Баратбековтың отставкісі әділетті ме?

Oinet.kz 05-11-2020 1477

Соңғы уақытта Түркістан облысында парамен ұсталудың,  сотталудың көбейгені рас. Олардың арасында кімдер жоқ дейсіз?! Шенеуніктер, құзырлы органның қызметкерлері, судьялар... Жуырда Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасының төрағасы қызметін атқарған Түгел Бекімбетовке үкім шықты. Ол сәуірде ірі көлемде парамен ұсталған болатын. Ал жыл басында облыстық соттың судьясы Ә.Рахымбаевтың 3 миллион теңге парамен, өзінің пәтерінде құрықталғаны белгілі. Бекімбетовтің ұсталуынан кейін Түркістан облыстық сотының төрағасы Талғат Баратбековтің отставкісі туралы мәселенің құлағы қылтиды. Сот төрағасы мен Соттар әкімшісінің басшысы Орынбасар Лештаев арасындағы текетірес туралы әрқилы әңгімелер айтылды. Текетірестің ақыры екеуінің де қызметінен кетуімен аяқталды. Бұл туралы сәл кейінірек. Алдымен Бекімбетовке шығарылған үкімге тоқталсақ.

Талғат Баратбеков.jpg

Талғат Баратбеков

Заң бойынша судья заңға ғана арқа сүйейді. Шешімді дербес, тәуелсіз қабылдайды. Сот барысында тараптардың біреуіне бүйрегі бұрмай,  бейтараптылық ұстануы тиіс. Шешімді қабылдар кезде судьяның  кеңесу бөлмесіне кететіні белгілі. Бірақ судьяның пара алар кезде ешкіммен кеңеспейтіні, ешнәрсеге арқа сүйемейтіндігі айдан анық.

Түгел Бекімбетовтің қылмыстық ісінің басқа істерге қарағанда ерекшелеу екендігі рас. Ең қызығы,  антикорға пара сұрау дерегі бойынша алдын ала ешкім арызданбаған. Параны алушы да, беруші де сот залында қатар отырып, жаза алды. Бұрын -соңды мұндай жағдайдың болғанын өз басымыз естімеген екенбіз. Екі сотталушы да кінәларын бұлтарусыз толықтай мойындап, өздеріне айыппұл жазасын беруді өтінген. Алайда сот олардың өтінішін қанағаттандырмай, бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Бұл да әдеттен тыс жағдай.

Бекімбетовке үкімді Шымкент қаласының Қаратау аудандық соты шығарды. Сотталушы 2015 жылдан бергі аралықта Оңтүстік Қазақстан, кейінірек Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқасына  төрағалық еткен. Мұндай жағдайда бейтараптылықты қамтамасыз ету үшін оның ісі басқа өңірдің сотына берілетіні айтпаса да түсінікті. Бірақ мәселенің мәнісі мұнда емес. Түгел Бекімбетовке қатысты қылмыстық әрекеттер Шымкент қаласында болған. Оның ісін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің қызметкерлері жүргізген, күдіктінің өзі Шымкент қаласында қолға түскен.

Пара беру, алу қылмысы жоғарыдағы департамент қызметкерлерінің  жасырын операциясы кезінде әшкерленген сияқты. Антикор алқа төрағасының басқан әр қадамын қалт жібермей бақылап, ұялы телефонын тыңдағаны, үйіне келіп-кеткен адамдарды аңдығаны байқалады. Т.Бекімбетовтің сотта берген жауабына қарағанда, ол пара беруші Ережеповті 2000 жылдан бері жақсы таныған. К.Ережеповтің иелігінде компаниясы болған. Наурыз айында осы компанияға қатысты Түркістан облысының ауданарлық экономикалық сотының ұйғарымы шыққан. Ережепов өзінің «жақын танысы» Бекімбетовке осы ұйғарымды апелляциялық алқада өзгеріссіз қалдырып беруді өтінген.

Түгел Бекімбетов осы жөнінде Ережеповпен телефон арқылы бірнеше рет сөйлескен. Сөйлесу барысында ол ұйғарымды «бұзу керек дейсің бе, әлде күшінде қалсын ба?» деп әзілдепті. Сонда Бекімбетов үшін азаматтық іс дегеніңіз, олай да, былай да бұра беретін ойыншық болғаны ма?  Қысқасы, не керек, төраға жиырма жылдан бергі сенімді танысының өтінішін қанағаттандырып берген.

26 сәуірде Ережепов ұйғарымды күшінде қалдырып бергені үшін Бекімбетовке 300 мың теңге параны, оның Шымкент қаласындағы үйіне апарып берген. Шамасы Бекімбетов қылмыс үстінде ұсталмаған сияқты. Өйткені ол алған ақшаның 46 000 теңгесін жаратып үлгерген. Төраға сол күні 15 сағат 45 минутта құрықталған.  Тінту барысында одан  қағазға оралған 220 000 теңге және әмиянынан 34 000 теңге шыққан.

Пара беруші Ережеповті қайтар жолда полиция қызметкерлері тоқтатып, карантин талаптарын бұзғаны үшін Қаратау полиция басқармасына алып барған. Сол жерге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаментінің қызметкерлері де келген. Олар Ережеповті күні бойы ұстап, түнгі сағат екі шамасында босатқан. Кейінірек ол Бекімбетовке пара бергені туралы құзырлы органдарға ресми түрде хабарлаған. Алайда сот «К.Ережепов бұл әрекетті өз еркімен жасамаған» деп тапқан.  Сот Ережеповті пара беру бабы бойынша кінәлі деп тауып, 2,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Ал Бекімбетов пара алу бабы бойынша 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Т.Бекімбетов пен К.Ережепов жазаларын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде өтейтін болады. Сот үкімі әзірге күшіне енген жоқ.

Ал өткен аптада Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Түркістан облысындағы Әдеп кеңесінде Соттар Әкімшісі Орынбасар Лештаевтың тәртіптік мәселесі қаралуы тиіс еді. Алайда оның қызметінен босатылуына байланысты тәртіптік іс қысқартылды. Бірақ бізге жеткен ақпараттарға қарағанда, Лештаевтың тәртіптік ісі мен судьялардың парамен ұсталуының арасында байланыс бар. Дәлірегі Бекімбетов ұсталғаннан кейін ақпарат құралдарында Баратбековтың отставкісі туралы мәселе көтеріледі. Бұл Лештаевтың қышыған жеріне дөп тиген сияқты. Ол осы жөнінде жазып жүрген журналистке хабарласып,  Т.Баратбековке және сот қызметкерлеріне қатысты материалдарды, әлеуметтік желіге жариялауын сұраған. Тіпті соттар туралы бұдан да қызғылықты деректері бар құжаттарды бергізген. Кейіннен белгілі болғандай, бұл құжаттарды қызметтен тыс мақсаттарда пайдалануға, үшінші тұлғаларға беруге тыйым салынған. Лештаевтың Баратбековті, өзінің әріптестерін не себепті масқара етпек болғаны, жалпы Баратбеков пен Лештаевтың арасында не кикілжіңнің бары, араларынан қандай «қара мысықтың» жүгіріп өткені белгісіз күйде қалып отыр.

Тамыз айында кейбір ақпарат құралдары Талғат Баратбековтің Президент Тоқаевқа жазған хатын да жария етті. Осы хатында төраға қарамағындағы қызметкері парамен ұсталса, басшысына отставкіге арыз жазуды міндеттейтін тәртіптің сот саласына жүрмейтінін, себебі соттардың ісіне араласуға болмайтынын, әр судья шешімді дербес, тәуелсіз жағдайда қабылдайтынын алға тартады. Ол Рахымбаевтың судьялық қызметке тоқсаныншы жылдары, ал Бекімбетовтің азаматтық алқаның төрағалығына 2015 жылы тағайындалғанын атап өтеді.  Расында да Ата заңда жазылғандай, жергілікті соттардың төрағаларын, судьяларын Жоғары Сот Кеңесінің кепілдемесі негізінде Президент тағайындайды.  Яғни, Жоғарғы Сот Кеңесі кепілдеме береді, Президент тағайындау жөнінде Жарлық шығарады, ал судья парамен ұсталса, сот төрағасы жауап береді. Бұл әділетті ме? 

Әділетті болсын, болмасын Баратбеков отставкіге кетті. Естуімізше, ол  карьерасын судьялық қызметпен жалғастырмақ көрінеді. Ал  бірге істейтін әріптестері туралы жағымсыз ақпараттарды таратпақ болған Орынбасар Лештаевтың сот саласына қайта оралуына моральдық құқығы бар ма, жоқ па? Бұған оқырман не ой қосады?

"Рейтинг" газеті, 

№44, 5 қараша, 2020 ж

Түгел Бекімбетов не үшін сотталды?
Мәслихат өзгергенімен мәселе шешіле ме?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу