Шымкентте сыбайлас жемқорлық көбейген
29-03-2023
OINET.KZ - Бүгін «Inter Press ВК» ЖШС-нің директоры Бекнұр Батырбек баспасөз мәслихатын өткізді. Мәслихат жылы конференция залында емес, көшеде, жауып жатқан жаңбыр астында, жел өтінде өтті.
Фотода солдан оңға қарай Бекнұр Батырбек және Бақыт Қыдырбаев
Мәселенің әлқиссасын басынан бастап түсіндірсек, былай: Жас кәсіпкер Бекнұр Батырбек Шымкенттің орталығындағы ескі ғимаратты сатып алған. Кеңес Одағы тұсында салынған, ұзақ жыл қараусыз қалғасын шіріп бітуге айналған ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп, заман талабына сай жабдықтап жатақханаға айналдырмақ ниетте болған. Негізгі мақсат - алыс ауылдардан қалаға оқуға түскен студенттер тұратын жер, жататын орын таппай, пәтер іздеп сандалмас үшін оларға қолайды жағдай жасау. Бүгінгі жастардағы проблемаларды түсінетін жас кәсіпкер Бекнұр осы мәселені шешу мақсатта тиісті органдардардан рұқсат алып, жұмыстың бәрін заң шеңберінде бастаған. Жұмыс жап-жақсы жүріп келе жатқан болатын.
Бір күні жұмыс орнына бір адам қасына екі адамды ертіп келеді. Екі қолын қалтасына салған адам мұндағы құрылыс жұмыстарының барысынын сұрайды. Құрылыс басындағы жауапты кісі әлгі адамға тек ресми сұраныс жасаса ғана жауап беретінін айтады.
Кейіннен белгілі болғандай, әлгі адам - Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Бақыт Қыдырбаев болып шығады. Оның жанында көмекшісі мен қалалық әкімдіктен бір өкіл болған.
Бұл оқиға БАҚ беттерінде жарияланған соң, партияның Саяси бюросында депутат кәсіпкерлік нысанды не үшін тексергенін түсіндірді. Оның айтуынша, құрылысқа арналған көліктер жас кәсіпкердің нысанынан көшеге лай доңғалақпен шығып ластаған. Осыған байланысты ол кәсіпкерге халыққа қолайсыз жағдай жасамас үшін көшені тазалау керектігін айтқанын мәлімдеді. Ал бұған жас кәсіпкер келіспейтінін хабарлады:
- Біз жауапкершіліктен қашпаймыз. Көше құрылыс жұмыстарына байланысты ластанғаны рас. Бірақ артынша дереу тазалап қойдық. Бұл біздің міндетіміз. Бұған депутаттың ешқандай қатысы жоқ. Ол әлеуметтік желіге салған видеосында көшені өзі бізге ескертіп жүріп тазалатқандай қылып көрсеткен. Бұл өтірік. Ол осындай өтірік арқылы өзіне пиар жасап біздің абыройымызға нұқсан келтіріп отыр, - дейді Бекнұр Батырбек.
Кәсіпкердің айтуынша, мәслихат депуаты оларға айыппұл салу керектігін айтқан. Бірақ нақты не үшін айыпппұл салу керектігін айтпаған. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне тоқталсақ, кәсіпкер мәслихат депутатының өздеріне жала жапқаны үшін кешірім сұрағанын қалайды.
- Біздің беделімізге нұқсан келтіргені үшін халықтың алдына шығып немесе әлеуметтік желі арқылы кешірім сұрасын. Егер бұлай жасамаса Нұр-Сұлтанға барып "Nur Otan" партиясына шағымданамыз, - дейді ол.
Айта кетейік, бұл жайтқа қатысты «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы фракциясының жетекшісі Бекайдар Төлегенов әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдірді:
- Партияның 2021-2025 жылдарға арналған қалалық сайлауалды бағдарламасында 2500 орындық жатақхана салынып, жастарды қамтамасыз етуге атсалысатынымызды айтқан болатынбыз. Міне, осы жұмыстың іске асуына халық қалаулылары бөгет жасамай, керісінше кедергі болып жатқан жағдайларды жойып жәрдем беруіміз тиіс. Осындай игі істің қаламызда орын алып жүзеге асып жатқандығына қуануымыз керек. Партия халықтың жанашыры әрі қамқоршысы болуы тиіс. Ал, депутат Қыдырбаев Бақыт Съездұлы осы бағдарламадағы айтылған жәйттарды назарға ұстамай, ол объектке не мақсатпен барғанын, нені көздегенін алдағы уақытта аудандық партия филиалының Партиялық бақылау комиссиясы, Саяси бюросы анықтап, нақты шаралар қолданатын болады, - деп жазды Бекайдар Төлегенов.
Елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көптеген жобаларды қолға алды. Әрқашан кәсіпкерлікті қолдау керектігін айтып, оларды "қысатындарды", "тұншықтыратындарды" жазалау керектігін де мәлімдеген еді. Осыған байланысты шағын және орта кәсіпкерлерді негізсіз тексеруге мораторий жариялаған болатын.
P.S. Саяси бюро отырысында мәслихат депутаты Бақыт Қыдырбаевқа ескерту жасалды.