Әмірхан Балқыбек: «Әкемнің арман-мұраты іске аспағанына өкінемін»

Oinet.kz 24-04-2019 1443

bc8a0b5073d4caa3e944a3304a6b687e.jpg

Ақын, әдебиеттанушы, зерттеуші Әмірхан Балқыбектің арамыздан кеткеніне де жылдан асыпты. Мамыр айының 19 күні туған күні де өтті. О дүниелік болған қаламгерлермен өз мұрасы негізінде сұхбат ұйымдастыру үрдісі бұрыннан бар. Біз осы дәстүрді ұстана отырып, ақынның жақында «Дәстүр» баспасынан жарық көрген «Ақын апологиясы» кітабы бойынша сұрақ-жауап түзіп көрген едік.

Есей Жеңісұлы: Әбеке, сіздің әдебиет әлеміне келуіңізге атаңыздың, әкеңіздің ықпалы зор болды деседі. Осы жайттың басын ашып айтып беріңізші.

Әмірхан Балқыбек: Тілім бертінге дейін, жасым төрт-беске келгенше шықпай жүріпті. Секпіл бет немересіне пейілі ынты-шынтысымен құлаған қасиетіңнен айналайын сары атам сонда ырымдап итаяқтан су ішкізген көрінеді. Балалық шақтың осы бір әсерлі сәті кейін өлеңге айналған. Жырлауға өзге тақырып таппағандай, ақынның балалық шағында итаяқтан су ішкендігін өлең қылып жатуы бүгінгі күн ой-сарасымен қарағанда күлкілі көрінуі мүмкін, бірақ жан-дүниесі, жүріс-тұрысы ырым мен нанымнан тұратын бағзы көшпелі үшін бұл ешқандай да бүйректен сирақ шығарар оғаш қылық емес-ті. Маған, бүгінгі қалалыққа, тіл қадірі, сөз киесіне жарық дүниеде дәл көшпелі түркілердей жауапкершілікпен қараған халық арғы-бергі тарихта болмағандай сезіледі. Ақын сөз ойнатуды ғана емес, әрбір сөздің ішкі мәні мен тарихи мазмұнын да білуге тиіс. 

Мен он екі-он үште едім. Жан әкем қасымда болатын. Жұлдыздар жайында басталған әңгімеміз ақырындап сөз өнеріне ойысқан. 

Балам, – деді әкем, – мен осынша қыруар дүниені бекерден-бекер жинап жатқан жоқпын. Бір арманым бар. Саған анасының Оноре Бальзагына жасаған жағдайынан да артық жағдай жасасам (анасы Бальзакқа бірнеше жыл демеуші болған), әдебиетпен еркін айналысуыңа мүмкіндік берсем деймін. Жиырма бес пен отыз бестің арасында, он жыл бойы ештеңеден таршылық көрмейтін боласың, ал осы уақытта ештеңе шығара алмаса, өзіңнен көр. 

Иә, ол кезде әкемнің маған тек он жыл емес, жиырма жылға болса да демеуші болуға қаржылық мүмкіндігі бар еді. Рас, ғұмыр бойы жиған дүниесі кеңес одағы ыдыраған алмағайып тұста мардымсыз ғана тиын-тебенге айналып қалғаны болмаса. Әкем екеуміз Бальзак пен анасы туралы сол бір әңгімеге содан кейін, мен жиырма беске толғанда да, екі он бесті түгендегенде де қайта айналып соққан жоқпыз. Бірақ мен үшін әкемнің сондай арманының болғанының өзі де зор демеу, үлкен мақтаныш еді. Ең бастысы, мен әкемнің өзге әкелерге ұқсамайтынын білетінмін-ді. Маған сол да жететін. Өкінсем тек бір-ақ нәрсеге, әкемнің Бальзактан да мықты, Бальзактан да қарымды қаламгерді тәрбиелеп шығарамын деген арман-мұратының іске аспағанына ғана өкінемін. 

Әкем кітапқұмар адам. Содан болар, біздің үйдің кітапханасын ауылдық жердегі бір отбасы үшін үп-үлкен, қоры мол кітапхана деп айтуға әбден болатын секілді. Әрине, салыстырмалы түрде алғанда. Әкемнің жинағаны, негізінен, қазақша, өзбекше кітаптар. Омар Хайям рубаиларының үш тілдегі жинағы да осы кітапхананың сөресінен орын тепкен. Тіпті, ара-тұра кім әкелгені белгісіз, урду-хинди тілдеріндегі кітаптар да кездесіп қалатыны бар. Кейде «қарапайым диқанға осының бәрі неге керек болды екен?» деген де ойға қаласың. Асылы, бізден, балаларынан үміт күткен болса керек. 

Есей Жеңісұлы: Дегенмен сөз өнеріне ынтықтығыңыз әкеңіздің ықпалынан ғана емес, арғы-бергі қазақтың да сөзді сыйлағанынан, сөйте тұра, сөз ұстаған жандарды онша қадірлей қоймағандығынан да шығар...

Әмірхан Балқыбек: Мен өзімнің Махамбеттің басын алған, Абайды соққыға жыққан халықтың өкілі екенімді жақсы білемін. Ақан серідей жаны сұлу перзентін ғұмырының соңында жалғыздықтың арқанымен байлап, Біржан салдай саңлақ ұлын білегінен қыл бұраумен шандыған да менің халқым болатын. Асылы, бізге ақынға деген көзқарасты көне гректерден үйрену керек-ау. Олар Гомерді, оның қиялын ғана мойындап қойған жоқ, кейіпкерлерін де мойындады. Көне грек ақындары он екі ерлік жасап, тағдырдың талқысынан сүрінбей өткен Гераклдай ажалды пендеге Құдайлардың санатынан ойып орын алып берді. Ешбір грек өз ақындарына «бұларың қате ғой, бұларың күпіршілік қой» деген жоқ. Ал бізде ше? Бір ақынның жан дүниесін, онда болып жатқан ізденіс-тербелістерін түйсіне, түсіне аламыз ба? «Әр адам – бір әлем». 

Құдайдың бір аты ар болса, әдебиет – сол ардың ісі. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп ұлы Абай айтқанымен, Құдайдың жердегі шаруасымен екінің бірінің айналыса беруге құқысы жоқ. Ішкі дайындығы, рухы да жетпейді. О бастағы көтерер туы Аспани болғанымен, поэзия және Ақын саясаттан, қоғамның өмірінен, ортаның әсерінен ешқашан бейтарап қала алмақ емес. Әттең, біздің қазақы түсінігімізге адамды, оның жан дүниесін зерттеудің психоанализдік әдістері әлі сіңісе қойған жоқ. Болмаса, аты дардай талай әдебиетші ағаларымыздың сырты бүтін, іші түтін жан дүниесін жалаңаштап беруге болар еді. 

Есей Жеңісұлы: Қаталдау айтып отырған жоқсыз ба?

Әмірхан Балқыбек: Жалпы, қазақ әдебиетінде шу шығарып, оқырман сүйіспеншілігіне бөленген шығармалардың дені – желісін халқымыздың өткен тарихынан тартатын шығармалар. Өткенді жазған дұрыс шығар, бірақ сол өткеніміз бүгінгі күнмен жең ұшынан жалғасып тұруы тиістігін жазушыларымыз жадынан шығарып алды. Болмаса, кешегі даланы жазып жүріп, бүгінгі қалада сол қазағына мола қазылып жатқандығын іштей сезбеді емес, сезді. Әдебиет – рухани майдан алаңы. Рухың мықты болмаса, тәнің, жан-жүйкең таяқ жейді. Бұл жағынан алғанда әдебиетші де спортшы секілді, жақсы көрсеткіш байқатуға тырысады. Бірақ спортшыға жақсы көрсеткіш байқатамын деп тәнге есірткі егу қаншалықты зиян болса, әдебиетшіге де жалған еліктеу-солықтаудың тиімсіздігі соншалықты айқын. Біздің кейбір жазушымыз адамзатқа, қала берді, өз халқына берер ешқандай идеясы болмаса да, әдебиет деген киенің жағасына жармасуын әлі қояр емес. 

Есей Жеңісұлы: Дегенмен тым үмітсіздік таныта беру де дұрыс емес қой...

Әмірхан Балқыбек: Жиырмасыншы ғасырдағы ұлы қазақ ақыны Жұмекен Нәжімеденов жыр жинағын «Менің топырағым» деп атады. Өмірден топырағының тілеуін тілеп өтті. Еш күмән жоқ, топырағымыз аман болса, топырағының тілеуін тілеп, тынысын жырлап өтетін әлі талай-талай талантты табиғи ақындарды дүниеге келтіреді.

Біз әдебиетке енді-енді келіп жатқан жастарды мақтауға, тіпті мадақтауға дағдыланып бара жатқандаймыз. Бүгінгі поэзия өсіп кетті деп ауыз толтыра айтамыз, бірақ қалай өскенін таратып айтып жатқанымыз және шамалы. Есесіне, әдебиетті ен жайлау қылуға ынтық боркемік жастар қаптаулы. Асылы, оңды-солды үлестіре беретіндей емес, жастарға «аванс» берудің де белгілі бір шегі болса керек-ті. Біз жастарымызды орынсыз мақтау арқылы поэзиямыздың болашаққа тартар тамырына балта шауып жатқан жоқпыз ба? 

Қазіргі ақындар істің емес, құр сөздің ақындары болып бара жатқан секілді. Білеміз ғой, Расул айтатын тәмсілдегідей, имам Шәміл секілді біреу шығып, бір сығып алса, көбісінің өлеңді қойып кететіндігі де анық. Сілкілеп алатын адам жоқ, сөз тегін болған соң осылай жөн-жосықсыз сайрайды келіп.  

Есей Жеңісұлы: Ал оқырман ше? Қаламгерге жоғары талап қояды екенбіз, оқырман да сол талапқа сай болуға тиіс мес пе?

Әмірхан Балқыбек: Қазақ жазушысы өзіне Кеңес үкіметі тұсындағы жетпіс жылда салауатты оқырман дайындай алмады. Қазақ кітапқұмарлығы стихиялық ыңғайдағы баянсыз кітапқұмарлық болып шықты. Бәлкім, науқаншылдық сипаттағы кітапқұмарлық еді десек те қателеспейтін шығармыз. Меніңше, оқырман азайған жоқ. Сүзгіден, дәлірек айтқанда, ауытқымалы сандық көрсеткіштен тұрақты сапалық деңгейге өтіп жатыр. Кешегі кеңес дәуірінде кітап бір қабырғаны тұтас алып тұратын пұтқа айналып кете жаздып еді. Қазіргі оқырман ондай асырасілтеушіліктен ада, есесіне сұранысы да шынайы. 

Есей Жеңісұлы: Көшім хан туралы үлкен дүние жазуға талаптанып жүргеніңізді құлағымыз шалып еді...

Әмірхан Балқыбек: Иә, мақаланың шырайын келтіру үшін бірде сондай бір ойды сөз арасына қыстырып жібергенім бар-ды. Маған Көшім хан зеңбірек пен мылтыққа қарсы жалаң қылышпен шапқан байырғы үндістердің көсемі секілді көрінеді. Мұхиттың арғы жағындағы құрлықтан, бес-алты ғасырдың тереңінен сұлбасын әрең-әрең аңғарамын. Мен қазақпын ғой, жазылмаған міндеттерім көп. Шеңберден шығуға тырысуым керек екенін өзім де білемін. Бірақ оған шамам келе ме?

Есей Жеңісұлы: Шеңберден шығуға не кедергі? Не және кім алаңдатып жүр?

Әмірхан Балқыбек: Шынымды айтсам, мені тірі замандастарым емес, рухқа айналған достарымның маған деген көзқарасы көбірек алаңдатады. Олар мен жазуға тиіс нәрсенің бәрін жазып кеткен секілді. Маған түк қалдырмағандай. Мен тіршілік-нәпақамды тек мақала жазумен тауып келе жатқанымды ешқашан ұмытқан емеспін. Бірақ ішімде себебі белгісіз әлдебір құлазу жүріп жатыр. Себебін біле алмай далмын. 

Дайындаған Есей Жеңісұлы

Мұрағаттан, 21.05.2015 ж

Нұрлыбек Жұбатқан: «Әрбір күнім кино сияқты»
Тұрсынай Оразбаева: «Шын мәнінде ақындық әйелден бастау алған»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу