Ақбота Бейбітбек, жас ақын: «Түркістан - көңілімнің астанасы»
Ақбота Бейбітбек – ақын, Қазақстан жазуышлар одағының мүшесі. 1994 жылы, 8 шілдеде, Түркістан облысы, Отырар ауданында дүниеге келген. М.Әуезов атындағы ОҚУ-дің, Филология факултетін бітірген. "Көңіл күйсандығы" жыр жинағының авторы.
– Түркістан – балалығымның аспаны, көңілімнің астанасы. Туған өлкемнің гүлденгенін, түрленгенін көріп қуанамын. Бала күнімде үлкен ауылда жүргендей әсер болатын. Қазір қаланың тұрпатын көрем.
Түркістан – тарихи маңызы бар қала. Бір ғана кесенесі үшін ғана келетіндер көп. Бұл көне шаһарға Саттардың мәңгі жастығын, Бекзаттың өр рухын сезінуге келем өз басым.
Ақындықты жынысқа, жасқа бөліп қарастыруға қарсымын. Әйелден ақын шықпайды деп санайтын дәуір әлдеқашан өткен. Өлеңде де, өмірде де қыздар ер-азаматтар бармаған ерлікке барып жатады. Бір сұхбатта осылай айтқанмын, әлі де сол пікірдемін. Әйелдің орны бір саты төмен болғанымен, сезімі биік.
Өз басым жігітке бергісіз қыздарды көріп жүрмін. Қыздар поэзиясы өзінің болмысы сияқты нәзік те сыршыл, қатал да кешірімді, асқақ та адал, мәнді де мәңгі. Жүрек көзімен қараған жанға қыздардың сөзі де, өзі де өлең!
Қыздардың махаббаты бөлек. Соншалық баянсыз махаббаттан баз кешкен күнім жоқ. Мен өз жүрегімді қатты қадірлеймін. Аяулы сәттерді ұмыту әрине оңайға соқпайды. Өн бойымда бекзадаға тән өрлік табылады. Көзім жетпеген дүниеге, сөзімді қор қылмаймын. Жаным қанша нәзік болса да, соншалықты алапат күш те бойымда бар.
Үлкен махаббат болмаса да, бүтін ғұмырыма жақсы естеліктер сыйлаған аяулы сезімдер бар. Ол сәттерді қадірлеймін. Оны баянсыз болды деуге қимаймын, - дейді Ақбота Бейбітбек.