Көзі тірісінде Жеңіс Қарғабаевқа лайықты құрмет көрсетілмеді
Менің қолыма қалам алып осы мақаланы жазуыма «Оңтүстік Қазақстан» газетінде ай аралай, екі мақаланың ізбе із жарияланғаны түрткі болды. Газеттің 2022 ж 4 тамыздағы №97 санында «Жуков пен Рашидов мойындаған Қарғабаевты Қазақстан мойындамайды» атты Пернебай Сапардың және 22 қыркүйекте Базарбай Момбекұлының «Жеңістің етегінен тартқан кім?» атты мақаласы жарияланды. Көзі қарақты оқырмандар оқыған болар.
Мырзашөлдік Жеңіс Қарғабаевты өнер өлкесінде жүрген, көз көргендер әріптестері өнерін сыйлайтын азаматтар облыс аумағынан тыс байтақ елімізде баршылық екені даусыз.
Жеңіс Жайлауұлы Қарғабаев 1943 жылы 7 қазанда Оңтүстік Қазақстан облысы сол кездегі Қызылқұм ауданы «Мақталы» ауылындағы қарапайым отбасында дүниеге келген. Бала Жеңіс жастайынан әншілік өнерге құлықты болып өсті. Жүргізушілік курсты аяқтап, ХХ партсъезд кеңшарында жүргізуші болып жұмыс істейді. Ауылдағы той-жиындарда ән айтып көзге түсіп жүрген Жеңісті сол жылдардағы Киров аудандық мәдениет бөлімі басшысы Ханби Апаев қызметке шақырған. Ол автоклуб жүргізушісі болып жүріп, әншілік пен актерлықтың қыр-сырымен танысады. Сол жылдары Мақтаарал-Жетісай-Киров аудандары Өзбекстанның қарамағында болатын.
Халық театрындағы Ж.Қарғабаевтың алғашқы рөлі Б.Майлиннің «Жалбыр» пьесасындағы Жалбырдың бейнесі болды. Баритон дауыста Ж.Қарғабаевтың орындауындағы «Атамекен», «Арулар», «День победы», «Менің Қазақстаным», «Бухенвальт набат» т.б бірнеше әндері қалың қауымның жүрегін тербеп, құлақ құрышын қандыратын еді. Аудан асып, облыс одан өзбек елінің қалаларындағы үлкен сахналарда жезтаңдай әнші Жеңіс ағамыздың ерекше дауысы көптің көңілін баурап, үлкен әсерге бөледі. Өзбек елінің басшысы Ш. Рашидов бірнеше мәрте тыңдап, ризашылығын білдірген екен. Соның айғағы небәрі 27 жастағы Ж. Қарғабаевқа «Өзбек ССР-на еңбек сіңірген әртіс» деген құрметті атақ берілді. Бұл 1970 жылы болатын. 1971 жылы үш аудан тарихи отанына қайтадан қосылған еді.
Ж. Қарғабаев Жетісай драма театрында еңбек ете жүріп көптеген рөлдерді сомдады. Б.Майлиннің «Жалбырындағы» - Жалбыр, Ш. Айтматовтың «Алғашқы мұғалімінде» - Шоқмұрынды, М.Әуезовтың «Айман-Шолпанында»- Әлібекті, Ш.Қожаниязовтың «Сүймегенге сүйкенбесінде» - Әуезді, Ж.Фазиевтың «Башмагында» - Ғалымжанды, Е.Вахидовтың «Құдаларында» -Еркінді тағы да басқа ондаған образдарды нанымды да шебер бейнелегені ел есінде.
Жеңіс ағамыз өмірде де барынша қарапайым болатын, үлкен-кішіге бірдей еді. Ешкімге ауыр сөз айтпайтын. Аудандық, облыстық мәдени көпшілік іс-шараларға белсене қатысып, әншілік, актерлық өнерін паш ететін. Айрықша дауыс иесі, өршіл өнерпаз Ж.Қарғабаевтың өнерін кезінде қазақ халқының өнер тарландары Р. Бағланова, Б. Төлегенова, Н.Тілендиев, Ш. Қалдаяқов, М.Маңғытаев, Ә.Дінішев, М.Шаханов, Н.Нүсіпжанов тыңдап, көріп жоғары бағалаған болатын.
Аудан басшылары болған И.Үмбетаев, О.Нұржанов, С.Тұрбеков Жеңіс ағамызға атақ беру жөнінде жоғары орындарға бірнеше ұсыныс хаттар жолдады. Парламенттің Мәжіліс депутаттары болған М.Кемел, Ө.Бектөреев өз қызметтері шеңберінде тиісті орындарға ықпал жасағанымен бәрінде де аяқсыз қалып отырғаны өкінішті. Сөйтіп жүріп, жылдар жылжи аққанда 2016 жылы Жеңіс Қарғабаев ағамыз ұзақ науқастан ауырып, өмірден озды.
Жетісай драма театрының қалыптасуы мен өсуіне өлшеусіз үлес қосқан арда ағаны театр алаңында қоштасу жиынын жасап, арулап шығарып салдық. Көзі тірі кезінде өз елімізде лайықты атақ пен құрмет бұйырмаған, «ӨзбекССР-ның еңбек сіңірген әртісі» Ж.Қарғабаевтың қызметі мен өнері өнер сүйер қауым мен өскелең жас ұрпақтың жадынан шықпайды.
Келер жылы тірі болғанда 80 жасқа толатын Ж.Қарғабаевтың мерейтой алдында рухы шат болуы үшін туған топырағына сіңірген еңбегін ескеріп, әруағын әспеттеп, ұрпақтарға ұғындыру үшін ұлықтау шаралары өткізілсе деген тілегіміз бар.
Осыған орай бір топ ауданның зиялы қауымы аудан басшыларына ұсыныс хат жазып, Жетісай қаласындағы қайта жөндеуден өткен аудандық мәдениет үйіне Ж. Қарғабаевтың есімін беруге өтініш түсірді. Сонымен бірге, Жетісай қаласынан бір көшеге, өзі өмірін арнаған Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай театрына ескерткіш тақта орнатылса, туған ауылы Қызылқұмнан бір көшеге есімі берілсе деген ұсынысымыз бар. Жеңіс ағамыз жөнінде арнайы жинақ кітабын шығарса да артық етпес еді.
Кең тынысты, дипазоны жоғары, әндердің шебер орындаушысы болған Жеңіс Қарғабаев жайлы ойымды соңғы сапарға шығарып саларда оқыған өлеңіммен аяқтағым келеді.
Өнерімен өрнектеген өлкені,
Жеңіс аға сахынаның көркі еді
Мінездің де болатұғын көркемі
Еліне де ерекшелеу ерке еді.
Жетісайдың Жеңісі боп желпініп,
Жарты ғасыр желбіреді желкені,
Төсегінен тұрмай кетті көкешім.
Табылмады айналдырған дертке емі,
Бөрі Иса домбырасын шертеді,
Осы менің өзегімді өртеді...
Пердеш Есенбеков
Мақтаарал-Жетісай аудандарының
«Құрметті азаматы», ҚР Журналистер Одағының мүшесі