Нұрғазы Бұхарбаев: «Шымкенттің туризмін дамыту үлкен табыс көзі»
Нұрғазы Бұхарбаев, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты
- Нұрғазы Бақтыбайұлы, әңгімемізді әдеттегі сауалдан бастасақ. Не үшін депутат болғыңыз келді?
- Ауылшаруашылық, энергетика, мәдениет саласында жұмыс істедім. Үлкен ұжымды басқардым.Жұмыс барысында жұртқа ортақ көптеген шешімін табуы тиіс мәселелерге кездестім. «Жинақтаған тәжірибеме сүйеніп депутат ретінде неліктен осындай жұртқа ортақ проблемаларды шешуге атсалыспасқа» деген ой келді.
- Депутаттар жеке бизнесін қорғайтыны, қолдайтыны жайлы жиі айтылады. Сіздің де жеке бизнесіңіз бар ма еді?
- Иә, ауылда шаруа қожалығым болған, әлі де бар.
- Ауылда туып-өсіпсіз, шаруа қожалығыңыз да ауылда екен, ендеше бизнесіңізді қолдауға, қорғауға тиімді ауылдан неге депутаттыққа түспедіңіз?
- Рас, мен ауылда туылдым, ауылда өстім, оқыдым. Бірақ, жоғары оқу орнын қалада оқып, еңбек жолым осында басталды. Ойым толысып, өзіндік көзқарасым қалыптасқалы бері қалада тұрып келемін. Осында үйлендім, бала-шағам өсіп жатыр. Жұмысым осында. Сол себептен, қала, ауыл деп бөле –жара қарамаймын.
- Өзіңіздің тікелей бастама көтеруіңізбен нақты нәтижеге қол жеткізе алдыңыз ба?
- «Самал» мөлтекауданындағы ауыз судың оңды шешілуіне ықпал ете алдым. Қаланың жасыл желегіне қаржы бөлуге айтарлықтай атсалыстым. Қошқарата өзені суын тиімді пайдалануға қол жеткіздік. Менің принципім бастаған дүниені соңына дейін жеткізу. Осы кезге дейін бірнеше бастаманы көтердім, енді соны соңына дейін жеткізуім керек.
- Сайлаушыларыңызбен жиі жүздесіп тұрасыз ба?
- Иә, жиі жолығып тұрамын. Үнемі бір мәселені шешуді қолға алып жүремін. Сайлаушыларымның алдында жүзім жарқын. Олар қай жерге шақырса да барудан қашпаймын, кездесуден қорықпаймын.
- Жергілікті атқарушы билікке деген көзқарасыңыз қандай?
- Позитивті. Не себепті дейсіз ғой, айтайын. Депутаттықтың алғашқы жылы мен үшін қиындау болды. «Жылқы кісінескенше, адам түсініскенше» дейді ғой, бірінші кезде билікпен өзара түсініспеушіліктер болды. Мен өзім айқайлап, дауыстап сөйлеймін. Соны биліктегілер дұрыс түсінбей, айқайшыл, тіпті, «псих па?» деген кездер де болды. Қазір бұл үйреншікті жағдайға айналды. Қандай мәселе көтерсем де түсіністікпен қарап, бағасын беріп жатады. Өзім көтерген мәселенің барлығы да шешіліп жатыр.
Сөздің ашығы керек, халық арасына барсаңыз, көбінесе наразы пікірлерді естуге болады. Менің де көзқарасым халықтыкімен бірдей еді. Қазір көп жайтқа көз жеткізген секілдімін. Биліктегілердің таңертеңнен түнге дейін жұмыс істейтін кездері болады. Жұмыс оңай емес, жауапкершілік жоғары.
- Әкім болуға ұсыныс түссе, жұмыстың осыншалықты қиын екендігіне қарамастан келісер ме едіңіз?
- Бұл туралы ойланып көрмеппін. Бірақ, ұсыныс болып жатса, неге ой таразысына өткізбеске?
- Депутат ретінде сізді не толғандырып жүр?
- Тарихымызды танымай, баянды болашаққа ұмтылу қисынсыз. Сол себептен төл тарихымызды түгендеуге ерекше мән беру керек деп ойлаймын. Мәселен, Шымкенттің жасы нешеде? Ғалымдар 1000 мен 2500 жылдың аралығында дейді, бірақ нақты жасын ешкім дөп басып айта алмайды. Бірақ, жасы үлкен екенінде дау жоқ. Тіпті, Тараздан да, Түркістаннан да көне шаһар. Қала күнін тойлағанымызбен, жасы нешеде, «туылған күні» қай күн екенін біле бермейміз. Осыны нақтылап алсақ, қаланың нақты жасын үлкен дәрежеде тойлауға мүмкіндік туар еді. Мұндай жағдайда Шымкентке мол инвестиция, табыс, атақ, абырой келеді, туризмін дамытуға болады.
- Туризмді дамыту мәселесін орынды қозғап отырсыз. Өйткені, Шымкент қаласы көне тарихқа бай, шетелдіктердің қызығушылығын арттыра алатындай жағдайы бар...
- Ойыңызды түсіндім. Қаланың туризм саласын жандандыру жолындағы жұмысты қолға алуды бастап та қойдым. Құдай қаласа, келесі жылдың 21-наурызына халықаралық дәрежеде тәжірибелік конференция өткізу жоспарланып отыр. Оған Лондон, Париж, Москва, Қазан, Ташкент секілді ірі-ірі қалалардан, астаналардан ғалым-археологтарды арнайы шақыратын болдық. Бұл мәселе бойынша қала әкімімен келісім бар. Күзде белгілі археолог, Ғылым академиясы археологиялық институтының директоры Карл Байпақов бастап, өзге де ғалымдар қоштап, Шымқаланың тарихына тереңірек үңілуге кіріспек. Олардың алдын-ала болжамы бойынша Шымкенттің жасы ең кемі 2200 жыл деп есептеліп отыр. Бұған қаланың жер асты қойнауынан біздің эрамызға дейінгі 200 жылдар бұрынғы кезеңге тән керамика табылғаны дәлел бола алады. Көптеген оқымысты-ғалымдардың пікірінше, Шымкент еліміздегі ең көне қала. Бір сөзбен айтқанда, облыс орталығының тарихын түгендеу, туризм саласын дамыту жолындағы жұмыс толық қуатымен қолға алынды деп айтуға болады.
Шымкент қалашығындағы 5-6 үй заңсыз салынған. Құжаттары да түгел емес. Сол үйлерді және шағын сауда орындарын көшіріп, орнына мұражай соғу жайында ұсыныс тастап жатырмын. Республикадағы үшінші қала мәртебесіне үміткер Шымкентіміздің төл мұражайы жоқ. Мұны өзге біреулерге айтсаңыз сенбеуі де мүмкін. Ендігі басты міндеттің бірі – қаланы ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізу болып тұр. Келесі жылға жоспарланып отырған халықаралық-тәжірибелік конференцияның күн тәртібіне негізгі мәселелердің бірі ретінде осы міндет енгізілмек.
- Ұрпақ тәрбиесіне де көбірек көңіл аударып жүргеніңіз байқалады.
- Иә, мені ұрпақ тәрбиесі қатты алаңдататыны рас. Жаппай әдемі ғимараттар бой көтергенімен, тәрбиені ұмыт қалдыруға болмайды. Рас, қазіргі жастардың мүмкіншілігі мол, бірақ, оны дұрыс пайдалану жағын қадағалау керек. Бұл үшін арнайы бағдарлама жасалуы керек деп ойлаймын. Басқа қалаларды білмеймін, бірақ, Шымқаланың ішкі саясатына, спорты мен мәдениетіне бөлініп жатқан қаржы өте аз. Ал балалар тым бұзық болып, шектен шығып кетпес үшін не істеу керек? Әрине, спортпен айналысуы, мәдени іс-шараларға көбірек тартылуы тиіс. Түрлі үйірмелер ашу қажет. Бұл тұрғыда мүлдем жұмыс жоқ деп біржақты баға беруге де болмайды. Бүгінде қалада 40 спорт алаңшасы салынды. Бос уақытының көптігінен темекі тартып, ұрынарға қара таппай жүргеннен осы алаңшаларда салауатты өмір салтын ұстанғаны өзіне де, қоғамға да әлдеқайда тиімді емес пе? Бәлкім осы алаңшалардың арқасында болашақта мықты спортшылар шықпасына кім кепіл?
Жастардың бойына патриоттық сезім қалыптастыру жолында әр азамат, әсіресе, билік басындағылар аянбай тер төккен жөн. Театрға, басқа да мәдени іс-шараларға, мерекелік шерулерге азаматтар мәжбүрлікпен емес, өз еркімен, онда да үлкен белсенділікпен атсалысуы керек. Қаншама әсем саябақтар пайдалануға беріліп жатыр. Онда жап-жас қыз-жігіттер орындықтың арқа сүйенетін тұсына отырып алып, пісте шағып, темекі тартып отырады. Осы енді мәдениетке, патриоттыққа жатады ма? Мұндай жастар шеттен келіп жатқан жоқ, өз қоғамымызда қалыптасып, өсіп келе жатқан ұрпақ. Демек, біз, орта, аға буын өкілдері кейінгі жастарға дұрыс тәрбие бере алмай келеміз.
Мәселен, мектепті алайық, мұғалімнің, лауазымды адамдардың ұл-қыздары нашар оқыса да жақсы бағалар алады екен. Жаңадан жұмысқа алынып жатқан ұстаздар жұмысқа қалай кіріп жатыр? Жалпы мұғалімдерді қалай жұмысқа алу керек, мектеп директорларын қалай тағайындау керек деген мәселеге терең зерттеу жүргізіп, басқаша жүйе жасау керек секілді. Бәлкім, директор болатын үміткерді жергілікті тұрғындардың талқысына салған, пікірлеріне құлақ асқан дұрыс шығар. Мұны ұдайы айта бергеннен гөрі нақты іске кірісу керек.
Әңгімелескен Шадияр Мекенбайұлы