Гүлмира Сарина, әнші: «Әнші тарих алдында жауапты тұлға»
- Биылғы жылды Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, жеке шығармашылық концерт беріп, халыққа есеп беруден бастапсыз. Кештеріңізден алған әсеріңіз туралы айта кетсеңіз...
- Ең алдымен Елордада «Ән домбыра – жан серігім жасымнан» атты тақырыпта шығармашылық кешімді өткіздім. Жыл сайын халықты жинап, кеш беретін әншілердің қатарынан емеспін. Байқап қарасам Астанада соңғы рет концертімді осыдан он шақты жыл бұрын берген екенмін. Сол себепті елге есеп беретін уақыт жеткен екен. Әншіге ыстық ықыластан артық ешнәрсе жоқ. Концерт барысында көрерменнің қошеметі мен сағынышын сезіндім. Кештен кейін де тыңдармандарым хабарласып алғыстарын білдіріп жатты. Әлеуметтік желілерде де жақсы пікірлерді оқып қуанып қалдым. Үлкен кештен кейін еліміздің әр аймағына гастрольдік сапарға шығуды жоспарлап жүр едім. Оның да сәті түсіп ән сапарымды киелі Ұлытау өңірінен бастап, батыс, шығыс, оңтүстіктің бәрін араладым. Жалпы өнер халыктікі болғасын біз өнерпаздар әрдайым жамағаттың ортасында болуымыз керек.
Қазіргі әртістерге көңілімнің толмайтын тұсы телеарнадағы бағдарламаларға қатысып, ары кетсе Астана, Алматы секілді ірі қалалардың сахнасымен ғана шектеліп жатады. Ал нағыз, таза өнер ол ауылда. Бұрынғы сал-серілер, Майра Уәлиқызы, Жамал Омарова сынды дарындарымыз ел аралап, алыстағы ауылдарға ат басын бұрып, өнерін паш ету арқылы танылды. Халық әртістері атанды. Сол себепті әріптестеріме айтарым республиканың әр түкпіріне, ауылдарға барып жүздесіп тұрса халықтың батасын алмақ.
- Қара домбыраңызбен халық әндерін нақышына келтіріп орындап жүрген әншісіз. Дегенмен соңғы уақыттары репертуарыңызда эстрадалық жанрдағы әндер көбейген секілді. Мұның себебі халыққа көбірек танылу ма әлде сұраныстың артуынан ба?
- Негізінен дәстүрлі әншілер халық әндерін эстрадаға салып айтуға қорқақтаймыз. Өйткені ұстаздарымыздан бізге, ұстаздарымызға ұстаздарынан аманат етіп қалған ел мұрасының табиғатын бұзып аламыз ба деген секем ой тұрады. Дегенмен эстрада жанрындағы қадамым сәтсіз болды деп айта алмаймыз. Мен тек әннің табиғатын сақтай отырып, заманауи бағытта орындап жүрмін. Эстрада бағытындағы алғашқы «Жалт –жұлт еткен дүние-ай» әнім сәтті шыққандықтан да болар, тыңдаушылар мен авторлардың сұранысы арта түсті. Сол себепті, екі жанрда да орындап жүрмін.
Содан бері шығармашылық қоржыным екі жүзге таяу эстрадалық әнмен толықты. Шүкір, көпшілігі өз тыңдаушыларын тауып жатыр. Менің мақсатым – әннің бағын ашу. Тыңдаушының сұранысына сай жұмыс жасағанды жөн көремін. Сұрағыңыздың түп төркініне келер болсақ мен бұған дейін үкілі домбырамен халықтың жадында сақталған әншімін. Орта жолдан елге көбірек танылайын деген ойдан аулақпын. «Батырға оң солы бәрібір» дегендейі нағыз талантты әнші табиғаты келіп тұрса бай бағытта болсын әнді шырқай білуі керек деп есептеймін.
- Сазгерлік қырыңызға көбірек мән беріп жүрген секілдісіз.
- Иә, қазіргі күнде орындаушылықтан бөлек сазгерлік қырым ашылып келе жатыр. Адамның ішіндегі бұлқынып тұрған дарын сыртқа шықпай қоймайды екен ғой. Жүрегімнен шыққан жиырма шақты өз әндерімді жеке концерттерімде орындап жүрмін. Басқа әріптестеріме де ұсындым. Сөреде тұрған, өзім ұнататын ақындардың кітаптарын қолыма алсам әнге сұранып тұрған өлең жолдарын бірден танимын. Ән туғаннан кейін балаңдай болып көрінеді екен. Ол әннің бағын ойлап, халыққа танытуды көздейсің. Ән жазу – еріккеннің ермегі емес. Сондықтан асықпай, бір туынды болса да әбден пісіріп, жетілдіріп халыққа жеткізуді көздеймін.
- Киелі сахнада жүргеніңізге жиырма бес жылға жуықтапты. Осы уақыт ішінде сіздің көкейге тоқығаныңыз не?
- Әнші тарих алдында жауапты тұлға. Әнді аялап, құрметпен қарамасаңыз ол сізден қашады. Әр әннің атасы бар. Ән – құдірет. Ол тазалықты, жан сұлулығын талап етеді. Адам жанына шипаны да жақсы әннен табады. Әр әнді әнші түсіне білсе, оған адал қызмет жасаса, сонда ғана тарихта қалады. Қазағыма еркелеп, сахнаның төрінде жүрген осы уақыт ішінде түйгенім мен ән үшін туған адамдаймын, ән үшін жаралғандаймын. Соны сезіндіріп тұрған Аллаға ризашылығымды білдіремін.
- Бауырыңыз ақын Қалқаман Саринмен шығармашылық байланысыңыз бар ма?
- Мен он балалы отбасында бойжетіп, өскен қызбын. Отбасымның барлығы өнерлі деп айтсам да болады. Әкеміздің шерткен домбыра үні мен анамыздың әлдиін тыңдап өскен менің есті де ескі әндерге деген қызығушылығым ертеден оянды. Ал нақты өнер жолына алып келген ағам бүгінде Қазақ ұлттық өнер университетінің халық әні кафедрасында дәріс беретін доцент Ербол Сарина. Ол кісімен бұрыннан шығармашылық байланыстамын. Ал кенжеміз Қалқаманмен Астанаға келгенннен бері бір-бірімізді жетелеп келеміз. Шығармашылықтарымызды қадағалап, кем-кетік тұстарын түзетіп отырамыз. Оның сөзіне жазылған бірнеше әндерім бар.
- Өнердегі жүлделеріңізді айтпағанда спортта да біраз жетістіктеріңіз бар екен.
- Ия жастайымнан спортқа ғашық жандардың бірімін. Кезінде қашықтыққа жүгіру мен шаңғы тебумен айналысқанмын. Тіпті осы спорт түрлерінен қол жеткізген жүлделерім де бар. Қазір де бос кезімде гимнастикамен шұғылданып тұрамын.
- Ал әдеби әлеммен қаншалықты таныссыз?
- Поэзия әлемін оқығанды жақсы көремін. Сүйікті ақыным Төлеген Айбергенов.
Мұрағаттан, 2015 ж