Серік Әбікен: «Қазақы тақия киген шалдан үркетін дәрежеге жеттік»

Oinet.kz 14-04-2019 1261

Screenshot_43.jpg

Рейтинг: Біраз өмір көрдіңіз, тәжірибеңіз де жетеді. «Журналистика осындай болу керек еді» дейтіндей өкінішіңіз бар ма? Айтпағым: журналистикадағы өз жолыңызға көңіліңіз тола ма? 

Серік Әбікен: Көңілім толса – тоқтағаным. Мақсатқа жүрген, ұмтылған адам ғана жетеді емес пе... Мендік мақсат –  іздене беру, кәсібіме адал болу. Журналистикаға атақ шығару, абырой жинаудың көзі емес, кәсіп есебінде қарайтындар санатынанмын. Телевизия саласында 14 жыл қызмет еткенде, тізгін өз қолымда бола тұра  эфирге жылтыңдап шыға бермеуім содан болса керек.  

Шынымды айтсам, қазақ журналистикасы өз биігіне  2000-2006 жылдар аралығында көтерілді деп ойлаймын.  Тым қысқа мерзім, бірақ тарихта қалады. Ол кезеңде газет, телеарна, радио үндес  еді. «31 арна» «Саясат», «Дода», «...кім?» «Сойыл», т.б. хабарларды эфирге шығарды, «Қазақстан» арнасы «Мезгіл», «Күлтөбе», «Шынның жүзін» жарқ еткізді,  «КТК», «НТК» арналарында «Шарайна», «Түйін» сынды бірнеше хабар ел мәселесін жеткізе айтып жатты,   «Жас Алаш», «XXI век» саясатты зерттеп, өткір  мақалалар жазды, «Время» қару-жарақ саудасы мен «Байқоңырдың» жалға берілуі жайлы сенсациялық  материалдар жариялады... Одан кейін тұншықтырып  тастады. Қазақ тележурналистикасының тұяқсерпері Серік Жанболаттың «Көкпары» болды-ау деймін.  «Хабар» мемлекеттік саясатты, «Қазақстан» арнасы әдебиет пен мәдениетті, 31, КТК қоғамдық мәселелерді жіліктеп тастайтын ол кезеңде  сарыжағал саналатын жалғыз «HitTV» еді, қазір бәрі  «HitTV»! Арналардың тұжырымдамасынан еш айырмашылық көріп тұрған жоқпын.  Арзан күлкі, арсыз ойын.  Осы күні  «Жас Алаш»  қана... 31-дегі қыз-жігіттер көкейдегіні айтып қалуға барын салып жүр.  Бейсен Құранбек « Айтуға оңайда»  тіс арасынан біраз нәрсе  сыздықтатады... Болғаны осы. «Шымшық  сойса да...» дегеннің парқына бармайтын болдық. Жас мамандар журналистиканы жалаң сөз деп ойлайтын, өмірі бір сюжетке мәтін жазып көрмеген әртістің, асабаның  «пиар-менеджері» болып жүр. Олардың зерттеулері мен жазған сценарийлерін  «жұлдыздар» экранда шімірікпей иемденіп, популизммен айналысады. Қазақы тақия киген шалдан үркетін, «Құдай бұйыртса» деген сөзден қорқатын дәрежеге жеттік. Озық елдерде журналистика әмбебаптанып, тілші өзі мәтін жазып, оқып, монтаждап, редакцияға интернет арқылы жолдап отыратын дәрежеге жеткенде, біз бір адамға жаздырып, екіншісіне оқытып, үшіншісіне шоқытып отыратын болдық. Бұл өсу ме, кері кету ме? Біздің үлкен арналар мен етжеңді басылымдардың Украина, Ресей  жайлы жақ ашпауы тіптен күлкілі. Өзіміз бұйдасын белімізге байлап алған, түйені жел шайқағанын  көрмейтін  саланы  «жетіліп, дамып келеді» деп айтуға аузым бармайды. Бұл түңілу емес, түйгенім. 

Басылымдардың жағдайы да мәз емес. Грантқа іліккен балалар тізімі шыққанда ғана ел іздейтін «Егеменнің» жолы ашық. Басқаларының мекені интернет болды. «Бас оқырман» Ермұрат ағамыз оппозициялық басылымын базарларда, қиылыстарда таратады...  Оқта-текте айтары бар «Айқын» аман болсын. Мысалы, өзім «Парасат» журналында істеймін. Кезінде таралымы 400 000 ға жеткен «Мәдениет және тұрмыстың»   мұрагері болған басылымға 400-ақ адам жазылатын күйге түсіпті.  Әупірімдеп жүріп 2000- ға жуықтаттық. Бұл өте аз.  Санасы сергек, көңілі ояу  қоғамда басылымдардың жағдайы бұлай болмаса, ертеңін ойлаған мемлекет БАҚ-ты мұндай мүсәпір күйге түсірмесе керек еді?!            

Кезінде  әріптестермен бірлесіп телевизия саласында біраз бағдарламалар аштық, олардың соңғылары «Тағдыр мен тұлға», «Тіл сақшысы» секілді хабарлар еді. «Тіл сақшысын»  жастар ұйымдары, әлеуметтік желідегі қандастар іліп әкетіп,  жиындарда жауыр болған мемлекеттік тіл үшін іс жүзінде күрес басталса, «Тағдыр мен тұлғаға» кейіпкер болған азаматтардың мәселесі  өзге әріптестердің қолдауымен тұтас Қазақстанға мәшһүр болды.  Вокзалдағы  арбакеш-ақын Сәбетай Сыпатаев, елеусіз қалған сазгер Темірәлі Бақтыгереев секілді көптеген тұлғаларды ел қайта есіне алды... Есенқұл Жақыпбек, Қанат Ісләмнің жүрекжарды сөздерін естіді.   Қазақ елінде болған ешбір оқиғаны назардан тыс қалдырмаппыз. Қызылағаш қасіретін Рахат Мамырбек «Апат» деген фильмінде көрсетсе, Руслан Ербота жаңалықтарда шырқырата айтты, Жаңаөзен қырғыны жайлы  Шынар Сағындықова «Арнайы репортажда» , Досан Қызайбекұлы «Пікірлер пирамидасында» ащы деректер жариялады.  Айтпақшы, Рахат екеуміз  «Бір әннің тарихы» деген атпен  қазақ әндерінің  электронды антологиясын құруға кірісіп,  «Өрлік дастаны» циклымен анимациялық фильмдердің бісмілласын бастағанбыз.  Орта жолда тоқтап қалды...   Бары осы, барым осы. Сондықтан жүріп өткен жолыма қайырыла қарап, терең ойға шомуға ертелеу деп ойлаймын.  

Рейтинг: Қазіргі қазақ қоғамы сіздің көңіліңіздегі кемел қоғаммен қаншалықты жақын және алыс?

Серік Әбікен: Өте алыста жүрміз.  Көзіміз ашық болғанмен, түнек тұмшалаған көкірегіміздің түкпіріне  сәуле түспейді.  Кемелденген  қоғам ояу болса, ертеңін ойлап алаңдаса керек-ті. Біз, керісінше, сақтықты ұмытып,  Алла бұйыртқан азаттықтың саф ауасына масайып,  қалың ұйқыға кетіп бара жатқандаймыз. Дамыған мемлекеттердегі жібі түзу  басшылар ең әуелі мәдениетке назар аударады. Өйткені ұлт мәдениеті – рух қайнары. Өзінің ел иесі екенін түсінген рухы мықты халық  сергек келеді, тез дамиды, өркендейді.  Ал біз  экономиканы алғы планға шығардық. Екінші орында – саясат!  Ал мәдениет...  Оның күйі мен айтпасам да белгілі. Ерлан Төлеутайды  елемейтіндер  Крутойдың қолына су құюға таласып жүр,  Еркін Шүкіманға тегін сахна ұсынуға «қысылатындар»  Киркоровқа уыс-уыс  ақша ала жүгіреді, қазақы демократияның алтын қазығы болған айтыс бір партияның  «ақырына» байланды, «Телқоңырдан»  «Х-фактордың» рейтингісі жоғары...  Бірақ біз мұны көрмейміз, сезбейміз.  Себебі, «Зәкең өзін-өзі үш мәрте атты»,   «Алтекеңді  ату үшін кредит алыпты», «Экономикасы бодан ел де  тәуелсіз, баянды  ғұмыр кешеді»  деген ертегілерге сеніп,  қалғып кеткен қоғамбыз.   «Қазақстанның бірінші арнасы»  атанып жүрген ақпарат құралының  Назарбаевтан бұрын Путинді дәріптеуге көшуінің, кеденімізді Ресейлік мамандар бақылауының, әр ақпарат құралына Мәскеуден бір-бір «менеджер» келіп  отыруының  себептеріне үңілмейміз. Ең бастысы – салдары қандай боларын ойламаймыз.  «Бүгініме тәубе» дейтін шүкіршілер мен «апыр-ай?!» дегені үшін күпіршіл атанғандарға  бөлініп, реализм мен пессимизмді шатастырып, өзімен-өзі арпалысып жатқан бір елміз. Шүкіршілер үшін  патшаның ұлы саясатына «қарсы келуден» асқан  күпірлік жоқ.  Бірақ «күпір» ой айтушылардың қатары өсіп келеді. Осы қуантады. Олар көбейген сайын менің қиялымдағы қоғам да жақындай түспек.  

Рейтинг: Алдыңыздағы ағалардан не байқап өстіңіз? Өз тұстастарыңызға не жетпейді? Жастарға қаншалықты көңіліңіз толады?

Серік Әбікен: Ағаларды сынаушылар көп қой,  жақсылығын айтайықшы. Әйтпесе, әуелде  «Қазағым!» деп атойлап, астындағы «атын» ауыстырған кезде әуені өзгергендерін де, өз ұстанымы үшін бар азапқа көнгендерін де, заман қыспағына төтеп бере алмай семгендерін де көрдім... Мен Жаңаөзендегі  қырғыннан кейін ағалардың бір сілкінгенін байқадым. Газет, интернет  беті өткір мақалалар мен ащы жырларға толды. Мұның бәрі – ертеңгі тарих. Сол тарих бетінде ең әуелі ағалар қолтаңба қалдырғанына қуандым.  

Ал тұстастарыма сенім жетіңкіремейтіндей. Мен саған, сен оған, ол маған арқа сүйеуге тайсақтаймыз. «Осы сенімсіздік жастарда болмаса» деп тілеймін. Өзім қазақ жастарына зор үміт артамын.  «...Болмайды... толмайды... оңбайды...» деп  сынағанда, кінәнің бір ұшы өзімізде екенін ұмытпасақ... Ағасы жол сілтемеген іні – адасады. Сондықтан «Мен жастарға сенемін!» басты ұстанымымыз болуы керек.  Түсінем! Әр қазақты Дюманың бейбақ кейіпкері, Францияны «құтқарушы»,  алыпсатар   Боносьеге айналдыру  идеологиясы бізде керемет жұмыс істеп жатыр.  Жастар сол тұзаққа түспесе, түсірмесек... Оларды толғандыратын Кенесары-Сыпатай төңірегіндегі  дау,  «Шыңғысхан қазақ па?» деген сыңайдағы сауалдар болмауы керек.  Өткенге қарайлап, қаузай  беру – болашағына көз салуға қорқатын адамның тірлігі. Жастардан кемшілік іздеудің орнына, жақсы білім беруге, білікті маман етуге талпынсақ дұрыс болар. 

Рейтинг: Ауыл мен қаланың алыс-жақындығы қаншалықты? Сіздің бала күніңіздегі ауыл өсті ме, кері кетті ме? 

Серік Әбікен: «Өтірік пен шындықтың арасы қанша?» дегендей естіледі екен.  Бірақ «төрт елі» дей алмаспын. Өйткені көргенімнің де өтірігі бар. Экрандағы ауылды көріп, газеттен ауыл жайлы оқығанда – қуанасың,  өз ауылыңа барғанда – түңілесің. Ауыл мен қаланың арасы жер мен көктей.  Қала дегенде, Астананы айтайын. Осы  күні жолы қиқы-жиқы,  қыста қардан, жазда лайсаңнан арылмайтын,  жыл өткен сайын берекесі қашқан, үлкен ауылға айнала бастаған Алматы мысал болып жарытпас... 

Астана абаттанған сайын  менің ауылымның күйі кетіп барады. Кезінде үш зауыт жұмыс істеген, 2 мыңдай халық бар, құт қонған  Малайсарының қазіргі күйін көрген сайын жүрегім қан жылайды.  Екі зауыт жабылған, үшіншісі  жыл сайын жұмысшы қысқартып, амалдауда.  Өмір бойы  кәсіпорында жұмыс істеген білікті мамандар көшіп жатыр. Ақ, қызыл кірпіштен келістіре өрілген үйлердің  ең жоғарғы, төртінші  қабатындағы пәтерлердің бәрі қаңырап, есік-терезесі үңірейіп,  бос тұр.Орталықтандырылған жылу жүйесі  істен шығып, ауылдастар пәтер ішіне пеш қойып, көмір жағып отыр.  Жылдан-жылға мектептегі бала саны кеміп барады...  Барды ұқсата алмай, сүлдері бар өндіріс орындарын құрдымға жіберіп жатқан  Үкіметтің индустриалдық- инновациялық жоспарына сенуге бола ма? Өз басым сенбеймін!  Біздің ауылдан үш шақырым жердегі Арқарлы фермасында  ауызсу жоқ. Тұтас ауыл төбенің етегіндегі жалғыз  бастаудан су тасып, азын-аулақ малмен жан бағып отыр.  Мұндай «малайсары», «арқарлылар»   Қазақстанның әр түкпірінде бар. 

Рейтинг: Өзіңізді қарттыққа дайындайсыз ба? Қандай ата болуға дайынсыз? 

Серік Әбікен: Қамал бұзар жастан асқаныммен, қарттық туралы көп  ойлана қоймаймын. Кей қариялардың қылығын көргенде, «қарт болғанда, қазымырлықтан сақта» деп көкке қарап қоятынымыз бар (күлді). Ал  «ата» деген сөзді 30 жастан аса сала естігенмін. Інілерімнің, жиендерімнің балалары түгел «аталап»,  мені жағалап жүреді. Әкеміз бен анамыз ертелеу кеткендіктен, аға-әпкелерім менің үйімді  Әбікен ақынның қара шаңырағы деп есептейді. Балалары айтқанымды екі етпейді, немерелері есігімді жатырқамай ашады. Бірін көтеріп, енді біріне шоколады мен шырынын әперіп мәз-мейрамбыз. Қазақ баласының ерке, бұла болғаны жақсы, шолжаң етіп алмасақ  жарар. Тәрбиеде осы жағын қалт жібермеймін.  Соған қарағанда  аталыққа әзірлігім жаман емес секілді.  Өз тұңғышым биыл ғана 11 сынып бітірді. Алла қаласа, ата болудың да ауылы алыс емес шығар...

Рейтинг: Қазіргі қоғамға мінез керек пе? 

Серік Әбікен:  Мұхтар Шахановтың бір  шығармасында мінезі шадыр тұлпар туралы ғажап мысал бар. Қызының «мінезі жаман осы атты  сатып құтылмайсың ба?» дегеніне әкесі ренжіп: «Мінез болмаса бұл жүйрік болмас, топ жармас  еді!» – деген мағынада жауап қайырады.   Мінезсіз қоғам сиыр да, ит те былғап кететін жайдақ су секілді. Мінез қажет.  Бірақ ол елірме, лепірме, тыз етпе, алып-ұшпа болмай,  мемлекетті, ұлтты алға жетелеуі керек.  Өзіміз тамсана қарайтын демократиялық елдерде қоғамның әр мүшесі – тұлға. Үкімет бірдің мәселесін  мыңның мәселесіндей қарастырады. Бізде ше?!  Астанадағы «Үйімізді тартып алмаңыздаршы!» деп журналистердің назарын аудармақ болған отбасыларды  полиция сүйрелегені есіңде шығар.  6-7 жасар балаларды да күштеп, автобусқа тиеп жатты.  Сол кезде: «Балаларды неге ертіп келеді, әке-шешелері оңбаған екен!» – деушілер болды. Анасымен бірге зарланған балақайлардың аузын жаппақ болғандар  қазақ баласына  Астана, Президент туралы «отты жырлар» жаттатқызған кезде, бүлдіршіндер әкімнің алдынан гүл алып шығып, «бақытты бала» рөлін сомдаған сәтте селт етіп: «Періштелерді саясаттың ойыншығы етпейікші!» – деп ширықса түсінер едім. Ұрпағымызды патриот етіп тәрбиелеуге еш қарсылығым жоқ, бірақ Қазақстанға деген сүйіспеншілік пен басшыларға деген «махаббатты» ажырата  білу керек. Әке жұмыс таппай жүнжігенін, ана шаңырағын қорғап жылағанын көрген баланың ертеңгі күні  бұл елге, оның басшыларына деген көзқарасы қандай болмақ? Ол бала өз анасымен бірге еңірегенін неге жұрттан  жасыруы керек? «Сабаған сайын сүйсіне түс» деген садо-мазохистік ұстанымды құптау...   Ақпарат құралдарының көбі сол оқиға  туралы тіс жармай, бұғып қалды.  Жалтақтық, жасықтық... Міне, бұл біздің бүгінгі  болмыстың, мінездің бір қыры. Тіпті, бір театрда шу шықса да БАҚ ауыз аша алмайды. Төбедегі бір «құдірет»  барлық  журналистің көмейіне құм құя салады?! Ал БАҚ – қоғам айнасы. Қысқасын айтқанда, қазаққа мінез керек-ақ. Азғантай топқа ақылман болып, ру туралы әңгімені қоңырсытып жүретін «ақсақалдардың» аузындағы сөзді түзейтін, жақсыны – «жақсы», жаманды «жаман» деп  ақ сөйлейтін, өзін кемсітуге жол бермейтін мінез болса, шіркін... 

Рейтинг: Қайда бара жатырмыз?

Серік Әбікен: Білмеймін. «50-ден оздық, 30-дың да алдына ойнақтап шыға келеміз»  деген сарындағы «аңыздарды» «ергежейлі Гулливерге айналды» дегендей қабылдаймын. Сенгім-ақ келеді... Бірақ қоғамдағы, сыртқы саясаттағы өзгерістер көкейдегі күмәнді қоюландыра түсуде. Өткенде Дина Төлекова: «Хемингуэйдің «Шал мен теңізін» оқыдым.  Қазақстан – акулалар  жұлқылаған  балық, қазақ  сол балықтың қаңқасы ғана қалғанына қарап, дәрмен ете алмаған шал болып елестеді» деп жазыпты. Әбден мүмкін. Өзіме Төлен Әбдіктің «Тозақ оттары жымыңдайдысы» жақын.  Тек «әне, тозақ оттары!» дейтін Янумака қария жоқ...  

Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы

Мұрағаттан: 14.08.2014

Асқар Дүйсенбі: «Ақын болмағанда футболшы болар едім»
Ардақ Балажанова: «Әншілерді дәстүрлі және эстрадалық деп бөліп-жарған дұрыс емес»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу