ҚазҰУ тізгінін қолға алған Түймебаев туралы не білеміз?

Oinet.kz 10-02-2021 1753

OINET.KZ - Бүгін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұжымына жаңа ректор Жансейіт Қансейітұлы Түймебаевты таныстырды.

Screenshot_1.jpg

Жаңа ректорға ҚазҰУ таңсық емес. Себебі ол осында білім алып, алғашқы жұмысын да осында бастаған. Университет қабырғасында өткізген бір мүшел уақытта оқытушы, доцент болып жемісті еңбек етті. Бірнеше толқын жастарды білім нәрімен сусындатып, білікті мамандарды даярлап шығарды.  

Қазақстан егемендігін алып, етек-жеңін жинаған кезде мемлекеттік қызметке ауысты. ҚР Сыртқы істер министрлігінің бірінші хатшысы болып қызметін бастаған Жансейіт Қансейітұлы іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетімен көзге түсіп, көптеген жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Әсіресе Білім және Ғылым министрі болған кезде қолға алған бастамаларымен дау-дамайы көп білім саласында реформа жасауға бастамашы болды. Осы қызметтен соң ол еліміздің Түркиядағы төтенше және өкілетті елшісі болып ұзақ жыл жемісті еңбек етті.

2016 жылы өзі туып-өскен бұрынғы Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облысын басқаруға келеді. Келе сала игі істерді қолға алады. Әсіресе оның туған жердің әлеуетін дамытуға қатысты ("Туған жерді түлету - перзенттік парыз", "Туған жерге тағзым") жобалары әлі ел есінде. Бұл жоба бойынша, өңір басшысы Оңтүстіктен шыққан азаматтардың, оның ішінде ірі бизнесмен-инвесторлардың  басын туған жерде қосып, туған жерін түлетудің әрбір қазақтың парызы, қанында бар қасиет екенін көрсете білді. Нәтижесінде бизнесмендер туған жерге инвестиция салып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосты. Әкімнің ең басты міндеті - инвестиция тарту болса, Түймебаев бұл қызметтік һәм перзенттік міндетін зор абыроймен орындады десек қателеспейміз.

Screenshot_2.jpg

Сонымен қатар, Түймебаев Оңтүстік өңірін туристік аймаққа айналдыруға күш салды. Осы мақсатта өңірдегі аудандар өз брендтерін насихаттап, көпшілікке насихаттады. Мысалы шағалалы Шардарада "Safari Shardara" фестивалі, таулы Түлкібаста қызғалдақ фестивалі, Жетісайда қауын фестивалі, т.б өтіп, оған ағылған адамдар санында есеп болмай, аудандарға жан кірген еді. Төлеби ауданында Қасқасуда Алматыдағы әйгілі Медеуге балама тау-шаңғы кешені салынып, Оңтүстік тұрғындары қыстыгүні бой жазып демалатын мекенге айналды. 

Өңір басшысының жүйелі жұмысының арқасында аудандарда туристерге қызмет көрсететін халықаралық стандарттарға сай сапалы нысандар салынды. Жол бойында қызмет көрсету орындары көптеп ашылып, өңір туризміне қан жүгіре бастаған еді.  

Аудан демекші, Түймебаевтың тұсында халқының саны облысқа жуықтаған Мақтаарал ауданы екіге бөлініп, көптеген мәселе оң шешімін тапты. Әйтпесе үлкен ауданды басқару қиындап, мәселер жылдап қордаланып тұратын. Осы проблеманы жойған Түймебаевқа қиындық көргіп жүрген жергілікті азаматтар алғыс жаудырды. 

Түймебаевтың бастамасымен жүзеге асқан "Түркістан - Түркі әлемінің мәдени астанасы" жобасының арқасында 22 түркі тілдес елмен іскерлік байланыс орнатылды. Олар киіз үйден жасалған этно ауылда қазақ халқының салт-дәстүрлерімен, мәдениетімен танысып тәнті болды. 

Түймебаев әкім болып тұрған тұста Түркістан қаласын облыс орталығына айналдыру тақырыбы көтеріліп жүрген еді. Ақыры бұл ой жүзеге асып, Шымкент қаласы Оңтүстік Қазақстан облысынан еншісін алып бөлек шықты. Оңтүстік Қазақстан - Түркістан облысы атанып, орталығы киелі Түркістан қаласы болды. Осылайша Түймебаев жаңа облыстың тұңғыш әкімі қызметіне кірісіп кетті. Оның Түркиядағы елші болғаны облысқа инвестиция тартуға көп септігін тигізді. Бауырлас Түрік елімен іскерлік қарым-қатынас орнатып, көптеген жобаларды бірлесе жүзеге асырды.  

Screenshot_3.jpg

Кадр саясатына жауапкершілікпен қарайтын Түймебаев айналасын өз саласының білгір мамандарымен толтырды. Нәтижесінде барлық салада оң өзгерістер орнап, жұмыс алға жылжи бастады. Әсіресе ең өзекті денсаулық сақтау саласында ОҚО зор жетістіктерге жетіп, республикада көзге түсе бастағаны жасырын емес. 

Су жаңа Түркістан облысының алғашқы құрылыстарының қазығын қағып, өңір тарихында өз қолтаңбасын қалдырды десек те болады. Түймебаев елордағы қызмет ауыстырарда оны көпшілік қимай, шапан жауып шығарып салғанын әлі ұмыта қойған жоқпыз. 

Еліміздегі тарихы тым тереңде жатқан бұрнағы белгілі оқу орнының ректоры болғанымен құттықтай отырып, ҚазҰУ-ға баяғы атақ-абыройды қайтарады деп сенеміз! 

Мәслихат депутаты жас кәсіпкерге қысым көрсеткен бе?
«Беделі де, ары да таза жігіт» - Мәжіліс депутаты (видео)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу