапбарова: «Тәуелсіздік таңында тәй-тәй басқан басылым бұл»

Oinet.kz 21-05-2019 1204

Screenshot_9.jpg

Айгүл Қапбарова, «Шымкент келбетi» – «Панорама Шымкента» газеттерiнiң Директоры – Бас редакторы:

«Шымкент келбетi» – «Панорама Шымкента» жаршысының негiзiн 1990 жылы журналист Мәлiк Аблаев қалады. 1991 жылдан бастап белгілі журналист, жазушы Жұмамұрат Тұяқбаевтың іскерлігі, батыл қадамы арқасында «Шымкент келбетi» – «Панорама Шымкента» газеттерi толыққанды басылым болып шыға бастады. Бұл газет басшылығына жалынды  келуiмен байланысты едi.  

Бүгiн өзiнiң екi мүшел жасы – 25 жылдық мерейтойын атап өтiп отырған басылым жайлы сөз қозғағанда газеттiң әр жылдарғы редакторларын ауызға алмай кетуге болмас. «Шымкент келбетi» газетiн Қайырғали Медет, Анар Бәкiрова, Дәрменбай Шәрiп, Захардин Қыстаубаев, Жеңiс Баһадүр, Балтабек Түйетаев, Жарқынбек Төлтебай басқарды.

Шымкент шаһарының шежiресiн ширек ғасырдан берi жазып келе жатқан егiз басылым желтоқсан айының 4-i күнi өздерiнiң «жiгiт жасын» тойламақ. Осыған орай бiз Айгүл Қапбароваға жолығып, бiрер сауал қойған едiк.

– Айгүл Жарылқасынқызы, жиырма бес жыл – жиырма бес белес. Қазақта «Жиырма бес – жiгiт жасы» деп жатады. Толысқан, толыққан, нағыз дер шағындағы қос басылым алдарына қандай мақсат қойып отыр?

– Елбасымыз Н.Назарбаев нақты көрсеткендей, қос газет те «Бiр мақсат, бiр мүдде, бiр болашақ» жолында мемлекеттiк саясатты, ұлттық құндылықтарды насихаттауды басты мұрат тұтады. Бiз үшiншi мегаполис қала – Шымкенттiң үнiмiз. Үнi болған соң даму жолына түскен кенттiң барлық тыныс-тiршiлiгiн, тұрғындарының арман-мүдделерiн, жылт еткен жағымды жаңалығын оқырмандарға уақтылы жеткiзуiмiз керек. Бүгiнде оқырмандар алуан-алуан ақпараттарға сусап отыр. Екi газет те жұмасына бiр рет шығады. Апталық болған соң бiзге дейiн көптеген жаңалық басқа басылымдарда айтылып қояды. Сондықтан келер жылдан бастап екi газеттi де аптасына екi рет шығаруды жоспарлап отырмыз.

– Қазiр әлемдiк дағдарыс жұртшылықты есеңгiретiп тұр. Естi ел үнемшiлдiкке бет бұрды. Осындай кезеңде аптасына екi рет газет шығару қиын емес пе? Қағаз шығыны, қаражат шығыны бар дегендей...

– Қанша жерден дағдарыс дендегенiмен, бiз рухани жұтаңдыққа ұшырамауымыз керек. Ең үлкен дағдарыс – рухани дағдарыс. Өйткенi, ойлаудан, оқудан қалған адам ешқашан алға ұмтыла алмайды. Биiктерге өрлей алмайды. Рухын жоғалтады. Рухы өлген халық өшедi. «Мың өлiп, мың тiрiлген» халқымыз небiр нәубет жылдарды басынан өткермедi десеңiзшi. Сонау репрессия жылдарында ұлтымыздың ұлы тұлғалары рухтарын жоғалтпады. Рухани сергектiктiң арқасында тiлiмiз де сақталды, өзiмiз де бармыз. Сондықтан тәуелсiздiктiң елең-алаңында тәй-тәй басып көшiн түзеген төл газетiмiздi тәлтiректетпеуiмiз керек. Ойлы оқырман, ақедiл ағалар бар, бұл қиындықтардан да өтермiз. «Тәуекел түбi – желқайық, өтесiң де кетесiң» демей ме мұндайда бабаларымыз. Ең бастысы, болашақта қос басылым қай бағытта шығуы керек, мiне, осыны айқындап алғанымыз жөн.

– Сол бағытты айқындап алдыңыздар ма?

– Әрине. Алға қойған жоспарларымыз бар. Ең әуелi қос газеттiң таралымын 15 мың данаға жеткiзуiмiз керек. Бұл үшiн редакция мен оқырмандар арасындағы байланысты нығайтқанымыз жөн. Ең көкейтестiсi – оқырмандар сұраныстарын қанағаттандыратын материалдар беру. Осы ретте газетiмiздегi «Зиялының сөзi», «Жұмадағы жүздесу», «Ашық алаң», «Сайлаушы сауалы», «Таным» сияқты айдарлар көпшiлiктiң көкейiндегiсiн тап басып жүр деп сенiмдi айта аламыз.

Бүгiнде дiни сауатсыздық жастарымызды адастырып жүр. Түрлi терiс ағымдардың жетегiнде кеткен қаракөздерiмiз көп. Сирияда соғысып жүрген қазақ жастары бар деп естимiз. Сондықтан дiн саласындағы мемлекеттiк саясатты оқырмандарға жан-жақты түсiндiруiмiз керек. Бұл үшiн теолог-мамандардың терең тұжырымды, түсiнiктi түрде жазылған материалдарын көптеп жариялауды мұрат тұттық.

Шымкенттiң Бас жоспарына сай шаһар аумағы ұлғайды. Қала құрамына көптеген елдi мекендер ендi. Сан алуан проблемалары бар. Соларды жөндеу жолдары қандай? Бұл жөнiнде тиiстi мамандар үн қататын болады. Осы тақырыпқа орай «Қала шаруашылығы» атты арнайы қосымша шығарамыз. «Шымқала» арнайы бетiн ұйымдастырып келемiз. Алда «Апта алыбы» деген жаңа айдар ашу ойымызда. Мысалы, осы аптада әйтеуiр бiр маман жақсы қырынан көрiнуi бек мүмкiн ғой. Айталық, полицей аса қауiптi қылмыскердi қолға түсiрдi. Неге оны марапаттап жазбасқа?! Ендi бiр дәрiгер аса ауыр науқасты ажал тырнағынан аман алып қалды делiк. Оны неге дәрiптемеске?

Мiне, осындай тың идеялар бар. Қалғанын өмiр көрсетедi.

– Мерекенi тойлау бөлек те, содан түйiрдей болса да тәрбие алу басқа әңгiме. «Қайран, жиырма бес!» дегiзерлiктей егiз басылымның мерейтойынан жұртшылық қандай ғибрат алады?

– Дұрыс айтасыз. Тойлау түптеп келгенде «әй, бiр жинап қалайын» деген тоғышарлықтан тұрмайды. Жағалай үй тiктiрiп, аста-төк дастарқан жайып, аламан бәйге өткiзгелi отырғанымыз жоқ. Адамдар, мейлi ол мекеме болсын, белгiлi бiр белесте өзiне-өзi немесе ұжымға есеп бередi емес пе. Бiз де жиырма бестiң биiгiнен өткенге бiр қайырыла қарап, оқырмандарымызбен емен-жарқын сыр-сұхбат құрып, кеңескiмiз келдi. Бұл – ас iшiп, аяқ босату емес, кеңесу кешi. Оқырмандарымызды құрметтеу, құрметтей отырып, құрметтi болу жолы. Мiне, осы ойымызды түсiнгендiктен де қала басшысы Ғабидолла Әбдiрахымов, оның орынбасары Қайрат Нұртай бiздi қолдады. Оларға алғыс айтамыз.

Егiз басылымның бүгiнгi қаламы жүйрiк журналистерi Эльмира Бердiғалиева, Светлана Есжанова, Еркiн Досымбай, Раушан Махымова, Сәбит Тастанбек, Әйгерiм Бегiмбет, тағы басқалары журналистиканың ауыр жүгiн арқалап, жауапкершiлiк үдесiнен шығып жүр. Ұжымды да мерейлi тойымен құттықтағым келедi.

– Әңгiмеңiзге рахмет!

Сұхбаттасқан Сабырбек Олжабай, 

Мұрағаттан, 2015 ж

Мұратбек Қыпшақбаев: «Спорттағы арманым 80 пайызға орындалды»
Сәбит Исабеков: «Қазіргі жастар Желтоқсан көтерілісі туралы жартымды ақпарат та білмейді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу