Есенгүл Кәпқызы: «Біз қазір екі бөлек тілдік және мәдени кеңістікте өмір сүріп жатырмыз»
Есенгүл Кәпқызы, Сулейман Демирел университеті журналистика кафедрасының меңгерушісі:
Есей Жеңісұлы: Қазақ журналистикасының тәуелсіздік дәуіріндегі даму, құлдырау, тоқырау, т.б. кезеңдерін көріп келесіз. Бәрі көз алдыңызда өттік десек, қателеспейміз. Өзіңіз қазақ журналистикасының қай кезеңін жоғары бағалайсыз немесе сағынасыз?
Есенгүл Кәпқызы: Менің журналистік еңбегім 1994 жылдан басталды, яғни, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ журналистикаға араластым. Алғашқы жылдары 70 жыл бойғы кеңестік мектептен қол үзе алмай, оны ары қарай жалғастыра алмай дағдарған кезіміз болғаны рас. Алайда қазақ журналистикасы әуелден тарихтағы ақтаңдақтарды аршу, ұлттық идеологияны іздеу, тәуелсіздікті баянды ету, мемлекеттік тілді тұғырына қондыру секілді тақырыптарды басты трендке айналдырды. Әлі күнге дейін күн тәртібінен бұл тақырыптар түсіп көрген жоқ. Өйткені, санадағы ақтаңдақтар, санадағы жаралар ширек ғасыр өтсе де жазылар емес. Оның үстіне, күн өткен сайын, азат ойлы ұрпақ өсіп жетілген сайын тарихқа жаңаша көзқарастың, жаңаша баға берудің кезеңі туып келе жатқан секілді.
Қазақ журналистикасының етек-жеңін жинап, саяси, әлеуметтік, экономикалық проблемаларға тереңдеп ене бастауы 2000 жылдан басталды десем қателеспеспін. Оған дейін өзін-өзі іздеу, жаңа саясат пен жаңа нарықтағы тенденцияларды үйрену, жаңа баспасөз менеджментін қалыптастыру секілді үйрену мектебінен өттік. Мен үшін осы 2000-2010 жылдар аралығындағы баспасөз ыстық. Қазақ баспасөзінде біршама еркіндік, біршама плюрализм болды. Сол жылдардағы Қазақ парламенті де аса ірі бедел мен күшке ие еді. 2009 жылдан кейін журналистикада холдингтендіру саясаты жүргізілді. Бұл баспасөз еркіндігіне біршама көлеңкесін түсірді. Жоғарының нұсқауымен құрылған холдингтер тек қаржыландыру саясатына ғана емес, сонымен бірге, ақпарат саясатына араласа бастады. Сөйтіп, қазір журналистика насихат құралына айналып кетті.
Есей Жеңісұлы: Қазақстанда екі тілдегі журналистердің мәселені көруі, тақырыпты ашуы бір-бірінен әжептәуір ерекшеленетіні жасырын емес. Бұл неден? Ортақ идеяның жоқтығынан ба?
Есенгүл Кәпқызы: Қазір жоғары эшелонда қоғамның интеграциялануы туралы мәселе жиі айтылады. Бірақ ол интеграция қай мәдениеттің, қай тілдің төңірегінде жүруі тиіс? Мұны ашып айта алмай отырмыз. Әрине, Елбасы «қазақ тілі – Қазақстан халқын біріктіруші фактор» деп қадап айтты. Алайда Елбасының басқа тапсырмасын қолды-аяққа тигізбейтін шолақ белсенділер ұлттық саясаттағы осы басымдыққа әлі күнге дейін назар аудармай келеді. Соның салдарынан тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр өтсе де, мемлекеттік тілден мақұрым ұрпақ өсіп келеді. Өкінішке қарай, бұл журналистикада да айқын байқалып тұр. Қазір Қазақстан екі тілдік және мәдени кеңістікте өмір сүреді. Қазақтар екі тілді әлемнің ақпаратымен таныс, оқиды, қорытынды жасайды, ал орыстілді әлем қазақ ақпаратынан да, оның ой-пікірінен де, көзқарасынан да жырақ өмір сүріп келеді. Бұл түбінде қайшылыққа бастамасына кім кепіл? Сол себепті де мемлекеттік тілдің төңірегінде топтастыру саясатын түбегейлі қолға алатын кез жетті.
Есей Жеңісұлы: Сіз журналистика соқпағына түскенде, газет пәрменді күш еді. Қазір дәл сондай күшке ие емес. Көбінесе құрылтайшының ұстанымы аясында ғана шығатын баспасөз көбейіп кетті. Осыған көзқарасыңыз қандай?
Есенгүл Кәпқызы: Жоғарыда атап өткенімдей, қазір қазақ баспасөзінің басым көпшілігі насихат құралына айналып барады. Бұл мемлекеттік тапсырыстың салдары. Тіпті кейбір ақпарат құралдары мемлекеттік тапсырыс алу үшін ашылатыны да жасырын емес. Бұл еркін ақпараттың, шынайы журналистиканың дамуына кедергі келтіріп отыр. Өйткені, тапсырыс берушінің негізгі мақсаты – әлі дұрыс менеджментті қалыптастыра алмай отырған ақпарат құралдарына демеу, көмек көрсету емес, өзінің қызметін насихаттау, үгіттеу болып кетті. Үгіт-насихат – журналистика емес. Сол себепті, журналистика басқа менеджментті іздеп, басқа жолды табуы керек. Қазіргі түрімен журналистика дамымайды.
Есей Жеңісұлы: Тапсырмамен ғана тырнағы қимылдайтын, «ақысын берсе, әптер-тәптерін шығаратын» мамандар да пайда болды. Әуелде осқырынып қарайтын едік, қазір күнделікті өмір көрінісі ретінде қабылдаймыз. Бұл қайда беталыс? Болашағы бар ма?
Есенгүл Кәпқызы: Бұл журналистика этикасына мүлдем қайшы әрекет. Әлем журналистерінің қабылдаған этикасы бойынша да, 2013 жылы қабылданған Қазақстан журналистерінің кәсіби этикасында да «журналист жазған мақаласы үшін ақы тілемеуі және біреудің басқаруына жол бермеуі тиіс» делінген. Ақысы төленген ақпарат объективті бола алмайды. Мәселен, Павлодар облысындағы облыс әкімі мен журналист арасындағы қақтығыс әкімді бопсалаудан туындап отыр. Демек, мұның соңы жақсылыққа апармайды. Журналистік қызмет оңай емес. Алайда бұл бизнес көзі де, ақша табу құралы да емес. Бұл кәдімгідей табанды еңбекті, қажырлылықты, сонымен қатар, мамандыққа деген адалдық пен сүйіспеншілікті талап етеді. Ел үшін еңбек етсеңіз, есеңіз Алладан қайтады.
Есей Жеңісұлы: Заман ыңғайына орай интернет-газет ашып, жүргізіп отырсыз. Ғаламтордағы оқырманға көңіліңіз тола ма? Оларға тақырыбы айқайлаған сенсация ұсынып отыру үшін өзге порталдардан көшіріп басу үрдісіне қалай қарайсыз?
Есенгүл Кәпқызы: Копи-паст – қазіргі қазақ сайттарының контент жинау амалының біріне айналды. Ал оқырман тарту үшін қазақ сайттары неше түрлі амалдарға барып жатыр. Соның бірі – әлі тексеріліп үлгермеген ақпаратты айғайлатып беру, арзанқол сенсация қуу. Өкінішке қарай, бұл үрдіске айналып барады. Тіпті кезінде салиқалы ақпарат таратып, жұрттың көз қуанышына айналған сайттардың өзі амалдың жоғынан осындай қадамдарға бара бастады. Сосын қазіргі сайттардың ақпараты біртекті. Біреуі берген ақпараты барлығы беріп шығады, бір-бірінен аумайтын инкубатордың балапандары секілді. Осы жақында Астанада «Дегдар» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Ақпараттық-коммуникациялық теxнология және мемлекеттік тіл» атты дөңгелек үстелде «Қазақ сайттары: Біртектіліктен –бірегейлікке» тақырыбында баяндама жасадым. Онда Қазақстанда аса оқылымды төрт қазақ сайтының маусым айындағы контентіне талдау жасаған едім. Сонда байқағаным, қазақ сайттары ақпараттың шынайылығын тексеруге, этикалық нормаларды сақтауға тым талпынбайды. Сосын терең анализ, талдау жоқ. Көбіне-көп мақалаларының дені реплика түрінде жазылады. Бұл бүкіл қазақ сайттарына тән ахуал.
Есей Жеңісұлы: Интернет-газетте интеллектуалды мақала қалай оқылады? Бізде интеллектуалды оқырман шоғыры пайда болды ма?
Есенгүл Кәпқызы: Бір жағынан. сауатты оқырманды тәрбиелеу – біздің қолымызда дейміз. Екінші жағынан, біздің оқырманның интеллектуалдық деңгейіне қарным ашатын кездерім болады. Қарапайым ғана мысал, Фейсбук әлеуметтік желісінде негізінен қазақ журналистері, қазақ зиялысының біразы отырады. Осы желіде әлеуметтік маңызы бар проблемаларды ортаға салсаңыз, оны талқыға салатын, пікір айтатын адамдардың саны өте аз. Керісінше, өзіңнің жеке басың туралы бірдеме жазсаң, барлығымыз ақ тер, көк тер болып ұнатып, пікірімізді жазып, дырдуға айналдырып жібереміз, Яғни, қазіргі оқырманды қоғамның маңызды мәселелері толғандырмайды. Көбіне-көп жеке басыңның әңгімесі қызықтырады. Сол себепті де болар, әлеуметтік желіде қоғамды толғандырған тақырыптардан гөрі, жеке мәселелер көбірек талқыланатыны. Мен соңғы уақытта www.365info.kz сайтына мақалалар жазып тұрамын. Сол мақалалар редакция қалауымен орысшаға да аударылып басылады. Соның орыс тіліндегісі қазақ тіліндегісімен салыстырғанда, анағұрлым көп оқылады. Демек, біздің оқырманның талғамының жетілуіне әлі де болса уақыт керек.
Есей Жеңісұлы: Журналистикадағы ұстаздар, журналистикадағы мектеп деген ұғымдар айтылмай жүр. Сіздің ұстаздарыңыз кім еді? Сіздің толқын ұстаздық міндетін қалай атқарып жүр?
Есенгүл Кәпқызы: Мен журналистикада емес, филологияда білім алдым. Аузымды толтыра отырып, даңқты Тұрсынбек Кәкішевтен, Зейнолла Қабдоловтан, Берікбай Сағындықовтан, Сапархан Мырзабековтан, Бақытжан Майтановтан сабақ алғанымды мақтанышпен айта аламын. Филология ғылымдарының докторы Өмірхан Әбдімановтың Алаш арыстары туралы екі лекциясын ғана тыңдадым. Бірақ өмір-бақи азық болды дей аламын. Біз осындай әдеби толқынның дәрісін тыңдап, нұсқауын естіп өстік. Қазіргі толқын да хал-қадерінше ұстаздық етіп келеді. Бірақ біздің толқынның студенттік кезеңі аса ауыр – нарықтық тұралаған шаққа тап келді. Көбі нарықтың қысымына шыдамай оқуын тастап кетті. Сол ауыр да өтпелі кезеңнің, 90 жылдардың сынынан өткендер ғана оқуын бітіріп, бүгінгі қоғамда өз орнын тауып жүр. Көбінің докторлық, профессорлық атағы бар. Ғылыми еңбектері жарық көруде. Дегенмен сол 90 жылдардағыдай емес, қазір ғылыми еңбектің де, ұстаздықтың да қадірі азайып тұр ғой.
Есей Жеңісұлы: Қазір өзіңіз университетте ұстазсыз. Болашақ жас журналистерден қандай ерекшелік байқап жүрсіз?
Есенгүл Кәпқызы: Қазіргі жастар өте алғыр. Заманауи технологияларды, ағылшын тілін тез меңгеріп алады. Көбінің арманы – тележұлдыз болу, тезірек танымал атану, ақша табу. Бұл рухани құндылықтың азайып бара жатқанының белгісі ме деген алаңдаушылығым да жоқ емес. Кітап оқитын буын қалмай барады, қазақтың рухани байлығынан сусындау азайып кетті. Керісінше, шетелді тану, олардың технологиясын игеруде алға шықты. Бұның да бір қайыры бар шығар.
Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы,
«Рейтинг» газеті, №42, 29 қазан 2015 жыл