Жетісайдың жеті әкімі тәспісінен жаңылып, жауапкершілікке тартылып жатыр

Oinet.kz 01-10-2020 1618

Жетісай аудандық прокуратурасы тарапынан Түркістан облыстық Әдеп кеңесіне аталған аудандағы жеті ауыл әкімінің тәртіптік жауапкершілігін қарау жөнінде ұсыныс түскен. Осы ұсынысқа байланысты кешегі күні кеңес жетісайлық атқамінерлердің ісін қарады деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі "Рейтинг" газетіне сілтеме жасап.

Жетісай.jpg

Мәселенің мән-жайы былай: Прокуратура мемлекеттік сатып алуларға тексеру жүргізеді. Нәтижесінде Асықата кенті, Атамекен, Қазыбек би, Қызылқұм, Жылы су, Жаңа ауыл және Ш.Ділдәбеков ауылдық округтері әкімдері тарапынан мемлекеттік сатып алулар бойынша міндеттерді орындамағаны анықталған. Мәселен,  Атамекен  ауылдық  округі  әкімінің аппараты елді мекендерде стендтер мен көше атаулары жазылған тақтайшаларды орнату үшін тендер жариялайды. Нәтижесінде  «Нұрлы әлем» деп аталатын жеке кәсіпкерлікпен  3 537 000 теңгеге келісімшартқа отырады. Осы келісімге сәйкес жұмыстар 30 маусымға дейін аяқталуы тиіс болған. Алайда тексеру барысында аталған ауылдық округі бойынша 9 елді мекенде 1485 тұрғын үй орналасқаны, бүгінгі күнге дейін стендтерді, тақтайшаларды, жазуларды дайындау бойынша жұмыстар төрт елді мекенде ғана орындалғаны белгілі болған. Ал, қалған бес елді мекенде бұл жұмыстар орындалмай, заң мен шарт талаптары өрескел бұзылған. Сондай-ақ, Атамекен ауылдық округіне қарасты «Кеңес» көшесінің атауы «Кенес» деп қате жазылған.

Ал Атамекен ауылдық округі әкімінің аппараты тәртіп бойынша өзіне тиесілі міндетті  орындамаған жеке кәсіпкер «Нұрлы әлемді» мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы талап қойып сотқа жүгінбеген. Шарт талаптарына сәйкес әрбір кешіккен күнге 0,1 пайыздық  айыппұл өндіруге шара көрмеген. Ең сорақысы, шарт жасасқаннан кейін арада бар-жоғы төрт күн өтісімен жұмыстың орындалмағанына қарамастан қаржыны түгел аударып жіберген. Дәл осындай жағдай жоғарыда аттары аталған қалған  алты ауылдық округте де орын алған.

Әдеп кеңсінің шешімімен Атамекен ауылдық округінің әкімі Е.Раевқа, Асықата кентінің әкімі Б.Серіковке, Жаңа ауыл ауылдық округінің әкімі Н.Бахтияровқа, Жылы су ауыл округінің әкімі Е.Дауылбаевқа, Қазыбек би ауыл округінің әкімі Д. Оразовқа қызметіне толық сәйкес емес түріндегі ескерту, ал Ш.Ділдәбеков ауылдық округтің әкімі Қ.Тілеуовке қатаң сөгіс жазасын қолдану жөніндегі ұсыныс Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаевқа жолданды. Айта кетері, әкімдерді жұмыстан босатуға да болар еді. Алайда Кеңес оларға өз қателіктерін түзетуге мүмкіндік берді.м Әдеп кеңесінде аты аталмай қалған жетінші әкімнің үстінен қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалып, сотта қаралып жатқаны айтылды. Сондықтан оның тәртіптік ісінің тағдыры кейінірек шешілетін болады.

Апыр-ай, көшеге тақтайшаны дұрыстап іле алмаған әкімдер тәртіптік жазадан тиісті қорытынды шығарар ма екен?  

Әйтенов кімнің кадры?
Шымкентте бірқатар мәдениет, білім мекемелерінің атауы өзгермек
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу