Сәбит ШІЛДЕБАЙ: Мемлекет деген тек қана билік идеологиясы емес, халықтың идеялық біртұтастығы

Oinet.kz 22-04-2019 1530

Screenshot_43.jpg

Рейтинг: Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтпекпіз. Бұл бастамаға тарихшы ретінде қалай қарайсыз? «Қолымызды мезгілінен кеш сермеген» жоқпыз ба?

Сәбит Шілдебай: Мен бұл мәселеге қатысты 2006 жылы 7 шілдеде «Жас қазақ» газетінде «Қазақ хандығы қашан құрылды? Биыл шынымен оның құрылғанына 550 жыл ма?» атты мақала жариялап, 2008 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтуді ұсынған болатынмын. Ол мақалада Қазақ хандығының қай жылы құрылғандығы туралы мәселеге қатысты бір-біріне қарама-қарсы ойлары мен қорытынды тұжырымдары бойынша кәсіби ғалымдар мен тарих әуесқойларының пікірлерін бес топқа (бірінші топқа – Қазақ хандығы 1445 жылы құрылды деп есептейтіндер (Ә.Хасенов) жатады; екінші топ (М.Тынышбаев, А.Чулошников, М.Мағауин, Ж.Боранбаев, Қ.Салғараұлы) – 1456 жылы құрылды деп есептейді; үшінші топ (Б.Кәрібаев, Ә.Байбатшаев, С.Жолдасбаев) – 1458 жылы құрылды деп тұжырымдайды; төртінші топ (К.А.Пищулина, Ж.Қасымбаев) - 1465-1466 жылдары құрылды деп таниды; бесінші топ (Т.Сұлтанов) – 1470 жылы құрылды деп санайды) бөле отырып талдай келе, Қазақ хандығы 1458 жылы құрылды деген пікірді жақтаған едім.

Бірақ Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту 2015 жылдың еншісіне бұйырыпты. Шын мәніне келгенде, Қазақ хандығының дәл қай жылы құрылғандығы туралы мәселенің өзектілігінен де, Қазақ мемлекетілігінің құрылу тарихы мен оның халықтың тарихи санасын қалыптастырудағы идеологиялық рөлі жоғары тұрады. 

Екіншіден, Мырза Мұхамеммед Хайдар Дулати бұл оқиға туралы: «...Жұрттың көпшілігі Керей хан мен Жәнібек ханның жанына кетіп қалды. Олардың саны екі жүз мың адамға жетті, оларды өзбек-қазақ деп атай бастады. Қазақ сұлтандарының алғаш билік жүргізуінің басы 870 (1465-1466) жылдан басталады. <Алла жақсы біледі>», - деп жазғаны белгілі. Сондықтан, хандықтың құрылуы туралы мәлімет беретін бірден-бір тарихи дерекке жүгіну қателік емес. Оның үстіне, Орда Ежен ұлысының мұрагерлері болып табылатын Керей мен Жәнібек сұлтандардың тәуелсіздікті баянды ету жолындағы тарихи қадамдары 1457 жылдан басталып, 1470 жылдардың аралығында үздіксіз жүргенін ескерсек (бұл туралы тарихшы ағамыз Б.Кәрібай өте жақсы талдау жүргізген), Қазақ хандығының 550 жылдығын биыл атап өту әбден дұрыс болмақ. 

Үшіншіден, өзіңіз байқасаңыз, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту туралы мәселені «хандық 1456 жылы құрылды» деп жаңсақ тұжырым жасаған ғалымдардың еңбектері негізінде барлық тарих әуесқойлары 2003-2004 жылдардан бастап көтере бастаған болатын. Бірақ бұл мәселеге қатысты өз пікірін Қазақ тарихымен бір кісідей айналысып келе жатқан Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тек қана 2014 жылдың тамыз айында Ұлытаудағы сұхбатында айтуы аса маңызды болды. Мұның өзі Ресей Федерациясының Президенті В.В.Путиннің Президент Н.Ә.Назарбаев кезінде қалыптасқан тәуелсіз Қазақстанды ғана мойындап, оған дейін Қазақ мемлекеттілігі болған емес деген сұхбатынан кейін көп ұзамай жарияланып, оған берілген жауап іспетті болды. Елбасының қазақ хандарының ордасы тігілген қасиетті Ұлытау төрінде сұхбат беруі – тек тарихи сабақтастық қана емес, оның қазақ хандарының ұлы мұратын жалғастырушы болып отырғанын анық көрсетеді. Мұның өзі Қазақ халқының рухын көтеріп, ұлт ертеңіне деген ерен сенімін ұялатты. Көп ұзамай, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту туралы Елбасы шешімі жарияланды. Сондықтан бұл мәселенің биыл көтеріліп отырғанын кеш деуге келмейді.

Төртіншіден, барлық уақытта күллі бір ұлттың немесе мемлекеттің тарихының мойындалуы – оған қатысты тарихи жазба деректерінің нақтылығына ғана емес, сол ұлттың немесе мемлекеттің саяси-экономикалық әлеуетіне де байланысты болады. Әлемнің алдыңғы қатарлы 50 мемлекетінің қатарына қосылып, енді алдыңғы отыздыққа кіруді мақсұт тұтқан Қазақ Елінің мемлекеттілігі тарихының 550 жылдығын биыл күллі әлем танып, мойындайтын болады. Бұл дегеніңіз – Қазақ мемлекетілігінің тарихын Жошы ханнан, одан ары Түрік қағанаты кезеңінен, тіпті одан ары Үйсін, Қаңлы, Сақ мемлекеттерінен бастауға жол ашып беретін идеологиялық мәні терең тарихи қадам болмақ! 

Бесіншіден, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың өз Жолдауында «Мәңгілік Ел» идеясының тамыры тым тереңде жатқанын, оның осыдан 13 ғасыр бұрын өмір сүрген Тоныкөк абыздан бізге аманат болып жеткенін айта келіп, «біздің жалпыұлттық идеямыз мемлекеттігіміздің тамыры сияқты көне тарихтан бастау алады» дегені бекер айтылмаса керек. Барлық уақытта әбден пісіп-жетілген мәселені ғана іске асыратын Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев алдағы уақытта қазақ мемлекетілігінің тарихы көне түрік дәуірінен басталатынын да жалпақ жаһанға жар салып айтатын күнге жетеміз деп ойлаймын. 

Рейтинг: Бұл шара барысында ең алдымен не нәрсе ескерілуге тиіс? 

Сәбит Шілдебай: Бұл шараның тарихи маңызы өте терең. Ең алдымен, бұл шара барысында Қазақ халқында мемлекетшілдік дәстүр қалыптастырылуы тиіс. Мемлекет деген тек қана билік идеологиясы емес, мемлекет деген – халықтың идеялық біртұтастығы! Сондықтан ендігі кезеңде «Бір ел, бір халық, бір тағдыр!» ұранының жүзеге асырылуы маңызды болмақ! Сонымен қатар, барлық көзі қарақты қауым, тарихшы ғалымдар мен журналистер Қазақ хандығының 550 жылдығы дегеніміз – тек «Қазақ» этнонимімен құрылған мемлекеттілігіміздің бір кезеңіне ғана қатысты мерейтой екенін халықтың санасына сіңіре отырып, тарихи шындықты, яғни, Қазақ мемлекеттілігінің тарихы 2500 жылды құрайтынын насихаттауы тиіс!

Рейтинг: Қазақ хандығының тарихын белгілі бір датаға бағындыру дұрыс па? Әлде бұл әлемдік тенденцияға ілесу үрдісі ме? 

Сәбит Шілдебай: Жалпы, тарих ғылымы тарихи оқиғаларды, тарихи құбылыстар мен тарихи үдерістерді немесе заңдылықтарды зерттейтін ғылым болғандықтан, Қазақ хандығының құрылуын осы айтылғандардың қайсысына жатқызуымызға байланысты. Әрине, Қазақ хандығының құрылуы оқиға емес. Оның құрылуын тарихи құбылыстар мен тарихи үдерістердің аясынан іздегеніміз жөн. Сондықтан оның құрылу тарихына қатысты датаның маңызы жоғары емес, оның құрылуының тарихи маңызы жоғары! Сондықтан,қазіргі уақытта Қазақ мемлекетілігінің тарихын Жошы ханнан бастауды ұсынып отырған тарих ғылымдарының докторы Зардыхан Қинаяттың, «мемлекеттілік тарихын Үйсін мемлекетінен бастау керек» деген пікірді айтқан кәсіби тарихшылар Т.Төлебаев, Н.Мұқаметқанұлы және т.б. кәсіби тарихшылардың пікірлерін басшылыққа алған жөн деп ойлаймын.

Рейтинг: Жалпы қазір қазақ тарихының жазылуын қалай бағалайсыз? Қазақ хандығының, отарлық дәуірдің тарихы дұрыс жазылып жатыр ма?

Сәбит Шілдебай: Бір сөзбен айтқанда, Қазақ тарихының концептуалдық тұрғыдан дұрыс жазылып жатқандығында дау жоқ. Оның әрбір кезеңіндегі мәселелерге қатысты дау-дамайлар жеткілікті. Ол дау-дамайлардың болуының өзі тарихи заңдылық. Мұның өзі тарих ғылымының дұрыс арнада дамып келе жатқанын көрсетеді. Тарих ғылымының өте ауыр ғылым екенін кәсіби тарихшылар түсінгенімен, жалпы халық, тіпті, өкінішке қарай, журналистер қауымы да түсіне бермейді. Кәсіби тарихшы әрбір сөзі мен тұжырымын жылдар бойына көз майын сүзіп жинаған деректеріне сүйеніп жазатындықтан, тарихи еңбектердің тууы ауыр процесс. Сондықтан мен журналистер қауымына халықтың тарихи санасын қалыптастыру үшін тек қана кәсіби тарихшылардың зерттеулері негізінде ғана тарихи танымдық мақалалар жазғанын ұсынар едім.

Өйткені, қазіргі уақытта БАҚ беттерінде жарық көрген мақалалар мен туындылардың көпшілігін «мен тарихты жақсы білемін» деп есептейтін тарих әуесқойлары мен журналистері жазып, көбіне солар жасаған біржақты пікірлер мен тұжырымдардың халықтың санасына сіңіп, кейбір қате пікірлердің қоғамдық пікірге айналуына дейін жетіп отыр. Содан кейін, өзі 500-1000 дана таралыммен жарық көретін кәсіби тарихшының зерттеу еңбегі қоғамдық пікірді өзгертпек түгілі, тіпті соққы да бере алмайды. Өкінішке қарай, журналистер қауымы ондай еңбектерді көбінесе оқымайды.

Қазақ тарихының жазылуына Елбасымыздың, мемлекеттің тарапынан көп қамқорлық жасалды. «Мәдени мұра» бағдарламасының өзі ұлт тарихының көптеген ақтаңдақ беттерін түгендесе, қазіргі уақытта Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкерлері өз деңгейлерінде жұмыс істеп отыр. Әсіресе соңғы уақытта Д.Қыдырәлі бастаған Халықаралық Түркі академиясының ғалымдары дүние жүзінің көптеген елдерінен тың деректерді жинап қана қоймай, Қазақ тарихының халықаралық мәдени қауымдастықта мойындалуына зор үлес қосып келеді. Оған ЮНЕСКО шеңберінде өткізілген іс-шаралар айқын куә.

Рейтинг: Тарих ғылымына жаңаша көзқарас қажет екенін жиі айтамыз. Бұл көзқарас осы ғылымда қатып қалған қасаң принциптер мен заңдылықтарды қаншалық өзгерте алады?

Сәбит Шілдебай: Тарих ғылымына жаңаша көзқарас деген ұғымның өзі салыстырмалы түрде айтылатын сөз. Бұл сөз жариялылық жылдарында пайда болып, біздің тәуелсіздік алуымыздан кейін үдемелі ауруға айналды. Қазақ тарихындағы «жаңаша көзқарас» дегеніміз – ғылыми айналымға тартылған жаңа деректер негізінде жасалған және жасалатын тарихи тұжырымдар немесе кеңестік идеология кезіндегі қасаң тұжырымдарға егемен мемлекеттің, тәуелсіздік алған ұлттың идеологиясы тұрғысынан жасалған түзетулер болатын. Тәуелсіздік алғаннан кейін, кеңестік қасаң идеология тұжырымдары негізінен ұлттық көзқарастар тұрғысынан толықтай түзетілді. Өкінішке қарай, бұл түзетулердің ХІХ-ХХ ғасырлардың тарихына қатысты тұстары объективтілікке емес, тәуелсіздік алған ұлттың даңғаза ұрандары мен пафосқа толы тұжырымдарына негізделіп, жас ұрпақ пен тарихи санасы толық қалыптаспаған ұлтқа желік берді. Сондықтан алдағы уақытта сіз айтып отырған «тарих ғылымына жаңаша көзқарас» аға буын тарихшылардың асыра сілтеген тұстарына жасалатын ревизия болады деп ойлаймын. Өйткені, ХІХ ғасырда Абай Құнанбайұлы қазаққа айтқан сын әлі күнге өзінің өзектілін жойған жоқ…

Рейтинг: Өзіңіздің қолыңызға соңғы жылдары қандай тың деректер түсті? Біз қай елдегі мұрағаттарды ақтаруды кешеуілдетіп отырмыз?

Сәбит Шілдебай: Өкінішке қарай, білім беру саласындағы әкімшілік қызметтерде болуыма орай, соңғы 5 жылда өз басым мұрағатта жұмыс істей алған жоқпын. Мен үшін 2005-2011 жылдардың аралығындағы Қазақстан мен Ресей Федерациясының мұрағаттарында жұмыс істеген жылдарым өте табысты болды. ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы Қазақстандағы мемлекеттік билік тарихына қатысты көптеген тың деректер таптым. Алла қаласа, оларды монографиялар мен ғылыми анықтамалықтарға айналдыру ойымда бар. 

Ал енді екінші сұрағыңызға келетін болсақ, бұл мен үшін өте қиын сұрақ. Жалпы тарих ғылымы кезеңдер бойынша зерттеліп, әр кезеңді зерттеудің өз методологиясы мен ерекшеліктері болатындықтан және ол кезеңге қатысты деректердің тарыдай шашырап жатуына байланысты, мен толық жауап бере алмаймын. Тек қана, Қазақ хандығының тарихына қатысты деректерді қытай, парсы, Осман мұрағаттары және РФ мұрағаттары мен шетел асып кеткен жоңғар-қалмақ деректерінен іздегеніміз жөн. 

Рейтинг: Жалпы қазақ тарихында қазіргі ұрпақ қысылатын, ұялатын кезең бар ма?

Сәбит Шілдебай: Бұл сұраққа Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев жауап берген еді ғой, мен Елбасымызға толық қосыламын.

Рейтинг: Өткен тарихымыздан біз бүгінге мақтаныш, бренд, тіпті мемлекеттің басты айқындауышы ретінде нені ұсына аламыз?

Сәбит Шілдебай: Оны да Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өте дұрыс таңдап алып, біздерге ұсынды. Ол – «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы. Мәңгілік Ел қалыптастыру идеясы – мемлекетшілдік дәстүрдің көрінісі, билікті әкеден ағаға, ағадан ініге қалдыра отырып, алтын арқауды үзбеген, халықтың біртұтастығы мен еркіндігіне негіз берген қағандарымыздың, Шыңғыс ханнан кейінгі хандарымыздың дәстүрі. Біздің алдымызда ұлы міндет тұр. Ол міндет – мемлекеттің атадан-балаға қалған аманат екенін жадымызда сақтау және мемлекетшіл ұрпақ тәрбиелеу. Осы міндетті орындай алмасақ, 1917 жылғы Ресейдің немесе соңғы онжылдықтағы араб-парсы елдерінің кебін киеріміз хақ.

Сұхбаттасқан Есей ЖЕҢІСҰЛЫ

Мұрағаттан: 23.04.2015


Сағыныш Намазшамова, ақын: Өмірді тұтас бір адам деп алсақ, өнер – оның жүрегі
Арман Әлиев: Монте-Карлодағы фестивальден үмітіміз бар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу