Мәслихат өзгергенімен мәселе шешіле ме?
Мәжіліс пен мәслихатқа баратын депутаттардың есімдері белгілі бола бастады. Осы аптада «Нұр Отан» партиясының Шымкент қалалық филиалының конференциясында Мәжіліске және Шымкент қалалық мәслихатына ұсынылатын кандидаттардың есімдері аталды.
Конференцияда Мәжіліс мандатына дәмелі сегіз кандидат пікірсайысқа түсті. Дебатшылар өздерінің ұстанымдарын білдіріп, өзара сұрақ-жауап алмасты. Осыдан кейін төрт ауданнан келген 120 делегат «Праймериз» жүйесі арқылы сегіз үміткерге дауыс берді. Ең көп дауыс жинаған төрт кандидатты Мәжіліске «Нұр Отан» партиясының беретін тізіміне енгізу ұсынылды. Айта кетері, партияның ақырғы тізімі партияның съезінде бекітіледі. Ал сайлаудан кейін Мәжіліске нақты кімдердің баратынын Саяси бюро шешеді. Яғни, шымкенттіктер аттай қалап таңдаған төрт кандидат ақырғы тізімге жұптары жазылмай бірге бара ма, әлде орта жолда қала ма, ол жағы әлі белгісіз. Десек те, праймеризде «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан жеңімпаздарға тоқтала кетейік.
Бірінші кандидат Мәжіліс депутаты Берік Оспанов. Бір кездері Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған Оспанов Оңтүстік үшін оншалықты бөтен адам емес. Алайда орны бөлек Оспанов деуге де болмайтынын мойындау керек шығар. Оспановты он орап алатын кандидаттарды табуға болар ма еді?! Алайда қалай десеңіз де таңдаудың аты таңдау, оған талас жүрмейді. Екінші кандидат Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев. Алдыңғы мәсхатшы Нұрлан Бекназаров екі жыл бұрын Сенат депутаты болып кетіп еді. Салмағы, абырой-беделі оншалықты жоғары болмаса да Ташқараевтың Мәжілістің мандатын иеленіп кетуіне мүмкіндігі мол сияқты. Үшіншісі, қалалық кәсіподақтар кеңесінің жетекшісі Берік Бекжанов. Осы жолы Бекжановтың бағы жанып кетсе, ол екінші қайтара Мәжіліс депутаты атанады. Соңғы кандидат, төртеудің ішіндегі жалғыз нәжік жанды Жадыра Таңатарова Сайрамдағы қосалқы мектептің директоры қызметін атқарады.
Конференцияда Шымкент қалалық мәслихатының депутаттығына 60 кандидат ұсынылды. Оның 51-і қаладағы төрт ауданда өткен праймеризде оза шапқандар. Тоғыз кандидат қала әкімі Әйтеновтың, дәлірегі партия филиалы төрағасының квотасы бойынша ұсынылды. Төрағаның тізімі деген бұған дейін болған емес. Сондықтан біртүрлі оғаштау көрінетіні рас. Өзіңіз салмақтап қараңызшы, біреулер, ақ тер, көк тер болып, өзара жарысып, бәсекелесіп, праймеризде ұтып, тізімге енеді. Біреу тізімге ешкіммен бәскелеспей, таласып, тартыспай, тып-тыныш кіре салады. Тап бір «есіктен кіріп, төр менікі» дегендей. Бәлкім төрағаның құдыреттілігі де осында шығар.
Төрт ауданнан ұсынылған кандиаттардың арасында бар-жоғы 8 депутат қана бар. Яғни, осы шақырылымнан келесі шақырылымға сегіз депутаттың ғана өтуге мүмкіндігі бар деген сөз. Ақырғы тізімге дейін оны саны тағы да азаюы мүмкін. Себебі Орталық сайлау комиссиясының Шымкент қалалық мәслихатына 30 мандат белгілеп бергені белгілі. Отыздың бәрін «Нұр Отан» иеленбеуі мүмкін. Бірнеше мандат өзге партияларға бұйырады. Яғни, үздік деген алпыс «нұротандық» бір орынға кем дегенде екеуден таласады. Іріктеудің, таласу, тартысудың көкесі әлі алда.
Партияның қалалық филиалының хабарлауынша, тізімдегі әйелдердің үлес саны 11 пайыздан 30 пайызға дейін өсіп, 3 есе артты. Ал 35 жасқа дейінгі жастар – 0 пайыздан 20 пайызға көбейді. Үміткерлердің орташа жасы 49-дан 44 жасқа дейін төмендеді. Тізімдегілердің көпшілігі – шағын және орта бизнес өкілдері (30 пайыз). Білім саласындағылар, – 17 пайызды, үкіметтік емес ұйым өкілдері – 12 пайзды құрайды. Депутат жасақтаудың әдіс-тәсілі өзгергенімен, бәрібір депкорпустың құрамы өзгермейтін сияқты. Бәз-баяғыша қалталылар, бай-бағландар. Кәсіпкерлердің қатарында Байкен Әшірбаевты, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Қайрат Сүлейменовты байқадық. Облыстық мәслихаттың бұрынғы депутаты Рәшкүл Оспаналиева да бар. Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиевтің ұлы, кәсіпкер Нұрсұлтан Балабиев де алдыңғы қатарда тұр...
Айпақшы, егер Ғани Ташқараев Мәжіліске кетсе, оның орны кімге бұйырады? Жаңа мәсхатшыны да енді осы алпыстың ішінен іздей беруге әбден болады.