Дамир Буданбеков: «Қытайда қазақ жігіттерінің топ жарып жүргеніне қуанамын»

Oinet.kz 20-05-2019 1092

Screenshot_6.jpg        

Дамир Буданбеков, Қазақстан Республикасына  еңбек сіңірген жаттықтырушы:

Жақында Шымкент қаласында өткен  Қарақозы Әбдәлиевті еске алуға арналған халықаралық турнирге Қытай құрамасын Дамир Буданбеков бастап келді. Жарыстың алдында шымкенттік боксшылармен бірлескен жаттығу жиынын да өткізді. 

Бұл  келістің де өзіндік себебі бар. 16 қараша күні Қытайдың ішкі чемпионаты басталады. Бас бапкер осы жарыс алдында қазақ боксшыларымен тәжірибе алмасуды қолай көріпті.

Одан өзге, бізді тағы бір қызықтырғын жағдай – белгілі маманның Ирактан кетіп Қытайдан бір-ақ шыққаны еді.

Үрімшідегі бокстың дамуы, бокстың мәселелері жөнінде әңгімелестік. Қазақстанның бокстан ұлттық құрамасында табаны күректей бес жыл бас бапкер болған Дамир Бұлтбайұлы  сырт елде жүрсе де қазақ боксшыларының қадамын көзден таса етпейтінге ұқсайды.

«Дайындық жақсы өтіп жатыр. Жоғары спорт шеберлігі мектебінің, Орталық стадионның  залдары  бәрі көңілден шықты. Басшылар мамыр айында өткен біріншілікте іріктелген сегіз боксшының тағы да шамасын байқап көрмек. Чемпионаттың мақсаты сол. Мұнда 1-2 жекпе-жек өткізіп, ары қарай Үрімшіге жолға шығамыз» дейді есімі елге мәшһүр бапкер.

Елге ай сайын жарысқа келіп тұрады екен. Мамыр айында Атыраудағы жарысқа да шәкірттерін ерте келгенін айтты. 

 

«Үрімшіде бокстың негізін қалаушылардың бірімін»

– Үрімшіге қалай жолыңыз түсіп жүр аға?

–  Биыл наурыз айынан бері сондамын. Жергілікті бокс федерациясы басшылары шәкірттерді дайындасаңыз деп өтініш қылғаннан кейін, жоқ дей алмадым. Онда ересектер, жастар, жасөспірімдер командасына жауаптымын.

Шыңжаң- Ұйғыр автономиясы маған бөтен жер емес. 1990 жылы осы өңірдің боксшыларын дайындағанмын. Ұйғыр автономиясының бірінші чемпионатын да өткізген мен.  Сол кезде аса ауыр салмақта Әбдішүкір деген жігітті тәрбиеледік. 1992 жылдан кейін ол ұлттық құрамаға алынып, біршама жетістікке жетті. Қытайдың жеті дүркін жеңімпазы. Спартакиаданы да ұтты. 1998 жылы Әлем кубогында екінші орын алған. 1999 жылы қайтадан барғанымда Әбдірахман деген жігітті дайындадым. Ол Азия чемпионатының жеңімпазы. Бірақ Сидней ойындарында жолы болған жоқ.

Бейжің ойындарының және әлем біріншілігінің жүлдегері Қанат Ислам да менің шәкірттерімнің бірі. Ол екі жыл менің қоластымда жаттығып, жастар арасында чемпион болған. 

Қытайға қарай «жорықты» бастаған мен. Менен кейін Ғалым Кенжебаев, Нұрғали және Шамиль Сафиуллиндер  де қызмет етіп қайтты.

Қазір ол жердегі бапкерлердің бәрі менің оқушыларым. Бірі вице-президент, бірі бапкер дегендей. «Аға, көмектесіңіз» деп шақырғаннан кейін бардым. 

– Қанаттың ізін басар жігіттер бар ма екен?

– Дарынды боксшылар көп. Көбісі он сегіз, он тоғыз жастағы жігіттер. Қанаттың ізін басар жасөспірімдердің талабын көріп, қуанамын. Азия чемпионы, екі рет Олимпиадаға қатысқан Мәмет Тұрсын әлі де құраманы өрге сүйреп жүр. Олардың әсте босаңсуына жол жоқ, артында біршоғыр жас тұрғанда. Айбын Қанат, Серік Төлеутай, Тоқтарбек, Ердәулет деген жігіттер бар. Айбын биыл 23 жасқа дейінгі Қытайдың чемпионатында жеңімпаз  атанды. Әрбірінің де болашағы зор. Әрі қарай дамуы өздеріне байланысты. Қанаттай болғылары келсе, ерінбей тер төгу керек. Әбдісәмет, Қайсар, Әбдірейім деген ұйғыр жігіттер де сенімнен шығып жүр.

Санкт-Петербургте өткен жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігіне біздің өңірден 5 бала қатысты. Оның екеуі қазақ. Менің ең бірінші айтарым мынау: Бапкердің көзі өткір болуы керек. Қайсы бала Олимпиадаға баруы мүмкін? Дарындарды іздеп табу мәселесі жолға қойылса...

Тұнық деген бұрымдымыз таяуда Талдықорғанда өткен жастар арасындағы Жетісу кубогында жүлде алды. Сондай боксшылар бар.

Ең бастысы, база бар. Құрама командалар жыл бойы сонда жатып жаттығады. Үйіне алты, жеті айда бір барады. Біздегі интернат сияқты ғой. Бәрі бір жерде жатады. Енді оларға тек еңбек ету қалып тұр.

Ирактан не үшін кеттіңіз?

– Онда үш жарым жыл жұмыс істеппін. Жастар арасындағы Азия біріншілігінен жүлде иелендік. Он жылдан бері Ирак жігіттері оған жете алмай жүрген. Араб ойындарында алтын, күміс, қола медальдарды да алып бердім. Олимпиада сияқты өздерінің төрт жылда бір келетін ойындары бұл. Сол олқылықтың орнын түзедік.

Бастапқыда мені жібергілері келмейтін сыңай танытқан. Тағы төрт жыл қалып, істеңіз деген өтінішін де айтты. Саяси жағдай ушығып кеткеннен кейін, тұрақтап қала алмадым. Спорттық кешендерге бұрынғыдай қаржы бөлінбейді. Сондай мәселелер ғой. Бөтен жер болғандықтан бір жағы шаршайсың.

Қазір онда өзімнің шәкіртім Болат Ниязымбетов жұмыс істеп жатыр. «Бапкер тауып берсеңіз» деп сұрағаннан кейін соны ұсындым. Ол Түркияда да бапкерлік жұмыс атқарған, тәжірибесі бар. Таиландта өткен Азия біріншілігінде оның шәкірті үшінші орын алды. Талантты жігіттер әр жерден табылады. Тек бапкерлер солардың көзін ашып, иінін қандыра білсе...

 

«Барлық провинцияда бокс дамып жатыр»

– Ол жақта түрлі ұлт өкілдері тұрады. Тіл жағынан қиындық жоқ па?

– Қытайдың жері демесеңіз, ол жерде ұйғырлар мен қазақтар көп. Ұйғырлар да түркі тілдес халық, түсінбей қайда барамыз? Ұйғыр бапкерлерінің арасында орысша білетіндері бар. Ал қытай бапкерлерімен ұйғырша сөйлесемін. 

Иракта жанымда бір жылдай аудармашылар жүретін. Бір жылдан кейін үйреніп, түсіне бастадық. Сол сияқты ғой.

Өзіме барлық жағдайды жасап қойды. Спорт комитеті қызметкерлеріне арнап жаңа ғимарат соққан. Залдың қасында - 100 метр жерде. Басшылар, бапкерлермен бірге мен де  сол жерде тұрамын.

Қытай құрамасы Рио – де –Жанейро ойындарына қандай мақсат қойып отыр?

– Білесіздер, Қытайда барлық спорттың дамуы қарқынды. Боксқа да көзқарас оң. Ол жақта жоғары спорт шеберлігі мектебі деген жоқ. Бәрі клуб, интернаттар. Спортшыларының дені интернат, клубта жаттығады. Олар алты ай бойы сол жерден шықпайды. Түске дейін сабақ, түстен кейін жаттығу деген жоқ оларда. Міне, содан кейін дамымай қайтсін! Заманауи спорт кешендері соғылып жатыр.  Ғылым дамып кеткен.  Шетелдің бәрінде солай.

Мен сізге мынаны айтайын. Кезінде Қытай үкіметі шетелден бапкер алдыруды қош көрмейтін. Қазір қайтадан әкеліп жатыр. Былтыр Азия ойындарында, биыл Азия чемпионатында қытай боксшыларына алтын бұйырған жоқ. Бейжің ойындарына дейін тәуір нәтиже көрсетіп еді.  Одан бері деңгейлері төмендеп кетті. Бірақ ешкім «құлдырады, бітті» деп жатқан жоқ. Олар келешектен үмітті. Қазіргі жағдайда Қытай құрамасы Риода әйтеуір бір жүлдеге ілінсек деп отыр.

Барлық провинцияда да бәсекенің шоғы ыстық. Қытайды ұтудың өзі қиын қазір. Ал спортшыларды қолдау да өз алдына бөлек. Қазіргі заманда ақша бермесең кім жұмыс істеуші еді? Әр провинция шамаларына қарай қолдайды ғой.

Әсіресе, Қытайда төрт жылда бір өтетін Спартакиаданы ұтқанға көп олжа береді. Азияны ұтсаң саған пәтер бермеуі мүмкін. Ал Спартакиаданы ұтсаң саған пәтер де беріледі, қаржылай сыйға да көмілесің. 

 

«Бірде өрлейсің, бірде құлдырайсың»

– Катарда өткен әлем чемпионатында қазақ боксшылары екі күміс олжалады.  Жалпы,  қазақ боксшыларының өнерін  бақылап отырасыз ба?

– Негізінен, жартылай финал және финалдық айқастарды көрудің ғана сәті түсті. Іссапарда жүргендіктен, іріктеу кезеңдерін көре алмадық. Дычко мен Елеусінов финалға шыққанда екеуі де алтын алады деп ойлап едім. Бірақ, финалда екеуіне не болғанын түсінбей қалдым. Оның себептері көп. Бапкерлер талдап берер.

Негізінен, көпшілік бапкерлерге кінә артқыш. «Дұрыс дайындамады» дейді. Неге? Біз оларды жарысқа дайындап әкелеміз. Біз оған дейін бәрін істедік. Ал рингте олар істеуі керек. Жүйке жүйесі әлсіз болса, психологиялық тұрғыдан дайын болмай ұтылса, біз оған кінәлі емеспіз. Өйткені, біз шаршы алаңға кіре алмаймыз.

Жүйке жүйесі нашарлардың арасында үшінші раундқа дейін шыдай алмайтындар бар. Оған да қарау керек. Біреулер үш раунд бойы жақсы бокстасып береді. Ал біреулер шаршап қалып жатады. Ол психологиядан.

Құдай қаласа жігіттер әлі-ақ алтын алады. Қазақ боксы ешқашан өз биігінен түспек емес. Әр Олимпиадада чемпион әкеліп жатырмыз ғой. Олимпиадада жақсы нәтиже көрсетеріне сенемін.

Әрине, жігіттердің шама-шарқын, әлеуеттерін байқап жүремін. Өзім де бас бапкер болдым. Оның алдында жасөспірімдерді баптадым. Өмір бойы осы соқпақпен келе жатырмыз ғой. Бапкер болғаныма отыз алты жыл болыпты.

Одан кейін, қазір бокс түсініксіз болып қалды. Былай қарап отырсаң, біреуі жеңіп жатса да, басқаға беріп қояды. Қазылар әділетті болу керек. Қанша бапкер жұмыс істеп жатыр. Өзің білесің, әлем чемпионатына бару үшін қанша қаражат шығындалады, қанша жүйке тозады. Соны дайындап барады, қазылардың кесірінен сүрініп жатасың. Бұл - әділетсіздік! Кім жеңді  жеңісті соған беру керек. Сонда ешкім де «спорт әділетсіз» деп айтпас еді.

Бір аңғарғаным, соңғы он жылдан бері әлем чемпионаты өте жақсы ұйымдастырылып жүр. Катар - бай мемлекет. Оларда заманауи спорт кешендері көп. Мен өзім онда екі рет болғанмын. Өздерінің боксшылары жоқ болса да, олар әлем біріншілігін өткізді.

– Қай елдер жақсы бокс көрсетті?

– Кейінгі жылдары  Еуропада бокстың деңгейі түсіп кетіпті. Тек бұрынғы Кеңес одағы елдері ғана нәтиже көрсетіп жүр. Польша, Венгрия, Болгарияның кезінде атағы қалай дүрілдеді?! Италия, Германиядан қарымды жігіттер шығып жататын.

Еуропаға қарағанда Азия, Латын Америкасы боксшыларында жаңа леп бар. Бразилия, Доминикан, Пуэрто-Рико секілді, Солтүстік Африкадан Алжир, Марокко, Тунистен де мықты боксшылар бой көрсетті.

Қазақстанда да солай ғой. Бірде көтеріледі, бірде құлдырайды. Оны көпшілік қате түсінеді. Бір сәтсіздік болса бәрін біттіге санаймыз. 2009 жылғы сәтсіздікте де бапкерлерді кінәлап шықты. Олимпиададан кейін жастар келеді. Оларды тәрбиелеу керек. Бір-екі жыл төмендер. Бірақ қайта көтеріледі ғой. Өмір сондай. Ертең басқа жігіттер шығады.

Сұхбаттасқан  Тағабай  ҚАСЫМ

«Рейтинг» газеті, №44, 12 қараша 2015 жыл

Үсен Асқаров, журналист: «Гайд паркте қазақша сөйлегенімді мәртебе санаймын»
Абылайхан Жүсіпов: «Жеңісті жолым Шымкенттен басталған»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу