Ардақ Бәлтаев: «Меруерт Түсіпбаева мені түсінбейді екен деп түңіліп кеткен жоқпын»
- «Аршын» тобы алғаш сахнаға трио болып шығып еді, арадағы біраз үзілістен кейін дуэт болып оралдыңыздар, неге?
- Мектепті бітірген соң, Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжіне оқуға түсіп, Айгүл Үлкенбаеваның домбыра сыныбында оқыдым. Колледж қабырғасында оқып жүргенде Ержан, Аман есімді жігіттермен танысып, «Аршын» тобын құрдық. Біздің өнерге келуімізге «Серпер» тобының әншісі, марқұм Биғазы Тұтқабековтің септігі көп тиіп еді. Дәріс бере жүріп, шығармашылығымыздың жандануына көп тер төкті. Өкінішке қарай, Биғазы ағамыз жол апатына түсіп, өмірден өтті. Қазадан кейін біздің де қабырғамыз қайысып қалды. Оқуымызды аяқтаған соң топтағы Аман туып-өскен жері Қытайға қайтты. Кейін біз де оқуымызды аяқтап, жан-жаққа тарап кетіп едік. Біраз жылдан соң Ержан екеуміз етек-жеңімізді жиып, бұрынғы «Аршын» тобын дуэт етіп қайта құрдық. Дуэт ретінде төрт ән жаздырып, «Ақерке» әніне бейнебаян түсірдік. Жақында «Бабалар» атты әнге бейнебаян түсіргелі жатырмыз және жеке шығармашылығыма да көңіл бөліп жүрмін.
- Қазір продюссерлеріңіз бар ма?
- Жоқ. Барлық жұмысты өзіміз атқарып жүрміз.
- Бүгінде дәстүрлі ән бағытын ұстанған әншілердің басым бөлігі эстрадаға ауысып жатыр. Ал «Аршын» дуэтінің репертуарында керісінше эстрада емес, дәстүрлі әндер көбейген секілді...
- Ия, дұрыс айтасыз. Топта алғаш өнер көрсетіп жүргенде үшеуміз де жалындаған жас болғандықтан, жас тыңдармандардың көңілінен шығуға тырыстық, заманауи әндер жаздырдық. Ал қазір ақыл тоқтатар отыз жасқа да келіп қалдық. Оның үстіне дәстүрлі ән мектебінде тәлім алғандықтан дәстүрлі әндерді айтпауымыз мүмкін емес. Тағы бір қуантарлығы той барысында халық көбінше дәстүрлі әндерге сұраныс білдіріп жатады.
- Сөзіңізге қарағанда тойға да шығып тұрасыз ғой?
- Ел шақырып, әнімізді тыңдап жатса, той басқару қолдан келіп жатса неге шықпасқа?
- 2012 жылы Түркияда өткен «Еуразия жұлдызы» байқауына қатысып, екінші орыннан көріндіңіз. Байқаудан кейін әнші Меруерт Түсіпбаева «Ардақтың барылдаған қарапайым ғана дауысы бар, ол эстрада вокалына қатысы жоқ күйші, актерлік шеберлігі де жоқ» деген секілді пікірлер айтыпты. Осы сынды қалай қабылдадыңыз?
- Көңіліме жақпаса да сабырмен қабыл алдым. Неге екенін білмеймін Меруерт ханым бұл жөнсіз айыптаудан кейін де тілшілерге «Ардақ сайыста қазылар алқасы болған Нұрлан Албанның шәкірті, сол себепті ол түрік ағайындармен келісіп алған» деп түрлі қисынсыз қауесет айтты. Байқауда көрерменнің СМС арқылы берген дауыстары бойынша Қырғызстанның әншісінен кейін екінші орында тұрдым. Яғни, таңдауды жасаған халық. Әрі Нұрлан ағамыз жалғыз мен емес біздің елдің атынан барған барлық қатысушыларға бірдейқолдау танытып, тек сәттілік тіледі. Бәлкім менің дауысым Меруерт Түсіпбаеваның құлағына барылдауық болып естілген шығар. Жұрт алдында жүрген соң сын міндетті түрде айтылады. Сол себепті ол солай айтты екен деп еңсемді түсіріп, түңіліп кеткен жоқпын. Шүкір деп айтайын, «Аршынды» да, жеке әнші ретінде мені де халық жылы қабылдап жүр.
- Жоғарыда күйшілік мектебін бітірдім деп қалдыңыз. Домбырадан басқа қандай аспаптарда ойнай аласыз?
- Алланың берген дауысы және домбыра шертуден басқа асып-тасып бара жатқан өнерім жоқ. Дегенмен аздап фортепиано мен баянда ойнай аламын.
- Бақ құсыңызды қолыңызға қашан қондырасыз?
- Бойдақтық өмірмен қоштасатын сәт келген секілді. Биылдан қалмай шаңырақ көтеретін шығармын.
Мұрағаттан: 24.07.2014