Қуандық Қасымов, режиссер: ТЕАТРҒА ЕҢ АЛДЫМЕН МЕМЛЕКЕТ ҚЫЗЫҒУЫ ҚАЖЕТ

Oinet.kz 14-04-2019 1664

Screenshot_21.jpg

Рейтинг: Қуандық аға, жүлде құтты болсын! Айгүл Иманбаеваның музыкалық театры Македониядағы театр фестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды. Режиссер ретінде сіздің еңбегіңіз өлшеусіз. Әңгімені осы халықаралық өнер бәйгесі жөнінде бастасақ. Театр қалай шақыру алды? Антикалық дәуір шығармасын сахналау міндетті болды ма?

Қуандық Қасымов: Бұл фестивальдің маңызы біздің ұжым үшін орны бөлек болып тұр. Себебі, Айгүл Иманбаева осыдан төрт жыл бұрын жеке-дара, өз бетімен жаңа театр ашып, театрсүйер қауымды елең еткізіп еді. Бірақ сол кезде де, тіпті қазір де бұл театрдың болашағына күмәнмен қарайтын адамдар жеткілікті екеніне көзім жетіп жүр. Бұл жеңіс сол күмәнді сейілтері сөзсіз. Ал бізді қолдайтын, Айгүлдің өнеріне сүйсінетін адамдар қуанар. Жеңіс Айгүлдің, актерлердің адал да жанкешті еңбегімен келді. Македония Республикасының көне Стоби қаласындағы антикалық драматургияға арналған халықаралық театр фестиваліне бізді сол елдің атақты театртанушысы, Македонияның ұлттық театрларын қырық жыл басқарған,он екі томдық Македония театрларының тарихын жазған, театр өнерінің ақсақалы Ристо Стефановскидің арнайы ұсынысы арқылы қол жеткіздік.

Ол кісі биылғы көктемде Белград (Сербия) қаласында өткен

«Славия» халықаралық театр фестивалінде қазылар алқасының мүшесі ретінде біздің театр қойған спектакльге қатты риза болып, оң бағасын берді және Стоби қаласында өтетін фестивальге келуге ұсыныс жасады. Өйткені, біздің театр көрсеткен француз драматургі Жан Ануйдың «Медея» атты трагедиясы сол фестивальдің мақсатына және форматына сай келетін болып шықты. Стоби қаласының амфитеатрында өтетін фестивальдің талабы бойынша, театрлар өз қойылымын ашық алаңда қоюға тиіс. Бұл фестиваль он үшінші рет өтіп отырғанын атап өтуіміз керек. Сол он үш жылдың ішінде әлемнің түкпір-түкпірінен театрлар шақырылып, жыл сайын шілде айында төрт түрлі жүлде үшін бәйгеге түседі. Қазылар алқасының сарабынан өткен спектакльдерге – «Гран При» (ең үздік спектакль), «ең үздік режиссура», «ең үздік әйел бейнесі», «ең үздік ер адам бейнесі» атты төрт номинация бойынша жүлде беріп, әйгілі Афродитаның мүсіншесімен және дипломмен марапаттайды. Бір айта кететін жай, шетелдердегі фестивальдерде жүлдеге ақшалай сыйлық тағайындалмайды.

Рейтинг: Жалпы, Қазақстанда жеке театрлар қаншалықты өміршең бола алады? Олардың аяғынан қаз тұрып қана қоймай, көрерменнің сүйікті өнер ордасына айналуына қаншалықты алғышарттар бар?

Қуандық Қасымов: Сөз басында осы күдік туралы ойымды ортаға салдым. Сіздің де сұрағыңызда сол күдік басым. Әрине, жеке адамның театр ашуына мол мүмкіндік бар елімізде. Дегенмен жаңа бағыттағы драмалық формадағы театрдың өмір сүруі өте қиын. Себебі, ол түрлі атауы бар әзіл-сықақ театрларының қатарына ене алмайды. Олар коммерциялық жоба ретінде құрылады. Ал Айгүлдің ашқан музыкалық театр орталығы – шынайы өнердің ордасы. Қазір кезеңде театр репертуарында төрт түрлі жанрдағы, төрт түрлі формадағы төрт спектакль бар. Кейбіреулер «ол театр емес, жай фестивальге ғана баратын жоба» дегенге келтіргісі келеді. Жоқ, бұл – театр және нағыз қазақ өнерін әлемге паш ететін алдыңғы қатарлы театр екенін жылдан-жылға дәлелдеп келе жатыр. Кешегі фестивальде де, өткен фестивальдерде де әлемнің әр түкпірінен жиналған театр мамандары мен сыншылары біздің қазақ актерлерінің шеберлігіне тәнті болды. Әсіресе Медеяны ойнаған Айгүлдің ең үздік актриса екенін мойындап, бас иіп, қошемет көрсетті. Ендеше, бұл театрға билік тарапынан да,меценаттар тарапынан да қолдауды күшейтіп, қаржыны аямау керек деп ойлаймын. Біздің театрдың ұжымы өз мүддесін ғана емес, қазақ театр өнерінің мүддесін қорғап, әлемге танытып отыр емес пе? Егер билік пен қаражаты бар азаматтар қолдау көрсетіп, қамқорлығына алса, жаңадан құрылған жас театрлар өркендеп, өсіп, гүлденері сөзсіз.

Рейтинг: Аймақтарда да жұмыс істеп келдіңіз. Қазір Алматыда, салыстырмалы түрде алғанда, театрдың қайнаған ортасында жүрсіз. Біздің театр өнерінің даму деңгейі қандай? Әлемдік театр өнерінің көшіне ілесіп келе жатыр ма?

Қуандық Қасымов: Әлемдік театр көшіне ілесіп қана қоймай, алдыңғы қатарында болуына театрларымыздың мол мүмкіндігі бар. Оған менің көзім жетті. Біздің шағын театр ұжымының шетелдерде фестивальдерге қатысып,  айналасы екі жылдың ішінде екі мәрте бас жүлдеге ие болуы соның дәлелі. Қазір талантты жас актерлар мен режиссерлар легі өсіп келеді. Енді солардың еңбегін, солардың шеберлігін әлемге паш етуіміз керек. Қазіргі кезеңде Мәдениет министрлігі ұлттық мәдениетіміздің өсіп-өнуіне септігін тигізетін концепцияның жобасын даярлап, соны талқыға салып отыр. Егер сол концепция жүзеге асса, театр ұжымдары жаңаша бағытта өмір сүруге мол мүмкіндік алады. Ал аймақтағы театрлардың дамуына жергілікті билік пен орталықтағы билік көп көңіл бөлуі қажет. Қаражатпен қамтамасыз етілгенде ғана театрлар өркендеп өседі. Сахнадағы қойылымның жоғарғы деңгейде болуы көбіне-көп қаражатқа келіп тіреледі. Заманға сай техникалық құрал-жабдықтармен театрлардың материалдық базасын толықтыру керек. Сонда ғана біз терең мағыналы,көркемдік деңгейі жоғары шығармаларды көрерменге ұсына аламыз.

Рейтинг: Әлемдік театр өнеріндегі қандай жаңалықтар бізге енбей жатыр? Мүмкіндігіңіз болса, Қазақстанның театр саласына қандай реформа жасар едіңіз?

Қуандық Қасымов: Бізге енбей жатқан жаңалықтар жоқ емес, еніп жатыр. Бірақ өте баяу. Тағы да айтамын, театрлардың техникалық базасын жаңа технологиямен толықтырып, нығайтуды тез арада жүзеге асыру қажет. Содан соң сату мен сатып алу заңына өзгертуді енгізуді қолға алау қажет. Тендер арқылы театрға керекті затыңды алу қияметтің қияметіне айналды. Сіздің тапсырған затыңыздың орнына мүлде заттарды әкелгенде, не істеріңді білмей дал боласың. Сатып алу заңында театрларға еркіндік қараластыруы керек. Ресейде қазіргі кезде солай болып тұр.Сосын тұрғын үй туралы заңға өзгерістер енгізуді қолға алу керек-ақ. Неге дейсіз ғой? Театрлар үкімет тарапынан қызметтік пәтерге қол жеткізе алмайды. Бұл бапты кезінде қысқартып тастаған. Қызметтік пәтер немесе қызметтік жатақхана болса, кадр мәселесін шешуге септігі тиер еді. Қазір театрларда актерлар да, режиссерлер де, кәсіби суретшілер де тапшы. Техникалық құрамында білікті маман тіпті жоқ десек болады. Баспана жағдайы шешілсе, аймақтық театрларға кәсіби мамандарды тартуға болар еді. Сол себепті, қызметтік пәтер ауадай қажет. Және еңбек туралы заңдағы G санатынан театр қызметкерлерін, әсіресе аймақтағы театр қызметкерлерін F санатын өткерер едім. Сонда ғана олар жоғары деңгейлі айлық алар еді. Қызметкерлердің тұрмыстық, әлеуметтік жағдайы жақсарғанда ғана кәсіби мамандар тобы сол театрды көркейтуге үлес қосары сөзсіз.

Рейтинг: Қазір театр артистерінің мүмкіндігі артты. Телехабарлар да жүргізеді, кино, сериалдарға да түседі, театрда да ойнайды. Бұл заман талабы ма? Әлде театр мен киноның нақты біреуін таңдау керек пе?

Қуандық Қасымов: Тек Астана мен Алматыдағы актерлердің мүмкіндігі артты. Аймақтағы театр актерларінің күнкөрісі мардымсыз айлығы мен тойдан тапқан нәпақасынан құралады. Ал кино, сериалға келетін болсақ, ол – актердің халыққа танымал болуына ашылған бірден-бір төте жол. Егер актер сол түскен фильмдегі  ролімен көрерменді тәнті етсе, ертең театр сахнасындағы ойынына да көрермен қызығып келуіне кепілдік алады. Ең бастысы, актердың жеке  материалдық базасы нығайып, тұрмыстық жағдайы түзеледі емес пе? Сондықтан театр актерлары кинодан алшақ болмауы керек деп ойлаймын. Ал театрға келер болсақ, ол актерге көрерменмен күнделікті сырласып, іштегі шеріңді тарқатып, эмоциялық ләззат алуға мол  мүмкіндік береді. Мұны ешқандай кино алмастыра алмайды.

Рейтинг: С.Мұқанов атындағы СолтүстікҚазақстан облыстық театрында да классикалық шығарма сахналадыңыз. Жалпы Қазақстан театрларының жай-күйін жақсы білетін адам ретінде айтыңызшы, біздің аймақтық театрлардың деңгейі қандай? 

Қуандық Қасымов: Әрине, актерлар құрамы әртүрлі деңгейде. Дегенмен беріле жұмыс істеп, олардың қиял көзін өз қиялыңмен оятсаң, олардың да жаны жай таппай ізденіске еніп, кейде ашылмаған қырлары ашылып, өзі де көрермені де риза болып жатады. Актердің шеберлігінің шыңдалуы және оның шығармашылық деңгейнің биікке көтерілуі, көзі қарақты,терең ойлы режиссердің тұлғасына байланысты. Сондықтан режиссураға келген талантты адам болса, оған ерекше қамқорлық жасалуы қажет. Актерлер көп, ал режиссер қашанда жалғыз. Оның жан-дүниесіндегі эмоциясы сол адамдарға жұмсалады. Спектакльді қойып, жұмыс аяқталған сәтте оның бойындағы бүкіл энергиясы да сарқылады. Сөйтіп, ол қайта өз қалпына келу үшін біраз уақыт керек болады. Қазіргі уақытта әсіресе аймақтарда жүрген режиссерлерге қамқорлық өте аз. Басшылыққа келген режиссер мен директордың мәртебесі әртүрлі деңгейде.Көбіне-көп режиссерлер директорлардан төмен деңгейде тұрады. Директор мінген көлік оларға бұйырмайды. Айлығы мардымсыз. Көптеген аймақтарда ол қарастырылмаған. Өйткені жарғыда бүкіл билік театрдың директорына беріліп қойған. Ал режиссер, әсіресе басшылықтағы режиссер екінші планға шегеріліп кеткен.

Рейтинг: Театр сыны елімізде қандай деңгейде? Көңіліңіз толатын, толмайтын тұстар қандай?

Қуандық Қасымов: Театр сыны деген бар ма өзі? Кезіндегі ақсақалдарымызбен бірге тұңғиыққа кеткен секілді көрінеді. Қазіргі сынға келген сыншылар бәрін жоққа шығарғысы келеді. Өздерінің білгендерінен білмегендері көп сыншылар не айта алады? Егер олар К.С.Станиславскийді түгендеп оқып, М.Чеховтың жүйесін зерттемесе, Мейерхольд пен Вахтанговтың режиссурадағы бағытын анық білмесе, Брехтің кезінде тапқан тәсілдеріне немесе Гротовскийдің, Попондопулостың жасаған эксприменттік тәсілдеріне үңілмесе және қазақ театр өнерін зерделеп-зерттемесе, қайтіп сын айтып, ой түйіндейді? Кезінде қазақ режиссурасының майталмандары Әзірбайжан Мәмбетовтың, Қадыр Жетпісбаевтың, Жақып Омаровтың, Бәйтен Омаровтың өмірін зерттеп жүрген театртанушылар бар ма өзі? Қазіргі кезде режиссураның дамуына мол үлес қосып жүрген режиссерлер Жанат Хаджиев, Болат Атабаев, Нұрқанат Жақыпбаев, Мұрат Ахманов, Нұрлан Жұманиязов, Болат Ұзақов, Гүлсина Мерғалиева, өмірден ерте өткен Шопан Кәрібаев сынды тұлғалардың еңбегіне көз салып,елге насихаттап жүрген кімдер бар? Ал жас режиссерлер қатарын толықтырған Елік Нұрсұлтан, Дина Жұмабаева секілді азаматтардың жұмыс істеу тәсіліне үңіліп отырған сыншылар бар ма? Бұл режиссерлар легі ғана,ал театрда қаншама талантты актерлар мен суретшілер бар! Солардың сахнада тер төгіп, таңды таңға ұрып,  ұйқы көрмей сіңірген еңбегін бағалайтын адам бар ма? Режиссердің шешіміне үңіліп, оның қойған спектакльдерін бір емес бірнеше мәрте көріп, ой түйіндейтін сыншы бар ма өзі?Актердің қайталанбас ерекшелігін, суретшінің сахнаграфияға әкелген жаңалығын кім жазады, кім зерттейді? Бір көргеннен жылт еткен мен тереңде жатқан асылды ажырата алмайтын пікірлер арқылы режиссер мен актердің,суретшінің сахнада толғаған толғауына баға бергісі келеді көбіне.Сондықтан сынның дәрежесіне баға беру өте қиын.

Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы

Мұрағаттан: 24.07.2014


Жеңіс КӘКЕНҰЛЫ, суретші: БІЗДІКІ – ҰЛЫ СУРЕТШІГЕ ЕЛІКТЕУ ҒАНА
Ардақ Бәлтаев: «Меруерт Түсіпбаева мені түсінбейді екен деп түңіліп кеткен жоқпын»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу