Ерлан Рысқали: «Маған қазіргі қазақ әні сыңсуға айналып бара жатқандай көрінеді»
Рейтинг: Ерлан, халқымыздың ән өнерін, оның ішінде дәстүрлі ән өнерін насихаттаушы жас буынның белді өкілісің. Қазақ әндерін насихаттай жүріп, қарапайым тыңдарман байқамайтын қандай қасиетін таныдың, қандай тылсымдарын сезіне алдың?
Ерлан Рысқали: Жалпы, осы ұлттық өнер – дәл бүгінгі таңда жан-жақтан шабуыл жасап жатқан антиқазақы дүниеге тосқауыл, қалқан болатын бірден бір құрал. Оның ішінде ән – көпшілікке тез тарайтын дүние. Ән арқылы елді бірлікке, игілікке шақыруға болады. Қазақ – жалпы әлемде ұлттық музыкасы ең бай әрі ең көркем, сұлу халықтың бірі. Дәл бүгінгі қазақтың басым бөлігі осы байлықтың парқын білмейді, білгісі де келмейді. Әйтпесе, біздің ән-жыр, терме-толғауларымызда терең мағына, жалпы тұтас ұлттың болашағы жатыр емес пе? Жөргегінен ұлттық музыканың уызына жарыған адам есейе келе еліне, жеріне қалтқысыз адал қызмет ететіне кәміл сенемін. Ұлттың болашағы осының өзегінде жатқандықтан, тамырынан айырылған ағаш қандай күйде болса, ұлттық құндылығынан ажыраған халықтың соңы да тура сондай болмақ. Сол ұлттық құндылықтың бірегейі – ән мен күй. Сол үшін мемлекет басындағылар, БАҚ-тағы бауырларымыз осы өнердің соңына жүрген азаматтарды насихаттауы керек. Сол арқылы олар ұлтына қызмет еткен болады. Мысалы, Әмірені Алаш зиялылары қалай көтерді! Сол уақыттағы министр, жазушылар Жүсіпбек пен Манарбекті қалай көтерді! Теледидар шыққан уақытында Жәнібекті қалай көтерді! Жәнібек өзі барып «хабар жүргізейінші» деген жоқ қой. Осылардың пайдасы бізге қалай тиді! Сол секілді бізге де ақпараттық қолдау аса қажет. Біз өзіміз барып, «мені эфирге шығаршы» деп жалынбауымыз керек. Бізді өздері шақырып, қолды-аяққа тұрғызбай насихаттауға тиіс. Егер біз жалынып эфирге сұранатын болсақ, біз арқылы ұлттық өнердің қадір-қасиеті қашады. Алған қолдан беруші қол артық емес пе? БАҚ-тағы азаматтар біз арқылы ұлттың қажетін өтейтіндігін сезінсе екен деймін.
Рейтинг: Қай әншіні өзіңе ұстаз тұтып, жиі тыңдайсың? Оның орындау шеберлігінде сен үйренгің келетін, таңдай қағатын нәрсе бар ма?
Ерлан Рысқали: Мен аға буын әншілердің барлығын тыңдап, бәрінен үлгі аламын. Соның ішінде мен ерекше жақсы көріп қадірлейтінім – Әміре, Манарбек, Жүсіпбек, Жәнібек. Бұл аталарым – қазақтың ән әлемінің бақытына туған жандар. Олардың өмір жолында маған үлгі болған әрі болатын дүниелер көп. Дәл осы әншілердің орындаған әндерін тыңдаған сайын шеберлігімді шыңдайтын тың әдіс-тәсілдерді естіп, соны игеріп отырамын. Осы аталарымдай әнші боп елдің игілігіне жарасам, бақыттымын ғой, шіркін!.. Мысалға, бір ғана Әміренің өзінен орындаушылықтың асқан шеберлігін көремін. Әміре – қазақ әнінің шекарасын кеңейткен алғашқы әнші. Сол Әміренің шапағатын Манарбек пен Жүсіпбектер көрді емес пе? Сол екі ұлы әнші бізге Жәнібек сияқты біртуар тұлғаны қалдырды. Ал Жәнібек алдыңғы буынның аманат туын жықпай, кейінгіге жеткізді. Атын атаған әншілер қазақ әнін Кеңес уақытындағы сахнаға ыңғайлап, лайықтап дәріптеді. Бүгінгі әншілер, мына біздер, солардың салған сара жолына арқа сүйейміз.
Рейтинг: Осынша жолды артта қалдырған қазіргі қазақ әні қандай? Эстраданы еркін тыңдай бересің бе?
Ерлан Рысқали: Қазіргі қазақ әні сыңсуға айналып бара жатқандай көрінеді маған. Не әуен жоқ, не сөз жоқ, ойсыз, құр жалаң дүниелер көп насихатталып жатыр. Және қайран қазақ сондай арзан әндерді тыңдап, өзі де арзандап бара жатыр. Әсіресе орта буын мен жас буын. Бізде елді рухани байытатын, елге ой салатын әндер жоқтың қасы. Кешке дейін өтірік «сүйдім» мен «күйдім» деген жоқтау мен сыңсулар тыңдалады, солар дәріптеледі. Ол аздай, өзге ұлттың әнін аударып айтуды және қосыңыз. Біздегі БАҚ елді мәңгүрттендіруге жұмыс істеп жатқандай көрінеді маған. Бірақ барлығы деп айтпаймын, алайда жүздің жартысынан көбі соған атсалысып жатқаны анық қой. Өз басым тек эстраданы ғана емес барлық жанрды еркін тыңдаймын. Жақсысын алып, жаманын жауып тастаймын.
Рейтинг: Қазақ әншісі өзі айтып отырған әннің тағдырын, тарихын жақсы біліп, таныстыра жүретін еді. Қазақ әндерінің тағдырлысы көп еді. Қазір осы үрдіс қаншалықты байыды немесе кері кетті?
Ерлан Рысқали: Осы үрдіс Жәнібек Кәрменовтен кейін үзілді. Кейіннен Бекболат ағамыз біраз қолға алған-ды. Мен де өзімнің концерттерімді дәріс-концерт түрінде жүргізуді мақсат еттім. Және осы дүние бүгінгі домбырамен айтатын әншілердің барлығына керек. Өйткені бүгінгі қазақ әннің тереңіне бойлай бермейді. Сөзге көңіл бөлмейді. Жеңіл, арзан дүниеге құмартып кеткен. Сондықтан ұлттық өнерді, әнді, күйді ұғыну үшін, орындаушы айтар алдында сәл де болса тарихын баяндап, тарихын білмейтін болса, сол шығармаға қатысты пайдалы ақпарат айтып өткені дұрыс.
Рейтинг: Сөз басында өзің де айтып өттің, қазір біз өтірік үздіккен әндердің көбейгенін жиі айтамыз. Бұл үрдіс қаншаға дейін созылуы мүмкін? Шегі бола ма?
Ерлан Рысқали: «Жүректен шыққан ән жүрекке жетеді» деп жатамыз ғой. Жүрекпен, жан дүниеңмен беріліп айтылған ән көзге көрініп тұрады. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам». Өтірік, жасанды нәрсенің өміршең болмайтындығы анық. Жасанды, жалған әншілікті құртуға болады. Ол үшін жұмылып жұмыс істеу керек. Эфирді былай қойыңыз, тойда да фонаграммамен айттырмау керек. Тыйым салу керек. Тыңдаушының көзін ашу керек: мынау жалған дауыс, өлі дауыс, жеңіл ән, арзан орындаушы, ойсыз мағынасыз өлең дегенді ұғындыру керек. Әсіресе орта буын мен жас буынға осыны түсіндіру керек.
Рейтинг: Жүріс-тұрысыңда, сөйлеген сөзіңде мейлінше қазақылық байқалады. Қазіргі қоғамда қазақы қалыппен өмір сүру қаншалықты тиімді, оңтайлы немесе қиын?
Ерлан Рысқали: Біріншіден, қазақылығым – отбасында алған тәрбиеден. Екіншіден, өскен ортам, айналамдағы дос-жарандарым сондай. Содан кейін қазақы қалпымда жүруім, жүрегімнің қазақ деп соғуының өзегі домбыраның шанағында, ұлттық музыкада жатыр. Қазақылығымызды сақтап қалайық десек, ұлтымыздың ән-күй, жырынан ажырамау керек қой. Қазіргі қоғамда қазақы қалпыңды сақтап өмір сүру оңай да емес әрі сондай қиынд а емес. Бұл адамның өзінің ішкі ерік-жігеріне білім, иман, парастына байланысты ғой.
Рейтинг: Бүгінгі ән өнерінің даму бағытын дәстүрлі ән өнерімен ұштастырып жүрген, эстрадаға лайықтап ән шырқап жүрген өнерпаздар жетерлік. Осы бағытты құптайсың ба? Өзіңнің де сол бағытқа бой ұруың мүмкін бе?
Ерлан Рысқали: Әркім өзінің ыңғайына қарай көреді. Кей әнші дәстүрлі өнерге адасып келеді. Оларды эстрадаға салса, суда жүзген балықтай еркін сезінеді. Кейбіреулер екеуін де мықтап алып жүре алады. Бастысы, қазақтың классикалық ұлттық әндерін қандай сүйемелдеуде айтса да, мақамын, әнін бұзбаса болғаны. Эстрадамен айтқанда да, қазақтың әніне еуропалық, қазақ әніне тән емес иірім, милизматика, вокализдерді қосу мүлдем дұрыс емес. Қазақтың дәстүрлі әндері – ең күрделі өнер жанры. Егер оңай болса, бүгінгі таңда домбырамен ән айтатындардың қатары көп болатын еді ғой. Эстраданың да өзіндік жолы, ауыртпалығы бар. Дегенмен эстрадалық аранжировкада бірнеше аспап қолданылады, бір сөзбен айтқанда, оркестрмен пара-пар. Демек, дыбыс көп. Бұл әншіге өте үлкен көмек. Бүкіл салмақ әншіге түспейді, керісінше, эстрада әншіге демеу. Бұл жердегі ауыртпалық – ырғаққа дәл түсу, әншілік шеберлігіңді ырғақтың сыртына шықпай көрсетуің керек. Бірнеше аспапты ести білуі керек. Міне, осындай дүниелерді өте жетік меңгеруің керек. Ал енді жеке аспаптың сүйемелдеуінде, домбырамен ән айтуда, мысалы, домбыра оркестр секілді кеңдікті саған бермейді. Бұл жерде дауысың қысылады. Барлық салмақ орындаушының өзіне түседі. Ауырып тұрған жағдайда дауыстағы аз-кем кемшіліктер бірден көрініп қалады. Себебі, бұл жерде екі-ақ дауыс: аспап мен орындаушы. Ал эстрадамен, оркестрмен ән айтсаң, көптеген дауыс сенің дауысыңдағы кемшілікті білдіртпей жібереді. Және домбырамен айтқанда, халық әнінің өзінің иірімі, ырғағы болады. Оны ешқандай оркестр, өңдеу де бере алмайды. Сондықтан әншілер жеке және оркестрмен айтқанның артықшылығы мен кемшілігін білу керек. Енді өз басым домбырамен айтатынымды ел жұрт былай да біледі. Ал оркестрмен А.Жұбанов мектебінен бері айтып келем. Эстрадамен айтқанымды да көрермен телеарналардан көрді. Маған бұл жанрдың қайсысы болса да, Жұбанов мектебін, консерваторияны, аспирантурасын бітірген кәсіби маман ретінде қиындық тудырмайды. Эстрадамен айтуға еш қарсылығым жоқ. Ал өзіме келсек, Алла Тағала сәтін салса, айтып қалармын.
Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы
Мұрағаттан: 07.08.2014