Құрал Көмек, ақын: «Енді оянған рухымыз қайта қалғып кетпеу керек»
- Сәуірдің 14-25 аралығында Түркияның Стамбул қаласында Дүние түріктерінің ақпараттық IV медиа форумы өтті. Осы алқалы жиынға халықаралық Физули сыйлығының лауреаты Сіз де қатысып қайттыңыз. Жиыннан алған әсеріңізбен бөліссеңіз.
- Өз басым өте жақсы әсермен оралдым. Форумға әлемнің 60-қа жуық мемлекетінен өкілдер қатысты. Ауқымды форумның ақылдастар алқасында қандастарымыз Олжас Сүлейменов пен академик Ғарифолла Есімнің бар екенін білгенде бір жағынан қуандым, бір жағынан мақтаныш сезім болды. Мен осы үлкен жиында сөз алып, Елбасымыздың Жолдауындағы «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» бағдарламасын Қазақстанға ғана емес бүкіл түркі халықтарына ортақ идеяға айналдыру керектігі жөніндегі ұсынысымды жеткіздім. Мұны форумға қатысушылар өте жақсы қабылдады. Екінші ұсынғаным - өзімнің авторлық «Дүние түріктерінің маршы» болды. Мұны 2013 жылы Стамбул қаласында жүріп жазғанмын. Соны іс жүзіне асыру мүмкіндігі осы жолы туған секілді. Бұл маршқа Башқұртстанның композиторлар одағының төрағасы Нұр Даутов деген азамат ән жазыпты. Бірақ, мұны ән етіп жазуға үлгермедік. Бұл жайында Түркия жастары алдын ала хабардар болып, ғаламтор арқылы «атажұртымыздың әні» деп таратып үлгеріпті.
Түрік ағайындарда «Қызыл алма» сыйлығын ұсыну дәстүрі бар екен. Ол түркі халықтарының бірлігіне, ынтымағына қызмет еткен, еңбек сіңірген азаматтарға берілетін сыйлық. Қазақстаннан Иманғали Тасмағамбетов, Түрік Академиясының қазіргі басшысы Дархан Қыдырәлі алды. Әлемдегі түркі халықтарының басын біріктіретін осы жиынның арқасында осы кезге дейін атын естімеген ұлттардың бар екенін білдім. Олармен түпкі тамырымыз бір болғанымен, жан-жаққа құмалақша шашырап кеткен екенбіз. Олармен сыр бөлістік, пікір алмастық, достасып та үлгердік. Бір-бірімізді түсінісу онша қиынға соқпады. Тіліміздің бір-біріне соншалықты ұқсастығы арамызда шекараның жоқтығын паш еткендей болды. Мәселен, гагауыздармен, якуттармен оңай түсіністік, башқұрттармен, ноғайлармен де тілімізде айтарлықтай айырмашылық жоқ екен. Бір кезде іргелі ел болған Ноғай хандығынан бүгінде 130 мыңдай ғана ұрпақ қалғаны қандай аянышты жағдай. Олардың соры болған күншілдік пен рушылдық. Осындайда қандай қиын заманды бастан өткерсе де бірлігін сақтап, рухы жығылмаған қазақ халқы бақытты деп ойладым. Дархандай даламыз, сұлу табиғатымыз, жер асты байлығымыз, ең бастысы ана тіліміз бен тәуелсіздік туы желбіреген іргелі мемлекетіміз бар.
- Форумда күн тәртібіне көтерілген негізгі тақырып қандай болды?
- Байқап отырсам, түркі халықтарында шешімін күткен мәселелер шаш етектен екен. Дегенмен, күн тәртібіне көтерілген ең басты тақырыптың бірі – дүние түріктерінің ортақ мүддесі қашан қалыптасады дегенге саяды. Кезінде Кеңес өкіметі түркі халықтарын әдейі бөлшектеп, тілінен, ғарпінен, тарихынан алшақтату саясатын жүргізді. Мысалы, біз Өзбекстан тарихын оқыған жоқпыз, олар біздікін дегендей.
Форумға ғалым, түркітанушы Аманқос Мектептегі де арнайы шақыртылыпты. Оның руникалық жазу тақырыбындағы ғылыми зерттеулері, ұсыныс-пікірлері керемет ұнады. Ол «егер біз руникалық жазуды түбегейлі қолға алып, қайта тірілтетін болсақ, онда ағылшынның алдына түсіп кетеміз» деген болжамын айтты. Ежелгі руникалық жазуымыздан айрылуымыз бізді түпкі тарихымыздан ажыртқан. Ал, іргеміздегі Қытай өзінің төл жазбасын сақтап қалған. Израиль де өз жазуынан айнып көрмеген. Сол себепті де олар ешуақытта өзінің түп-тамырынан ажырамаған.
Жалпы алғанда түркі жұрты Түркия мемлекетінің қамқорлығын ұмытпауымыз керек. Монғолиядағы Күлтегінді бірінші барып жөндегендер түріктер. Түркістанға да көп жәрдем беріп жатыр. Ататүріктің 1937 жылы «Бір кездері Кеңес үкіметі құлайды. Сол кезде біз сол елдің қол астындағы түркі мемлекеттеріне қалай жәрдем беру керектігін қазірден бастап ойлануымыз керек» деп көрегендікпен айтқан керемет сөзі бар. Түріктер сол сөзінде тұрды, біздің тәуелсіздігімізді ең алғаш болып солар мойындады. «Жалғыздың үні шықпас, жаяудың шаңғы шықпас» демекші, егер келешекте Түркі мемлекеттері бас біріктірер болса, ортақ әліпбиге көшсек, Алтайдан Мажар еліне дейінгі аралықты алып жатқан алыпқа айналған болар едік.
- Сіздің «Дүние түріктерінің маршын» форумға қатысушылар қалай қабылдады?
- «Дүние түріктерінің маршының» «Қол ұстас Самарқан, Түркістан, Астана Анкара туысқан. Бішкегім, Бакуым Ашхабад, Шығарма достықты уыстан» деген бір шумағын оқып бергенімде барлығы риза болды. Марш қазақшадан түрікшеге аударылыпты. Ән де жазылған. Алдағы уақытта түркі халықтары иық тіресіп тұрып, осы маршты қосыла шырқайтын болса, тамаша емес пе? Көп қорқытады, терең батырады. Бірлігіміз бүгінгіден де нығайатын болса ешкімге жем болмаймыз. Сонда үлкен қуатқа айналып, жанымыздағы алып мемлекеттер ойланып қалады. Жириновскийдің Парламентте тұрып «Надо опосатся обьединение тюркских диаспор» деп айтқанын өз құлағыммен естігенмін. Ол бір кездері Түрік Қағанатының алып мемлекет болғанын біледі. Бізге бұл мәселені жиі-жиі қозғап, сананы ояту керек. Осман империясы ешуақытта бодандықта болмаған. Құлдық психологиядан ада. Ататүріктің «Менің қорғаныс ұям – түріктің кеудесі, сондықтан оны ешкімге бастырмаймын» деген сөзі бүкіл түрік халқының рухын көтереді. Әңгіме рухта, тәуелсіздіктің өзі де рух, екеуі бір ұғым. Рух болмағанда тәуелсіздікті де ала алмас едік. Енді оянған рухымыз қайта қалғып кетпеу керек. Қалғып кетер болса келешек ұрпақ бізді кешірмейді.
- Көкейіңізді не мазалайды?
- Түрік ағайындардың атажұрттың ауасын бір жұтайыншы, топырағын басайыншы, жерін иіскейінші деп аңсары ауып келгенде біздегі кейбір келеңсіз көріністерді көргенде қынжылатыным рас. Мысалы, 2010 жылы Түркиядан арнайы делегат келді. Оларды сансыз баптар мекені – Сайрамға, ондағы мұражайға апардық. Сол жерде өте бір келеңсіз жайттың куәсі болдық. Қонақтардың алдында мұражайды таныстырушы қызметкер орысша сөйлеп кетті. Ұяттан кірерге тесік таппай қалдық. Кеудемізді намыс қысып, ыңғайсыз жағдайда қалдық. Сөйттік де дәл сол жерде оның қазақша сөйлеуін талап еттік. Ол қазақша білмейтінін айтты. Онда бұл жерде жұмыс істеуге құқы жоқ екенін қатаң ескерттік. Сенесіз бе, сенбейсіз бе, қазақша білмеймін деп тұрған әлгі әйел он минуттан кейін қазақша сайрап кетті. Сөйтсек, ол сөйлей алмайды емес, сөйлегісі келмейді екен. Бұдан қандай қорытынды шығады, демек, біз әрқайсымыз, әсіресе, ұлттық мәселеде барынша талапшыл болуымыз қажет. Көп нәрсе талап етуден басталады. Кезінде бізге де қатаң талап қойылды, мәжбүрледі. Біз де сөйтуіміз керек.
Әңгімелескен Шадияр МОЛДАБЕК.
Мұрағаттан, 14.05.2015 ж