Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Оңтүстік Қазақстан облыстық соты қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасының судьясы
- Швеция мемлекетінде түрмелер бірінен кейін бірі жабылып жатыр екен. Мүмкіндіктің жоқтығынан емес, әрине, түрме тұрғындарының күрт төмендеуінен. Ал, бізде керісінше көрініс сипат алуда. Жыл қорытындысында мәлім болғанындай, 2013 жылмен салыстырғанда былтыр облысымызда қылмыстық істердің саны айтарлықтай өсіп кеткен. Судья, жалпы осы елдің азаматы ретінде Сізді қандай қылмыс түрінің күрделеніп бара жатқаны алаңдатады?
- Өкінішке қарай, қылмыстық істердің саны жылдан жылға өсіп бара жатқаны кімді де болса алаңдататыны, көңілге қаяу салатыны шындық. Өйткені, біз барлығымыз да осы қоғамның бір мүшеміз. Сол себепті бұл келеңсіз көрініске бей-жай қарау мүмкін емес. Ал, күнделікті қылмыстық істерді қарайтын судья ретінде жүрекке екі есе салмақ түсетінін жасыра алмаймын. Әсіресе, алаяқтық қылмыстың артқаны алаңдатады. Және бұл қылмысқа әйел азаматшалардың бейім болып бара жатқаны қатты қынжылтады. Өйткені, періштедей нәрестелердің асыл анасы, аулы жар, сүйікті әпке, қылықты қарындастардың жұртты алдап, алаяқтық қылмыспен айналысуы қоғамды қайда жетелейді, балалардың тәрбиесіне қалай әсер етпек? Түсіне білгенге бұл қоғамды іштен ірітетін қауіпті дертпен тең.
Сөзім жалаң болмас үшін нақты статистикаға жүгінейін. Айталық, 2013 жылы облыс бойынша алаяқтық бабы бойынша 477 іс түсіп, оның 458-і аяқталған. 254-іне қатысты үкім шықса, соның 133-і әйелдер құрайды. Бұл облысымызда алаяқтық бабымен сотталғандардың жартысынан астамы нәзік жандылар деген сөз. Ал енді 2014 жылғы көрсеткішке көңіл бөлсек, жыл бойына осы санатта 945 іс түсіп, оның 834-і қаралған. Шыққан 285 үкімнің 147-сі әйелдерге қатысты. Алаяқтық жолға түскен төмен етектілердің басым бөлігі шымкенттіктер. Сондай-ақ, Түркістан, Арыс қалалары мен Сарыағаш, Сайрам аудандарында белең алғанын байқауға болады. Әйелдерді шаңырақтың шегесі, отанасы деп ерекше құрмет тұтқан қазақ тарихында бұрын-соңды мұндай сорақылық орын алмаған.
- Сонда әйелдер қандай алаяқтыққа бейім болып барады және оның себебі неде деп ойлайсыз?
- Біз бұл мәселеге де сараптама жасап көрдік. Нәтиже көрсеткендей, алаяқ әйелдер азаматтардан мемлекеттік органдардан жер телімін, кезексіз тұрғын үй, жеңілдетілген несие әперемін деп ақшаларын алдап алуға машықтанған. Бұл кез-келген адамның, әсіресе, тұрмысы төмен отбасы мүшелерінің «жанды жері». Ал, себебіне келер болсақ, келмеске кеткен кеңестік одақ тарғаннан кейін елімізге нарықтық экономика саясаты енді. Осы тұста бұрын барлық отбасының асыраушысы болып келген ер азаматтар жұмыссыз қалды да, нәпақа табу үшін көпшілік ала сөмке арқалап, базарға шығып кетті. Ал, бұлардың дені әйелдер болды. Ақша табудың жолына түскендердің арасында оңай жолмен олжалы болуға бейімделгендер пайда болып, олардың қатары арта бастады. Қазақта «ашыққаннан құныққан жаман» деген мақал тегін айтылмаған. Міне, осы құнығудың соңы темір тордың тұрғынына айналдыруға себеп болып жатады.
- Нақты мысал келтіре аласыз ба?
- Әрине, мысал жеткілікті. Сот барысында азаматтарды сан соқтырған алаяқтардың неше түрлі айла-амалдарды ойлап тапқанына амалсыз бас шайқайсыз. Мәселен, ордабасылық бір әйел нысанасына алған «жемтіктерінің» сеніміне кіру үшін өзінің туған ауылына барып, алдауына түскен бір ауылдасына Шымкент қаласынан үй әпердім деп, оның кілтін көпшіліктің көзінше, музыканың сүйемелдеуімен, салтанатты жағдайда табыс еткен. Мұның жалған кілт, Шымкент қаласынан ешқандай да үй алынбағанын бұл кезде жерлестері түгілі сол кілтті алып тұрған адамның өзі де білмеген. Бірақ, әрі жерлес, әрі үйдің кілтін көпшіліктің көзінше табыстап тұрғаннан кейін бұл жасанды сценарийге көпшілік имандай сенген. Сөйтіп, сол күні-ақ кешкісін «өз үйі - өлең төсегіне» қол жеткізе алмай жүрген азаматтар қаншама жылдан бері балаларының аузынан жырып, ішіп-жемнен тартып, тірнектеп жүріп жинаған ақшаларын алаяқтың алақанына өздері келіп, оп-оңай-ақ шытырлатып санап бере салады. Алаяқ әйелдің де көздегені осы емес пе, ақша әп-сәтте құмға сіңген судай жоқ болады. Аңқау ауылдастар алданғанын кеш сезіп, сан соғып, ақырында заң орындарына шағымданудан басқа амалдары қалмаған.
Алаяқтардан айла артылған ба? Олардың арасында қолына кісен салынып, темір торға қамалатын болғаннан кейін де қулыққа барғысы келетіндер көп. Олардың көпшілігі асырауындағы кәмелетке толмаған ұл-қыздарының тағдырын алға тартқысы келеді. Әрине, сот оны да қарайды. Бірақ, көпшілігі бостандықта жүргенде ақша табудан басқа ештеңені ойламаған болып шығады. Керісінше, олардың таяқтан көз ашпаған балалары анасы немесе әкесі сотталғаннан кейін оңала бастағанын байқауға болады. Ал, бұл көрініс қылмыскердің жазасын жеңілдетуге негіз бола алмайды.
Жер телімін, несие алып беремін деп алаяқтыққа баратындар да аз емес. Тіпті, бір сотталушы өзін «облыстық кәсіпкерлер палатасының директорымын» деп таныстырып, қаланың элиталы деген мөлтекауданынан жер алып беремін деп алдап ақша алған. Ордабасылық тағы бір азаматша 2006 жылдан бері өзіне жақын адамдардың сеніміне кіріп, үйлеріне қатысты жалған құжат жасап, банкке кепілге қойып, үлкен көлемде несие алып отырған. Ол бұл әрекетін бірнеше рет қайталаған. Сотталушы осы әрекеттерінің барлығын да «Темірбанк» Акционерлік қоғамының Шымкент филиалынан алып отырған. Айта берсек, мұндай мысалдар жеткілікті.
- Маман ретінде қылмыстардың алдын алу үшін не істеу керек деп ойлайсыз?
- Жақында Оңтүстік Қазақстан облысы құқық қорғау органдарының Үйлестіру Кеңесі өтіп, оған қатысқан облыстық соттың төрағасы Нұрсерік Кәрімұлы баяндама жасаған болатын. Сол баяндамада қылмыстық істер саны 2012 жылға қарағанда 2013 жылы 19,2 пайызға, ал, 2014 жылы 2013 жылмен салыстырғанда 21,5 пайызға артқаны айтылды. Талдау көрсеткендей, сотталған 2773 адамның 2354-і, яғни басым бөлігі еш жерде жұмыс істемейтін азаматтар болса, 67-сі студент пен оқушы, 115-і мемлекеттік қызметкер, 114-і кәмелетке жасы толмағандар, 379-ы әйелдер екен. Өз баяндамасында төраға «Жасөспірімдер мен әйелдердің арасындағы қылмыстың артуы қоғамда дабыл қағарлықтай жағдайға жетті. Бала тәрбиесі отбасынан басталады десек, балаларға тәлім-тәрбие беретін кейбір әйелдердің қылмыстық жауапқа тартылуы әрбірімізді толғандыруы тиіс. Бала тәрбиесін бір мектепке артып қоймай, жастар тәрбиесіне қатысты кешенді жоспар жасап, арнайы бағдарлама әзірлеп, оны дайындауға бүкіл білім мекемелері мен ата-аналар, жергілікті атқарушы органдар мен қоғамдық ұйымдар бірлесіп жасағанда ғана тиісті нәтижесін береді. Сондай-ақ, жеке адамдарға, мүлікке қарсы қылмыстардың алдын алуды құқық қорғау органдарына ғана жүктеу жеткіліксіз, бұған қоғам болып біріге отырып, бұрынғы қоғамдық жасақшылар жұмысын қайта жандандырғанымыз, бұл мәселеге, сондай-ақ, ауыл билері мен ақсақалдарын тартқанымыз жөн. Ал, бұған ауыл, аудан әкімдері ұйытқы болуы тиіс» деген болатын. Менің бұған алып-қосарым жоқ.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Шадияр МЕКЕНБАЙҰЛЫ