Сағыныш Намазшамова, ақын: Өмірді тұтас бір адам деп алсақ, өнер – оның жүрегі
Рейтинг: Қазақ жыр әлеміндегі қандай ақындық образдар ұнайды? Өзіңнің образың қалай қалыптасты дей аласың?
Сағыныш Намазшамова: Мені бала күнімнен лирикалық жырға ғашық еткен, жүрекпен жырлауға үйреткен Тұманбай аға болды. «Танысқанда сен 15-ақ жаста едің» деп басталатын өлеңі менің дәл сол 15 жасымда көңілімдегі бір бейненің маған арнап айтқан жырындай жаныма тым жақын еді. Көңілімнің пернесін дөп басқан өлеңдерін жаттап алатынмын. Кейіннен Фариза ақынның жырларынан әйелдің ғана түйсігі сезетін, әйелдің ғана көкірек көзі көретін дүниелерді аңғардым. Мейірхан, Есенғали, Тыныштықбек ағалардың, Қанипа Бұғыбаева мен Гүлнар Салықбаеваның өлеңдері поэзияға жаңа бір қырынан қарауға үйретті. Ғалым Жайлыбай ақынның жырларын оқысам, бір басталған әдемі әуенін үзбей, соңына дейін әуеде тербеліп тұрған көзге көрінбейтін толқындар елестейді. Соны ертеректе қалай көре алмағанмын, сезіне алмағанмын деп ойлаймын. Соған қарағанда әр жастың өз көкірек көзі бар сияқты.
Жастықтың алып-ұшпа аңғалдығы да шығар, Дулат Исабековтің «Қарғын» романындағы Жасынға ғашық болдым. Көңіл түкпіріндегі сол асыл бейне мені әлі күнге алға жетелеп келеді. Ғашықтық жырларымның қай-қайсысының да өмірде өз кейіпкері бар дегенмен, өлеңдердің өзегінде сол идеал бейнеге деген мәңгілік сағынышымның бір парасы жатыр. Кейде сол бейне өзін идеалдандыру арқылы мені де өзінің өре-биігіне, кемел көкжиегіне жетелейтін сияқты.
Жалпы ақындық образ – шайырдың шығармашылығындағы бейнесі ғой. Соған қарағанда, менің бейнем өз замандастарымның ішінде лирикалық образда айшықталып келе жатқан шығар деп топшылаймын.
Рейтинг: Мына заманға өлең керек пе өзі? Керек болса кімге керек?
Сағыныш Намазшамова: Керек болғанда қандай! Сәбиге «Далада бала жата ма, түсіп қапты шанадан» дегеннен гөрі «Иманды болып өссін деп, Илләхи деп тербетем» дейтін бесік жыры қажет. Ол өлең бе? Өлең. Бүлдіршіндерге «А дегенің – аналар ғой ардақты, Ә дегенің – әкелер ғой салмақты» дейтін Жарасқан ақынның тағылым мол туындысы керек пе? Керек. Оқушыны биіктерге жетелейтін, үлкенге ой салатын өлеңдер де керексіз деп айта алмайсыз. Жалпы өмірді тұтас бір Адам деп алсақ, өнер – оның жүрегі болар еді. Себебі, руханияттың жемісі санада болғанмен, түп-тамыры жүректе ғой.
Рейтинг: «Фейсбук», «Мой мир» сияқты әлеуметтік желілер өлеңге толы. Оның оқырманы көп пе? Ол оқырмандардың сапалық деңгейі қандай?
Сағыныш Намазшамова: Әлеуметтік желілерде өлең көбі көп. Бірақ оның бәрін бірдей оқи беруге уақыт жоқ. Сондықтан оны да талдап-талғап оқимын. Өзімнің кейбір өлеңдерімді парақшама салып отырамын. Виртуалды достықтағы бар мың адамның 100-і өлең түсінсе, соның жартысы өресі сенен де биік мықты оқырман болса, мен оған қуанамын. Ол да үлкен олжа! Оның екінші жағы бар, кейде осы интернеттің мүмкіндігінің салдарынан бір оқығанда тамаша болып көрінетін жарқ-жұрқ еткен өлеңдер көбейіп, жата-жастана оқитын, үнемі үстеліңде тұратын өміршең өлеңдер өгейсіреп қалып қала ма деп те қорқасың.
Рейтинг: Қоғамға ана көзімен қарап жүрсің. Балаларыңның болашағына қатысты не нәрсеге сүйсінесің, не нәрсеге алаңдайсың?
Сағыныш Намазшамова: Ана болған соң, ұлға да, қызға да алаңдайсың. Мен ұлыма үнемі мына бір тәмсілді құлаққағыс етіп отырамын. Бір күні әкесі баласын ертіп жартасқа келіпті. Сосын баласына «Айқайлап көрші» депті. Баласы: «Ей, сен кімсің?» – деп өктем дауыспен айқайласа, жартастағы жаңғырық та өзіне «Ей, сен кімсің?» депті өжеттеніп. Сонда әкесі «мен сенің досыңмын» деп айқайлапты жылы дауыспен. Жаңғырық та мейірлене жауап қатыпты. Сонда әкесі баласына «Өмір де осы жартас секілді. Өзің қалай сөйлесең, қалай әрекет етсең, тура солай жауап қайтарады» депті. Дәлме-дәл болмаса да, мағынасы осыған саяды.
Ұл бала болғасын тентектік те болады, шекісуден де сырт қалмайды. Сондайда өміріне сабақ болсын деп айтамын. «Ал өзі бірінші тиіссе ше?» дейді ұлым. «Сонда да сен тиіспе» деймін аналық жүрекке салып. Ал шындығында бүгінгі шынайы өмірде мен айтқандай болса, жұлымырлар жеп қояды ғой оны. Қанша соны түйсініп тұрсам да, мен ұлымның бойына әкенің қаталдығын сіңіре алмайтынымды, дүниеге ердің көзімен қарай алмайтынымды білемін. Соны білген сайын әкенің тәрбиесін көрмей өсіп жатқан сан мыңдаған ұлдардың тағдыры туралы ой мазалайды. Мектепте – тағы да әйел мұғалімдер, ерлер некен-саяқ.
Мектепте «Қазақтың соңғы ханы Абылай» деп жазғызады. «Адам маймылдан жаралды» деп үйретеді. Үйге келгенде «Қазақтың соңғы ханы – Кенесары», «Адам топырақтан жаратылған, топыраққа қайтады» деп түсіндіремін. Сонда «Апайым қателесті ме? Әлде білмей ме?» дейді. Не деп жауап бересің? Бір-біріне кереғар дүние. Сөзіміз бен ісіміз, танымымыз бен тәрбиеміз қабыспай жатыр. Осының бәрі балаларға қалай әсер етер екен деп қорқамын. Ал қуанатыным – олардың тек мектеп бағдарламасымен шектелмей, өзін дамытуға, еркін ойлауға мүмкіндігі мол.
Рейтинг: Адам деген кім екен? Осы сұраққа жауап тапқан кезің болды ма?
Сағыныш Намазшамова: Адам – адам болғалы өзін толық танып бітпеген жаратылыс. Дегенмен адамдықтың бірінші көрінісі мейірім шығар деп ойлаймын. Мейірім болғанда да, жақынына ғана емес, қаймана жұртқа, адамзатқа деген мейірім, әйтпесе ет жақынына жануар да елжірейді ғой. Ал ең бастысы – Жаратушыға деген махаббат. Ол – өзге игіліктің бәріне тарам-тарам жол салатын күрежол сияқты. Аллаға деген риясыз сезім жүрегіңді шым еткізгенде, я жүректі қытықтағанын, я ауыртқанын айыра алмас бір түсініксіз, бірақ ғұмырда ештеңеге айырбастамайтын ұлы сезімге бөленесің, бірақ өте-мөте сирек сезінетінің өкінішті, әттең! Мен сол санаулы сәтте ғана Адам кім деген сұраққа жауап табамын.
Кейде айналаңдағы ұсақтықтан шаршағанда кесектікті аңсайсың, маңайыңмен бірге тар шеңберден шыға алмай жүргенде, көкжиектің кеңдігіне қарағың келеді. Сондай сәттерде Асқар Алтайдың, Маралтайдың кентаврлары көз алдыма келеді, Жүсіпбек Қорғасбектің Адаматын да ақтап алғым кеп тұрады. Адамның адам емес, жартылай жылқы болғаны адамилау секілді ме деп қаласың.
Рейтинг: Алла мүмкіндік берсе, қазақтың қай кетігін толтырар едің?
Сағыныш Намазшамова: Бала күнімде көркем гимнастикаға қатты қызықтым. Ауылда оның қыр-сырын меңгеруге мүмкіндік болған жоқ, теледидардан көргенімді оңашада қайталап, қолыма лента алып шыр-көбелек айналып билеп жүретінмін. Сыртымнан көрген адам күлген де шығар сонда, бірақ мен үлкен аренаға шыққандай, жан дүниеммен беріліп, аспанда ұшып жүргендей сезінетінмін өзімді. Қазір сол арманымды кішкентай қызым орындаса деймін. Бірақ «ата-аналар өздерінің орындалмаған армандарын балаларына тықпалайды» дейтін сақтандыру сарынындағы көзқарас есіме түссе, тағы ойланып қаламын. Болашағы алда ғой, кім біледі?! Бірақ маған қазақ спортының кетігін толтыру бұйырмапты.
Есеміз кетіп, қапы қалып жүрген салаларымыз өте көп. Бір ғана құқықтық, қаржылық сауатсыздығымыздан сан соғып қалып жүрген сәттеріміз қаншама. Бұл да – көзге ұрып тұрған көп кетіктің бірі.
Қалам ұстап, қағаз кеміргеннен кейін сол жазу-сызудың жыртығын жамап, кетігін толтырсам да жаман емес.
Мүмкіндігінше, көркем аудармаға бет бұрсам деймін. Ол да – қазақ әдебиетінің ақсап тұрған бір ауылы. Біз әлі күнге дейін аға буынның қазақ тіліне аударып беріп кеткен ауқымды дүниелерін талғажау етіп келеміз. Кейінгі кездерде аударылған жақсы дүниелер бар, бірақ жүйелі түрде қолға алынып жатқан жоқ. Шықса да, оқырмаға жетіп жатыр дей алмаймыз. Аударма – бір жағынан шыңдайды, екіншіден, жақсы дүниелер қазақ тілінде сөйлеп жатса, ұтылмаймыз ғой.
Белла Ахмадулина жаныма жақын. Оның көңіл-күйін, мұң-қуанышын дөп сезінетін сияқтымын. Қазіргідей үзіп-жұлып әр өлеңін бір емес, болашақта әлеуетің жетсе тұтас аударғанға не жетсін. Бірақ оған үлкен дайындық керек.
Әзірге жарияланған аудармалардың ішінде Ахматованы асығыс сөйлеттім-ау, әлі де ақынның жан-дүниесіне кірмей, сыртынан судыратып жүрмін-ау деген көңіл толмаушылық бар. Бірақ қатып қалған дүние емес қой, Әлі де оған қайта оралып, басынан бастап қайта жазамын деп ойлаймын.
Рейтинг: Жалпы жаңа заман қазақ мінезінің қай қырын жақсартты, қайсысын кетілтті?
Сағыныш Намазшамова: Жаңа заманда пысықтар ширап, бұрынғыдан да пысық боп пісті, ал еріншектер одан бетер жалқауланып алды. Бір жақсысы, көкірегіміз алданбайды, бірақ көзімізді алдаймыз. Тіл үйреніп жатқанымызды күнде көріп жүрміз, бірақ содан көсіліп сөйлеп кеткен адам аз екенін көкірегіміз сезеді. Спортшылардың жетістіктерін көріп шаттанасың, бірақ қарагөздердің қатары сирек екені көкірегіңде сайрап тұрады. Білім бәсекелерінде бағы жанғандар үшін көзің қуанады, өзің қуанайын десең, «бәрі сатулы» дейді ұзынқұлақ.
Бәрінен де шын қуанатыным, қазақ журналистикасы жаңа белеске көтерілді, тақырыптық та, жеделдік те, формалық та, тілдік жағынынан да үлгі боларлық мектеп қалыптасып үлгерді. Жастар әдебиетінде де экспериментке батыл баратындар қатары аз емес. Оның өзі ізденіс, ізденген адам түбі өз соқпағын табады.
Рейтинг: Не жазып жүрсің?
Сағыныш Намазшамова: Қазір тек оқып жүрмін. Жақсы дүние жазу үшін биікке жетелейтін дүниелерді оқуың керек, тоқуың керек. Әрине, оны қайталау үшін емес. Осы туралы ойлағанда үнемі компьютердегі шар ойыны есіме түседі. Бір шармен түртіп қалсаң, ол қаншама шардың сау етіп төгіліп түсуіне себепкер болады. Сол секілді жақсы дүние ойыңа қозғау салады, миыңа нәр береді, ұйықтап жатқан клеткаларыңды оятады. Гүлдің түбіне тыңайтқыш сеуіп, су құйған секілді ғой ол да.
Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы,
Мұрағаттан: 09.04.2015