Ардақ Балажанова: «Әншілерді дәстүрлі және эстрадалық деп бөліп-жарған дұрыс емес»
– Оқырманмен бөлісер шығармашылығыңызда қандай жаңалықтарыңыз бар?
– Халыққа айтар жағымды жаңалықтарым көп. Шығармашылығыма келер болсам «Пай-пай» атты этно-фольклорлық топпен бірлесіп жұмыс жасап жатырмын. Топ мүшелерінің барлығы Президент оркестрінің белді музыканттары. Халық әндерін ұлттық колоритін бұзбай заманауи үлгіде елге ұсынғалы жатырмыз. Сондай-ақ кейбір әндерімді үш ішекті домбыраға қосып жаздырып жатырмын. Үш ішекті домбыра ата-бабамыздан қалған көне аспаптардың бірі. Бүгінде оны дәріптеп жүрген әртістер жоқтың қасы. Тағы жақында қыркүйек айында өткелі жатқан бауырлас түрік елінде өтетін «TurkVision» ән байқауына арнайы шақырту алдым. Онда қазақ елінің намысын қорғайтын жерлесімізге қолдау білдіріп, екінші жағынан қазақ өнерін паш ету мақсатында бір-екі ән орындамақпын.
– ҚР Республикалық Ұланы Президент оркестірінде қызмет жасап жүргеніңізге он сегіз жылдай уақыт болыпты. Оркестрдің құрамына қалай қабылданған едіңіз?
– Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияның «Халық әні» кафедрасында дәстүрлі Жетісу ән мектебінің жалғастырушысы әнші Ержан Қосбармақовтан дәріс алып жүргенмін. Бүгінде елге танымал Мейрамбек Беспаев, Тоқтар Серіков, Айгүл Мақашева, Айгүл Елшібаева сынды әншілермен бір топта оқығанмын. Оқу барысында ұмыт қалған, ел естімеген халық әндерін жинауды тапсыратын. Әжем халықтың алты ауызын жақсы айтушы еді. Сол кісіден және той-томалақтан естіген Жетісу өңірінің әндерін көп жинадым. Ол әндерді кәсіби әншілерден емес ел аузынан естігендіктен әнге өзім әр беріп, өңдеп, домбыраға қосуға тура келді. Осылай импровизациялық қырымды дамыта түсіп, өзіндік ән орындау шеберлігімді, стилімді қалыптастыра бастадым. Менің осы азды-көпті еңбегімді Бекболат Тілеуханов ағамыз байқап, бағалап Президент оркестріне жетектеп алып барды. Ол кезде мен екінші курстың студенті едім. Осылай ойламаған жерден кәсіби әнші-музыканттардың арасына топ ете қалдым. Бүгінгі жеткен жетістігімнің барлығы осы ұжымның арқасында длеп білемін. Себебі Президент оркестрі мені тәрбиелеп шығарды. Оқуымды аяқтаған соң 1999 жылы Астанаға елбасының сыйға тартқан үш бөлмелі пәтеріне жолдасым екеуміз көшіп келдік.
– «Ардақ Балажанова мемлекет басшысының сүйіп тыңдайтын әншісі» деген сөз қаншалықты рас?
– Оркестрге алғаш келіп, сахнада ән салған кезімде Н. Назарбаев өнеріме жоғары бағасын берген болатын. Ол кісінің анасы әншілік қасиеті бар адам болған. Менің әндерімнің көбісі қарт кісілердің, әжелердің аузынан жазылып алған ән болғандықтан анасының әндерімен ұқсастықты байқады ма екен, кім білсін?! Содан бері ол кісі менің әндерімді ұдайы тыңдап, кемшіл тұстарымды түзетіп отыратын кездері де болған.
– Сізді соңғы кездері дәстүрлі әншіліктен гөрі эстрадаға жақын болып кетті деген әңгімелер жиі айтылып жүр...
– Әншілерді дәстүрлі және эстрадалық деп екіге бөліп қарағанды құп көрмеймін. Домбыра ұстап, халық әндерін айтқан әншілерді бөле жарып тек қариялардың немесе ресми жиындарда ғана ән салатын өнер иесі деп қарайды. Мәселен менде халық әндерін шырқаймын. Бірақ XXI ғасырға сай түрлі музыкалық аспаптардың, оның ішінде эстрада жанрына сүйеніп те айтамын. Неге мен тек домбыра тартып, басыма үкілі бөрігімді ғана киіп жүруім керек? Мен кәсіби музыкантпын. Сол себепті әнді домбырамен де, оркестрмен де, эстрадамен де шырқай білуім керек. Кезінде Ғарифолла ағамыз халықтың небір жауһарларын симфониялық оркестрмен айтса, Жамал Омарова халық әндерін фортепиананың сүйемелдеуімен орындап, тыңдарманның жүрегіне жеткізе білді. Оларға ешкім халық әнін неге оркестрмен немесе фортепиано, гитараға қосып айттың деген жоқ қой. Сол секілді менде әнді бүгінгі күннің талғамына сай етіп өңдеп шырқап жүрмін. Яғни мен дәстүрлі де, эстраданың да әншісі емес, қазақтың әншісімін.
– Алыс-жақын шетелдің сахналарында, ресми іс-шаралардан бөлек, қазақтың тойларында ән шырқайсыз ба?
– Мен тек үлкен сахнада ғана ән салатын едім деп кеуде көтерудің қажеті жоқ. Әрине сахна талғау керек. Бірақ тойдың жөні бір бөлек. Аптасына, айына деп айта алмаймын, анда-санда шақырған жерге барып тұрамын. Жақында ғана бір тыңдарманым хабарласып «мен қызымды тек сіздің әніңізбен ғана ұзатқым келеді» деп тойына шақырды. Байқап қарасам, репертуарымда қыз ұзатуға лайықты ән жоқ екен. Содан Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың өз аузынан жазып алған «Бедел-ай, Бөпем-ай» деген әнді шырқап бердім. Бұл ән оның анасы Қалдыгүл Рысқұлқызының кезінде шырқап жүрген әндерінің бірі екен. Ағамыз мұны есте сақтап, жазып қалған көрінеді. Тойға шақырған адамдар кейде «неге тойға арнап ән жаздырмайсыз?» деп жатады. Егер мен тек той үшін ән жаздырсам осы күнге дейін ел алдында өзіндік стилімен, орындау нақышымен танылған Ардақ басқа Ардаққа айналып кетер еді. Мен тек көңілімнен шығатын әндерді ғана шырқаймын.
– Бір сөзіңізде Мейрамбек Беспаев, Тоқтар Серіков, Айгүл Елшібаева, Айгүл Мақашева сынды өнер иелерімен бір топта білім алдым деп айтып қалдыңыз. Студенттік шақтарыңызда бастарыңыздан талай қызық өткен болар...
– Әлі күнге дейін естен шығармаған бір қызықты айтып берейін. Тоқтар, Айгүл (Мақашева) тағы басқа құрбы-достарыммен менің туған ауылыма келдік. Көктемнің кезі болатын бәріміз атқа мініп тауға қарай шықтық. Жанымызда заттарымызды тасуға көмектесіп жүрген есекке мінген ауылдың жас балалары бар. Тауға шығу үшін сарқырап ағып жатқан өзеннің арғы бетіне өту керек болды. Көктем мезгілі болғасын өзеннің суы да мол еді. Өткелді білейін деп жас балалардан сұрайын деп тұрсам, Тоқтар «мен малшының баласымын ғой, өткел мына жер болу керек» деп суға қарай жүріп кетті. Артына құрбымды мінгестіріп алған. Судың ортасына келгенде үшеуін де ағыс алып кетпесі бар ма. Біз жағада абдырап сасып қалдық. Сонда судың бетінде ағып бара жатқан аттың, Тоқтардың және құрбымның бастары көз алдымда қалып қойыпты. Әйтеуір бір кезде Тоқтардың мықтылығымен үшеуі де жағаға аман-есен шықты ғой. Сол күні осы оқиғаны айтып әбден күліп алғанбыз.
– Өнер адамдарының бос уақыты бола бермейтінін білеміз. Дегенмен, асханаға қаншалықты бас сұғып тұрасыз?
– Осы уақытқа дейін үйде балаларға қарау, үй шаруасы, тамақ пісіруге сіңлілерім көмектесуде. Әрине, арасында уақытым болғанда өзім де кірісіп кетем. Таңертең балалардың ботқасын пісіруге уақыт табамын әйтеуір. Кейде ұлым «Мама, асты өзің әзірлеші, сенің тамағыңды жегім келеді» деп айтып отырады. Мүмкіндік болса, отбасыма жиі көңіл бөлуге барымды саламын. Қазір үлкен қызым бойжетіп қалғандықтан, үй шаруасын өзі атқара береді.
Мұрағаттан: 21.08.2014