Асқар Дүйсенбі: «Ақын болмағанда футболшы болар едім»

Oinet.kz 14-04-2019 1891

Screenshot_42.jpg

Асқар аға, қазіргі таңда бір емес үш кеменің басын бірдей ұстап жүрсіз. Сізге ауыр соғып жүрген жоқ па?

– Ақындықпен қатар ғылыми жобалар және «Хабар» арнасында бағдарламалар өндірісі дирекциясында редактор-сценарист болып жүргенімді меңзеп тұрсың ғой. Мұнайшының мақсаты қазумен, жазушы мақсаты жазумен бітеді. Сол сияқты менің негізгі тынысым да, жұмысым да шығармашылықпен тікелей байланысты. Мен үшін осы салалардың бәрі де шығармашылықпен астасып жатқан дүниелер. Сондықтан ағысы бір арна болғасын ой мен мақсатты, жігер мен күшті біріктіріп, талмауға тырысамын. Әрине, тұрмыс пен күнделікті жұмыс барысына орай бәрін теңдей, бір қалыпты ұстап тұру мүмкін емес шығар. Кейде біріне көбірек көңіл бөлінсе, екіншісі сәл саябырсып қалатын тұстар да болады. Дегенмен, жаныңа жақын іс болғасын қайта айналып соға береді екенсің. Жұмысы бар адамға қашан да уақыт тапшы деген ғой. Сол кейде шабыт қамшы салдырғанмен уақыт құрғыр құрық салдыра бермейді. Дегенмен ғылыми жобалар бойынша болашақ кітаптарымды және өлеңдер жинағымды шығару мәселесімен еңбектеніп жүрмін.  

Бір сұхбатыңызда тіпті жүзін көрмеген адамдарға су тегін  өлең шығарып, мәтін жазып берген кездерім болды депсіз...

– Ол рас. Ондай жағдайлар әлі де болып тұрады. Қазір әлеуметтік желі деген жақсы болды ғой. Фейсбук басқа да әлеуметтік желідегі парақшамда ат-есіміңді біліп, елдер танып, сәлем беріп жатады. Кейбірі өздерінің өнер әлеміне тай қосып жүрген талапкер екендігін айтып, әніне мәтін жазып беруді өтінеді. Кімнің шын, кімнің өтірік айтып отырғанын жауаптасқаннан кейін білуге болады. Меселін қайтармай, кейде сол мезетте, кейде уақытыма қарай артынан жазып беріп жатамын. Кейде Қазақстан Авторлар Қоғамынан қоңырау шалып, «мынадай әнге мәтін жазғансыз ба, мынадай жас орындаушының әні кеп түсті, авторы сіз бе?» деп, жиі сұрап жатады. Бірін білсем, бірін есіме түсіре алмай жатамын. Бірақ бұл еңбектерім үшін ешқандай ақы сұраған емеспін.

Дегенмен өлеңдеріңізді қаншаға бағалайсыз? 

– Нақты белгілеп қойған бағам жоқ. Көбіне әннің күрделілігіне байланысты бағалап жатамын.  

Өлеңдеріңіздің басым бөлігі Арман Дүйсенов пен Ұлықпан Жолдасовтың әндеріне жазылған. Мұның бір ерекше себебі, құпиясы бар ма?

– Құпия ештеңесі де жоқ.  Бұрыннан осы сазгерлермен жұмыс жасап үйреніп қалғанмын. Мұның себебі бір-біріміздің өмір құбылыстары туралы ішкі түйсіктеріміз, жан-дүниеміздің жақындықтарының ұқсастығынан болса керек. Ақын туындыда сазгердің жеткізгісі келгегін, ал сазгер ақынның айтқысы келгегін ұғынса, керемет ән сонда дүниеге келеді деп ойлаймын.   

Әр ақынның шабытын шақыратын музасы болатыны белгілі. Сіздің музаңыз?

– Менің музам әдемілік. Селт еткізер сұлулық. Мезгіл ғажайыптары. Сұлулық, әдемілік деген ол жиынтық бейне. Сондықтан оның мынау деп айтарлықтай нақты анықтауышы жоқ. 

«Поэзияда генерал жоқ» деп жатады. Дегенмен өз буыныңыздың, қазіргі жас ақындардың арасында генерал болуға лайықтысы қайсы десе, кімді атар едіңіз?

– Айта білген адамға, жаза білген адамға поэзия деген шексіз әлем. Бізге дейінгі аға буынның арасында да мойыны озық топ-топ шоғыр бар, болған. Олардың ешбірі «мен генералмын» деп айтпаған. Сондықтан, мен де өз замандастарымды тізіп қатарға қойып, орындарын белгілеп, атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Қазір азат ойлы, ғажап сөз сиқырын меңгерген ақындар аз емес. 

Жас кезіңізде футболды тәп-тәуір ойнапсыз. Ал қазір доп тебуге уақытыңызды бөліп тұрасыз ба?

– Иә, ала допқа арбалып, сиқырына бала күнімнен таңылдым. Мектеп қабырғасында жүріп, команда құрып, әлемдік командалар арасында өтетін ойындарға алдын ала жолдастарымның арасында түрлі болжамдар жасасып жарысатынбыз. Университетте де үйірме құрып, доп ойнадық. Негізінен ақын болмағанда, қазір футболшы болар едім. Алматыда жүргенде Жұбаныш, Сәкен, Мұқасан тағы басқа көптеген өнер жұлдыздарымен апта сайын 2 рет тұрақты түрде футбол ойнап тұрушы едік. Астанаға көшкен 3-4 жылдың аралығында хоббиімнен қол үзіп қалдым. Қарбалас тірліктің арасында сирек болса да доп тебуге уақыт бөлуге тырысамын. 

МҰРАҒАТТАН: 14.08.2014

Ерлан Рысқали: «Маған қазіргі қазақ әні сыңсуға айналып бара жатқандай көрінеді»
Серік Әбікен: «Қазақы тақия киген шалдан үркетін дәрежеге жеттік»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу