Нұрлыбек Жұбатқан: «Әрбір күнім кино сияқты»

Oinet.kz 24-04-2019 1289

Screenshot_9.jpg

-Маған студент атану бақыты 1990 жылы бұйырған. 1986 жылы Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Жылтыр ауылындағы орта мектепті аяқтаған соң екі жыл әскери борышымды өтеп келдім. Содан кейін Әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдение институтына түсіп,  1995 жылы, мәдени-ағарту факультетінің  театр мамандығы бойынша бітіріп шықтым. Ата-анам оқуға түсердің алдында медицина мамандығында оқуымды үгіттеген болатын.  Олар  «қартайғанда дәрігерге жалынып жүреміз бе? Өзіміздің үйде бір дәрігер болсын»  деген болуы керек. Үлкендердің сөзінен асып кете алмай, медицина факультетіне құжат тапсырып едім. Алайда ақ халат кию маңдайыма жазылмапты. Емтиханнан өте алмай құладым. Іштей бұл сәтсіздікке қуанып тұрмын. Себебі  өнерге бала күнімнен жақын болған соң мәдениет саласындағы мамандыққа түскім келді. Оқуда жолым болмаған соң ауылда құрылыста істеп жүрдім. Бір күні газеттен «Таланттарды оқуға шақырамыз» деген жарнаманы көзім шалып қалды. Ішке тұныққан арманыма қол жеткізер сәтті құр жіберіп алмайын дедім де, дереу құрылыс бастығынан оқуға баруға сұрандым. Ол өтінішімді аяқ асты етпей, рұқсатын берді. Сөйтіп Ақтөбеден Алматы қаласына бір вагон талапкер аттанып кете бардық. Ару қалаға түсе салып Ж. Елебеков атындағы эстрадалық- цирк техникумына құжат тапсыруға бардым. Қырсық қылғанда техникум талапкерлерді екі жылда бір қабылдайды екен. Маған бір апай «әртіс болғың келсе келесі жылы келерсің» – деді. Содан салым суға кетіп, кері жүретін пойызға отырдым. 

Пойызда Ақтөбеден бірге мінген  Қорлан Бөлеков ағайыммен аздап шүйіркелесіп қалдым. Жағдайымды айтқан соң ол Шымкенттегі мәдениет институтына  құжат тапсыруыма кеңес берді. Мен бұл ұсынысқа қарсылық білдіріп едім, ағайым ақыры  көндіріп, таң алдында Шымкент теміржол вокзалына түсіріп кетті. № 20-шы маршуртты таксиге отырып, институтқа келдім. Құжаттарымды тапсырдым. Құдай сәтін салып, емтиханның бәрін беске тапсырып шықтым.  

           Институтта ешқандай  пән мен үшін қиындық тудырған жоқ.  Мектепте оқып жүргенде химия пәнінен қиналушы едім. Тапсырманы орындамай, сұраққа жауап бере алмай қалсаң  ағай ылғи жұдырығымен басымыздан нұқып қалатын. Бір күні басыма сыздауық шықты. Сабақ үстінде басым солқылдап ауырып қояр емес. Әдеттегідей химия сабағында тақтаға шықтым. Сұраққа жауап бере алмай мінгірлеп тұр едім, ағайым жұдырығымен төбемнен қойып қалды. Сол сәтте шыдатпағыр сыздауық бырт етіп жарыла кетпесі бар ма. Шошып кеткен ағай  әке-шешеңе, директорға «айтпашы» деп жалынды. Не керек, сыздауықтың арқасында  ол кісі оқушыларды басынан ұрмайтын болды.

      Мен студент болған 90-шы жылдары қиын уақыт еді. Киім-кешек, азық-түлік тапшы кезең. Сол заманның жастары да бұзық болды ма қайдам,  жатақханамызда күн сайын төбелес болатын.  Есік, терезелер де жиі сынатын. Институтта  қыздар көп оқитын болғандықтан, жатахананы күндіз-түні күйеу жігіттер аңдып жүретін. Шынымды айтсам, Шымкентте ешкім жағамды жыртып, көзімді көгертпепті. Қазір қайдам, бір жағынан ол кезде студенттер әскерде болған жігіттерді қатты сыйлайтын.  Әскерде жүрген кезде де ешкімнен таяқ жемеппін. Қайраттылығымнан емес, ортаға үйренісіп, адаммен тіл табысып кететіндігімнен шығар. Негізі денеңе таяқ тиген түк емес, уақытша көгеріп жазылып кетеді. Сөзден таяқ жеген жаман. Одан өмір бойы денеңде жазылмайтын дақ қалады.

          Театр бөліміне әр облыстан 25 студент қабылдандық. Курс жетекшісі Бақтыкерім Тоғаев деген ағай болатын. Өте керемет кісі. Бірақ, бес жылда 10 адам ғана бітіріп шықтық. Өйткені, өмірде жар таңдау мен мамандық таңдаудан қателесіп жататындар көп. Мен Б.Майлиннің «Күлпаш» атты әнгімесінен қысқаша сахналық қойылым жасадым. Дипломдық жұмысымды «жақсы» деген бағамен қорғап шықтым.   Әлі күнге дейін үйде бейнежазбасы бар. Сақтап қойдым.

           Студент кезде талай қызық бастан өтті ғой. Менің әлі күнге дейін аңқаулығым басым. Екінші курста оқып жүргенде қасымдағы бір досыммен тойға бардым. Тойдың ортасында бір келіншек үйінен бір зат алып келуге өтініш жасады. Қарсы болғам жоқ, бірге еріп бардым. Үйге кірген бойда есіктің замогы бұзылып ашылмай қалды. Содан екі сағат әурелеп аша алмадық. Ол кезде ұялы телефон жоқ. Үйдің телефоны да істемейді. Терезеден шығайын десем 7-ші қабатта тұрмыз. Күздің қара суығы. Екеуіміз бір-бірімізге қарап отырмыз. Менің ойым тойдан жолдасы келсе не ойлайды?... Мен де, ол да қысылып барамыз. Тойдың аяқталатын уақыты болды. Үйге тойдан ешкім қайтпады. Таң атты. Сабақ жөніне қалды. Мен болсам біреудің үйінде отырмын. Кеш болды әлі жан адам жоқ. Әлгі келіншек ас үйде бірдеңе жасап жүріп судың кранын байқамай жұлып алыпты. Есіктің ашылмайтыны аздай енді үйдің ішін су ала бастады. Жарты сағат алысып суды әрең тоқтаттық. Үсті-басым малмандай су болды. Шешініп кептіруге тура келді. Осы кезде есікті біреу қақты. Сүйтсем, осы үйдің қожайыны екен. Шошып кеттім. Талай адамдар әйелін қызғанып өлтіріп жатыр ғой. Басыма не бір жаман ойлар келді. Келіншек есіктің іштен ашылмай қалғанын айтып, айқайлап жатыр. Мен болсам қорқып қалтырып тұрмын. Бірақ, түк жазығым жоқ. Күйеуі сырттан адамдар шақырып есікті ашты. Қорықтым ба, әлде  ұялдым ба, мен төргі бөлменің ішінен жауып ашпай қойдым. Енді олар айқайлап есікті ұрып жатыр. Ақыры не керек есікті ашып, көзімді жұмып, бетіме тиетін дәу жұдырықты күтіп тұр ем, олай  болмады. Қайта ол кісі неге екенін білмеймін басымнан сипады. Мүмкін, келіншегін қатты сыйлайтын, сенетін адам шығар. Ол да тойда ішіңкіреп жүріп, досының үйіне барып, ұйықтап қалыпты. Әйтеуір, отбасының екі мүшесі өзара келісімге келді. Мен сол күні киімдерім кеуіп болмай тағы сол үйге қонып қалдым. Қасымдағы жігіттер қорқып екі күн бойы мені іздеп таба алмай, құқық қорғау бөліміне арыз дайындап қойған екен. Осы оқиғаны кейде кино етіп те түсіргім келеді. Негізі менің әр күнім кино сияқты..

         Адамның өміріндегі қай кезеңі де жақсы ғой. Бірақ, Шымкент қаласындағы студенттік кездерім ұмтылар емес. Қала өте әдемі. Группаластарыммен тауға, қырға қыдырғандарымыз әлі есімде ғой. Егер уақыт кері айналып, маған қайта студент болу мүмкіндігі туып жатса, манағы келіншекпен үйіне бармас едім. 

Жазып алған Айнұр Оңғарбай, 

Мұрағаттан 04.05.2015 ж

Құрал Көмек, ақын: «Енді оянған рухымыз қайта қалғып кетпеу керек»
Әмірхан Балқыбек: «Әкемнің арман-мұраты іске аспағанына өкінемін»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу