Мұратбек Қыпшақбаев: «Спорттағы арманым 80 пайызға орындалды»

Oinet.kz 21-05-2019 1098

Screenshot_7.jpg

Мұратбек Қыпшақбаев, Шымкент қалалық № 10 күрес мектебінің директоры: 

Өзімнің туып-өскен жерім Сайрам ауданы, Шапырашты ауылы. Әкем  жұмыс бабымен Төлеби ауданы Ленгір қаласында тұрғандықтан, мені апам бауырына басты. Ленгірге жиі барып, мені ауылға алып кететін. Мектеп жасына дейін ауылда, әкемнің анасы тәрбиеледі. Үйдегілер мектепке жетелеп апарса,  апама барамын деп қиғылып сала береді екенмін. 

Ленгірдегі Қаныш Сәтбаев атындағы №4 орта мектептің  5 сыныбында оқып жүргенде спортты жағалай бастадық. Мектебіміздің жанынан үйірме жұмыс істейтін.  Спорт залы да өзіне жарасар. Алғашында Жанпейіс Жәнібекұлы самбо, қазақша күреске баулыды. Сыныптас, достармен бірге 4-5 бала болып күреске  8-9 ай қатыстым. Жастық жігер жалындап тұрған шақ.  Әр спортың басын шалған кезіміз де аз емес. Достарым футболға барайық десе, олармен еріп кетемін.  Боксқа жүр десе, олардың да көңілін қалдырмаймын. Тіпті достарымның «баскетболда бойың өседі екен» деген сөзіне иланып, оны да үйірсектедік қой (күліп). Қанша шұғылдансаң да, Құдайдың берген бойынан асып ешқайда бара алмайтыныңды түсінесің де,  ақыры қоясың.  

Бокс, футбол, баскетболды 2-3 айдан жағалап жүріп, соңғы таңдауым күреске түсті. Жанпейіс ағаның «сенен балуан шығады деген» сөзі де жігерлендірді. Ол кісі педагог, психолог маман – көп жайтты біледі. 7 сыныптың ортасынан бастап қайтып күреске аңсарым ауып, соңында Олимпиада, әлем чемпионатынан бір-ақ шықтық. Самбо, қазақ күресінен Қазақстан чемпионы да атанып едім. Ал дзюдомен 11 сыныпты бітірер кезде, 1996 жылдан бастап шұғылданудың сәті түсті. 

Бізді спорттық отбасы десе де жарасар.  Әкем спорттың қай түрі болса да, құлай сүйген нағыз жанкүйер. Қазіргі күнге дейін қазақ спортшыларының аты-жөндерін біліп отырады. Кім қай жарысқа бара жатқанын да түгендеп жүреді. Берілгені сондай, спорт арнасынан басқаны көрмейді. Арнайы бір теледидарды сол кісіге беріп қойғанбыз. 

Ұлының спортпен шұғылдануын қалаған ең бірінші - әкем. Ол кісі бізді шымыр болсын, дені сау болсын деген ниетпен  осы өнерге келуімізді қалады. 

Әрине, бастапқы сыныптарда сабақты қатты қадағалайтын. Білімді азаматтар болыңдар дейтін. Кез-келген азаматтың ата-анасы солай ойлайды ғой. Спортта облыс, аудандық жарыстарда жетістікке жете бастағанда, көзқарастары дұрыстала бастады-ау деймін. 

Алғашқы арманым –елдің жеңімпазы болу еді. Одан кейін ары қарай мақсат та үлкейе берді. Құрлық чемпионатын бағындырдық. Әлем және Олимпиада ойындарына жол түсті. Бала кездегі арманымның бәрі болмаса да 80 пайызы орындалды деп айтар едім.  

       Спорттың соңында жүрген оқушы сабақты қатырушы ма еді?! Ағай-апайларымыздың дұрыс түсінігінің арқасында, сабақты 4-5-ке оқыдым. Сыныбымыздың атын сабақ жағынан танытпасам да, спорт жағынан әйгілегеніме мақтаныш етемін. Амал жоқ, жарыс, жаттығу деп жүріп, бар көңілді спортқа аудардық. Дегенмен, тарих, қазақ тілі, қазақ әдебиті пәндерінен қатарластарымнан қалған емеспін. Ал дене тәрбиесі сабағында менің алдыма түсетіні жоқ еді. Ол сабақты ұнатпайтын оқушы бар ма?!

Сыныбымызда оқушылардың саны да аз-ақ: 8 ұл, 7 қыз болып бітіргенбіз. Мектеп басшысы Адамбай Мұсырманов өте сауатты, мәдениетті кісі-тін. Болашаққа деген көзқарасымызды оятқан сол кісі. Бәріміз де сол ағайға қарыздармыз. Мектепті Ализа апайдың жетекшілігімін бітірдік.  «Сөз сүйектен өтеді» деген тура айтылған. Ол кісінің басты ерекшелігі жәй сөзбен ұғындыратын. 

Жалпы, аяулы ұстаздарымыздың қатты дауыс шығарып, қол көтерген сәті есте жоқ. Тек дене тәрбиесі мұғалімдерінің  ашуланса, бұрышқа тұрғызып қоятыны бар еді. Енді оған өзіміз кінәліміз. Айтқанын тыңдамай, қыздарға тиісесің дегендей. Бірақ ұстаздарымыз қалай тәрбиелесе де үйге айтып бармайтынбыз. Ондайдан Құдай сақтасын. 

Қазіргі оқушылардың түсінігі мүлдем бөлек. Қазір керісінше апайы, ағайы қатты сөйлеп қалса, үйіне жеткізуге бейіл. Мақұл кішкентай кезде түсінуге болар. Ал 9-10 сыныптың оқушыларын ондай қылықтарын түсіне алмай-ақ келемін. Үлгілі, тәртіпті болсаң, тапсырманы уақытылы орындасаң кім саған қол көтеріп, жағадан алады?! 

Қазіргі жастардың аузында темекіге, әлеуметтік желіге байланып қалғандары қынжылтады. Әрі соны мақтаныш ететіндер де бар. 

Мектеп уақытындағы сыныптың «атаманы» болу да өзінше қызық.  Бізде 4-5 бала болатын тетелес өскен. Бір-біріміздің ақымызды жібермей, ерегісіп жүретінбіз. «Мен біріншімін, сен екіншісің» дегендей. Кейде оңашада қарсыластарымызды жабылып ұрып кететін кездерім де болды. Қазір бәріміз  доспыз. Сыныптастармен өткізген дәурен сағыныш. Міне, келесі жылы мектеп бітіргенімізге жиырма жыл толады екен. Соған қазірден бастап, дайындық жүргізіп жатқан жайымыз бар. 

Мұрағаттан, 2015 ж

Есен Елеукен: «Келесі жылы «Жайдарманда» үлкен өзгеріс болады»
Айгүл Қапбарова: «Тәуелсіздік таңында тәй-тәй басқан басылым бұл»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу