Алпысбай Шымырбайұлы: Үнді телехикаяларында біздің өмір тіршілігімізге ұқсас жайттар көп

Oinet.kz 22-04-2019 1414

Screenshot_26.jpg

 -  Алпысбай аға, «Ғажайып Үндістан» журналына жетекшілік етіп келе  жатқаныңызға бірталай жыл болды. Үнді еліне, тарихына, мәдениетіне қызығушылығыңыздың қалай оянғанын сұрамай кетпеу мүмкін емес шығар...

-    Мен талай жылдар  бойы  республикалық «Ұлан» (бұрынғы «Қазақстан пионері»)  газетінде қызмет атқардым. Сол газеттегі үнді мәдениеті әуесқойларына арналған «Тагор» атты әдеби-танымдық бөлімді өзім басқардым. Бұл бөлім жас оқырмандар арасында ерекше ықыласқа ие еді. Міне, кейін сол бөлімнің жалғасы ретінде 1992 жылы шілде айынан бастап «Ғажайып Үндістан» газетін шығара бастадым. Газет көпшілік оқырман тарапынан зор қолдауға  ие болды. 1993 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Үндістанның сол кездегі Премьер-министрі Нарасимхо Раоның Алматыға келген ресми сапарына орай өткен баспасөз конференциясында бұл жаңа басылым туралы өзінің жылы пікірін білдіріп, «Ғажайып Үндістан» газеті Қазақстан мен Үндістан арасындағы рухани достық көпірі»  деп бағалады. Газет қаржылық қиыншылықтарға байланысты 1995 жылы 16 беттік  журналға айналды да артынша   жабылып тынған болатын. Оқырмандардың сұранысымен Үндістанның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен 2007 жылдан бері  журнал қайта жарық көре бастады.

         Біріншіден, бала кезде мұқабасында атақты актерлар--жұлдыздар самсаған «Мың бір түн» хикаялары көңілімді ерекше баурап еді... Соның негізінде үнді аңыздары жатыр ғой... Екіншіден, қазақ даласына  алғаш келген үнді киносы - Радж Капурдың «Кезбе» фильмінен басталған ғажайып үнді фильмдері жүректің түкпірінен терең орын алды. Осының бәрі үнді елінің мәдениетіне, тарихына мені тартты. «Қазақтың тарихы тұрғанда, үндіні жазып не қыласыз?» деген «сыңаржақ» пікірлер де кездесті. Мұндайда мен айтар уәж жетерлік. Айталық әлемге әйгілі Әл-Фараби, Бейбарыс сұлтан, Шоқан, шығыс пен батыс шайырларына бас ұрған Абай, әнші Әміре, «күш атасы» Қажымұқан қасиетті Үнді топырағына қалай аяқ басқаны, қандай із қалдырғаны  тарихқа таспен ойып жазылған.  Даңқты «махаббат күмбезі» - Тәж-Махалды тұрғызған  ғұлама Бабыр ұрпақтарын қайда қоямыз?   Данагөй қазақ тарихшысы Мұхаммед Хайдар Дулатидің Үндістан жайлы құнды еңбектері, кемеңгер жазушымыз Мұхтар Әуезовтың «Индия очерктері» әлем руханиятының асыл жаухарлары. Жазушы Әнуар Әлімжанов пен ақын Аманжол Шамкенов Жавахарлал Неру атындағы сыйлықтың иегерлері екенін кім жоққа шығарады? Ал Әубәкір Нілібаев Үндістанның Ұлттық -халықаралық деңгейдегі Шри Падма сыйлығының иегері, үндінің барша ұлы дастандарын, Тагор шығармаларын тәржімалаған қарымды қаламгер. Түптеп келгенде «үнді-қазақ тарихы үндеседі Ұлы бір аңызбенен…» деуге толық негіз бар.  

   --Үндістанға жиі сапар шеккен боларсыз...

- Үндістанда туристік жолдамамен және журналистік іссапармен екі рет болып қайттым (1987, 1993 жылдары). Алғашқы он күнге созылған  сапарымдағы керемет әсерге бөлеген  «экзотикалық ертегіні» еш ұмытпаймын...  1987 жылдың қар жамылған «ақ көрпелі» желтоқсан айы... Алматыда «басқан жері сықырлап» келген кәдімгі Абай қысы... Мен бүкілодақтық «Спутник» туристік бюросының жолдамасымен әр саланың озат жас еңбеккерлері құрамында баспасөз өкілі ретінде   Үндістанға туристік сапарға аттандым. Мәскеуде  «Ой, мороз, мороз, ты меня не морозь...» дегендей, ақ бораны алай-дүлей нағыз Сібір қысы екен... Ақ боран көз аштырмай, бір-бірімізді әрең көреміз... Содан не керек, осы ақтүтекті  боранды күндері, үшінші күні  жолға жиналып, сырт киім, күпі толы «жүгімізді» қонақүй холлының бұрышына теңдеп қалдырып, жеңіл-желпі киім, жүгімізбен, «сырбаз жаурамайды, қалтырайды» дегендей, әйтеуір, халықаралық  әуежайдан  Үндістанға да ұшып шықтық-ау...  «Ертегі еліне» таңға жуық ұшағымыз қонып, табан тірегенімізде, «жеті дәуір» жастанған көне де жаңа Дели шаһары кәдімгі біздің Алматының қауын-қарбыз піскен тамылжыған тамыз күндеріндей жасыл желегі жайқалып тұр екен.  Делиден оңтүстік-шығысқа қарай жүз жиырма шақырымдағы Агра қаласындағы әйгілі Тәж-Махалға жолға шыққанымызда, жол бойындағы тропикалық орманды аймақ алуан түсті гүлді ағаштармен көмкеріліп тұр екен...  

        Үндістанға жасаған сапарларымда  мынадай айрықша танымдық ақпараттар мен айғақтарға көзкуәгер болдым...  Аградағы биік көне қызыл қақпадан өткенде  «Сәулеттік ғажайып», «Сәулеттік дастан» саналатын Тәж-Махал айдындағы аққу сынды көз алдыңда жарқ ете қалады. Күмбездің бірінші қабатындағы өрнекті қос табыт-- жалған табыттар, қос ғашық Шах-Жахан мен оның сүйген жары Мумтаз-бегімнің  мәңгілік биік қондырылған айшықты табыттары гүл-өрнекті тастармен безендірілген төменгі қабатта. Бізді экскурсия жүргізушінің Мумтаз бегім зиратының басындағы бос қалған тәждегі маржан тасты отарлаушы ағылшындардың алып кеткенін еске салған сөзі толқытты... Мұнан соң Тәж-Махалдан батысқа қарай орналасқан Қызыл қамалда ұрдажық Аурангзебтің бауыры Дара Шикохпен таққа таласып, қатал үкімімен әкесі Шах-Жаханды байлап тастаған қамалда, маңайда арнайы шолғындап жүрген баланың бізге ымдап ұсынған,  қабырғадағы ойыққа қойған қолайнасынан арт жақтағы «Тәж-Махалды» көзіміз шалып, денеміз дір етті... Теріс қарап,  қолы байлаулы жатқан Жахан патша сүйіктісіне осылай  зар аңсармен көз салған екен-ау...

 -   Бүгінде Үнді елі мен Қазақстан арасындағы шығармашылық байланыс қай деңгейде?

 -  Қазақ-үнді тарихи-мәдени байланыстарының тамыры тереңде. Бұл арналы, ақжолтай байланыс бүгінде де кең жалғасып келе жатқаны ақиқат. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2009 жылы 26 қаңтарда Үндістан Республикасы күні мерекесінің бас қонағы болып қатысты (Елбасымыз Тәуелсіз елдің президенті ретіндегі  алғашқы шет елдік сапарын 1992 жылы ақпан айында Үндістаннан бастап, Делиде естелік ағаш көшетін қондырып еді, сол ағаш  бүгінде дарақ болған шығар-Алпысбай Шымырбайұлы.). Осы ресми сапарда  Қазақстан мен Үндістан арасында  стратегиялық әріптестік туралы бірлескен декларацияға қол қойылды. Осы тарихи құжатта аса маңызды бірлескен жұмыстарды атқару өзара келісілді. Тараптар Қазақстан мен Үндістан арасындағы қатынастардың өз тарихи тамыры барын атап өтті. Екі халыққа да ортақ тарихи және мәдени мұраларды алдыңғы қатарға шығаратын тиісті келісімдерге қол қойылды.  Өнер, ғылыми-талдау салаларын жандандыруға және екі ел арасында студенттермен алмасуға уағдаласты. Үндістанда Қазақстан күндерін және Қазақстанда Үндістан күндерін өткізу туралы шешім қабылданды. Мәдени және өркениетаралық байланыстарды одан әрі нығайту мақсатында ортақ тарихи мұраны бірлесіп зерттеуге және Қазақстан мен Үндістандағы туристер баратын орындарды дамытуға мүдделілік танытты. 2011 жылы Үндістанның астанасы  Делиде сол кездегі Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің жетекшілік етуімен  қазақ мәдениеті күндері өте жоғары деңгейде өтті. Екі елдің  мәдени байланыстары аясындағы жарқын жетістіктеріне Үндістан елшілігі жанындғы Үнді мәдени орталығы мен  белгілі хореограф  Ақмарал Қайназарова жетекшілік ететін «Алматы-Қазақстан Бхаратнатьям классикалық үнді билері орталығы», Әл-Фараби атындағы  ҚазҰУ  Шығыстану факультеті жанынан ашылғанына жиырма жыл толған хинди тілі бөлімінің, іскер директор Ерұлан Жиенбаев басқаратын №92 мамандандырылған дарынды балалар лицейінің жаңашылдық жұмыстары  зор септігін тигізгенін атап өтуге болады. 

- Бір сұхбатыңызда «мақсатым Христофор Колумб қол жеткізе алмаған Үндістан елінің қыр-сырын ашу» депсіз. Мақсатыңызға толыққанды жете алдыңыз ба?

- Әрине, жоқ! Ежелгі өркениет бесігі Шумерден тамыр тартатын Үндістан расында да уақыт «мөрі» іспетті.  Бұған дейін «Ғажайып Үндістан» деген атаумен  жарық көрген  газет,  журнал Үндістанды  таныстырудың  «үлкен кіріспе» ғана дер едім... Былайша айтқанда көне де жаңа елдің «тамырын басу» іспетті... Әйтсе де үлкен тақырыпты ашуға  дұрыс бағдар сілтеуде  «кіріспенің» де алар орны бөлек. 

- Үнді халқы мен қазақ халқының дәстүрлері арасында ұқсастық көп дейді. Расымен де солай ма? 

- Үнділер мен қазақтардың болмыс-бітімі, мінез-құлық, ділі мен түсінігі  ұқсас көрінеді  маған... Хинди тілінде урду (Орда тілі), парсы және көне арий тілдерінен ауысқан ортақ қолданыстағы сөздер көбірек ұшырасады...  Деванагари әліпбиімен жазылған хинди тіліндегі сөздер арасында «махаббат», «дүние», «анар», «айна», «шиша», «дусти», «қам»   деген жүздеген ұқсас сөздер бар. Сосын Үндістандағы  Тәж-Махал, Акбар шахтың, Хумаюнның кесенелері, Делидегі Жұма мешіт секілді исламдық сәулет өнері де біздің танымымызбен етене үйлеседі. Және үнді сахна өнерінде  «тамаша» деп аталатын  халық театры да бар екен.Дәстүр-салттарының да бізге ұқсас жақтары көп. Көктем мерекелері - Наурыз бен Холли...Бұл екі мерекеде де «отқа май құю» ... шаңырақ қасиеті, әулет ұйытқысы секілді  халықтық  салт-жоралғылардың жасалуы үнділер мен қазақтарды жақындастыра түсетіндей...

 -   Хинди тілін білесіз бе?

 -   Хинди тілі – хоббиім... Алғашқыда  Алматыдағы Оқушылар сарайында балалар баспасөзіне деректер жинақтап жүріп, осындағы  хинди тілінің үйірме жетекшісі, үндітанушы Светлана Сүлейменовадан дәріс алған  едім. Біздер, үйірме мүшелері  «Холли және Наурыз» мәдени шарасын өткізіп, үнді ертегілерінен сахналық қойылым қойғанымыз да есімізде. Кейін бұл ізденіс үзіліп қалып, өздігімнен оқып, ізденуге ұласты. Қазір ҰУ-дегі  Шығыстану факультетінің хинди бөлімінен тығыз шығармашылық байланыстамын. 

- Қазіргі таңда отандық телеарналардан беріліп жатқан үнді сериалдарына қазақтар байланып қалған жоқ па?

- Мен сұрағыңызды былай толықтырған болар едім: «Қазақтар сол үнді телехикаяларына неге байланып қалған?» Меніңше көрермендер  үнді телехикаялары желісінен өз болмыстарына, ділі мен дауасына,  өмір тіршілігіне  ұқсас жайттарды көбірек табатын болар. Қазір Қазақстанның телеарналарында көрсетіліп жақан «Келін»,  «Сен келерсің», «Үмітіңді үзбе» атты  үнді телехикаялары талайлардың көңілін жаулап отырғаны аян.  «Қазақстан» Ұлттық телеарнасында көрсетіліп жатқан «Келін» телехикаясы прокатын ұйымдастырушы  продюссері - «Красная шапка» үнді дистрибютерлік компаниясының бас директоры Самеер Дандотра мырза. Біз журналымызда осы компанияның Қазақстанға әкеліп жатқан ең жаңа заманауи үнді киноларын да насихаттап жүрміз. Ал көпшіліктің көзайымына айналған үнді телехикаяларындағы Ананди мен Жагдиш,Шив, Байрон мен Сумитра, Кальяни, Жай мен Бани, Ахил мен Санам, Рейхан мен Сенери, Рахат пен Хая бейнелері және басқа да образдар арқылы берілген ізгі махаббат, шынайы достық, шаңырақ ұйытқысы, адалдық пен ғадауат қазақ дүниетанымына да етене таныс. Үнді телехикаяларына қазақ эстрадасы әндерін үндестіре афишалау да, бүгінде  өз жарасымын тапқандай. Бір сөзбен айтқанда, үнді телехикаялары жұртымыздың дүниетанымымен үндестік, үйлесімдік тапқан  іспетті деуге болады.

 Оқырмандарға алдағы уақытта жазушы, ақын ретінде қандай сүбелі  шығармалар  ұсына аласыз?

- Қазір кинодраматургияға кеңінен ізденіп жүрмін. Бұдан 25 жыл бұрын сценарийімнің үзіндісі «Жаңа фильм» журналында жарық көрген «Сақиналы аққу» атты қазақ-үнді бірлескен көркем фильмі жобасына  әріптестік байланыстар іздестірудеміз. Сондай-ақ  оқырмандарға биыл жаңа жыр жинағымды ұсынсам деймін. 

 Сұхбаттасқан Айнұр Оңғарбай 

Мұрағаттан: 19.03.2015





Бүркіт Байдуллаев: «Әйелдердің алаяқтыққа бейім болып бара жатқаны алаңдатады»
Сағыныш Намазшамова, ақын: Өмірді тұтас бір адам деп алсақ, өнер – оның жүрегі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу