Әйтенов кімнің кадры?

Oinet.kz 01-10-2020 1324

«Рейтинг» газетінде біз бұған дейін Оңтүстіктің атқамінерлерінің Тұңғыш Президентті күтіп алуға дайындалып жатқанын жазған едік. Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан жеріне өткен аптаның соңына қарай табан тіреді. Қаншама жылдардан бері Елбасы Оңтүстіктің қасиетті топырағына күзде келуді әдетке айналдырған еді. Сол дәстүр, сол үрдіс өзгерген жоқ.  Иә, өзгерген ештеңе жоқ. Нұрсұлтан Назарбаевқа деген ықылас-пейіл де сол баяғыша. Мемлекет басшысының тізгінін Тоқаевқа тапсырғанына бір жарым жылдан асып кеткенімен, Назарбаевтың іссапары президенттік сценарий бойынша өрбіді.

Мұрат Әйтенов.jpg

Елбасы алдымен Сарыағашта Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзияевпен кездесті. Одан кейінгі сапары Түркістанда жалғасты. Назарбаевтың делегациясының құрамында атқарушы биліктің өкілдері тайлы-тұяғымен қалмай еріп жүрді десек, артық айтқанымыз емес шығар. Атын атап, түсін түстейтін болсақ, Премьер-министр Асқар Мамин бастаған бірқатар министрлер болды. Қос вице-премьер Роман Скляр мен Ералы Тоғжанов, «Самұрық-Қазынаның» жетекшісі Ахметжан Есімов те осы жолы Түркістаннан табылды.

Елбасының облыс басшысы Өмірзақ Шөкеевтің жұмысын бас бармақпен бағалағанына ешқандай күмән жоқ. Түркістан тотыдай түрленген. Сәулеті ерекше, шығыстық үлгіде салынған ғимараттар аң-таң қалдырмай қоймайды. Бір ғана «Түркістан – Аренаның» өзі неге тұрады десеңізші. Сарапшылар халықаралық талаптарға жауап беретін мұндай спорт кешені Қазақстанда бұған дейін біреу ғана – «Астана – Арена» екендігін жазып жатты. «Түркістан» халықаралық әуежайының Гиннестің рекордттар кітабына енуі мүмкін екендігі де бұған дейін айтылды. Бар-жоғы екі жылдың ішінде өзгерген Түркістанға қарап отырып бас шайқауға болады. Елбасының өзі де өзге елдер қаржылық қиындықтарды бастан кешіп жатқан кезде Қазақстанның жаңа қала салғанын ерекше толғаныспен атап өтті.

Түркістан сапарының ертеңіне Тұңғыш Президент пен Премьер-министр бастаған топ Шымкентке ат басын бұрды. Елбасы Оңтүстікке келіп тұрып, Шымкентке соқпай кеткен жоқ. Мұны неге айтып отырмыз?

Осыдан бір ай бұрын Түркістан облысына Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ат басын тіреді. Мемлекет басшысы Мырзакентте су астында қалған ауылдардың халқына арнап салынған тұрғын үйлермен танысты. Одан әрі былтыр жарылыстан зардап шеккен Арысқа арнайы барды. Сосын сапары Түркістан қаласында жалғасты.  Қасым-Жомарт Тоқаев осы сапары барысында Нұр-Сұлтаннан Шымкент әуежайына ұшып келді (Ақорданың жоғарыдағы видеосында Президентті Шөкеев пен Әйтеновтің қатар тұрып күтіп алғаны көрсетілді). Мемлекет басшысының үшінші мегаполистің әуежайы арқылы ұшып кеткені де айдан анық еді. Алайда облыстың түкпір-түкпірін аралап шыққан Президент сол жолы Шымкентке соқпай кетті. 

Жалпы Түркістанға іссапармен келген премьер, министрлер, басқа да лаузымды шенеуніктердің Шымкентке соқпай кетпейтіні рас. Мегаполиске келіп тұрып, қалай соқпасын?! Елордадан келген ақжағалылар міндетті түрде қаладағы бір-екі нысанды аралап кететін. Алайда Тоқаев Шымкентке келіп тұрып, Шымкентке бас сұқпады.  Неге? Миллионнан астам тұрғыны бар қалада көретін, аралайтын, талқылайтын мәселе жоқ болушы ма еді? Биылғы жазда мегаполисте өкпе қабынуы қаттырақ өршіп, сол үшін Тоқаевтың Шымкенттің әкімі Әйтеновке тәртіптік жаза бергені белгілі. Президент тым құрығанда мегаполиске ат басын бұрып, «екінші толқынға» дайындық барысын бір пысықтауы керек еді. Бірақ Тоқаев Шымкентке қайырылмай кетті.

Сол жолы осы жәйтқа таңырқаған кейбір ақпарат құралдары  былтыр қара күзде Түркістанға Тұңғыш Президенттің іссапармен келгенін еске түсірді. Елбасы әдеттегі жағдай бойынша Шымкентке ұшып келіп, Шымкенттен ұшып кетті. Бірақ, Түркістанды аралап, кейбір әкімдер айтқандай, «әкімшілік аумағы бөлінгенімен, халқы бөлінбеген» мегаполиске соқпай кетті. Атқамінерлер мұның тегін еместігін айта бастады. Екі айдан кейін Шымкенттің әкімі Ерлан Айтаханов орнынан алынды. Мегаполиске бар-жоғы алты ай ғана әкім болған Айтахановтың қызметінен не себепті едел-жедел алынғаны осы уақытқа дейін белгісіз... Бұл жолы Елбасы Түркістан сапарынан кейін Әйтенов тізгін ұстап отырған Шымкентке арнайы іссапар жасады.

Ресми мәліметтерге қарағанда, Қазақстанның Тұңғыш Президенті медициналық құрал-жабдықтар, медициналық жиһаздар мен медициналық көліктер шығаратын кәсіпорында болды. М.Әйтенов Елбасыға жеке инвестордың қаражатына салынатын 1000 орындық көпсалалы университеттік аурухана құрылысы туралы ақпарат берді. Жаңа медициналық мекемеде ана мен бала орталығы, хирургиялық, терапевтік орталықтар, сонымен қатар бір ауысымда 700 адамға қызмет көрсететін клиникалық-диагностикалық орталық жұмыс істейтін болады деп жоспарланып отыр.

Screenshot_4.jpg

Н.Назарбаев Шымкентте коронавирус індетіне қарсы мәселені де талқылап, тиісті қызметкерлерге тапсырма берді. «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы А.Есімов пандемия кезінде Ұлттық әл-ауқат қоры тарапынан денсаулық сақтау жүйесі мен отандық өндірушілерді қолдау үшін қабылданған шаралар туралы айтты. Нұрсұлтан Назарбаевқа елорда мен Алматыда медициналық орталықтар салу жөніндегі тапсырманың орындалу барысы баяндалды. Сондай-ақ, А.Есімов Елбасыға 3000 дана көлемінде «Авифавир» дәрісін сатып алу және коронавирусқа қарсы вакцина жеткізу бойынша жасалған келісім туралы мәлімет берген. Бұдан кейін Елбасы «Ескі қалашықта» атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.

Әттең-ай, Әйтенов осы жолы Тұңғыш Президентке қалаға 133 миллиард теңге инвестиция әкелетін, ипподромның орнынан салынатын заманауи тұрғын үй кешенінің жобасын таныстырғанда тіптен қатып кетер еді?! Алайда елдің бұған қатысты пікірінің екіге жарылғаны тосқауыл болған сияқты. Тұрғын үй салатын инвестор BІ Grup компаниясының жетекшісі Айдын Рахымбаев та Түркістанда Президенттің қасында жүрген еді... Әттең-ай, бәрінің қиюы келгенде қоғамдық пікірдің бір арнаға тоқайласпағанын қарасаңызшы... Бірақ,  біздің негізгі айтайын дегеніміз бұл емес еді.

Дәл қазір Шымкенттің әкімі Мұрат Әйтеновтің төбесі көкке екі елі жетпей тұр десек қателеспейтін шығармыз. Бір ай бұрын Тоқаев қайырылмай кеткен еді. Бұл жолы Н.Назарбаев арнайы ат басын бұрып, атқарып жатқан жұмыстарымен танысты. Осыдан кейін Шымкенттің қазіргі әкімінің кімнің кадры екендігін өзіңіз шамалай беріңіз. «Әйтенов әне кетеді екен, міне кетеді екен» деген әңгімелердің енді біраз уақытқа тынышталып қалатыны анық.

Кім кімнің командасында қызмет ететіні, кім кімнің кадры екендігі туралы мәселені одан әрі қозғаудың қажеті жоқ шығар. Әкімдер ең бастысы елдің қолдауы қажет екендігін ұмытпаса дейміз.

Жәнібек ТАРХАН,

"Рейтинг" газеті, №39, 1 қазан, 2020ж 

Шымкент әуежайы сатылғалы жатыр
Жетісайдың жеті әкімі тәспісінен жаңылып, жауапкершілікке тартылып жатыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу