Үсен Асқаров, журналист: «Гайд паркте қазақша сөйлегенімді мәртебе санаймын»
Көргеніңмен бөлісу – ғанибет. Шет елдерде саяхатшы ретінде болу мен бөтен елдің компаниясында қызмет атқара жүріп, өз елің мен тіліңнің мүддесіне қызмет ету – бір-бірінен мүлдем бөлек дүниелер. Әріптесіміз – Үсен Асқаров Өзбекстандағы 1,5 миллиондық қазақ қауымының төрағасы лауазымына келгенге дейін әлемнің қоғамдық пікірін қалыптастыратын белгілі ақпарат құралдарының бірі – Би-Би-Си радиосының Орталық Азия және Кавказ қызметінің Қазақ бөлімінде 7 жыл қызметте болған. Бүгінде Еуропаға екінің бірі баратын болды, 90-ы жылдардың аяғы мен 2000-ы жылдардың басында шетелдік компаниялардағы қазақтар санаулы болатын. Үсен ағамызбен болған әңгімемізді «Совет үкіметі жау санаған «Би-Би-Си» радиосына қалай барып қалдыңыз?» деген сауалдан бастадық.
- Бұл – 1997 жыл болатын. «Лондоннан, Би-Би-Си радиосының қазақ қызметінен хабарласып тұрмыз» деп, бір Сәуле есімді қыз үйге телефон соқты. «Сіз Ауғанстандағы жағдай жайлы материал дайындап беріңіз» деп тапсырма берді. Дайындаған материалымды телефон арқылы келесі күні жазып алды: осы тапсырма арқылы менің қарымымды байқамақ болған екен. Арадан көп өтпей Қазақ қызметіне жұмысқа шақырды. Мен қазақ қызметімен қоса орыс және өзбек қызметтеріне де материалдар дайындай бастадым. Арадан біраз жыл өтіп, мені бұл орынға Семен Новопрудский деген еврей досымның ұсынғанын білдім. Ол өзі бұл жайлы маған ешқашан айтқан емес.
- Би-Би-Си-де жүріп қазақ болып қала алдыңыз ба?
- Би-Би-Си-дің тілшісі ретінде дайындаған материалдарым мен түрлі лауазым иелеріне қойған сауалдарымның басым бөлігі Қазақстан мен қазақтарға қатысты болатын. Қазақ-өзбек шекарасындағы түрлі оқиғалар, Өзбекстандағы қазақ диаспорасыеның жағдайы, Өзбекстан ауқымында қалып бара жатқан Бағыс және Түркістан елді мекендері, басқа да қазақ-өзбек қатынастарына байланысты сауалдар – негізінен қазақ мүддесі тұрғысынан көтерілген сауалдар болатын. Бір қызығы – Бағыс мәселесі Би-Би-Си-дің қазақ қызметі көтергенге дейін көрші елдердің журналистикасы үшін беймәлім тақырып болатын. Мен бұл ауылдарға 14-15 рет барып, түрлі материалдар жасадым. Осы Бағыс ауылының Шәмші есімді ақсақалы: «Достарыңмен ауылға келіп қой жеп кет, сен ауылды Қазақстанға қайтаруға көп күш салдың» деді. Кейде журналистиканың қиын мәселенің оңды шешілуіне түрткі болатыны бар. Бірде президент Каримов: «Сен Қазақстанның азаматысың ба?» деп сұрады. Мен Өзбекстан азаматы екенімді айттым. Жалпы Исекең менің сауалдарыма жауап беріп жатып, «Как ваш Назарбаев» деп, менің Қазақстанға қатысты адам екенімді меңзеп отыратын.
- Лондонда продюсерлік қызметте тәжрибеден өттім дедіңіз.
- Алланың құдіреті шексіз. Пендесі шындап сұраса, Жаратқанның бермейтіні жоқ. Таңғы намазда Алладан «момын пендеңе Лондон мен Парижді бір көрсет» деп тілеп жүрдім. Бір күні Би-Би-Си-дің офис менеджері – Насиба ханым: «Үсен, қане биле!» деп бір конвертті көрсетті. Әрине, мен ол конвертте не бар екенін білмедім, бірақ университеттен таныс әрі сыйласып жүретін әріптесім «биле» деген соң біраз имитация жасадым. Сонда Насиба ханым: «Үсен, сені алты айға Лондонға жұмысқа шақырып жатыр, әсем қаланы көріп келетін болдың» деді. Бұл 2004 жылдың мамыр айы айы болатын.
Корпорацияның буклеттерінен суретін жиі көріп жүретін Би-Би-Си-дің бас офисі – Бушхаузға келіп, Лондондағы жұмысты қазақ қызметінде бастадым. Бір ай бойы «BJ-1 – Британ журналистикасының бірінші сатысы» деген курстан өттім. Ағып тұрған ағылшыншам болмаса да, сол бір айлық курс кезінде тілім біраз ұшталып қалды. Емтиханды сәтті тапсырып, сертификатын алдым. Жалпы ондағы жұмыс маған ешқандай қиындық тудырған жоқ: қазақшам мен орысшам бірдей, өзбек, қырғыз қызметтерінің де кәдесіне жараймын, интервью алу, сұхбаттар ұйымдастыру, әлемдік жаңалықтар негізінде материал дайындау – бәрі де үйреніскен шаруалар болатын. Жалпы мен материалды тез жазатынмын. Жұмысты тез істеу - Асқар атамыздың бізге қалдырған мұрасы. Ол жарықтық: «Жұрт шайла тіккенше, мен үй тұрғызамын» дейді екен. Меннен бұрын тәжірибе арттыруға барған бір әріптесіміз 3 ай ішінде үш материал дайындапты. Ал сол уақыттың ішінде мен қазақ, өзбек, орыс және қырғыз қызметтеріне 40-тан аса материал жасадым. Осы еңбегімді бағалап, Орталық Азия және Кавказ қызметінің басшысы Хамид Исмаил мырза менің құрметіме арнайы пати – кеш ұйымдастып, түрлі қызметтегі әріптестер ыстық лебіздерін білдіріп жатты. Қазақ қызметінен соң, Роза Құдабаева деген әріптесіміздің шақыруымен орыс қызметіне өттім.
- Лондонда сізді ерекше таң қалдырған құбылыстар болды ма?
- Лондон – әлемнің ең әсем қалаларының бірі екені белгілі. Бірақ мен бұл қалада басқа ұлттардың өкілдері мұншалықты көп болады деп ойламаған екем. Метрода да, көше де – африкалықтар мен азиялықтар өте көп. Бір күні метрода бара жатып: «Лондонды негр қаптап кетіпті ғой» дегенім сол еді, Рустам Қабыл деген өзбек қызметінің тілшісі: «Усен ака, бұлай демеңіз, сізді нәсілдік кемсітуге барды деп қамап қояды» деді сыбырлап. «Онда қалай атаймыз» дедім мен таңырқап. Әлігі Рустам деген әріптесім: «Қарабай, Қарабай дей беріңіз» деді. Мен осылай Еуропаның мультикультуралистік идеологиясын меңгере бастадым. Бір кезде империяның астанасы болған Лондонда бүгінде мыңдаған ұлттар мен ұлыстардың өкілдері тұрады. Бірақ қала өте тыныш, айтысып-тартысып немесе жаға жыртысып жатқан адамды көрмейсіз. Қауіпсіздік – қала билігінің басты міндеті деуге болады. Қала өмірінің басқа салалары – бизнестің құзыры саналады.
- Лондонның атақты Гайд паркінде бірінші рет қазақ тілінде сөйлегеніңіз жайлы айтқан болатынсыз. Тыңдарманға не айтпақ болдыңыз?
- Бір күні Орталық Азия және Кавказ қызметінің басшысы Хамид Исмаил мырзаға: «Мен Гайд паркке барып, «Ислам әлемі мен христиан әлемі арасындағы текетірес» туралы қазақша сөз сөйлеймін деген шешімге келдім» дедім. Сол жерде қазақ тілінде сөз сөйлегім келетінін, менің сөзімді қазақ қызметіндегі әріптесім – Мұрат Қылышбай ағылшын тіліне аударып тұратынын айттым. Хамид ака: «Сөз сөйлемесеңіз болмайды ма?» деп сұрады. Мен: «Елге барғанымда, Үсен, Лондонға барыпсың, Гайд паркте сөз сөйлемедің бе?» деп сұрайды, сонда мен не деп сылтау айтамын» дедім әзілдеп. Ол кісі мен бұл шешімімді орынсыз санайтынын айтса да, келісімін берді. Гайд паркте сөз сөлейтіндер үшін бір ғана шектеу бар: ол – Британия королевасының атына тіл тигізбеу және заңды билікті құлатуға шақырмау. Екі-үш күн бұрын сөйлейтін сөзімді дайындап, мәтінін әріптесім Мұратқа беріп, «маған ілесіп аударатындай бол, қайта-қайта оқып, екшеп ал, жұртты зеріктіріп, аудиторияны жоғалтып алмайық» дедім. Уағдаласқан уақытта екеуміз Гайд паркте кездестік. Ұрыныс, адам көбірек жерге орналасып, сөзімді бастадым. Мұрат маған ілесіп, сөзімді ағылшын тіліне аударып тұрды.
- Енді Гайд паркте сөйлеген сөзіңізден үзінділер келтіре кетіңіз.
- «Алланың әмірімен Мұхаммед соллаллоһу аләйһи уә сәлләм арқылы ислам діні дүниеге келді. Содан бері осы ең соңғы және ең кемел дін мен Христиан діні арасында текетірес жалғасып келеді. Арада өткен тарихты қозғамай, мен осы күрестің соңғы уақыттағы – Америкаға Дж. Буш президент болып сайланғаннан кейін үдей түскен кезеңі жайлы айтпақпын. Сайлаудан кейін көп ұзамай, Буш қанішер президент екенін, кезінде жеңіліске ұшыраған әкесі үшін Ирактан кек алуды басты мақсат еткенін аңғартты. Нью-Йорктегі егіз зәулімнің құлауы 21 ғасырдың ең үлкен соғысы – дін және өркениетаралық соғыстың басталуына сылтау болды. Бұл соғысты Американың президенті Буш бастады. Буш оны алғашында «крестілер жорығы» деп те атады. Буш бірінші агрессиялық шабылуын Ауғанстанға жасады. Себебі ондағы Ислам мемлекеті, яғни Талибтер билігі христиан құндылықтары деп аталмыш, сын сағаты туғанда сағымдай сейіліп кететін құндылықтарға пысқырып та қарамайтын. Екіншіден – ислам әлеміне қарсы басталған жорықта бұл ел геосаяси тұрғыдан үлкен маңызға ие болатын. Осылай Буш бастаған «демократиялық» Америка Усама бин Ладен Ауғанстанда деп, онсыз да 25 жылдан бері соғыс тауқыметін көріп келе жатқан халықты бомбылай бастады. Егерде Буштың ниеті Усама бин Ладенді өлтіру болғанда, бұл операцияға барлаушылар немесе арнайы қызмет өкілдері жіберілуі керек еді. Жоқ, Американың мақсаты – талибтер үкіметін құлату болатын. Ал билік басында талибтердің діни үкіметі болады ма, әлде «демократсымақтар» болады ма – бұл Ауғанстан халқының суверендік құқығы.
Американың Иракқа қарсы бастаған соғысының астарында да осы мұнайдан құры қалған христиан әлемінің мүддесі жатыр. Агрессия кезінде мұнай кеніштері мен Ирактың энергетика министрлігі ғимаратының бомбыланбауы жоғарыдағы сөзіміздің дәйегі. Ирактан жаппай жою қаруы табылмады. Саддам Хусейн диктатор болады ма, әлде демократ болады ма – ол Ирактың Президенті, яғни бұл жерде де халықаралық құқық – тәуелсіз елдің суверенитеті бұзылды. Ирак мұнай қоры бойынша Саудиядан кейін екінші орында тұрады. Осы жағдай оның суверенитетінің аяқасты етілуіне себеп болды. Ал Саудия – Американың араб әлеміндегі ең жақын одақтасы. Бірақ бұл одақты да мызғымас деуге болмайды. Мұнай қажетті мөлшерде жетіп жатпаса, бұл сайтан одақтастың жауға айналып, жағаға жармаса кетуі ғажап емес...
- Сөзіңіз негізінен геосаяси жағдайға арналған екен.
- Жоқ мен тек геосаясатпен шектелмедім. Әрі қарай жалғастырайын.
- Ия, жалғастырыңыз.
- Христиан әлемінің жеке бастың күйін күйіттейтін құндылықтары, мойындау керек, Батыс экономикасының өрлеуіне негіз болды. Бірақ бұл байлық Батыс қоғамының бұзылуына себеп болуда. «Семіздікті қой көтереді» - дейді қазақ халқы. Қазір Батыстың жартылай жалаңаш әйелдері баласын кімнен туғанын білмейді. Еркектері бір-бірімен жыныстық қатынасқа барады, ал қыздары үйінде отырып жүкті болып, некесіз бала туады. Батыста баланың әкеге, ананың балаға, кішінің үлкенге, көршінің көршіге, жалпы адамның адамға мейірі жоқ. Батыстағы моральдық құлдырауды мұсылмандар өз мүддесі жолында ұтымды пайдалануы керек. Иншаллаһ, мұсылмандар Еуропаны бірте-бірте басып алады. Моральдық тұрғыдан іріп-шіріп бара жатқан Батыстың болашақта өзін қорғауға шамасы келмей қалады. Осы осалдық пен демографиялық дағдарыстың нәтижесінде қазір Еуропа елдерінде, соның ішінде Лондонда мұсылмандар көбейіп келеді. Еуропадағы мұсылмандардың саны Ислам дінін қабылдап жатқан христиандар есебінен де көбейіп жатыр. Жаңа діндестеріміз қатарымызға мықты, саналы иман негізінде қосылуда. Еуропа елдерінде руханият құлдырап, шіркеулер қаңырап босап жатыр. Кезі келіп бұл шіркеулердің бәрі мешітке айналады, мешіттерде «Аллоһу акбар, Аллоһу акбар» деп азан шақырылатын болады. Бұл қандай тамаша әуен, қандай тамаша шақыру болады! Ислам әлемінің бұрын-соңды болмаған бұл болмысы көп күттірмей, жақын жылдарда Еуропаны баурап алады!- дедім.
Ағылшын руханиларының бірі маған визиткасын беріп, «жағдай сіз айтқандай аянышты емес, менің шіркеуіме келіңіз, қауымымыздың қатары сиремегенін көресіз» - деді... Әркім өз деңгейінде ана тіліне қызмет етеді. Лондонның Гайд паркінде осылай қазақша сөйлегенімді өзім үшін үлкен мәртебе санаймын.
Мұрағаттан, 2015 ж