Сәбит Исабеков: «Қазіргі жастар Желтоқсан көтерілісі туралы жартымды ақпарат та білмейді»

Oinet.kz 21-12-2015 1833

Screenshot_15.jpg

Халықтардың түрмесі атанған Кеңес Одағының отаршылдық, озбыр саясатына алғашқы  болып  қақырата соққы берген Желтоқсан көтерілісіне биыл 29 жыл толды.

...Ол 1986 жылы желтоқсанның ызғарлы күндерінде алаңға шығып, солдаттар ұрып-соққан қазақ қызына араша түсті.  Өзі де ауыр соққы алып, ауруханаға жеткізілді.  Осы ауруханада қолына кісен салып әкеткен жендеттер оны сот үкiмiмен 4 жылға соттатып жіберді. Түрмеде көрген азап пен қорлық өз алдына бөлек әңгіме... Кешегі желтоқсаншы Сәбит Исабеков өзiнiң бастан кешкен оқиғалары туралы былай деп еске алады: 

– Әскери борышымды өтеп келгеннен кейін мен оқуға түсу үшін Алматыға барғанмын. Алайда кешігіп қалғандықтан бұл арманым орындалмай, құрылыс саласында еңбек еттім, – дейді Сәбит. – Сол кездегі көптеген қазақтың қыз-жігіттері сияқты жатақханада тұрдым. Орыс мектебін бітіріп, ресми тілде жақсы сөйлей алатыным үшін мені жатақханада коменданттың көмекшісі әрі комсомол ұйымының хатшысы етіп сайлаған.
16 желтоқсан күні құрылыста жүргенімізде жұмысшылар арасында «Қонаевты қызметінен босатып, орнына Колбин деген орысты әкеліпті» деген әңгіме тарады. Жатақханаға келгенімде бұл жаңалық жастар арасында қызу талқыланып жатыр екен. 17 желтоқсан күні кешкісін «Орталық комитеттің шешіміне қазақ жастары наразылық білдіріп, алаңға шығыпты, солдаттар қыздарды шашынан сүйрепті, жігіттерді соққыға жығыпты» деген хабар келді. Осыдан кейін жігіттер өзара ақылдаса келе «қол қусырып отыра беруге болмайды. Алаңға біз де барайық, солдаттардың соққысын жеген қыз-жігіттер өзіміздің қарындастарымыз, бауырларымыз емес пе?» деп шештік. Ертеңіне таңертеңгі сағат алтыда бәріміз алаңға қарай бет алдық. Бізге Жандосов көшесінің бойындағы жатақханалардан шыққан көптеген қазақ жастары қосылды. Олардың қолдарында плакаттар, Лениннің, Маркстың, Абайдың портреттері болды...

...Бейбітшілік көшесімен келе жатқанымызда бір топ солдаттардың қазақтың қызын шашынан сүйрелеп, тепкінің астына алып жатқанына куә болдық. Солдаттардың қолында сойыл. Мен оларға қарсы таяқ алып ұмтылдым. Өзім таяқ жедім, бірақ әлгі қызды жендеттердің қолынан арашалап алдым. Әскерилер бізге қарсы қайтадан тап бергенде біз Фурманов көшесіне қарай қашып, алаңға қарай беттедік.

...Күндізгі сағат 11-лердің шамасы болатын. Бізбен тіресіп тұрған әскерилер «Жоғарыдағыларға талап-тілектеріңді айту үшін араларыңнан делегация жіберіңдер» – деді. «Сәбит, орысша білесің ғой, сен барсаң қайтеді» – деді сол жердегі таныс жігіттер. Осыдан кейін он шақты қыз-жігіттен құрылған делегацияның құрамына мен де кірдім. Әскерилер бізді алаңдағы мінбердің астындағы бункерге қарай алып барды. Сол жерге жақындап қалғанымызда рациямен сөйлесіп тұрған әскерилердің бірі: «Міне, қазір ғана рациядан хабарлады, қазақтың жігіттері балабақшаларға басып кіріп, бүлдіршіндерді ұрып-соғыпты» – деді.

– Есі дұрыс адам ондай ақымақтыққа ешқашан бармайды, – дедік біз.

Бункердің алдында бізді генерал шеніндегі азаматтар күтіп алды. Сол жерде республиканың басшылары да тұр екен. Олар «мына жастармен сөйлесейік, талап-тілектерін тыңдайық», – деп еді, генералдардың бірі «Кімдермен сөйлеспексіңдер, мына бұзақылармен бе?» деді. Ақыр аяғында бізді бері өткізіп, талап-тілегімізді тыңдады. Топтың құрамындағы қыз-жігіттер ашына сөйледі. Бірі :«Қазақстанның басшысы қазақ ұлтынан болсын, басқа ұлттан болса да жергілікті кадрлардан тағайындалсын», – деді. Бірі: «Алматыда бір қазақ мектебі мен бір қазақ балабақшасы ғана бар. Соларды көбейтуге болмай ма?» – деді. Маған кезек келгенде: «жастарды тепкілеп, соққының астына алуды доғарыңыздар, мына қантөгісті тоқтатыңыздар», – дедім.

Басшылар: «барлық мәселені шешеміз. Соны халыққа барып түсіндіріңіздер», – деді. Осыдан кейін біз іштегі айтылған әңгімелерді халыққа жеткізу үшін алаңдағы мінберге қарай бет алдық. Алайда солдаттар бізді онда жібермей қойды. Артынша «Океан» дүкені жағынан солдаттар шабуыл бастады. Дүние әп-сәтте астан-кестең болды. Арт жағымнан келіп қалған дүбірге жалт бұрылып қарағаным сол еді, бетімнен қатты соққы тиді. Шамасы солдаттар мені саперлік күрекпен ұрса керек... Есімді жиғанымда екі курсант сүйреп бара жатыр екен. Онсыз да қансырап жатқан мені бір әскери қызметкер екі рет ұрды, үшінші рет ұрғанында тағы да есімді жоғалттым. Бұдан кейін қылмыскерлерді алып жүретін «автозакпен» әкеле жатқанын білемін.

Мені ішкі істер бөліміндегі кішкентай камераға қамады. Осында қырық шақты азамат отырдық. Бәрі алаңнан жеткізілген, бәрінің бастары жарылған. Бір сағаттан кейін біртіндеп тергеуге алып барды. Сол жерде басымнан алған соққыдан әлсірей бастадым. Жауап алу барысында жағдайымның нашарлап бара жатқанын  дәрігер байқап қалып, «мынаны дереу ауруханаға жіберіңдер, болмаса ертең жауапқа тартыласыңдар», – деді. Милиция осыдан кейін ғана мені ауруханаға алып барды.

Ауруханада өзім сияқты басы жарылғандар өте көп еді. Сыймағандар тіпті дәлізде де жатты. «КГБ»-ның тергеушілері ауруханада да жауап алды. Үстіне былғары қара күртеше киген бір орыс «чекисі» маған Бейбітшілік көшесінде қазақ қызына араша түсіп, солдатқа қарай таяқ ұстап ұмтылған суретімді көрсетті. Дәл осы бір сәтті қалайша суретке түсіріп алғанына таңғалдым. – Қолыңдағы таяғың не, кімді ұрмақ болдың? – деді.
Мен:

– Ешкімді ұрғаным жоқ, қайта жазықсыз азаматшаны қорғадым, – деп жауап бердім.
Тергеуші менің қай әскери бөлімде борышымды өтегенімді, қай жатақханада тұратынымды түгел айтып беріп, «өзің жатақхана комендантының көмекшісі екенсің, жастарды алаңға үгіттеп ертіп барған сенсің. Қасыңда тағы кімдер болды?» деп айқайға басты. Осы кезде дәрігер келіп, тергеушіден тез арада кетуін талап етті.

...Арада бірнеше күн өткен соң, жағдайым жақсара бастады. Мен дәрігерге: «Жұмысқа баруым керек. Мүмкін болса ертерек шығарсаңыз екен», – дедім. Ол кезде тергеушілердің сыртымнан аңдып жүргенін, алдымда абақтының қорлық-зорлығы күтіп тұрғанын қайдан білейін?  Ондай ой басыма да келмепті. Дәрігерден анықтама қағазымды алып, екінші қабаттан төмен түскенім сол, мені күтіп тұрған жендеттер қолыма кісен салып әкетті.

– Тергеу амалдары қанша уақытқа созылды?

– Көп уақытқа созыла қойған жоқ. Тергеу абақтысында жатқан кезде «біз ешкімді ұрғанымыз жоқ, қылмыс істегеніміз жоқ, сондықтан ақталып шығамыз» деген сенімде жүргенбіз. Қанша азап шексек те, әділдіктен үмітімізді үзбедік. Бірақ ол үмітіміз ақталмады. Сотта маған бір қазақ азаматшасы қорғаушы болды. Ол ә дегеннен «үндеме, сөйлесең әке-шешеңді жер аударады, ағаларыңды жұмыстан қуады» деді. Оның осы сөзіне сенген мен сотта жақ ашқаным жоқ. Судья маған төрт жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған кезде, аң-таң болдым да қалдым. Сондағы таққан кінәлары Бейбітшілік көшесімен алаңға келе жатып, таяқ жеген қазақ қызына араша түскенім, жендеттен қорғану үшін қолыма таяқ алып, оны ары-бері сілтегенім екен. Бар дәлел – сол бір сәттен түсіріліп алынған сурет қана. Қызыл жағалылардың өздері тауып берген адвокаттың «үндеме» деп мені әдейі арандатқанын сол кезде түсіндім.
Осылайша сотталып кете бардық. Алдымен Маңғыстаудағы түрмеде отырдым. Сол жерде жиырма шақты желтоқсаншы болды. Анда-санда бас қосып, өзара әңгімелесіп тұратынбыз. Түрме басшылары «мыналар тағы да бірдеңені ұйымдастырып жүрер» деп қауіптенсе керек, ұзамай әрқайсымызды әр тарапқа бөліп жіберді. Мен Ақтөбе түрмесіне түстім. Ол жерде жағдай өте ауыр болды. «Ұлтшыл» болғаным үшін түрме ішіндегі түрмеге көбірек жатып шығуыма тура келді. Құрт аурына шалдығып, кейіннен қайтадан Маңғыстау облысына қарасты Жетібай деген жердегі түрмеге ауыстырылдым. Сол темір тордың арғы жағында жүріп тапқан ауруларымның зардабынан кейіннен бір бүйрегімді, өкпемнің жартысын алдырдым.
Қапастағы үшінші жылы мерзімім бітпей жатып табан астында бостандыққа шығарылдым.
Прокурордың өзі әуежайға апарып, Ташкентке ұшақпен салып жіберді. Ештеңе түсіндірмеді, не қолыма құжат берген жоқ. «Желтоқсан
 көтерілісіне қатысқандарды түрмеден шығару туралы жоғарыдан нұсқау келді» дегеннен басқа ештеңе айтпады.

–Сонда өзіңіздің ақталғаныңызды қашан білдіңіз?

Ақтау туралы қаулыны 1991 жылы соттан барып алдым. Оған дейін оны не өзіме берген жоқ, не пошта арқылы жолданған жоқ. Туған жерім Шаянға келген соң милиция тыныштық бермеді. Ол кезде тәртіп солай еді ғой. Ауылда мал ұрланса да, төбелес болса да мені келіп тергейді. Сондай күндердің бірінде жерлес жазушы Еркінбек Тұрысовқа Алматыдан Мұхтар Шаханов телефон соғып: «Ауылдарыңызда Сәбит Исабеков деген жігіт бар ма? Соны тауып маған жіберіңіз», – депті. Кейіннен білгенім, мен сол уақытқа дейін ішкі істер органдарының тізімінде із-түссіз жоғалған азамат ретінде тіркеуде тұрыппын. 

Қазір нендей кәсіппен айналысасыз? Желтоқсан  көтерілісіне қатысқан азаматтармен байланысып тұрасыз ба?

-Қазір жеке кәсіппен айналысамын. Ауылда өзімнің кішігірім шаруашылығым бар. Желтоқсаншылармен араласып тұрамын. Олардың арасында белгілі журналист  Құттыбек Аймаханов, Ермұқан Қуандықов, Мұратбек  Шекербеков, Төле би ауданына келін болып түскен Ғалимат  Шомаева, содан кейін Келес өңірінен шыққан, қазір Алматыда Әуезов театрында жұмыс істейтін Үсіпхан Сейтімбетов бар.

-Бертінде Желтоқсан көтерілісіне қатысқан азаматтар бірнеше қоғамдық ұйым құрды. Осы ұйымдар не атқарып жатыр?

- Мұндай ұйымдардың саны қазір сегіз. «Желтоқсан» қоғамдық бірлестігі 1990 жылы әлі Кеңес одағы тарамаған кезде құрылған. Осы ұйым көп шаруаларды тындырды. Аштық жариялап жүріп, сотталған жігіттерді ақтатып, түрмеден шығарып алуға қол жеткізді. Осы шаралардың басы-қасында Мұхтар Шахановпен бірге өзім де жүрдім.  2006 жылы «Желтоқсан» республикалық халықтық отаншылдық қозғалысы құрылған. Желтоқсан көтерілісі кезінде жазықсыз сотталған қыз-жігіттердің барлығы дерлік осы екі ұйымға мүшеміз. Қалғандырымен менің байланысым жоқ.

- Байқасаңыз кейінгі жылдары Желтоқсан  көтерілісі туралы мүлдем аз айтылатын болып жүр. Іс-шаралар да азайды. Келесі жылы Желтоқсан көтерілісіне отыз жыл толады. Отыз жылдық қаншалықты аталып өтіледі деп ойлайсыз?

- Оны айту қиын. Жоғарыда әңгіме еткен «Желтоқсан» қоғамдық бірлестігі 1994 жылы аштық жариялап жүріп, билікті желтоқсаншылардың әлеуметтік мәселелеріне назар аудартты. Үкіметтің осы жөнінде арнайы қаулысы шыққан. Осы қаулының арқасында жазықсыз сотталған көптеген қыз-жігіттерге әлеуметтік жәрдемдер берілді, денсаулығын түзеуге жағдай жасалды. Өкінішке қарай, бұл Алматыда ғана жүзеге асты. Желтоқсанда сотталғандардың көпшілігі Оңтүстік облыстардың--Жамбыл, Шымкент, Қызылорда өңірінің қыз-жігіттері еді. Өңірлерде мұндай қолдаулар болған жоқ. Қазір Желтоқсанда сотталып, түрменің азабын көрген азаматтардың арасында көмекке зәру жандар бар. Мәселен Ғалимат Шомаева мен Мұратбек Шекербековке  қолдау қажет.

Жуырда жергілікті билік өкілдеріне хат жаздым. Хатта өзекті мәселелерді көтердім. Қынжылтарлығы сол, басшылар тіпті қабылдағысы да келмейді. Тап бір Кеңес Одағы тіріліп келетіндей қорқатын сияқты...Желтоқсан көтерілісін дәріптеуге келгенде Алматыда біраз іс-шаралар өтіп тұрады. Ескерткіш ашылды, кітаптар шығарылды. Дөңгелек үстел, кездесулер ұйымдастырылады. Бізде мұндай шараларға көп мән берілмейді.  Рас, кітапханаларда кездесулер өтіп тұрады. Осы кездесулерге келген билік өкілдері «Билайн» компаниясының футболкасы мен бір тал гүл бергені бар. Әрине, жағдаймызды жаса, үстімізден ақшаны үйіп-төк деп отырған біз жоқ. Бірақ осының өзінен желтоқсаншыларға деген ықылыс-пейіл байқалады емес пе? Кездесулерге қатысқан жастар Желтоқсан көтерілісі туралы жартымды ақпарат білмейді. Олар үшін Тәуелсіздік аспаннан түскен сияқты. Бұған кім кінәлі? Әрине, билік кінәлі. Зиялы қауым өкілдеріне де айтар өкпем бар. Елбасымыздың өзі де желтоқсаншыларды Тәуелсіздіктің қарлығаштары деп атады емес пе? Бүгінде кәсіпкерлерге елдің экономикасын көтергені үшін орден-медаль тағып жатыр. Елдің намысын қорғады деп, спортшыларға жағдай жасалуда. Ал кезінде ұлттың намысын ту еткен, елдің азаттығы  үшін түрменің азабы мен қорлығына төзген желтоқсаншылар неге ескерусіз қалуы тиіс? Ақын Мұхтар Шаханов айтқандай «Ерлікті жасамаудан, бағаламау қауіптірек» емес пе?!

Әңгімелескен Бақытжан Әбдірашұлы

Айгүл Қапбарова: «Тәуелсіздік таңында тәй-тәй басқан басылым бұл»
Виртуалды өмір туралы миф және ақиқат: Инстаграмдағы идеалды өмірдің құпиялары
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу